Барыс септік: S O
Барыс септігі адамның психологиясымен байланысты болады. Барыс септік тұлғасындағы сөз нысанға алынған, бағытталған затты, іс-әрекеттің бағытын білдіреді: Жазы-қысы төртті-бесті қарасын өзі айналдырып, қаласына да өзі шығады, қорасының жыртық-тесігін өзі бүтіндейді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Өзіңе өзің оңаша сыр ақтарып, Отырасың бір дөңге жырақ барып. Жан-жағыңа қарайсың, жаратылыс Бәз-баяғы міндетін тұр атқарып (М.Мақатаев, Шығ.). Көптен күткен жеңешемдей, ауыз үйдегі алтын сырғалы, ақ құба, бидай өңді кербез жеңгей: «Балалар жоғары шығыңдар!» – деп, майысып, төргі үйге қарай сілтейді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Жеті тиын айтып, кешегі жеріне қайта барды. Ол – губерниялық атқару комитеті еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Алдында жұмысшы факультеттің бір молдасына жолығып, ол губерниялық комитетке арыз жазып беріп еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
«Қазақ грамматикасында» барыс септік тұлғалы сөздің негізінен істің, қимылдың кімге, неменеге, қай жаққа бағытталғандығын білдіретіні туралы айтылған: «Бағыт-бағдарды білдіру – оның ең негізгі мағынасы. Ал қалған мағыналары оның негізгі мағынасының әртүрлі көрінісі есепті. Әлбетте, септік жалғаулы сөздің белгілі бір грамматикалық мағынаны аңғартуы – оны өзіне тәуелді етіп, бағындырып тұрған сөздің лексикалық-грамматикалық мәніне де белгілі дәрежеде қатысты болады» [77, 456-б.].
Сонымен қатар барыс септік тұлғасындағы сөз адамның мақсатын білдіреді: Ақтаруға жер қойнын Арнап соққан кетпен бар. Кетпен алып қолына Мұратына жеткен бар (Дулат Бабатайұлы, Замана.). Ақ бауырсақ бұрынырақта көбінесе арнаулы сый қонақтарға, дәрежелі адамдарға арнап пісірілген (С.Қасиманов, Қаз. тағам.). Бойындағы әдеп пенен тәрбие, Абай достығына арналған адал жар жүрегі және өзінің әнді сондай сүйетіндігі – бұған ешбір ақталу сөз айтуға рұқсат бермегендей еді (М.Әуезов, Шығ.).
Заттың қойылатын орны, жерін білдіретін зат есім барыс септік тұлғасында қолданылады: Жаман атқа мың қамшы, Жақсы атқа бір қамшы (Мақал). Ақ домбыра қолға алып, Ұшатын құстай қомданар. Ерегіскен ер болса, Екі талай жер болса. Аянбай шауып жолды алар (О.Шораяқов, Шайыр.).
Бір нәрсенің пайда болған орнын, орналасқан жерін білдіреді: Жүйесі босап көзіне жас келді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Қартқожа селк етіп, оянғандай болды, қағазын қолына ала артына ере кірді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Заттың құнын, бәсін білдіретін сөз барыс септік тұлғасында келеді: Кеше әкесі базарда жақсы қарагер атты екі жүз сомға сатып алды.
Заттың, нәрсенің мөлшерін білдіреді: Сен жиырмаға жеткенде, Ақсұңқар құстай түледің, Алыстан тоят тіледің, Қылышыңды тасқа біледің (Бұқар жырау).
Заттың не адамның соңғы межесін, келген жерін білдіреді: Нәзипа «қара тазға бармаймын» деп, біраз қылжақтап та көрген. Бірақ ақ бата, азулы әке, ақтарылған мал – барлығы Нәзипаның аяғын тұсап, басын байлап, Шалматайға әкеп қатын қылған (І.Жансүгіров, Жолдастар). Елдің шетін көреміз деп ентелей түсіп келе жатқанда, жолаушылар Арқаның алай-түлей ақ боранына кездесіп еді (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке).
Істің, нәтиженің себебін, салдарын білдіреді: Жарылып жырым-жырым сүйем қалған, Басылып сойқан соғыс зәрені алған, Шаң басқан ақ кіреуке, көк дулыға, Тебінгі терге шіріп, қанға малған (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Тәуба қыл, хаталыққа ғапу өтін, Аңдаусыз ашулансаң сөйлеп ақтас. Жеңеше, тату болып төсекке кір, Білгенге біраз сөзім болар жақтас, Жатып тұр ренжусіз төсегіңе, Дұшпанның күлкі болма өсегіне (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
Кейін пайда болған, кейінірек қабылдаған сапаны білдіреді: Аттар пысқырынып бүгелектеп, ақ көбікке малынып келеді (І.Жансүгіров, Шығ.). Рүстем қаһарына мінді қатты, Қамшылап астындағы ақ бөрте атты (I.Жансүгіров, Шығ.).
С.Исаев «барыс септігінің басты грамматикалық мағынасы – жанама объекті мен қимыл, іс-әрекеттің кімге, неге, қайда бағытталғанын көрсету, атап айтқанда, қимылдың, іс-әрекеттің барып тірелер жерін, аяқталар шегін (қалаға кетті, үйге келді), кімге, неге бағытталғанын (кісіге берді, қонаққа ұсынды), қимылдың мақсатын, не үшін істелгенін (көруге кетті, оқуға келді), қимылдың мөлшерін, мезгілдің шегін (екі метрге созылды, жазға жетті), сынның неге қатысын (малға бай, сөзге сараң) т.б. сияқты мәндерді білдіру» екенін ескертеді. Ғалым барыс септікті сөз дейін, шейін, қарай, таман, тарта сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп, санды, мезгілдік, мекендік шекті білдіретінін айтады: ауылға дейін еріп барды, бірінші қарға дейін күзеуде отырды, үркер ауып барады айға таман..., ол ауылға қарай жөнелді [34, 88-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |