Табыс септігі – тек тура толықтауыш қызметінде жұмсалатын септік. Ол сөйлем ішінде әрдайым сабақты етістікпен синтаксистік қатынасқа түсіп, іс-қимылдың тура объектісін көрсетеді. Табыс септігі жасырын түрде де айтылады [77, 457-б.].
Адам өмірінің мәні – әлемді тану болғандықтан, іс-әрекетінің көбі сыртқа, қандай да бір нысанға бағытталады. Адам әрекетінің дені сыртқа, өте аз мөлшері өзіне бағытталады. Себебі адам айналасын өзгертуді мақсат етеді. Бұл қатынас тілде табыс септігі арқылы беріледі: Адамның миын мақтадым, Адамның миын паш еттім, Сеніміңді, Отан, ақтадым, Жер менен көкті дос еттім (М.Мақатаев, Шығ.).
Табыс септік тұлғалы сөз тура толықтауышты білдіріп, нақты затты білдіру үшін қолданылады: Ағып тұрған сөз екен: неше түрлі жалынды, жігерлі, үмітті сөздерді соғып еді кеп, адамның сай-сүйегін сырқыратты. Сөз бұлбұлдың күйіндей денені балқытты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Жеткіз жұртқа бүгінін, өткендерін, Қысын, күзін, жазы мен көктемдерін. Жадында тұтсын ұрпақ, жасырмай айт: Ақтабан шұбырынды өткелдерін, Аруды арам жандар өпкендерін, Боз інген ботасы өлген бой жаза алмай, «Елім-ай» Аруана шөккен жерін (М.Мақатаев, Шығ.).
Табыс септік жалғауларының түсірілмей, ашық келуі заттың, денотаттың белгілілігінен хабардар етеді. Мысалы: Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып, келе жатыр екен (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Табыс септігінің, тура толықтауыштың ашық не жасырын келуі белгілілік/белгісіздік категориясымен тығыз байланысты. Осыған байланысты И.И.Мещанинов былай дейді: «Различное положение прямого объекта отмечается в тюркских языках его грамматической формой. Когда имеется в виду неопределенный предмет, соответствующее ему слово лишается падежного окончания и примыкает к сказуемому, образуя при нем объектную группу. Когда речь идет об определенном предмете, он получает падежную форму и становится в предложении на самостоятельное место. При нем, в этой его позиции, может образовываться атрибутивная группа. Глагол сохраняет одну и ту же грамматическую форму в обеих конструкциях. В них подлежащее ставится в одном и том же падеже. Изменения ограничиваются падежами прямого дополнения, которое, сохраняя свои отношения к сказуемому, меняя грамматическую форму в зависимости от занимаемого положения в строении предложения, ср. в башкирском: һин китапты укыйһың «ты книгу читаешь»[187, 276-б.].
А.Омарова грамматикалық көрсеткіштердің ашық/жасырын келуін тұрақты және ауыспалы деп жіктей келіп, оның табыс септігі мен ілік септік жалғауларына ғана емес, басқа да категорияларға тән екендігін, өзіндік себептерін көрсетеді: «Ауыспалы нөлдік морфема барлық категорияларда бар. Тіліміздегі қосымшалы категориялардың бәрінде де белгілі жағдайда, стилистикалық қажеттілікпен байланысты, ықшамдалу заңдылығының әсерінен т.б. себептермен байланыста қолданыста нөлдік морфемамен де қолданылуы тілде өте жиі кездеседі. Мысалы, Біздің ауылда тұрады. Сіздің жай ескерілмеді деген сияқты қолданыста тәуелділік категориясының 1-жақ көпше түрінде және 2-жақ жекеше сыпайы түрінде нөлдік морфема қолданылған. Қосымшалы тұлғада олар біздің аулымыз, сіздің жайыңыз түрінде болар еді формаларының біреуі ғана тұрақты да, қалған екеуі – ауыспалы нөлдік морфемалы септіктер. Атап айтқанда, атау септіктің нөлдік морфемасы тұрақты, ал ілік пен табыс септіктің нөлдік морфемасы ауыспалы. Демек, атау септік – тұрақты нөлдік морфемалы, тұрақты нөлдік тұлғалы септік. Ал ілік, табыс септіктері – ауыспалы нөлдік морфемалы, ауыспалы нөлдік тұлғалы септіктер» [178, 89-б.].
Табыс септік тұлғасындағы сөздер сілтеу есімдіктерімен тіркескен кезде түсірілмей, ашық келетіні байқалады. Мысалы: Өз үйіне түгел естірген соң, бұ хабарды ішіне сыйғыза алмай, «Бозінген» бошалаған түйеше тайраңдай басып екі қолын алды-артына құлаштай сермеп Бірқұлақтікіне қарай жөнелді. (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Торғайдың жауын мен өлтірдім, менің жауымды да біреу өлтіреді екен деп, бұл оқиғаны өзінше жақсылыққа жорыды. (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Табыс септік тұлғалы сөз сілтеу есімдіктерімен тіркескен кезде олардың нақтылау мәні күшейе түседі әрі табыс септік қосымшасы түсірілмейді. Мысалы: Ана Ыбырайларды қарашы, көріп тұрып, әдейі келмей тұрғанын, “ерегіскенде суармай қояйын ба!” дейді Қартқожа. Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). О жеңгесін Бекболат пен Ақберген дәйім мазақ қып, ашуландыра беруші еді. (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Сонымен қатар табыс септік тұлғалы сөз тәуелдік формасында қолданылған жағдайда табыс септік жалғауы түсірілмейді. Мысалы: Аттарыңды ұстап алыңдар! – деген айқай шықты. Жүген іздесіп атқа жүгірісті. Жігіттер атын ұстап әкеп ұстап арқасын сипап, жалағына түкіріп, кейбірі нешеден екені белгісіз, құйрығын көтеріп көріп жүр. Аттың құйрығын көтеріп көру де сондай бөстекті жұмыстың бірі ме, көптеп ескермеген аты бас-аяғын түгендеп, амандығын білгенге разы болсын дегені ме, кім білсін? (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Уақытының көбін ол аушылыққа жұмсайтын (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Тура толықтауыш қызметіндегі сөз жалқы есім болған жағдайда да табыс септік қосымшасы түсірілмейді. Мысалы: Анау екі жас бала бұралқы күшіктей, сенделіп, кірлеп, биттеп-құрттап, жүдеу басқа айналып бара жатқанын көргенде Ақбілекті тіпті керексіді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ы.Мамановтың лингвистикалық тұжырымдарына талдау жасай отырып, Н.Уәлиев: «Ер намысы //ердің намысы, кітап берді // кітапты берді тәрізді қолданыстарда ілік, табыс септік қосымшаларын түсіріп те, түсірмей де айтуға болады. Ал Менің кітабымды бер деген құрылымда ілік, табыс септігін түсіріп айтуға болмайтыны белгілі. Алайда аталмыш септіктердің ашық, жасырын келу ерекшеліктерінің себебі, сыр-сипаты ашылмай жататын. Ы.Е.Маманов бұл феноменді оқыған дәрістерінде қазақ грамматикасындағы белгілілік/белгісіздік ұғымымен байланысты қарау қажет деген концепция ұсынады. Ілік, жатыс септіктерінің түсірілмей айтылуы, ғалымның пайымдауынша, белгілілік, ал түсіріліп айтылуы белгісіздік ұғымның (категорияның) көрсеткіші болады. Кітапты беріңіз дегендегі табыс септік қосымшасының арнайы қолданылуы белгілі бір объектінің сөз субъектілеріне (адресант пен адресатқа) таныс, мәлім болуымен байланысты түсіндіріледі. Ал ілік, табыс септік қосымшаларының арнайы қолданылмауы нәрсенің, құбылыстың сөз субъектілеріне белгісіз, нақты емес болуымен байланысты ұғынылады. Мысалы, маған газет ала кел дегенде әңгіме әйтеуір бір газет жайында: «Егемен Қазақстан» ба, «Жас Алаш» па, сөз субъектілері үшін бәрібір. Ал маған «Қазақ әдебиеті» газетін әкеліп бер десек, табыс септігінің «жасырын» болмауы, түсіріп айтуға болмайтыны объектінің сөз субъектілеріне мәлім, нақты болуымен байланысты», – дейді [76, 14-б.].
Табыс септік тұлғасындағы сөзден бұрын нақтылау мәніндегі сөздер келген жағдайда да қосымшаның түсіп қалмай, ашық келетіні байқалады. Мысалы: Тіс қақпаған бала қойшыны ана қойшылар «қолды аяқты бала» көріп, оған-бұған жұмсай беруші еді. Қойтеке де жасынан көп жұмсалған, кежір бала ғой. Әйтсе де, тіл алмаса, үлкен қойшылар тоқымаш сыйлап қоятынын білген соң, жазған Қойтеке тепеңдеп түйеге тартты(Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ақбілек қай үйге барарын білмей, дағдарып келе жатыр еді, дуана: — Анау үйге барайық! – деп адырдың бауырындағы үлкен қораны нұсқады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Тура толықтауышты керек етіп тұрған сабақты етістік өзгелік етіс тұлғасында қолданылған жағдайда да табыс септік тұлғасы ашық келеді. Мысалы: Арбасының ойбайы, жырық қараның айқайы сары даланы азандатып, шықыр-шықыр етіп, кіре тартып келе жатқан керуендей көресің (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
С.Исаев «Табыс септігінің білдіретін грамматикалық мағынасы – қимыл, іс-әрекеттің тура бағытын білдіріп, тура объектісі болу» екенін айта келіп: «Сондықтан да табыс септігіндегі сөз сабақты етістікке (мейлі ол жалаң, мейлі күрделі етістік болсын) меңгеріліп отырады да, толықтауыштық қатынаста ашық та, жасырын тұрып (түсіп қалып) та жұмсалады. Өзі тіркесіп тұрған етістіктің алдында жалпы абстракты мағынада келгенде, табыс септік кейде түсіп қалады: кітап оқыдым (яғни әйтеуір бір кітап оқыдым), жеміс сатып алдым (жалпы жеміс сатып алу), маған ойыншық әперді (әйтеуір бір ойыншық әперді) т.б. Ал табыс септіктегі сөз айқындылық, белгілілік мәнде айтылса, оған ой екпіні түссе, оның өзін айқындап, саралап тұратын анықтаушысы болса немесе табыс септіктегі сөз бен оны меңгеріп тұрған етістік арасына басқа бір сөз түссе, табыс септік жалғауы түспей қолданылады: кітапты мен оқыдым немесе кешегі кітап-ты түгел оқыдым, бұл жемісті сатып алдым немесе жеміс-ті кеше сатып алдым, маған осы ойыншықты әперді т.б. Бұндай қолданыстарда табыс септік жалғауын түсіріп айтуға болмайды», – дейді [34, 89-б.]. Яғни ғалым табыс септігінің ашық/жасырын келуін белгілілік/белгісіздік категориясымен байланыстыратынын байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |