70 ХИКМЕТ
Иманы жоқ халайықтан әр кім қашса,
Білімділер кеңесінен безер болар.
Күйіп-жанып ғашық жолына жасын төксе,
Субхан ием ғарыш үстінде мейман қылар.
Пендем дегей күйгендерді сүйіп Алла,
Хақ көрсеткей ақ дидарын олла-біллә.
Қайда барса құлшылығы Алла ісі,
Әр не тапса хақ жолына сарқып бере.
Зәкір болып зікірін айтса келмек хабар,
Шайтандардың бәлесінен айырып алар.
Дерті болса хақ дертіне бергей дауа,
Ондай құлды өзі тауып мейірім қылар.
Түні бойы хақ оятып қан жылатар,
Көзін ілмей ғашығы үшін белін байлар.
Дауасы жоқ дертті беріп зар еңіретер,
Мұнда еңіреп, онда барса сұлтан қылар.
Хаққа ғашық болған құлдар көзін ілмес,
Мақсұтына жетпесе риза емес.
Туған-туыс, мал-мүлікке көңілін бөлмес,
Ысмағұлдай ғазиз жанын құрбан қылар.
Дуаналық жолында ол хақты тапқан,
Семсерді хақ қолға алып нәпсі тапқан.
Қайда барса көз жұмып сырын тапқан,
Ондай сырды тапқан кісі жомарт болар.
Шайықпын деп бас көтерген хаққа қарсы,
Көкірек керіп жаратқанға бомас жаршы.
Жыласа да құдайсызға болмас емші,
Бұл дүниені момындарға зындан қылар.
Ей, мұсылмандар, тағат қылып таянбаңыз.
Аманат қой, ғазиз жанға иланбаңыз.
Харамдықпен жиған малға қуанбаңыз.
Малдарыңды Қарыш атты жылан қылар.
Бұл дүниеде мал жинаған Харун қане,
Өсиет айтып жар салған Ферғаун мен Һаман қане?
Уамық, Ғазра, Фархад, Шырын, Мәжнүн қане,
Қаһарланса жерменен жексен қылар.
Білдіңіз бе өлмей адам қалғанын,
Бұл дүниенің опасызын, жалғанын.
Дүние талап – ризығың алғаның,
Алла десең көздің жасын көл қылар.
Ғашық дертіне дауа іздеген болар делбе,
Іші-сырты жалған жанға әсте сенбе.
Арың таза болса, әр кез жеңіс сенде,
Ғашық дертіне рахым қылса Алла қылар.
Кімді көрсең бұл жолдарда жалған ғашық,
Іші таза болмайды көңілі ашық.
Сол үшін де сүйгеніне болмас лайық,
Жалғаншыны махшар күні сарсаң қылар.
Тән сөйлемес, жан сөйлемес, иман сөйлер,
Жаннан кешкен шын ғашықтар хақты көздер.
Ғұламаға қызмет қылып жолын түзер,
Сол ғашықты халайыққа сұлтан қылар.
Ғашық болсаң күндіз-түні хақты іздегіл,
Парызды өтеп түні бойы көз ілмегіл.
Ақылды болсаң надандарға сыр айтпағыл,
Дәруіштер сенімдерін жасырын қылар.
Дәруіш болсаң парызыңды өте, қылма жалған,
Иман келтір, рахым қылар саған Аллам,
Дәруіш емес қайда барса жолда қалған,
Әділ патша парызын өтеп, әділ қылар.
Ей, осындай дәруіштерге пана бергіл,
Ол наданға ұлпат қылмай жанымды алғыл.
Ей, іңкәрім, жолда қалдым, жолға салғыл,
Тәуба қылған қожам жайын гүлзар қылар.
Дәруішпін деп парызын істер халық алдында,
Айламенен зыр жүгірер онда-мұнда.
Алла үшін бойсұнған дәруіш қайда,
Шын дәруіштер тау мен шөлді мекен қылар.
Ғашық болсаң ғашық жолында пида болғыл,
Дидар іздеп қасіретінде ада болғыл.
Шипа болып шын дертке дауа болғыл,
Жақсыларды аларда оңай қылар.
Ғашықтары хаққа қарап зар еңірер,
Махаббаттың дариясына шомып кірер.
Гауһар алып ғашығына зарын тербер,
Тамшы жасы жер әлемді көл қылар.
Ғашықтарға берді ғашық отын күйдіргелі,
Зылихадай өн бойын сүйдіргелі.
Қасіретпен өңі-түсін солдырғалы,
Шын ғашықтың нұр-жүзін сары қылар.
Ғашық жандар хақ қаһарынан қорқып тітірер,
Жер мен көкте періштелер жылап тұрар.
Бірде қызыл, бірде сары болып жүрер,
Зар еңірер жер мен көкті дүр сілкінтер.
Ғашықтардың сүйіктісі сиқыр қыздар,
Көңіл көзбен күл етер, баурап алар.
Ғашық оты өртеген дерті зорлар,
«Қайдасың?» деп жүрек-баурын езіп тынар.
«Қайдасың?» деп, «қайдасың?» деп ғашық айтар,
Махаббатқа сабыр қыл деп машық айтар.
Аузы айтпас, тілі айтпас, ділі айтар,
Үш жүз алпыс тамырлары толқын қылар.
Ғашықтардың қиямет күн халін білгей,
Шын ғашықтың көкірегін жарып шерін сезгей.
Пәк аузынан көбігі ағып жүгіріп жүргей,
Кімге берсе пәк ғашықты қайран қылар.
Ғашықтардың үміттері жам шарап,
Сүйіктісіне жетер жолда бауыры кәуәп.
Жүрек қылы жан азығына болар жауап,
Тербелсе жеті ықылым ойран болар.
Құдіретімен әр не қылса ерікті өзі,
Құдіретінен мәлім боп тұр қыс пен жазы.
Әй, найсап, Алламенен ойнап көрме,
Қаһарлы ием жандыларды жансыз қылар.
Жыламақты әр адамға бергені қане,
Жылау деген қиын емес, бауыр қане,
Көз жасыңды текке төкпе, хақты таны,
Хақ Тағала өз сүйгенін боздауық қылар.
Құл Қожа Ахмет, пендемін деп көп айтпа көп,
Алдауменен қылсаң тағат болар кәзәп,
Шариғатта, тарихатта ісің бөлек,
Ақыретте кәзәптарға жаза қылар.
Тәмәм, тәмәм!
Достарыңызбен бөлісу: |