ДӘРІС-15
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ
Бүгінгі таңда тіл мәселесі неліктен күн тәртібінен түспей отыр? Себебі біздің елде кеңестік дәуірде қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты қоғам өмірінің сан түрлі салаларында мемлекеттік тіл атқаруға тиісті қызметтердің көпшілігін ресми тіл атқарып келгені белгілі. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ретінде жарияланғаннан кейін Тәуелсіздік жылдарында оның қолданыс аясы бұрынғыдан едәуір кеңейді. Алайда тілдің барлық мәселесі шешімін тапты деп айта алмаймыз.
Қол жеткізілген азды-көпті жетістіктермен қатар шешімін таппаған мәселелерді айқындап, оларды шешу жолында жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Егер қоғамда тіл мәселесі болмаса, оған қоғам, билік тарапынан көп көңіл бөлініп, мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы қарастырылып, БАҚ-тарда күнде сөз болып, ел зиялылары мәселе көтеріп, түрлі жиындарда толассыз талқылаулар жүріп жатпас еді ғой. Мемлекет қаржысы мен тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы сол айқындалған мәселелерді шешуге нақты бағытталуы тиіс. Тіл мәселесімен тікелей айналысатын түрлі құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмыстары дұрыс үйлестіріліп, олардың іс-әрекеттері жүйелі, мақсатты түрде жүзеге асырылмаса, нәтижеге қол жеткізілмейді. Тіл мәселесі қай қоғамда да сабырлы да салиқалы, тілдік қақтығыстарға жол бермейтін, елдегі тілдік жағдаяттың барлық қырлары ескеріле отырып сауатты түрде жүргізілетін тіл саясаты арқылы шешімін табуға тиіс. Осыған бәріміз де мүдделіміз.
Тілдің шешімін таппаған мәселелері: ономастика, терминология, әліпби, сөз мәдениеті, тілдерді оқыту мен үйрету, аударма, тіл саясатын жүргізудегі тілдік жоспарлаумен, тілдік заңнаманы жетілдірумен, тілдердің қолданысын қамтамасыз етумен байланысты әлі нақты шешімін таппаған мәселелер бар. Алайда осылардың ішіндегі ең басты, жұртшылық айрықша назар аударып отырған мәселе ол - қазақ тілінің заңмен белгіленген мәртебесіне сәйкес қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылып, мемлекеттік тілге жүктелетін тиісті қызметтерді әлі де толық атқара алмай отырғандығы. Мемлекеттік тіл ғылым мен білім, ел басқару мен заң шығару, қорғаныс пен ішкі істер, қаржы мен экономика, бизнес пен халыққа қызмет көрсету және басқа да қоғам өмірінің көптеген салаларында кеңінен қолданылатын дәрежеге жетсе, онда жоғарыда аталған, қалған мәселелердің барлығы да соған сәйкес өз шешімін табады. Айталық, «Үкімет сағаты» мен Үкіметте өтетін көптеген жиындарда министрлер мен әкімдер баяндамалары мен хабарламаларын қазақша жасап, есептерін қазақша беріп жатса, министрлердің аппарат мәжілістері мен алқа мәжілістері мемлекеттік тілде өтетін болса, барлық облыс әкімдері жиындарын қазақ тілінде жүргізіп, ісқағаздарын қазақшаға толық көшірсе, мемлекеттік органдардан еліміздің әр азаматы мемлекеттік тілде қалаған ақпаратын ала алатын болса, онда мемлекеттік тілдің ел басқару саласындағы қолданысы орнығып, осы саладағы мәселелері шешімін тапқан болар еді. Сол сияқты заңдар қазақ тілінде дайындалып, депутаттар оларды қазақша талқылап, Парламент отырыстары қазақша өтіп жатса, онда тілдің заң шығару саласындағы қолданысы қалыптасады. Ал ғылыми монографиялары мен мақалаларын, диссертацияларын, оқулықтары мен оқу құралдарын қазақ тілінде жазатын, түрлі ғылыми жиындардағы баяндамаларын қазақша жасайтын, дәрістерін қазақша оқитын ғалымдар қауымы қалыптасса, қазақ тілінің түрлі ғылым салаларындағы қолданысы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар салалық терминология да жасалып, жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептердегі мемлекеттік тілдің көптеген мәселелері шешімін табар еді.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор: «Бүгінде ғылымы мен технологиясы дамымаған елдің замана көшіне ілесіп, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан орын алуы мүмкін емес екендігін дәлелдеп жату артық болар. Кез келген саланың дамуы - сол саланы зерттейтін ғылымының дамуына тікелей тәуелді. Қай салада мықты ғылыми мектептер қалыптасып, ірі ғалымдар мен жоғары білікті мамандар шоғыры өсіп шығып және өз саласын сондай нағыз кәсіби мамандар басқарса, сол өздері терең маманданған салада солар қызмет етсе, онда ол саланың дамымауы мүмкін емес. Бұл экономикаға да, физика мен математикаға да, биотехнология мен ғарыштануға да, тіл білімі мен әдебиеттануға да бірдей қатысты мәселе деп білемін. Сондықтан тіл білімінің көптеген салалары бойынша зерттеулер жүргізіп, ұзақ жылдар бойы бүкіл елімізге ғылыми кадрлар дайындап келген ғылыми мекеме ретінде тілдің қандай мәселесі болса да, біздің институт, лингвист ғалымдар одан шет қала алмайды. Тілді зерттейтін ғылыми ұжым болғандықтан, біздің басты міндетіміз - отандық тіл білімін ғылым ретінде дамытып, ұлт тілінің түрлі мәселелерін шешуге бағытталған, негізінен, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылыми кадрлар дайындау. Институттың негізгі міндеті мен атқарып отырған қызметі осындай болған соң, мемлекеттік тілдің мәселелерін шешудегі оның рөлі де айрықша, жауапкершілігі де зор деуге негіз бар ғой деп ойлаймын. Арғы тарихына тоқталмай-ақ, беріден бастағанның өзінде бастауында А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжоловтар тұрған қазақ тіл білімі бір ғасырлық даму жолы бар ғылым саласы. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы біздің институт - осы қазақ тіл білімінің қара шаңырағы. Қазақ академиялық тіл білімінің қалыптасуы мен дамуын Тіл білімі институтынан бөліп қарауға болмайды. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында еңбек етіп жатқан белгілі лингвист ғалымдардың, біздің әріптестеріміздің бәрінің демесек те, көпшілігінің осы институтқа қатысы бар. Бірқатары еңбек жолын осында бастап қызмет істеген болса, енді бірқатары әр жылдары біздің институттың аспиранттары мен ізденушілері болған. Институт жанындағы диссертациялық кеңесте қорғағандар мен біздің институт ғалымдары ғылыми жетекші, кеңесші болып, олар тәрбиелеген ғылыми мамандар көптеп саналады. Республика жұртшылығының, жоғары мектептің бүгінгі лингвистикалық сұранысын өтеп отырған академиялық үлкен сөздіктер мен ғылыми монографиялардың көпшілігі, оқулықтардың бірқатары - осы институт ғалымдарының еңбектері. Қазір институтта Ұлттық ғылым академиясының 3 академигі, 23 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты, барлығы 87 адам еңбек етеді. Олардың 3-уі - ҚР Мемлекеттік сыйлығының, 6-уы - Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, 2-уі - М. Әуезов атындағы Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары. Бұрын бұл институтта қазақ тіл білімінің Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов сынды ең көрнекті өкілдері еңбек етсе, бүгінде олардан кейінгі буын өкілдері Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Жанұзақ, О.Нақысбеков, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов, Ө.Айтбайұлы, А.Жұбанов, С.Бизақов, Ә.Жүнісбек, Б.Қалиұлы, К.Хұсайын, Н.Уәли, Ж.Манкеева, З.Базарбаева сынды елге танымал белгілі тілші ғалымдар бастаған ғылыми қауым еңбек етіп жатыр. Жетекші ғалымдардың жасы ұлғайып бара жатқаны болмаса, Қазақстанда тіл білімі бойынша, дәл осындай ғылыми әлеуеті бар, өзіндік дәстүрі қалыптасқан, танымал жетекші ғалымдар еңбек ететін ғылыми ұжым әзірге қалыптаса қойған жоқ десем артық айтқандық болмас деп ойлаймын. Институт қызметкерлері мақалаларын шетел басылымдарында жариялап тұрады. Мәселен, биылғы жылы қызметкерлеріміз Грекияда, Түркияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Татарстанда өткізілетін халықаралық конференцияларға қатысуды жоспарлап отыр. Былтыр өз тарапымыздан бірлескен конференциялар, ортақ ғылыми басылымдар жасау мақсатында Үрімшідегі ҚХР Шыңжаң қоғамдық-ғылыми академиясы мен Пекиндегі Орталық ұлттар университеті ұжымымен, басшылығымен кездесіп, өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынас жасау туралы келісімшартқа қол қойдық. Осындай кездесулерді біз Үрімшідегі тіл комитеті мен Пекиндегі ұлттар баспасы басшылығымен де өткіздік. Өткен жылы жасасқан келісімдерімізге сәйкес Қытайдағы Ұлттар баспасы біздің институт шығарған «Қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігін» осы жылы басып шығаруды жоспарлап, ал Пекиндегі Орталық ұлттар университеті 10 күнге дәріс оқуға шақырып отыр. Біздің аталған сапарымыз іскерлік жағдайда өте сәтті өтті. Қысқа мерзімдік бір ғана сапарда ҚХР-дың аталған төрт мекемесімен байланыс орнатып қайттық. Біздің жасасқан келісімдеріміз қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты істер арқылы жалғасын тауып жатыр деуге негіз бар. Сондай-ақ біз институтта Германияның Юстус Либиг атындағы Гиссен университетінің белгілі ғалымдарымен, әлеуметтік лингвистикамен айналысатын Индиана университетінің профессоры америкалық ғалым У.Фиерманмен кездесу өткізіп, пікір алмастық. Юстус Либиг атындағы Гиссен университеті қараша айында Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тілінің дамуына арналған конференция өткізуді жоспарлап, оған бізді арнайы шақырып отыр. Қатысып баяндама жасауға келісімізді бердік. Түркиядағы «Түрк Дили Құрымы» қоғамының ұйымдастыруымен 2010 жылдың маусымында Баку қаласында өткен түркі терминологиясының мәселелеріне арналған халықаралық форумға қатысып баяндама жасап, қор Президентімен бірлескен ғылыми шаралар мен жобалар бойынша жұмыс істеу мәселелерін талқыладық. Жас ғалымдарды шетелдерде ғылыми тағылымдамадан өткізу де өте маңызды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша институттың бір кіші ғылыми қызметкерін Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Мармара университетіне ғылыми тәжірибе жинақтауға және тағылымдамадан өтуге 10 ай мерзімге жібердік. Бұдан өзге де біздің ғалымдардың ТМД мен өзге де алыс шетелдердегі ғалымдармен ғылыми байланыстары қалыптасқан. Алдағы уақытта да осындай халықаралық байланыстарымызды нығайта береміз деген ойдамыз». Яғни осындай зерттеу орындары барда еліміздегі жалпы тіл білімінің одан әрі дами түсетіндігі сөзсіз.
1. Қазақ жалпы тіл білімі – жалпы түркітанудың құрамдас бөлігі және қазақ тіл білімі туралы ілім.
2. А.Байтұрсынов, Қ.Жұбановтың жалпы лингвистикалық ілімдері.
3. Қазақ графикасы мәселелері.
Қазақ жалпы тіл білімі - жалпы түркітанудың құрамдас бөлігі (Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, С.Е.Малов. П.М.Мелиоранский, В.В.Катаринский, А.Құрышжанов және т.б.) және казақ тіл білімі туралы ілім (А.Байтүрсынов, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ы.Маманов, Н.Сауранбаев, Ғ.Мүсаев, МБалақаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова жөне т.б.)-А.Байтүрсынов, Қ.Жұбановтың жалпы лингвистикалық ілімдері, Қазақ графикасы мәселелері: А.Байтүрыснов, Қ.Жұбанов, А.С.Аманжолов, Е.Омаров, Х.Досмұхамедов және т.б. Қазақ тілі туыстық белгілері жағынан да, типологиялық белгілері жағынан да түркі тілдерімен бірлікте. Оның қалыптасу, даму тарихы жалпы түркі тілдерінің тарихымен тығыз байланысты. Осы себептен де қазақ тіл білімі түркологияның бір саласы болып есептеледі. Түркологияның табыстарына, жетістіктеріне қазақ тіл білімі де ортақ , ол сол табыстарға сүйенеді, соны басшылыққа алады. Сондықтан түркология тарихын білмейінше, қазақ тіл білімінің тарихын білу мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |