4-тақырып. Сөзжасамдық ұя және ондағы түбірлес сөздердің
мағыналық ерекшелігі
Теориялық тапсырма
Сөзжасамдық ұяға берілген анықтамаларды саралап, зерделеуге, өз пікіріңізді өрбітуге ұмтылыңыз. Сөзжасамдық ұяға енетін сөздердің мағыналық құрылымына назар аударыңыз. Сөзжасамдық ұядағы түбірлес сөздердің арнайы семасы мен өзексемасына, негізгі семасы мен ортақсемасына талдау жасаңыз.
Әдебиет
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, “Рауан”, 1998.
Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 2002.
Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы. - Алматы, 2003.
Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. – Алматы, 2002.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.- Алматы: Ғылым, 1989.
Жаналина Л.К. Сопоставительное словообразование русского и казахского языков. – Алматы, 1998.
Кубрякова Е.С. Язык и знание. М., 2002.
Практикалық тапсырма
1. Мәтін бойынша қарамен жазылған туынды сөздердің сөзжасамдық ұясын құрыңыз. Бір сөзжасамдық ұяда неше туынды сөз болатынын анықтап, оларға семантикалық талдау жасаңыз.
а) Октябрь аяғында көптен күткен қазақтың институты ашылды. Қартқожа соған көшті. Татардың үш бөлмелі мектеп үйі тиген екен. Оқытушылардың көбі Ресейден қашып келген татар екен. Оның оқуы да мәз болмады. Қыстай отын ала алмай, мектеп азынап тұрды. Оқу аспабына тағы жарымады. Шәкірттер қазақ бөліміне талай мұңын шақты, оқу бөліміне де барды. Еш нәрсе шықпады. Губерниялық комитеттің бастығы бренский арыз қыла барған шәкірттерді: “Ну! Киргизуюшик” деп қолын сілтеп қуып шықты. Не сөз екенін қартқожа білген жоқ (Ж.Аймауытов).
ә) Аттар әбден көбігі шығып терледі. Сыпыра қалың қарағайлар таусылып, шоқының бірыңғай шоғыр-шоғыр қорымы басталғанда, аттарды қалдырып, жаяу тарттық. Зузаның бір басын әкем екеуміз, ал екінші басын Қаршыға жалғыз ұстап жүр. Сарқынды сүйегі аса ауыр шал екен, есік пен төрдей жүрсек, екі қарымызды талдырып, шаршатып-ақ тастайды. Әмбесінде қойдай жусаған қыналы тастан-тасқа секіріп, сақтықпен баспасақ, мертіктірер қаупі және бар. Бүгін күн ашық еді. Осынысы көп себеп болды. Ақшоқының басына күн екіндіге таянғанда ғана іліндік. Ақшоқының басына біз ілінгенде, ойдағы ел табанымыздың астында қалды да, сол ойдағы барлық көрініс қызыліңірдің жұқалтаң көлеңкесін құшты (О.Бөкей).
2. Ақ-қара ұғымына қатысты туынды сөздердің сөзжасамдық ұясын құрып, түбірлес сөздердің мағыналық құрылымына талдау жасаңыз. Олардың арнайы семаларының ерешелігін саралау арқылы ортақ семалары мен жіктеуші семалардың деңгейлерін көрсетуге ұмтылыңыз.
3. Абай өлеңіндегі сөз мағынасының дамуына назар аударыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |