66 ХИКМЕТ
Ғашық жаны күйзеліп қайғы тартса,
Он сегіз мың бар ғалам көзді ашар.
Көңіл құсы қос қанатын қомдап ұшар.
Жан дүниесі сайраумен бұлбұл болар.
Махаббаттың майданына өзін салса,
Мағрипаттың жолына белін буса,
Сыр шарабын ішіп ғашық рухы қанса,
Дос көңілдің гүлзарында шаттық болар.
Жарандар хақ жадынан ғапыл болмас,
«Рижәл лә тәлһиһим» дер халық ағаш.
Құдай жолын ұстаған жолда қалмас,
Жаратқан иеме тілегі қабыл болар.
Алғашқы шарапты кім алса сол болар сақи,
Наша тартып есірер мәңгі бақи.
Жанын, тәнін күйдірер жалындатып,
Іштен күйіп өртеніп һәм күл болар.
Атын бояп, затын безегендер,
Ішкі жанын есебімен түзегендер.
Көңіл күйін жағдайымен кезегендер,
Пейілі оның қашан аппақ болар?
Тариқат дүр бұл жол атын білсе дәруіш.
Мағрипат дүр білім нәрін алса дәруіш.
Өзге жолдар сенімсіз, білсе дәруіш,
Хақиқат майданында ол ер болар.
Қатуланып, Құл Қожа Ахмет, жолға кіргіл,
Құлды көрсең құлы боп өмір сүргіл.
Қадір ием нәсіп берсе қанағат қылғыл,
Қанағат сұрап қанағат алған шын құл болар.
67 ХИКМЕТ
Субхан ием пендесіне шапағат берсе,
Іші жанып, сырты күйген бір жан болар.
Пір етегінен ұстап ғашық жолына кірсе,
Хақты іздеумен екі көзі төрт болар.
Жаннан кешпей ғашық сырын біліп болмас,
Малдан кешпей менмендікті қойып болмас.
Зерек болмай жалғыз өзін сүйіп болмас,
Ондай ғашық ел көзінен аулақ болар.
Жанын қинап ынты-шынтыңмен ғашық болғыл,
Жасың төгіп, кезді сулап, адал болғыл
Одан кейін хақ жүзіне лайық болғыл,
Жаның берсең, рахым етсе, жанан болар.
Ғашық жолында күндіз-түні жылағандар,
Жаннан кешіп белін бекем байлағандар.
Қызмет етіп хақтың сырын аңдағандар,
Түн ұйқысын төрт бөліп қайғылы болар.
Уә, дариға, ғашық жолында жанын бермей,
Сүңгуір болып дария ішінде гәуһар термей,
Хақтан өзге, надандықтан аулақ болмай,
Таңда махшар тағамдары дайын болар.
Ғашық болсаң Баязиттей өзіңді сатқыл,
Аллаһи- билләһи дүние арам, тастап лақтыр.
Қан төгіп, ұйқы көрмей түндер қатқыл,
Бір мезетте шайтан мүлкі ойран болар.
Таң атқанша зікір айт жаңыңменен,
Тау мен шөлді бауға айналдыр қаныңменен.
Тастан қатты тасқа жатқыл жамбасыңмен,
Жолдан азған жүз мың ғапыл қараң болар.
Тастан қатты тасты сүзген бейхабарлар,
Ол ақырет ісін қойып, дүние іздер,
Аят, хадис баян қылсам – кесім сөздер,
Залымдардың көкірегі шайтан болар.
Зікіріңді айт: қан ақсын көздеріңнен,
Хикмет айт: дүр тамсын сөздеріңнен,
Гүл енсін әрбір басқан іздеріңнен,
Гүлді күтсең гүл ашылып гүлзар болар.
Сахарда ерте тұрып қандар жұтқыл,
Пірмұғанның етегінен бекем тұтқыл.
Хаққа ғашық болған болсаң жаннан түңіл,
Жаннан кешкен шын ғашықтар махрум болар.
Бұл дүниеде пақырлықты әдет қылған,
Қорлық көріп, машахатты рахат білген.
Құл Қожа Ахмет, жақсыларға қызмет қылғын,
Қиямет күн сондай адам сұлтан болар.
Достарыңызбен бөлісу: |