Жаратылыстану ғылымдары және экология институты


Тақырып 9. Буынаяқтылар типі



бет3/5
Дата14.06.2016
өлшемі467.5 Kb.
#135823
1   2   3   4   5

Тақырып 9. Буынаяқтылар типі.

Типтің жалпы морфо-физиологиялық сипаттамасы. Триловитоморфа тип тармағына сипаттама. Шаян тәрізділер классы..Шаян тәрізділердің классификациясы. Алуан түрлілігі.

Буынақтылар типіне шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер, көпаяқтылар және насекомдар жатады. Бұлардың барлығына тән белгілерінің бірі – аяқтары бірнеше буындарға бөлінген, буынаяқтылар деп аталатыны да осыдан. Олар екі жақты симметриалы және гетерономды сегменттелген жануарлар. Денесі екі немесе үш бөлімге бөлінеді: баскеуде, құрсақ немесе бас, кеуде, құрсақ. Денесін хитинді кутикула жауып тұрады. Ол жануардың ішкі мүшелерін зақымданудан қорғайды және оның ішкі жағына бұлшықеттер бекінеді. Хитинді кутикула өспейтін, созылмайтын қосынды, сондықтан буынаяқтылардың өсуі түлеу арқылы өтеді.

Басы акроннан және төрт сегменттен құралады. Акронда сезім мүшелері:антенна немесе мұртшалары, күрделі фасеттік көздері және бірнеше қарапайым құрылысты көзшелері орналасқан, тек өрмекшітәрізділердің антеннасы жоқ. Акронға денесінің төрт сегменті қосылып бас бөлімін құрайды. Бас бөлімінің осылайша қалыптасуын цефализация (грекше kephale – бас) процесі деп атайды.

Басына қосылған сегменттерінің буындалған аяқтары қорегін ұстау, майдалау, шайнау қызметтерін атқаруға бейімделіп ауыз мүшелеріне немесе ауыз аппаратына айналған, олар жұп үстіңгі жақ – мандибула және астыңғы жақ – максилла I-ші мен максилла II-ші. Максилла II-ні астыңғы ерін деп те атайды.

Буынаяқтылардың кеуде сегменттері өте жақсы дамыған, олардың жұп аяқтары жылжу, жүру, жүзу, яғни қозғалысқа бейімделген. Құрсақ аяқтары көпшілігінде редукцияға ұшырап, олардың қалдықтары құрсағының соңында әр түрлі өсінділер ретінде қалған, мысалы, құйрық жіпшелері, церкийлер, грифелькийлер, шаншарлар, жұмыртқа салғыштар, тек өзен шаянының аналықтарында құрсақ аяқтары ұрықтанған жұмыртқаларын жинап ұстауға, ал аталықтарында жыныс өнімін аяғына құйып сақтауға бейімделген.

21
Буынаяқтылардың дене қуысы аралас немесе миксоцель, оның қызметі – тірек, тасымалдау және қор жинау.

Зәр шығару жүйесі бір түрлерінде буылтық құрттардың түрі өзгерген метанефридиясына ұқсас болса, екіншісінде – Мальпиги түтігі түрінде болады. Олар антеннальды және максиллярлы (шаянтәрізділерде), коксальды бездер (өрмекшітәрізділерде), Мальпиги түтікшілері (насекомдарда, көпаяқтыларда, кейбір өрмекшітәрізділерде).

Буынаяқтылардың ортаға бейімделуіне байланысты тыныс алу мүшелері желбезек, өкпе, трахея түрінде болады. Трахеялары хитинді кутикуламен астарланған, бұтақталған түтік сияқты. Олар дененің бүйір жағындағы стигма деп аталатын тыныс алу тесіктерімен сыртқа ашылады. Көпаяқтылар мен насекомдар тек қана трахея арқылы тыныс алады, бұлар -трахеата тип тармағының негізгі кластары.

Буынаяқтылардың нерв жүйесі жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглия, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы және ұзына бойлық ганглиялардан құралған құрсақ нерв тізбегінен тұрады. Жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы үш бөлімнен тұрады: протоцеребрум -алдыңғы; дейтоцеребрум -ортаңғы; тритоцеребрум -артқы.

Буынаяқтылар – дара жыныстылар. Жыныс диморфизмі жақсы дамыған. Эмбриональды және постэмбриональды дамудың ұзақтығы өзгеріп тұрады. Даму кезеңі әр алуан: тура даму немесе анаморфоз, шала түрленіп даму – гемиметоморфоз, толық түрленіп даму – голометаморфоз.

Буынаяқтылар типі төрт тип тармағына бөлінеді: желбезектыныстылар – Branchiata, трилобиттәрізділер – Trilobitomorpha, хелицералылар – Chelicerata, кеңірдекпен тыныс алушылар – Tracheata.

Желбезектыныстылар суда тіршілік ететін, желбезектері арқылы тыныс алады. Бас бөлімінде екі жұп мұртшалары, яғни антеннулалары мен антенналары бар. Осы тип тармағына бір ғана шаянтәрізділер класы - Crustacea жатады.

22

Шаянтәрізділер класы – Crustacea. Шаянтәрізділердің 30000-ға жуық түрі белгілі, негізінен тұщы су қоймаларында, теңіздерде кең тараған. Олардың арасында бентосты, планктонды, паразитті және құрлықта тіршілік ететін түрлері бар. Шаянтәрізділер басқа буынаяқтылардан. Аса айрықша белгілерімен ерекше. Біріншіден, оларда екі жұп мұртшалары: акронның өсінділері – антеннулалары және денесінің бірінші сегментінің түрі өзгерген аяқтары – антенналары болады. Екіншіден, тек шаянтәрізділерде ғана қарапайым екі бұтақты құрылысы сақталған.



Шаянтәрізділерге өзен шаяндары, крабтар, креветкалар, тақуа шаяндар, қарақшы шаяндар т.б. жатады.

Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,5,6,7)

Қосымша әдебиеттер: (10,11,16,17,21,33)

Тақырып 10. Хелицералылар подтипы.

Хелицералылардың 54000-ға жуық түрлері бар, басым көпшілігі құрлықта тіршілік етеді. Хелицералылардың денесі – баскеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Баскеудеде 7 сегменттің қосылуынан түзілген, сондай-ақ 7-ші сегменті көп түрлерінде редуцияға ұшыраған. Баскеуде бөлімінде 6 жұп аяқтары бар. Олардың бірінші жұбы қоректі шайнау және ұнтақтау қызметін атқарып, хелицераға айналған тип тармақтың аталуы да осыдан, екінші жұбы педипальпалар – сезу, қармау, кейбір түрлерінде шағылысу қызметін атқарады, ал қалған төрт жұбы – жүру аяқтары.

Хелицералылардың негізгі ерекшелігі – бас қалақшасындағы (акрондағы) мұртшасының немесе антеннуласының редукцияға ұшырауы.

Хелицералылар тип тармағына үш класс жатады: Семсерқұйрықтылар – Xiphosura, Алып қалқаншалылар – Gigantostraca және Өрмекшітәрізділер - Arachnida.

Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері – баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде баскеуде мен құрсақ бөлімі бірігіп кеткен. Баскеуде бөгінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында
23

орналасқан. Аяқтарының алғашқы жұбы – хелицералары қысқарған екі-үш буыннан тұрады, ол қысқыш немесе тырнақ тәрізді. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы -пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады – бұлар педипальпалар, ал қалған 4 жұбы – жүргіш аяқтары.

Денесінің артқы бөлігі – құрсақ – әдетте сегменттелген. Құрсақтың соңғы сегментінің аяқтары 2-4 жұп өрмек сүйелдеріне айналған. Эволюция барысында өрмекшілердің елеулі жетістігі – оларда өрмек бездерінің дамуы, осыдан өрмек сұйықтығы бөлініп шығады. Өрмек бездері ауадақататын кілегейлі, созылатын затты(өрмекті) бөліп шығарады. Өрмек жіпшелерінің көптеген түрлері болады: құрғақ, ылғалды, кілегейлі, гофрирленген және т.б. Олар ау торларын, жұмыртқа пілләсін жасауға арналған. Өрмекшітәрізділер класында оншақты отряд, 60000-нан астам түрлері бар.

Негізгі әдебиеттер: ( 1,2,3,4,5,6,7)

Қосымша әдебиеттер:(17,19,21,31,32,35,36)

Тақырып 11. Кеңірдектыныстылар тип тармағы немесе қосмұршалылар.

Тип тармағына құрлықта тіршілік ететін, кеңірдек (трахея) арқылы тыныс алатын буынаяқтылар жатады. Бұлардың бас бөлімі денеден айқын ерекшеленіп акрон және төрт сегменттен құралған. Акронда жұп күрделі көздері, бірнеше қарапайым көзшелері және жұп мұртшалары немесе антенналары орналасқан (қосмұртшалылар деп аталуы да осыдан).

Құрлықта тіршілік етуіне байланысты бұлардың сыртқы тері жамылғысы, яғни хитинді кутикуласы өте жақсы дамыған. Сондай-ақ, бұлар тек қана кеңірдек немесе трахея арқылы тыныс алады.

Кеңірдектыныстылар тек қана жыныстық жолымен дамиды, жыныс диморфизмі айқын, ұрықтануы іштей, постэмбриональды дамуы көп жағдайда метоморфоз жолымен жүреді, ол әр алуан.

Кеңірдектыныстылар тип тармағы екі класқа бөлінеді; көпаяқтылар және насекомдар. Көпаяқтылардың 53000-нан астам түрі бар, басым көпшілігі құрлықта тіршілік етеді, ұзындығы 1-3 мм-ден 28 см-ге, дене

24

сегменттерінің әрқайсысында жұп немесе екі жұп аяқтары орналасқан, олардың саны әр алуан, кейде 177 жұпқа дейін (кластың аты да осыдан).



Көпаяқтылар класы төрт класс тармағына бөлінеді: симфилалар, пауроподалар, ерінаяқтылар, қосжұпаяқтылар.

Көпаяқтылардың құрт тәрізді созылған денесі екі бөлімді: бас және тұлға. Бас бөлімі тұлғасынан айқын ажыраған, оның құрамында акрон және оған біріккен 4 сегмент немесе 3 сегменті бар. Кейде соңғы сегменті “мойын” сегменті деп аталады. Бас құрылысының бұл ерекшелігі көпаяқтылардың белгілі бір қарапайымдылығының көрінісі. Акронда бір жұп фасеттік көздері орналасқан.

Бас бөлімінен кейінгі дене немесе тұлға бөлімінің сегменттері айқын бөлінген. Олардың саны әр түрлі: пауроподаларда -14, симфилаларда – 18,ерінаяқтыларда -181.

Көпаяқтылардың тұлға сегменттерінің біркелкі болуымен қатар, олардың аяқтарының құрылысы да ұқсас, 6-8 буыннан тұратын және тырнақпен бітетін жүру аяқтары болады. Аяқтың түбінде улы безі бар, оның тесігі аяқтың ұшында ашылады. Бөлінген у буынаяқтылар мен омыртқалыларға күшті әсер етеді. Кейбір жұп аяқтары копуляцияға қатысып, құрлысы жағынан біраз өзгерген де, олар гоноподий деп аталады.



Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,5,6,7)

Қосымша әдебиеттер: (19,32,33,34,35,36)

Тақырып 12. Бунақденелілер класы.

Бунақденелілер класы үш жұп аяқтары бар барлық кеңірдектынысты буынаяқтыларды біріктіреді. Денесі бас, кеуде және құрсаққа айқын бөлінген, өкілдерінің көпшілігінің ұшу қабілеті барлық омыртқасыздардың ішіндегі жалғыз осы топқа ғана тән белгі.

Бунақденелілер класы басқа кластарға қарағанда өкілдер санына бай. Ересек бунақденелілердің денесі 3 бөлімге бөлінген: басы, кеудесі және құрсағы.

Бас бунақтары бірігіп кеткен, кеуде мен құрсақ бунақтары жақсы ажыратылады. Басы акрон мен 4 бунақтан, кеудесі үнемі 3 тен, құрсағы 11 бунақтан және тельсоннан тұрады. Басында 4 жұп өсінділері орналасқан.

25

Оның жоғарғы жағынан акронның өсінділері – бір жұп антенна кетеді. Оларды мұртшалар деп атайды және бір қатар бунақтардан тұрады. Мұртшалары қылтанақ, жіп,ара, тарақша, қауырсын, бунақты және т.б. түрлі болады. Олар негізінде сипап сезу және иіс сезу мүшелері.



Қоректену әдістерінің әртүрлі болуына байланысты бунақденелілердің көпшілік топтары ауыз аппаратының құрлысы арқылы ажыратылады. Ауыз аппаратының негізгі міндеті – қорегін ұстау және ұсату.

Бунақденелілердің кеудесі алдыңғы, ортаңғы және артқы кеуде деп аталатын үш бунақтан тұрады. Кеуде бунақтарында стернит пен бүйір тақталарының арасында бекінетін үш жұп қозғалу аяқтары орналасқан.

Аяқтары әрқашанда бір қатар бунақтардан тұрады; 1) жамбасша жалпақ негізгі бунақ; 2) ұршық; 3) сан аяқтың ең жуан бунағы; 4) сирақ ең ұзын бунақ; 5) табан әртүрлі санды кішкене бунақтардан тұрады. Табанның ұшында екі тырнағы бар.

Бунақденелілерге тән ерекшелік-олардың ұшу қабілетінің болуы. Ұшуы қанаттардың көмегімен жүзеге асады. Қанаттары – дене қабырғасының күшті қатпарлары. Қанат жіңішке тұтас тақта түрінде болғанымен қос қабатты; үстіңгі және төменгі қабаттары дене қуысының жалғасы болып саналатын жіңішке саңылаумен бөлінген.

Құрсағы бунақденелінің ақырғы дене бөлімі. Оның құрамына кіретін бунақтардың саны кластың әр өкілдерінде әр түрлі. Құрсағында аяқтары болмайды.

Бунақденелілердің жабыны үш негізгі элементтерден- кутикула, гиподерма және базальды жарғақтан тұрады. Кутикуланы гиподерма клеткалары бөліп шығарады, ол үш қабатты. Кутикуланың үстінде әртүрлі, днемен қозғалмалы қосылған өсінділер – жіңішке түктер, қабыршақтар, қылтанақтар болады. Осындай ірі құрылым бір ірі гиподермалы клетканың шығарған өнімі. Түктердің пішіні мен құрылысы көп түрлі, сондықтан сезгіш, жабын қызметтерін атқарып, тіпті улы болуы да мүмкін.

Бунақденелілердің реңі көбінесе гиподермада немесе кутикулада болатын ерекше бояу заттары – пигменттерге байланысты. Бунақденелілердің жабынында

26

әртүрлі маңызы бар бар бір және көп клеткалы бездері бар, мысалы, қандалалардың кеудесіндегі сасық бездер, көпшілік жұлдызқұрттардағы қорғаныш бездері және т.б. Көбінесе түлеу бездері кездеседі. Түлеу кезінде шығарған өнімі жаңа жасалған кутикула қабатын қозғамай ескі кутикуланың ішкі қабатын ерітеді. Араның, қалқаншаның және кейбір басқа бунақденелілердің ерекше бездері балауыз шығарады.Бунақденеліле әр түрлі тітіркеністерді қабылдауға қабілетті – механикалық, дыбыс, химиялық, көру және басқа арнайы рецепторлары бар.



Негізгі әдебиеттер: (1,2,4,6,7)

Қосымша әдебиеттер: (19,32,34,35,36).

Тақырып 13. Ашықжақтылар немесе Нағыз Бунақденелілер.

Ауыз бөліктері бастың үстіңгі жағындағы ауыз тесігінің айналасында орналасқан. Көздері күрделі фасеткалы. Кеңірдек жүйесі имагода әрқашан жақсы дамыған. Алғашқы қанатсыз түрлерінде қылтанқұйрықтылар ғана жатады, ал қалғандарының қанаттары болады немесе екінші рет жойылып кеткен.

1 отряд. Қылтанқұйрықтылар. Созылыңқы денесі қабыршақтармен қапталған, тез қозғалады, құрсағы 10 бунақты, құрсақ аяқтарының қалдықтары-грифелькалар сақталған. Құрсақтың ақырғы ұшында 3 көп бунақты өсіндісі бар. Ауыз мүшелері кеміргіш, күрделі көздері мен қарапайым көзшелері болады. Дамуы метаморфозсыз. Топырақта, жер төсінішінде және үйлерде кездеседі. 400 түрі белгілі.

2 отряд. Түзуқанаттылар. Үстіңгі қанаттары терілі, тыныштық күйде арқасында түзу жатады, артқы қанаттарының құрылысы нәзік, қанаттары кейде жетілмеген. Артқы аяқтары секіргіш, ауыз бөліктері кеміргіш. Түрленуі толық емес. Отрядқа шегіткелер, көшпелі шегіткелер, шілделіктер, бұзаубастар жатады. 20000 түрлері белгілі.

3 отряд. Термиттер. Қоғамдық бунақденелілер, жанұясы бірнеше жүз мыңдаған особтардан құралған. Олардың жанұясында полиморфизм жақсы дамыған: аналық, аталық, жұмысшылар, әскерлер. Термиттер күрделі жер асты және жер үсті ұялар-термитниктерді топырақтан

27

және өздері өңдеген ағаштан салады. Ауыз аппараты кеміргіш. Түрленуі толық емес. 2500 түрі белгілі.



4 отряд. Қабыршаққанаттылар немесе көбелектер. Көбелектердің төрт қанаттары бар. Олар түрі өзгерген түктер-қабыршақтармен қапталған, кейде өте ашық түске боялып қанаттардың үстінде көбелектерге ғана тән “өрнектер” жасайды. Ауыз бөліктері сорғыш, ұзын тұмсаққа айналған. Түрленуі толық. Көбелектердің дернәсілдері жұлдызқұрттар деп аталады. Олардың үш жұп кеуде аяқтары мен бес жұп құрсақ жалғанаяқтары болады. Жұлдызқұрттардың ауыз аппаратының имагодан айырмашылығы – кеміргіш, олар ашық жерлерде жүреді. Реңді түрлі бояуларға боялған, бір жағдайларда жасырын немесе қорғаныш реңді, екінші жағдайда – ашық, сақтандырғыш реңді болады.

Дернәсілдер 5 рет түлейді. Бесіншісінде қуыршаққа айналады. Қуыршақтары жабық. Көбелектердің табиғаттағы және шаруашылықтағы маңызы өте зор. Көбелектердің ішінде өте көп ауыл шаруашылық дақылдарының қауіпті зиянкестері бар: күздік көбелек, шабындық көбелегі, капуста ақ көбелегі, қарыскөбелектері т.б.

5 отряд. Қаттықанаттылар немесе қоңыздар. Төрт қанаттары бар; алдыңғы жұбы қатты қанаттарға айналып, негізінде қорғаныш қызметін атқарады. Ауыз бөліктері кеміргіш. Толық түрленіп дамиды. Дернәсілдерінде үш жұп кеуде аяқтары бар, кейде онша жетілмеген. Қуыршақтары еркін.

Көпшілік түрлері құрылықта: топырақта, жер төсенішінде, өсімдіктерде кездеседі, бір бөліктері суда тіршілік етуге бейімделген сүңгур қоңыздар, су сүйгіштер (водолюбтар), сол сияқты жыртқыш және өсімдік қоректі түрлері де бар, көп түрлері ауыл шаруашылығының қауіпті зиянкестері.

Қоңыздардың үлкен отряды екі отряд тармағына бөлінеді: 1. Ет қоректі қоңыздар; 2. Әртүрлі қоректі қоңыздар.

Пайдалы қоңыздар. Көпшілігі егістіктер мен бақшалардың зиянкестерін жойып, табиғатта жануарлардың өлекселерін құрту сияқты, санитарлық қызмет атқарып көп

28

пайда келтіреді. Мысалы: бақша ызылдауығы, орман түйіршікті ызылдауығы, жеті нүктелі қанқыз.



Қоңыздар – өсімдік зиянкестері: батыс зауза қоңызы, егістік кузькасы, кресті кузька, қара шыртылдақ, астық бүргешесі, колорад қоңызы.

Негізгі әдебиеттер: (1,2,4,6,7)

Қосымша әдебиеттер: (19,32,34,35,36)

Тақырып 14. Тікентерілілер типі.

Тікентерілілер өте үлкен, 5000 -ға жуық түрлері бар, теңіз түбінде еркін қозғалып, кейде ерекше сабақшасымен судың түбіне бекініп тұратын теңіз жануарлары.

Тікентерілілер типі мынадай белгілермен сипатталады:


  1. Тікентерілілерде радиалды және көбінесе бес сәулелі симметрия болады.

  2. Тікентерілілердің тері асты дәнекер қабатында тікенектері мен инелері дене сыртына шығып тұратын ізбесті тақталардан құралған қаңқа дамиды.

  3. Ішкі мүшелері өте кең дене қуысында целомда жатады. Целомның бөліктерінің бірнеше күрделі жүйкелер қатарына жіктелуі, сол сияқты целомның есебінен қозғалыс мүшелері амбулакралды жүйесінің жасалуы тікентерілілер құрылысының ерекшеліктерін көрсетеді.

  4. Қан айналу жүйесі бар; тыныс алу мүшелері нашар дамыған немесе мүлде болмайды; арнайы зәр шығару мүшелері жоқ.

  5. Жүйке жүйесі примитивті және бір бөлігі тікелей тері эпителиінде немесе ішке батып жатқан дене қабырғасының эпителий бөлігінде жатады.

  6. Тікентерілілер дара жынысты. Жұмыртқалары толық радиалды бөлшектенеді.Тікентерілілердің дамуына күрделі метаморфоздан өтетін диплеврула дернәсілі тән.

1 класс. Теңіз жұлдыздары әртүрлі тереңдікте кездеседі. Жұлдыздардың мөлшері өте үлкен болуы мүмкін, көбінесе өте ашық және түрлі түске боялған. 1700 түрі белгілі. Теңіз жұлдыздарының денесі бес сәулелі, орталық дискі мен бес сәуледен немесе қолдан тұрады. Бірақ алты, тоғыз, он бір, он үш сәулелі жұлдыздар да кездеседі.

Жұлдыздар денесі симметрия білігінің бағыты бойынша қабысқан. Жалпақ жағының бірінің ортасында ауыз (ораль

29

жағы), екіншісінің ортасында қылаулатқыш (абораль жағы) орналасқан. Жануар судың түбінде ауызын төмен қаратып жорғалайды. Жорғалауы әр сәуленің төменгі (ораль) жағында орналасқан амбулакралды жылғаның түбіндегі ерекше өсінділер – амбулакралды аяқтардың көмегімен жүзеге асады. Жұлдыздар -үлкен жыртқыштар. Олар әртүрлі омыртқасыз жануарлармен қоректенеді. Жұлдыздар ұсақ корегін бітеу жұтады, ал үлкенін ұстау үшін қарынын ауыздан сыртқа шығарып қоршап алады, сонымен асын қорыту жыртқыштың денесінің сыртында жүреді.



2 класс. Жыланқұйрықтылар немесе офиуралар. Сыртқы түрі жұлдыздарға өте ұқсас, бірақ көптеген анатомиялық белгілер бойынша теңіз жұлдыздары класынан айырмашылықтары бар. Бұл класқа 1500 дей түр жатады.

Денесі бес сәулелі, орталық дискі мен дискіден оқшау орналасқан сәулелерден тұрады. Сәулелері жіңішке және ішіне не ішектің, не гонадалардың ұштары еніп тұрмайды. Кейде олар дихотомды тармақталады. Жануардың жорғалайтын ораль жағының ортасында ауыз жатады, қармалауышы жоқ.

3 класс. Теңіз кірпілері. Класс қатты ізбесті инелермен қапталған шар тәрізді, судың түбінде кездесетін жануарлардан құралады. Қазіргі теңіз кірпілерінің 800 түрі белгілі. Бұл аз қозғалатын жануарлардың мөлшері диаметрі 2-3 см – ден баланың басының үлкендігіндей болады.

Денесі көбінесе шар тәрізді бес сәулелі. Теңіз кірпілерінің қаңқасы тікентерілілердің басқа кластарынақарағанда күштірек дамыған. Тек қана ауыздың (перистом) және қылаулатқыштың (перипрокт) айналасындағы кішкене екі алаңша ғана жұмсақ болып қалады, қалған барлық денесі шеттері бір-бірімен бірігіп кеткен ізбес тақталардан құралған қозғалмайтын тұтас сауыттың ішінде жатады.



Негізгі әдебиеттер: (3,5,7.2)

Қосымша әдебиеттер: (10,11,16,18,33)

Тақырып 15. Жануарлар әлемінің филогенетикалық дамуының этаптары.

Омыртқасыздардың көптүрлілігін қарастыра келіп құрылысының күрделілік дәрежесіне байланысты оларды

30

бірнеше деңгейде орналастыруға болады. Осындай қабатты ярусты орналасу жануардың өткен эволюциялық жолына сәйкес келеді. Филогенетикалық ағаштағы ярустар бір-бірінен горизонтальды сызықтар арқылы бөлінген. Бір түрлі горизонтальдардың арасында орналасқан жануарлар тобының құрылысының күрделілігі шамамен бірдей (кесте).



Шежіре ағаштың бірінші қабаты бес типті біріктіретін Protozoa патшалық тармағынан құралған.

Төменгі сатыдағы Metazoa шежіре ағашының келесі қабаттарын құрады. Губкалар дамудың ең төменгі деңгейінде тұр, оған дәлелдеме нағыз тканьдердің және жүйке жүйесінің болмауы. Қалғанын кестеден қараңыз.



Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,5,6,7)

Қосымша әдебиеттер: (11,20,34,33,35)

2.3 Зертханалықлық сабақтар тақырыбы:

Тақырып 1. Саркодтылар мен талшықтылардың морфо-физиологиялық сипаттамасы.

Тапсырма 1. Бір тамшы судан амебаны тауып, микроскоптың ұлғайтылған әр түрлі өлшемдерін қарау. Амебаның қозғалысын, қоректену, көбею процестерін бақылау. Амебаның суретін салып, барлық белгілерін көрсету. (9, 4-6 бет).

Тапсырма 2. Уақытша препарат жасап тірі эвгленаны тауып, кеңестіктегі қозғалысын бақылау. Эвгленаның суретін салып, органоидтарын көрсету.

Тапсырма 3. Тұрақты препараттардан трипаназомаларды тауып құрылысымен танысып, суретін салу. Егер су тамшысында эвгленадан басқа талшықтылардың түрлері болса, оларды жасыл эвгленамен салыстырып, ерекшеліктеріне көңіл аудару

Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,6,7,9)

Қосымша әдебиеттер: (15,16,27,28,33,35)

Тақырып 2 Инфузориялардың морфо-физиологиялық сипаттамасы.

Тапсырма 1. Уақытша препараттан инфузория туфельканы тауып сыртқы, ішкі құрылысымен және цитоплазмадағы органоидтармен танысу. Инфузорияның қозғалысымен және ас қорыту вакуольдарының жасалуымен танысу. Макронуклеус пен микронуклеусті мұқиат қарап, инфузория құрылысының суретін салу.

31

Тапсырма 2. Ядролық аппаратпен трихоцистаны микроскоппен қарау үшін заттық шыныға 1-2 тамшы инфузорияның культурасын орналастырып оған құрамында 1% сірке қышқылы бар метиленді жасылды тамызып үстін жабын шынымен жабу керек. Сірке қышқылының әсерінен инфузория трихоцисталарын тастайды, соны бақылау.



Тапсырма 3. Препараттан ядросы және трихоцистасы жақсы боялған инфузорияны тауып суретін сызу. Суретте талшықтарын, ас қорыту вакуольдерін, макро- және микронуклеусті, ауыз қуысын, жиырылғыш вакуольдерін трихоцисталарын көрсетіңдер.

Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,5,6,7,9)

Қосымша әдебиеттер: (15,16,27,28,33,35)

Тақырып 3. Губкалардың морфо-физиологиялық сипаттамасы.

Тапсырма 1. Губкалардың морфологиялық типтерімен танысу: аскон, сикон, лейкон.

Тапсырма 2. Скелет элементтерімен танысу үшін бадяга губкасының бір кішкене бөлігін үзіп алып үгітіп пробиркаға салып үстіне КОН немесе NаOH ерітндісін құйып пробирканы спиртовка көмегімен қыздыру қажет. Пробиркадағы түйіршіктер еріген кезде, сұйықты Петри табақшасына құйып суыттып, ол сұйықтың бір тамшысынан уақытша микропрепарат жасап микроскоп астынан қарап, бадяга скелетінің спикуласы мен спангин затын табу қажет.

Тапсырма 3. Фиксацияланған материал көмегімен губкалардың алуан түрлі формасын қарап, колониальды құрылысына көңіл бөлу керек. Губкалардың әр түрлі спикулдарының және геммуланың суретін салу қажет.

Негізгі әдебиеттер: (3,7,9,28,33)

Қосымша әдебиеттер:(15,16,27,28,33,35)

Тақырып 4. Гидроидтар мен сцифоидтардың морфо-физиологиялық сипаттамасы.

Тапсырма 1. Уақытша препараттан тірі гидраның қоректенуін, жылжуын және тітіркендіргіштерге жауап беруін бақылау. Гидраның тітіркенуін инемен шаншу арқылы немесе әр түрлі қышқылдардың әлсіз ертіндісімен әсер етіп байқауға болады.

Тапсырма 2. Тұрақты препараттан гидраның тканьдік

32

құрылысын қарап эктодерма және энтодерманың клеткаларының түрлерімен танысу. Гидраның көлденең және ұзынынан кесінділерін көріп, суретін салу.



Тапсырма 3. Теңіз гидроидының полиптік сатысымен танысып, оның ішкі және сыртқы құрылысын көріп, әр особтың құрылысымен танысу. Суретін салып, белгілеріне мән беру. Медуза сатысымен таныса отырып , оның құрылысының суретін салу. Даму циклінің схемасын салу.

Негізгі әдебиеттер: (1,2,3,4,6,7,9)

Қосымша әдебиеттер: (10,11,15,16,20,33)

1-коллоквмумның сұрақтары:

  1. Протозоа патшалық тармағына тән белгілер.

  2. Қарапайымдылардың қазіргі систематикасы

  3. Саркомастигафора типі.негізгі белгілері

  4. Сакодтылар класының систематикасы, класс тармағының, отрядтарының ерекшелігі, алуан түрлілігі. Экологиясы, маңызы.

  5. Талшықтылар класының систематикасы, класс тармағының, отрядтарының ерекшелігі, алуан түрлілігі. Экологиясы, маңызы.

  6. Паразиттік талшықтылар және симбионттар. Паразитизм,симбиоз дегеніміз не

  7. Споралылар типінің жалпы сипаттамасы.Систематикасы, маңызы

  8. Кокцидиялардың ерекшеліктері, маңызы.Тіршілік циклы.

  9. Инфузория типінің жалпы сипаттамасы, құрылысының ерекшеліктері.

  10. Инфузориялар типінің систематикасы. Типтің, кластардың, отрядтардың негізгі белгілері.

  11. Инфузориялардың көбею тәсілдері және тіршілік циклі.

  12. Губкалар. Типтің систематикасы және жалпы сипаттамасы.

  13. Губкалардың физиологиясы, дамуы. Эколгиясы және практикалық маңызы.

  14. Ішекқуыстылар типінің негізгі белгілері. Гидрозоа класына сипаттама, алуан түрлілігі, негізгі өкілдері.

  15. Гидроидтардың дамиуы мен көбеюі. Тіршілік циклдарының ерекшеліктер. Метогенез деген не.

  16. Медуза мен полиптің құрылысын, тіршілік циклын салыстыру.

33

  1. Сцифозоа класының негізгі белгілері. Кластың систематикасы, маңызы.

  2. Маржан полиптері класына сипаттама. Кластың систематикасы, маңызы.

  3. Ішекқуыстылардың мекендейтін орны және экологиясы.

  4. Ішекқуыстылардың асқорыту жүйесінің эволюциясы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет