Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Структуралық мектептер
Микролингвистиканың зерттеу нысаны
№15 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: Кеңестік тіл білімі
Кеңестік тіл білімі
Дәріс жоспары:
1 ХХ ғасырдағы Кеңес тіл білімі
2 Кеңестік тіл білімінің өзіндік ерекшеліктері
3 Н.Я.Марр теориясына сын.
4 Әлеуметтік тіл білімінің қалыптасуы.
1. Кеңес өкіметі жылдарында қалыптасқан Кеңестік тіл білімі көп салалы, жан – жақты дамыған, озық тіл біліміне айналды.Тіл білімінің бірсыпыра бағыттарында Кеңестік тіл білімі революциядан бұрынғы орыс тіл білімі дәстүрін жалғастырды.Әр түрлі мектептер мен бағыттар болғанымен,Кеңестік тіл білімі бірыңғай методологияға – маркстік философияға (диалектикалық материализм) негізделді.Кеңестік тіл білімі тілдің әлеуметтік табиғатын мойындай отырып, тілді қарым – қатынас құралы, сананың шындық өмірдегі көрінісі деп таныды.
Кеңестік тіл білімі батапқы кезден – ақ тіл теориясын тіл құрылысының практикасымен тығыз байланыста алып қарады.Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тіл білімі алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – бүкіл халықпен бірлесе отырып елдегі сауатсыздықты жою, жер – жерде ашылып жатқан оқу орындарына қажетті оқулықтар жазу, өзіндік жазуы жоқ 50-дей ұсақ халықтардың өз тілдерінің дыбыстық жүйелеріне лайықты жазулары болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын.Тіл ғалымдары бұл міндеттерді абыроймен іске асырды.
Жер – жерлерде әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің алғашқыда әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы – одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды. Күрделі де қиын бұл міндетті де тіл ғалымдары абыроймен орындады. Соның нәтижесінде одақ көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының барлығы да ана тілінде жазылған грамматикалық оқулықтарға ие болды.
2. 20 ғасырдың 30-шы жылдарында Кеңестік жаңа тіл білімін қалыптастыру міндеті тұрған кезде оны қалыптастырушылардың басшысы ретінде академик Н.Я.Марр Кеңестік тіл білімі әлеміне көтерілді.
Н.Я.Марр – иберий-казказ тілдерінің маманы. Ол алғашқыда бұл тілдердің туыстық төркінін, олардың семит тілдерімен байланысын зерттеді де, келе-келе өз теориясын «яфет теориясы» деп атады. «Яфет» деген терминді басында Марр бүкіл Кафказия, Жерорта теңізі бассейндеріндегі толып жатқан тілдердің бәріне ортақ шартты атау ретінде қолданған да, артынан осы тілдерді зерттеуден туған өз тұжырымдарын «яфет теориясы» деп атаған. Бұл атау бертінірек келе «Тіл туралы жаңа ілім» деген атаумен ауыстырылды. Бірақ әдебиеттерде бұл екі атау кейде бірінің орнына бірі қолданыла береді.
3. Н.Я.Марр бастаған «Тіл туралы жаңа ілім» өз қадамын революциядан бұрынғы үндіеуропалық тіл білімі деп аталатын ғылымды Кеңестік дәуір талабы тұрғысынан қайта қарап, үндіеуропа тіл біліміндегі сол кездегі қайшылықтардың, тоқыраушылықтардың біразын дұрыс көре білді. Бұл бағыттың буржуазиялық елдерде бірсыпыра мәселеде реакциялық, нәсілдік бағытта болып, отар елдер мен аз ұлттарды, олардың тілдерін кемсітіп қарайтындықтарын ашық айтты. Шынында да, әсіресе 20 ғасырдың бас кезінде үндіеуропа семьясына жататын тілдерде сөйлейтін халықтарды жоғары бағалау, бүкіл мәдениетті, ғылымды жасаушы солар, прогресс соларға тән қасиет, басқа халықтар жаратылысынан дамуға икемсіз, кертартпа дейтін шовинистік, нәсілдік тенденция едәуір етек алды.
Халықтар достығы, тең құқылығы туын көтере дүниеге келген кеңестік құрылыс мүддесіне, жаңа идеяға қарсы күресуі, әрине, табиғи нәрсе еді. Бірақ осы сын келе-келе салыстырмалы-тарихи тіл білімінің пайдалы жағынан да бас тартып, тіл біліміне марксизмге тән емес дөрекілік, асқақтаушылық, менмендік әуен енгізді.
Марр тіл туралы жаңа ілімді яфет тілдерін жан-жақты зерттеу, оның басқа семьядағы тілдермен қатынасын айқындау негізінде ғана қалыптастыруға болады деп санады. Ол қалыптастырған «Жаңа ілімнің» өзіндік жүйесі, бағдарламалық бағыты, концепциялары болды. Бірақ оларда Маркстің қоғам дамуына байланысты айтылған қағидаларын ешбір өзгеріссіз тілге де қолданылғандықтан, бірсыпыра қате тұжырымдар жасалды.
Мәселен, Маррдың тұжырымдауынша: таптық қоғамдағы тіл де таптық болады; тіл – қоғамдық қондырма, ол қоғамдық базиспен бірге өзгеріп отырады; дүние жүзіндегі тілдердің барлығының шығу төркіні, глоттогониялық процесі бір, олардың бәрі де о бастағы сал, бер, ион, рош деген төрт элементтен тараған, бұл элементтердің қалдығын қазіргі тілдерден де табуға болады; қоғамдық формациялар дамуына лайық тіл сатылап дамиды; тіл дамудың бір сатысынан екінші сатасына өткенде революциялық секіру жолымен дамиды, бұл процесте тілдер тоғысуы шешуші рөл атқарады; тіл дамуының негізгі көрсеткіші тіл семантикасынан көрінеді, сондықтан тіл білімінің негізгі нысаны семантика болуы керек.
«Тіл туралы жаңа ілімінің» негізгі бағдарламалық концепциялары болып есептелетін бұл тұжырымдардың қай – қайсысы да қоғам жөніндегі ілімінің мәніне жете түсінбей, оны тіл мәселелеріне теріс қолданудан туған жаңсақ қорытындылар еді.Бірақ осы қате тұжырымдар 1950 жылға дейін Кеңес тіл білімінде үстем болып келді. Кеңес тіл ғалымдары өз зерттеулерінде оларды басшылыққа алуға міндетті саналды.
Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық органы «Правда» газеті 1950 жылы Кеңес тіл біліміндегі тоқыраушылықты сынап, бұл саладағы ғылыми жұмысқа дұрыс бағыт сілтеу үшін еркін айтыс ұйымдастырды.
Тіл біліміндегі айтыстан кейін Кеңес тіл білімінің ерекше назар аударған мәселесі «Тіл туралы жаңа ілімінің» қателіктерін, оның тигізген зиянды зардаптарын жан – жақты ашып көрсету болды.
Сөйтіп, 1950 жылғы тіл жайындағы айтыстың Кеңес тіл білімі тарихында жағымды мәні болды. «Тіл туралы жаңа ілімге» тыйым салды, салыстырмалы – тарихи тіл білмінің құқын қайта қалпына келтірді, Кеңес тіл мамандарының жалпы теориялық поблемаларын зерттеуіне дем берді.
4. Жалпы тіл біліміндегі ғылымдар арасындағы интеграция процесінің негізінде туындаған когнитивті лингвистика ғылымы соңғы жылдары қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдардың да назарын өзіне аударуда. Бұл сала бойынша қазақ тіл білімінде соңғы кездері когнитивтік лингвистика мәселелеріне ерекше көңіл бөліп зерттеу нысанына айналдырған Р. Сыздық, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, Г. Гиздатов, Қ. Жаманбаева, Ж. Манкеева, Э. Сүлейменова, Г. Смағұлова, Б. Момынова, А. Салқынбай, К. Күркебаев, Г. Снасапова, Ф. Қожахметова, Н. Айтова, А. Әмірбековалар секілді зерттеушілер бұл мәселені лексикология, этнолингвистика, когнитология, лингвомәдениеттану салалары тұрғысынан қарастырып зерттеу үстінде. Қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер соңғы он жылдықта ғана қолға алына бастады. Академик Ә.Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі жағңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына негіз болды./10/ Дәлірек айтсақ когнитивтік бағыттағы зерттеу еңбектерінде ретінде Г.Гиздатовтың еңбегін атауға болады. Зерттеушінің «Сөйлеу қызметіндегі когитивтік модельдер: типологиясы мен динамикасы» атты докторлық диссертациясы осы бағыттағы қазақ тіліндегі алғашқы зерттеу болып табылады. Докторлық диссертацияда адам санасындағы білімнің көріну деңгейі, берілу тәсілдері, құрылымы мен динамикасы қарастырылған. Когнитивтік модельдер универсумдар ретінде қарастырылады.
Және осы бағыттағы іргелі еңбектердің бірі ретінде Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері»/11 / атты монографиясын атауға болады. Бұл еңбекте зерттеуші тілдік сананың құрылымын анықтап, гештальт теориясынның негізін жан жақты ашып көрсетеді. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика ғылымның қалыптасуына негіз болған аталмыш еңбектер тіл қолданысындағы когнитивтік негіздердің зерттелуіне айтарлықтай өз үлесін қосу үстінде. Когнитивтік құрылымның концептуалды көрінісі, күрделі жүйе тудыру ерекшеліктері де бүгінгі күні жан жақты қарастырылуда.
Профессор Ж.Манкеева «Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері»/12 / атты ғылыми мақаласында когнитивтік лингвистикадағы тілдің бейнелеушілік қызметінің зор екендігін атап көрсете келе, негізгі үш ұстанымдарын айқындап береді. Сол секілді ғалым Б.Момынова Қазақ тіліндегі қоғамдық саяси лексика (әлеуметтік-бағалауыштық, сөзжасам)»/13/ атты еңбегінде когнитивтік бірліктердің көріністену (репрезентациялану) ерекшеліктеріне тоқталып, бағалауыштық сипатын қарастырса, профессор А.Ислам өз мақалаларындағы когнитивтік лингвистикадағы «тілдік тұлға» мәселесін көтереді. С.И.Жапақовтың жұмысында этикалық фразеологизмдердегі ақиқат пен бейақиқат, дүние фрагменттерінің тілдік бейнесі мен когнитивтік лингвистиканың басқа да мәселелері туралы сөз етеді./14 / С.Ақаев «Сөздің когнитологиялық сипаттары» атты мақаласында когнитологиялық талдаудың тәсілдеріне тоқталып, ойлау ой түю, қабылдау, қорыту сияқты абстрактілік құбылыстарды зерттеу әдісі ретінде қарастыру жайлы мәселені көтереді. Сонымен қатар жас зерттеушілер Г.Снасапова /15 /, Ш. Елемесова, А.Әмірбековалар көркем мәтінге концептуалдық талдау жасаудың үлгілерін ұсынады. Ал А.Сыбанбаева/16 /, Н.Зайсанбаевалар /17 / метафораның танымдық сипаты туралы пікірлерін ортаға сала отырып, диссертациялық жұмыстарын осы бағытқа арнайды.
Когнитивтік лингвистиканың жеке ғылым саласы ретінде танылуы үшін оның негізгі ұғымдары, өзіне тән негізі категориялары мен бірліктері болуы шарт. В.В.Петров когнитивтік ғылымның түпкілікті идеясының негізін құрайтын бірліктер турасында мынадай ой айтады: «Мышление представляет собой манипулирование внуренними (ментальными) репрезентациями типа фреймов, планов, сценариев, моделей и других структур знания» (18, 95).
Антропологиялық тіл білімін зерттеушілер «білім, концептуалдылық, концептуалды жүйе, когниция, когнитивтік модель, вербалдылық, менталдылық, концепт, әлем бейнесі, концептілік өріс, ұлттық мәдени бірліктерді» когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымдары ретінде қарастырады. Аталған ұғымдардың адам санасындағы әрекеттері, тілдегі көрінісі, сол арқылы «әлемнің тілдік бейнесін» тануға мүмкіндік жасау қабілеті туралы мәселе бүгінгі таңда жалпы лингвистер алдында негізгі де өзекті проблемалар санатында тұрғандығын кейінгі зерттеулерден айқын көруге болады. Қазіргі тіл білімінде концептуалдылық таным процесіндегі білімнің нәтижесінен көрініс табуда. Бұл атауға байланысты Е.С.Кубрякова: «Концептуализация интерпретируется как «некоторый» «сквозной» для разных форм познания процесс структура знаний из неких минимальных концептуальных единиц»-деген болатын (2, 93).
Сонымен когнитивті лингвистика ғылымының қысқаша түсініктемесі Ғ. Қалиевтің «Қазақ тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» былайша: «Когнитивтік тіл білімі орыс.-когнитивная лингвиситика (лат. cognito білім, түсінік)-табиғи тілді сана эрекетінің көрінісі, ойдың тікелей шындығы ретінде зерттейтін тіл білімінің саласы. Когнитивтік тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизімін түсіндіруді және соған лайық оның моделін жасауды мақсат етеді. Ол үшін ниет, ес, еске сақтау, түсінік, жоспарлау, басқару сияқты сөйлеуге қатысты тілдік, психологиялық, физиологиялық т.б. ақпараттардың басын біріктіретін когнитивтік категориялар пайдаланылады. Когнитивтік тіл білімі тілдің көмегімен ақпараттың берілу, сақталу тэсілдері мен құрылымы жайында түсінікті кеңейтеді және машиналық аударма, ақпараттық-ізденіс, есептеу жүйесімен т.б. байлаьшісты бірқатар қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді» - деген анықтама береді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1. Н.Я.Маррдың «Тіл туралы жаңа ілім» еңбегінің мазмұны
2. Кеңес тіл білімінің тіл дамуына қосқан үлесі
Достарыңызбен бөлісу: |