58 ХИКМЕТ
Хақ танып, мұсылман болсаң мойынсұнғыл,
Мойынсұнған хақ дидарын көрер, достар.
Жүз мың пәле басқа түссе еңіремегейсің,
Сонда ғана ғашық сырын білер, достар.
Ғашықтары зар еңіреп жолға кірді,
Әрбір шеккен жапасын хақтан білді.
Риза болып жерге енуге әзір болды,
Зар илеп таң сәріде тұрар, достар.
Ей, достар, еш білмедім мен жолымды,
Игілікке байламадым мен белімді.
Өсек сөзден еш тыймадым мен тілімді,
Надандығым мені рәсуа қылды, достар.
Күні бойы бейғам жүрдім зікір айтпай,
Іждаһатпен күні-түні пікір айтпай.
Махаббаттың базарында өзін сатпай,
Нәпсім менің жүз мың тағам тілер, достар.
Нәпсі еркіне жіберуге болма құмар,
Ішпей-жемей тағат етіп болғыл бидар.
Ақыры бір күн көрсетер саған дидар,
Бидар болған онда дидар көрер, достар.
Ей, ғапылдар, хақ зікірін айтпай қойма,
Дүниенің бір түйірін де алма қолға.
Жақсылардың соңынан әсте қалма,
Жолға кірген ақыры мұратына жетер, достар.
Уә, дариға, арманменен өмірім өтті,
Нәпсім мені алжастырды, шектен асты,
Жан құсы шарықтады, рухым қашты,
Надандардың өмірі желге ұшар, достар.
Дидар көрем деген құлдар бидар болар,
Жатса-тұрса, жүрсе-қойса зікірін айтар.
Іші-тысы ондай құлдың нұрға толар,
Алла нұрын ондай құлға төгер, достар.
Білген ғашық өз жанын отқа жақпас,
Бидарларға ғашық шақпағын жағып шақпас.
Дүние келіп қарық қылса қия баспас,
Ғашық емес бейғамнан да бетер, достар.
Құл Қожа Ахмет, пәнде болсаң жылап жүргіл,
Махаббаттың мәжілісін де өзің көргіл.
Қияметтің азабынан қайғы тұтқыл,
Қайғы тұтқан сырдан хабар алар, достар.
59 ХИКМЕТ
Аңызда бар: осылай деп айтылды,
Жеткізді мұнда Баба Мәшін сұлтанды.
Хорасанда төрт жүз жасты жасады,
Жиырма төрт ағаш әр күні ұшар, достар.
Есітті Баба Мәшін ол заманда,
Ахмет атты бір шайх шығар деп Түркістанда.
Сұхбат құрмай қыз-келіншектермен онда,
Тыйым салғалы Түркістанға келді, достар.
Келді де көрді ол машайхты,
Сен шайхпысың азғырушы халайықты?
Сол айтқан серігіңмен, білгіл мұны,
Деп хазірет оған жауап берді, достар.
Әмір етті Хәкім қожа Сүлейменге,
Сол сопы Мұхаммади данышпанға.
Байлап ұр бес жүз қамшы ол наданға
Бір ұстынға бекем байлап қойды, достар.
Жүз кісі келсе де ұстай алмас еді,
Екі кісі ұстап оны байлап алды.
Сол сәтте-ақ бес жүз қамшы санап ұрды,
Аһ дегенін, иәки уһ дегенін білгін, достар.
Жалаңаштап оны бекем байлап қойды,
Бес жүзден бір қамшыны артық ұрды.
Соңғы қамшы тигенде зар еңіреді,
Ахмет Ата шештіріп қойды, достар.
Сол сәтте-ақ мүридтері сұрақ берді,
Бес жүз қамшы ұрғанда мыңқ етпеді.
Соңғы қамшы тигенде естен танды,
«Намрин» деп асқап одан сұрады, достар.
Ата айтты: арқасында бар оның дию-пері,
Қорғаған соң бес жүз қамшы соған тиді.
Дию-пері арқасынан кеткен сәтте,
Бір қамшы оған тиді, білгін, достар.
Баба Мәшін: «өлдім» - деді, уа, Ахметім,
Келе алмасам халайыққа қарабетпін.
Өлер едім осылай болса халім,
Зар еңіреп арыз-халін айтты, достар.
Атасының ерлегенін сонда білді,
Қиындықтан өткеріп жол көрсетті.
Атасымен үш мәрте қылуетке енді,
Мұрат-мақсат ежелден деп білгін, достар.
Басшы болмай әр кез мұрат табылмай дүр,
Қызмет қылмай хаққа жақын болмайды дүр.
Зар еңіреумен күні-түні көз ілмей дүр,
Зар жыламай хақ дидарын көрмес, достар.
Есте ұстайық Құл Қожа Ахмет әулиені,
Мүридтердің Баба Мәшін ол сұлтаны.
Қолдағай да Ғаси Жүсіп Бидауаны,
Назым еттім бұл хикаяны білгін, достар.
Достарыңызбен бөлісу: |