2. Араб тіл білімі. Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары 4 ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі рөл атқарды. Ортағасырлық арабтарда тіл білімінің ерекше дамыған кезі – Халипат дәуірі деп аталатын 7-12 ғасырлар шамасы. Тілдің грамматикалық жүйесін сипаттауда араб тіл ғалымдары бір-біріне байланысты үш түрлі мәселенің сырын ашуды көздеді. Олар – сөз таптары мен сөйлем синтаксисін зерттейтін Нахв,сөздердің сөйлемдегі орын жағынан түрленісін, мағыналық құбылыстарын зерттейтін Сарф,сөйлеу прцесінде болатын дыбыстардың фонетикалық құбылыстарын, жалпы дыбыс жүйесін зерттейтін Таджив деп аталатын бөлімдер. Арабтар Үнді, Грек тіл ғылымы табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешеліктерді айқындайды. Дыбыстың физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөлді. Кейбір ғалымдар (Сибавейхи) жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде (көрнекті өкілі - Сибавейхи), әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотельге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөлді. Араб тіл білімінде өзіндік тың жол салған, соны пікірлер айтқан.
Араб тіл ғалымдарының тілдің грамматикалық жүйесін зерттеу тәсілдері дле, грамматикалық терминдері де бұрынғылардан өзгеше болды, өзіндік дәстүр қалыптастырды. Арабтар киелі, қасиетті, канондық тіл деп саналатын құран тілінің нормасын зерттеудің өзінде де, көп жағдайда, сөйлеу тілі нормасына сүйенеді, соны зерттеді. Бұл - Ежелгі дәуір тіл ғылымының ешқайсысында да кездеспеген жаңалық. Араб тілі грамматикасын зерттеудің дәстүрін, өзіндік жүйесін қалыптастыруда Сибавейхидің 796 жылы жазған «Әл-китаб» деп аталатын еңбегі шешуші рөл атқарған. Араб тіл ғалымдары қалыптастырған біртұтас зерттеу жүйесі кейінгі замандарда туған Еврей тіл ғылымына да елеулі әсерін тигізген.
Араб оқымыстыларының ерекше көңіл бөлген және зор табысқа жеткен саласы - лексикография көрінеді. Арабтың бір ғана әл-Фирузабади деген лингвисі «Хомус» (мухит) атты 60 томдық сөздік жасапты.
Араб тіл ғалымдары ғылым тарихында бірінші болып, әр түрлі тілдер материалын бір-біріне салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін қолданған. Осы тәсілді қолдана отырып, олар түркі, моңғол, парсы тідерін зерттеп, олардың салыстырма сөздіктерін, шағын көлемді грамматикалық еңбектерін жазған. Осындай еңбектердің ғылымда белгілі ең көнесі және ең толығы түркі халқынан шыққан, арабияда оқып білім алғандықтан, араб ғалымы деп аталып кеткен Махмуд Қашқари жасаған «Түркі тілдерінің сөздігі» (Девону лугат-ит-түрк). Бұл сөздік 1073-1074 жылдары жазылған. Сөздікте сол дәуірдегі түркі тайпаларының көпшілігінің тілдік материалдары қамтылған және ол тайпалар тілдерінің өзара бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері тілдік материалдарды салыстыра қарау арқылы айқындалған. Бұл – түркі тілдері жөніндегі ең тұңғыш, ең көлемді және ең терең мәнді ғылыми еңбек. Сонымен қатар, бұл сөздік – тіл ғылымы тарихында әр түрлі тілдер фактілерін бір-біріне салыстыра зерттеу әдісімен жазылған тұңғыш еңбек. Мұның түркі тілдері үшін мәні ерекше.
Араб тілді ғалымдар Махмуд Қашқари сөздігінен кейін де бірсыпыра сөздіктер, грамматикалық еңбектер жазып қалдырған. Олар туралы түркітану мәселелерін сөз ететін еңбектерден мол мәлімет алуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |