2-тақырып. Сөзжасам жүйесінің негізгі ұғымдары
Теориялық тапсырма
Сөзжасам жүйесінің негізгі ұғымдарын анықтау; олардың негізгі ерекшелігі мен белгілерін талдау; сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық қалып, сөзжасам тәсілі, сөзжасамдық тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық жұп пен сатының анықтамасын білу; сөзжасамдық ұяға енетін туынды сөздердің мағыналық құрылымының мәнін саралау.
Әдебиет
Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 2002.
Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы. - Алматы, 2003.
Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. – Алматы, 2002.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.- Алматы: Ғылым, 1989.
Қалиев Ғ. Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру. -Алматы, Ғылым, 1985.
Қасым Б. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер. Уәждеме және аталым. –Алматы, Ғылым, 2001.
Ибатов Ә. Қазақ тілінің туынды сөздер сөздігі. - Алматы. Ғылым, 1988.
Практикалық тапсырма
1. “Біл”, “Бұр”, “Ата”, “Аш”, “Ақ” себепші негіздері арқылы жасалған туынды сөздердің сөзжасамдық ұясын құрыңыз. Сөзжасамдық ұядағы сөзжасамдық тізбектерді, сөзжасамдық жұпты, сөзжасамдық сатыны анықтаңыз.
2. Мәтіндегі туынды сөздерді сөзжасам тәсілдеріне қарай ажыратып жазып, олардың сөзжасамдық сатысы мен сөзжасамдық тізбегін толықтырып жазыңыз.
а) Мен ауылға барған сайын, сол бір беттері күнге тотыққан, тіпті қалай болса солай киіне салатын шаруа баққан жерлестерімді көремін. Қол беріп амандасамын. Баяғыны еске аламыз. Той-томалағы болғандарға құтты болсын, ал өлім-жітімі барларға көңіл айтамын. Қаладан көлеңкеде өскен шөптей сарғыш тартып оралатын мен, өз замандастарымнан әлдеқайда жас кеспіріме қарап, ақ саусақ, қара таяқ пошымымнан ұяламын да. Ұялғаныма көрінсін, кейінгі жылдары әкемнің ескі-құсқы киімдерін киіп алып, “қарапайым” көрінгенсіп те жүрмін. Сонда ауылдастарымның тайға таңба басқандай артықшылығын да сезінуші едім. Олардың өңі қартайғанымен, мінез-құлқы сол қалпында қалғанына қайран қалатынмын (О.Бөкей).
ә) Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар.
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей,
Шу дегенде құлағың тосаңсиды.
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Сөз айттым “Әзірет Әлі”, “айдаһарсыз”
Мұнда жоқ “алтын иек, сары ала қыз”.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ, жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық бір байқарсыз.
Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл жда, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз.
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!
б) Жер жағдайымен күздігүні өз қыстауларына қарай көшкенде, Құлыншақ ауылы Құнанбайдың қасына кепті. Келгенде, былтырғы тобынан жарылып, жалғыз ауыл боп кепті. Абай қайтып келгенде, Құнанбай сол Құлыншақтың Садырбай, Наданбай деген екі баласын Жетісуға жер аударып жіберіп, Мұнсызбайды кепілде болсын деп, Жақып ауылының шетіне қондырыпты. Құлыншақ Манаспенен жалғыз үй қалған. “Баламды ұрдың, інімді масқараладың” деп, малдарын да тізіп алып, айып-анжыны да баса салыпты. Ағайын ес жиярлық мезгіл бермей, ара түсердің бәріне білдірмей, бір-ақ күннің ішінде осыны етіпті де, баяғысынша түк болмағандай, “ақсарбасын”, “көкқасқасын” айтып, ру басшыларын жиып, қонақасысын көпіртіп жүре беріпті...
Келесі күні Абай атқа мінді. Қасына ерткені – жорға Жұмабай мен Мырзахан. Бұл үшеуі Қазбаланы өрлеп, Көтібақ пен Жігітектің қалың ауылдарын аралап отырып, сөл өлкенің орта тұсындағы Бөжей ауылына келді. Бөжей ауылының жоғарғы жағындағы кең бір төскейде сансыз көп үйлер тіккізіп жатыр. Астың күні жақындап қалған. Қарбалас мол. Ер атаулы ат үстінде (М.Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |