68 ХИКМЕТ
Бұл сырларды білмеген надан кісі,
Дәруіштердің қадірін қашан білер?
Тіл ұшында үмбетпін деп дау шығарар,
Мұстапаның қадірін қашан білер?
Тариқаттың ләззатынан татқан кісі,
Дүниесін дін жолына сатқан кісі,
Күндіз-түні көзден жасы аққан кісі,
Бұл дүниенің қадірін қашан білер?
Күндіз-түні тағат қылса осы ғашық,
Бұл дүниеде күнәсынан болар қашық.
Дәруіштерді ғайбат қылған ол оңбаған,
Мағрипаттың қадірін қашан білер?
Дүние малын жиып мұратына жеткендер,
Есіл өмірін заяда өткізгендер.
Ең далада қамсыз тірлік кешкендер,
Махаббаттың қадірін қашан білер?
Көп адамдар дау шығарар нәпсі бағып,
Ішіп-жеп хайуандардай түнде жатып.
Ораза тұтпас, зекет бермес, ұйқы бөлмес,
Хақ Тағала қадірін қашан білер?
«Матқи кулли, матқи кулли» айтты расул,
Әй, Құл Ахмет, бұл хадисті қылғыл қабыл,
Сирия халқы қабыл қылмай қалды ғапыл,
Надан халық пір қадірін қашан білер?
69 ХИКМЕТ
Алланың мақамы ғажап мақам дүр,
Ол мақамда ғашықтар серуен қылар.
Көңілге құдіреттің нұры түссе,
Естен танып өзін білмей жалғыз қалар.
Ол мақамның жолдарының сырлары бар
Өз бетінше лағып кетсе жолдан азар.
Азғыруымен шайтан малғұн діні бұзар,
Өз жолына салып оны қайран қылар.
Ол мақамды білдіруге басшы керек,
Тариқаттың басында жақсы керек.
Осы жолда серттен таймас серке керек,
Ондай көсем жұмақта сайран қылар.
Ол мақамға жеткен ғашық шарап ішер,
Мал-мүліктен бас тартып жаннан кешер.
Қос қанатын Хазірет Таба қомдап ұшар,
Ғаршы-күрсі, Лауқ-қалам думан қылар.
Алланы ойлап дүниеден безіп кеткін,
Өлмей тұрып о дүние үшін жасың төккін.
«Уанһар мин ғасамин мусаффани»,
Ұжмағын сүйген құлға тарту қылар.
Ол мақамның Таухит атты дарағы бар,
Саясында ғашық құлдар пырақ ұстар.
Бір бұтақтың мың жылдық өмірі бар,
Әр қайсысы өз орнын мекен қылар.
Ол дарақтың миуасынан татқан құлдар,
Дүние қызығын ақыретке сатқан құлдар.
Көр ішінде көз жұмып жатқан құлдар,
Сахарларда көз жасын дария қылар.
Ықыласыңмен, Құл Қожа Ахмет, белді байла,
Махаббаттың отымен жүрек жалға.
Жағаңды ұстап таң атқанша тынбай жыла,
Мүмкін саған рахым етіп жанан қылар.
Достарыңызбен бөлісу: |