55 ХИКМЕТ
Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша,
Ысмағұлдай дидар үшін арман етпен, достар.
Жаннан кешіп тариқатқа кірмейінше,
Ғашықпын деп жалған уәде қылма, достар.
Ғашықтық қиын жұмыс білсең мұны,
Мехнатпен жаратушы сынар сені.
Реніш, азаппен бірге болсаң күні-түні,
Көңілді Тәңріден өзгеге бөлме, достар.
Менмендіктен тариқатқа кірмеді олар,
Жаннан кешпей жолға қадам баспады олар.
Нәпсін тыймай хақ жолында болмады олар,
Жалқаулармен сапарға шықпа, достар.
Ғашықтық жолы құры тілмен бола қоймас,
Мұнда жылап, ақыретте күліп болмас.
Күллі реңі запырандай солмақ болмас,
Мұндай болмай ғашықпын деп айтпа, достар.
Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен,
Күнәлі ол өз бетіммен келдім деген.
Жақсы білсең тариқаттың қатері бар,
Қаламасаң осы жолға түспе, достар.
Ұстаздарға қызмет қылсаң нәпсіге апат,
Наданға тиме: бұл жолдарда қылмас тағат.
Адал ұлдар бұл жолдарды білер рахат,
Өлмей тұрып хақ дидарын көрем деме, достар.
«Кәзәптар үмбетім емес» деді Расул сізге,
Ол Мұхаммед хақ расулі деді бізге.
Жалғаншыға жаннат жоқ олда-білда,
Жалған сөйлеп, имансыз боп кетпе, достар.
Дүние-мүлікті тәрк етпей көрмес дидар,
Дидар көрем деген ғашық жанын қинар.
Ондай ғашық ақырында көрер дидар,
Дидар көрмей Алла сырын шашпа, достар.
Сырдан мағына түймегендер бөтен болар,
Ол ғашықтың мекені ойран болар.
Ғашық жолында жан қиғандар жақын болар,
Жаннан кешпей жаннан хабар алма, достар.
Құл Қожа Ахмет, бастан кешпей пәтуа қылма,
Халық ішінде ғашықпын деп ауызға алма.
Ғашықтық ұлы іс дүр ғапыл қалма,
Ғапыл болып хақ дидарын көрме, достар.
56 ХИКМЕТ
Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан,
Дуананың мақамына кірді, достар.
Аш пен тоғын, пайда-зиян еш білмеген,
Сауық-сайран, қызықпен жүрді, достар.
Сауық-сайран құрғандарға дүние харам,
Ел-жұрт, дүние-мүліктен кешті тәмам.
Таң сәріден хаққа сыйынып жылар дәйім,
Одан кейін сауық-сайран салды, достар.
Сауық-сайран құрған ғашық өзін білмес,
Ессіз жүріп дүние малын қолға алмас.
Жүз мың адам тақсыр десе мақтана алмас
Дүние теуіп сауық-сайран салды, достар.
Дүние таппай сауық-сайран құрған адам,
Хақты айтпай хақ жолынан сыртта қалған.
Дәруішпін дер дүниеқоңыз жаны жалған,
Дүние үшін сауық-сайран құрды, достар.
Естен танбай сауық-сайран құрып болмас,
Жаратқан иеден оған иман болмас,
Бойсұнса да көңілі таза болмас,
Арсыздықпен ойын –сауық құрды, достар.
Уа, осындай надандардан үміт қылма,
Қайыр-шапағат алармын жүгіріп жүрме.
Нәпсісі ұлық, шариғаты бұзық әкім білме,
Шайтан малғұн ноқта салмай мінді, достар.
Естен танбай сайран салса Алла безер,
Дауысынан жер тебіреніп тартады азар.
Дұға қылам: көрсетпесін оған дидар,
Діннен безіп сауық-сайран құрды, достар.
Дуаналық жеңіп шықпай сауық құрар,
Хақ Мұстапа шәриярдан безіп жүрер,
Бастан-аяқ күнәлары әзір тұрар,
Күнә тілеп сауық-сайран құрды, достар.
Шәблі ғашық, сайран салды нұрын көріп,
Мұстапаны енді көріп, сауал беріп.
Дүние азабын артқа тастап, көзін жұмып,
Сондай құлдар сауық-сайран құрды, достар.
Шәблі ғашық жылап еді: «ия, Расул» деп
Сайран салсам да тағатсызбын, қайғым көп деп,
Расул айтты: «иншалла, бол қабыл» деп,
Рұқсат сұрап сауық-сайран құрды, достар.
Құл Қожа Ахмет, сауық-сайран әр кімге жоқ,
Мазақпенен сайран салса кірер тамұқ,
Бұл сұмдық сыр айтылса көңілім жабық,
Хақты тауып сауық-сайран құрды, достар.
Достарыңызбен бөлісу: |