«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж


Дәріс-5: Жеміс өсімдіктерінің көбеюінің биологиялық негіздері



бет18/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   49
4 дәріс

Дәріс-5: Жеміс өсімдіктерінің көбеюінің биологиялық негіздері.

1. Өсінді жолымен көбейту тәсілдері.

2. Көгенсабақпен көбейту.

3. Қалемшемен көбейту.

4. Телумен көбейту.

Жеміс және жидек өсімдіктері жыныстық және өсінді жолымен көбейеді. Жыныстық жолмен тұқымынан көбейтіп алған жеміс өсімдіктері (сеппе көшет), тегі (генетикасы) жағынан бір текті болмайды және әдетте, аналық өсімдіктің белгілерін толық сақтамайды. Осыған байланысты жыныстық көбеюді жаңа сұрыптар шығару үшін селекциялық мақсатта және телітушіні өсіру үшін өндірістік жағдайда қолданады.

Өсінді жолымен көбею, яғни өсімдік бөлігімен көбейту, әдетте, ұрпақта тектік өзгерістер туындатпайды, себебі жаңа өсімідк қалыптастыруға, бөліну барысында аналық өсімдіктің белгілерін сақтайтын, тек өсінді жасушалар қатысады. Өсінді жолымен көбею өсінді жолымен көбейетін телітушілерді, өз тамырлы және телінген өсімдіктерді, сондай-ақ жидектілердің барлығын өсіргенде кеңінен қолданылады.

Өсінді жолымен көбеюдің негізінде өсімдіктің ұрпақ беруге (генерацияға) табиғи қабілеті, яғни жекелеген бөліктерден толық өсімдік дамитындығы жатыр. Бұл тәсілде бір өсімдіктен, оны қаншалықты бөлшектеуге болатын болса, соншалықты жаңа өсімдік алу мүмкіндігінің болуында. Өсімдікті өсінді жолымен көбейтудің кемістігі – вирустық аурулардың таралу мүмкіндігі және тамыр жүйесінің әлсіз дамуы. Дерлік барлық сұрыптар өсінді тәсілімен көбейтіледі: көгенсабақпен немесе сұлатпасабақпен, атпабұтақтармен, телумен және бұтаны бөлумен.

Өсінді жолымен көбейту тәсілдері

Жеміс және жидек өсімдіктерінің өсінді жолымен көбеюінің көптеген түрлері мен тәсілдері екі топқа бөлінеді: табиғи және жасанды Тамыр атпаларымен таңқурайды көбейтеді. Тамыр атпалары аналық өсімдіктердің көлбеулі тамырларынан қосалқы тамырлар өсіп шығуының нәтижесінде пайда болады. Өсіндеудің соңында мұндай өркендердің төменгі жағынан тамыр пайда болады, атпаларды аналық өсімдіктен бөліп алып жаңа плантация жасауға пайдаланады. Тамыр өркендерімен шиенің, алхорының кейбір түрлері көбейтіледі. Фундукта және қара жемісті шетенде өркендері сабақтан тарайды.

Жидекті өсімдіктерді бұтасын бөлумен көбейтеді. Бұтасын бөліп көбейтуді плантацияны жаңа жерге көшіргенде қарақат пен қарлығаға қолданады. Мұндайда қазып алынған бұтаны бөлгенде, әр қайсысында тамырлары мен бұтақтары болуын ескерген жөн. Бөлуді өткір балтамен немесе бақ қайшысымен (секатормен) жүргізеді.

Көбейтудің жасанды тәсілі көгенсабақтарымен (сұлатпаларымен), қалемшелерімен, телумен және меристеманың жасушаларымен (микроклональды көбейту немесе ұлпамен өсіру) көбейтуге бөлінеді.

Көгенсабақпен көбейту

Көгенсабақ (сабақтама) – тамырлану кезінде аналық өсімдіктен бөлінбеген (ажыратылмаған), топырақ үстілік сабақтың бүршіктері бар бір бөлігі. Тамырлануға арналған сабақтарды топыраққа түйрейді де, кейін үстіне топырақ үйеді. Тамырланған сабақтарды аналық өсімдіктерден бөліп алады, тамырлары бар бөліктерге бөледі және плантацияға отырғызады немесе көшетжайда 1-2 жылдай өсіріп, қалыптастырады. Сабақтамалардың тамырлануы үшін тұрақты жоғары ылғалдылық, қоңыржай температура және қоректік заттарға бай топырақ қажет. Көгенсабақпен алманың және алмұрттың, жидек дақылдарының, кейде жүзімнің және басқа да дақылдардың клондық телітушілерін өсіреді.

Көгенсабақпен тік, көкжиектеп, доғалап, ауалап көбейтуді ажыратады.

Тік көгенсабақтау тәсілінде аналық өсімдіктерді көктемде, биіктігі 3-5 см түбірін қалдырып кеседі. Сол түбірден өскен өркендерді бірінші рет 8-10 см биіктігіне дейін түптейді (топырақ үйеді). 15-20 күн өткеннен кейін түптеуді қайталап, топырақты өркеннің жартысына дейін жеткізеді, үшінші ретте – 25-30 см дейін.

Көкжиекті көгенсабақтауда 1-5 жылдық қуатты бұтақтарды ерте көктемде, бүршік ашылғанша, өсімдіктің өсу қатарын бойлап қазылған, тереңдігі 3-8 см қарыққа сұлата орналастырады. Түптеуді және басқа да кейін жүргізілетін жұмыстарды тік көгенсабақтау тәсіліндей жүргізеді. Көгенсабақтауды жүргізген 1-2 жылдың күзінде аналық түптерді қазып алады және шекілдеуік тұқымдастардың қуатты өсімдіктерін телітуші ретінде пайдаланады, ал жидекті дақылдардың көгенсабақтарын баққа отырғазады.

Доғаланған көгенсабақтарды тамырлануы қиын жүретін тұқымдықтарды (орман жаңғағы) көбейтуде қолданады. Аналық өсімдіктерді доғалдандырып иіп, топыраққа түйрейді, үстіне топырақ үйеді, ұшын тіктейді. Өсінді кезеңнің соңына қарай иілген жерінде тамыр пайда болады. Аналық өсімдіктерден мықты бір көгенсабақ алады.

Ауалық көгенсабақтарды отырғызылатын материалдарды алу қиынға соққандықтан және саны да аз болғандықтан көшетжайларда қолданылмайды. Көгенсабақ алу үшін бұтақтың қабығын сыммен қысып байлайды немесе қабықты, ені 1,0-1,5 см сақинаға тіледі, жарғақтан (пленкадан) жең кигізіп, оның төменгі жағын жіппен тартып байлап, су құяды, жоғарғы ауызын жіппен орайды. Тамыр пайда болғаннан кейін бұтақты кесіп алады және тұрақты орнына немесе көшетжайға отырғазады.

Қалемшемен көбейту

Қалемше – аналық өсімдіктен бөлініп алынған, сабақтың немесе тамырдың бөлігі. Қалемшемен көбейту, қалемшенің төменгі жағында тамыры, жоғары ұшында сабақ қалыптастыруы жүретін жанданғыштыққа (регенерациялыққа) және қарама-қарсылыққа (полярлылыққа) негізделген. Жеміс шаруашылығында сабақтық және тамырлық қалемшемен көбейту көбірек қолданылады. Аналық өсімдіктердің бір жылдық қуатты өркендерінен алынған қалемшелер жақсы және тезірек жанданады. Қалемшелердің ұзындығы 18-20 см. Өркендердің ағаштануы деңгейіне қарай қалемшелер ағаштанған, ағаштанбаған (жасыл, жапырақты, шөптесін) және тамырлық болып бөлінеді.

Ағаштанған қалемшелермен қарақатты, қарлығаны, клонды телітушілерді, бежені, анарды, інжірді, шырғанақты, зәйтүнді және т.б. көбейтеді. Қалемшелерді күзде, жапырақтар түскеннен кейін дайындайды. Тамыр жатынының пайда болуын жеделдету үшін, өсуге ықпал жасайтын дәрмектермен өңдейді (1 л суға ерітілген 20-200 мг гетероауксин ерітіндісіне қалемшенің 2,5 см негізін 12-24 сағатқа батырып қояды), сосын топыраққа отырғызылғанша (көктемге дейін), жертөледе немесе үйме қар астында, дымқыл құмда, ағаш үгіндісінде 0-4оС ұстайды.

Көктемде қалемшелерді топыраққа, топырақ бетінде бір-екі бүршігі қалатындай етіп, отырғызады. Ылғалы мол ауыр топырақтарда, тамыр жайылу аймағында жылу және ауа режимін жақсарту үшін, қалемшелерді 45о жуық көлбеулей отырғызады. Қалемшелердің қоректену алаңы 70х10-15 см. Күзде қалемшелерді қазып алады. Тамырлану деңгейіне қарай сұрыптайды және қажетіне жаратады.

Ағаштанбаған (қатаймаған) қалемшелермен – ағымдағы жылғы қарқынды өскен өркендердің бөліктермен – қарақатты, қарлығаны, қара жемісті шетенді, шиені, алхорыны, дусенді, парадизканы, шабдалыны, алшаны, бежені көбейтеді.

Біреулерінде (шие, алхоры, шабдалы) қалемшелерді дайындаудың ең қолайлы мерзімдері өркендерінің қарқынды өсу кезеңіне (маусым) тұстас келеді; келесілерінде (беже, алманың өсінді тәсілімен көбейтілген телітушілері, еуропалық топтың қарлығасы) жасыл қалемшелердің оңтайлы пісіп жетілуі өркендердің қарқанды өсуінің соңында басталады; үшіншілерінде (қарақат) қалемшелерін бүкіл өсінді кезеңінде дайындауға болады. Жасыл қалемшелер ағаштанбағандарға қарағанда жақсы тамырланатындықтан, оларды көшетжайда жиі қолданады.

Қалемшелерді 2-3 буынымен, ұзындығын 8-10 см етіп дайындайды. Төменгі буынның жапырақтарын толығымен жұлады да, үстіңгілерінің – жапырақ тақталарының жартысын ғана. Қалемшелерді тамырландыру үшін қоректік заттарды беруді, төсем (субстрат) мен ауаның ылғалдылығын, сондай-ақ, оның температурасын (18-24оС) автоматпен реттейтін жылыжайларға отырғызады. Субстрат ретінде пайдаланады: құм + шымтезек, қиыршықтас + құм, шымтезек + құм + вермикулит немесе перлит. Ауаның ылғалдылығы өте жоғары (80-100%). Дұрысы өсімдіктердің үстінен, арнаулы құрылғылармен, тұмандату. Тұманда тамырланғаннан кейін өсімдіктер шынығудан өтіп, нәтижесінде біршама құрғақ ауаға және қарқынды жарықтануға бейімделеді.

Басқа бір тәсілде дайындалған қалемшелер бумаға байланылады да, 12-24 сағатқа гетероауксин (1 л суға 0,05-0,1 г) ерітіндісіне салынады. Оларды, қалыңдығы 15-20 см шымтезекке үстінен құм қоспасымен 3-4 см қалыңдықпен жабындалған, булыжайларда немесе шымды-қарашірінділі топырақты жүйелерде, жарғақ астында тамырландырады. Қалемшелерді қатарлап (қатараралықтары 5-7 см және қатардағы өсімдіктердің арасы 4-5 см), 1,5-2 см тереңдікке отырғызады. Жақсы тамырлануы үшін қалемшелерді жүйелі суарады. Температура 30-35оС жеткенде булыжайды желдетеді. Тамырланғаннан кейін қалемшелерді желдетуді күшейте түседі, кейін жарғақты жинап алады.

Тамырланған қалемшелерді өсіріп жетілдіру үшін күзде немесе көктемде көшетжайларға көшіріп отырғызады.

Тамырлық қалемшелермен жиірек таңқурайды, шиені, алхорыны, алшаны, алманың, алмұрттың өсінді телітушілерін көбейтеді. Бұл тәсіл тамырдың ұрпақ бергіштігінің жоғары қабілеттілігіне және қосалқы тамырларының жоғарғы бөлігінде өркен қалыптастыра алатындығына негізделінген. Тамырлық қалемшелердің ұзындығы – 15-50 см, диаметрі – 4-6 мм. Көбейту техникасы (тәсілі) ағаштанған қалемшелердікіне ұқсас. Бірақ тамыр қалемшелерін дайындаудың қиыншылығына байланысты бұл тәсіл көшетжайда сирек қолданылады.

Телумен көбейту

Өсімдіктерді телу, трансплантациялау – бір өсімдіктің бұтақшасын (қалемшесін) немесе бүршігін (көзшесін) екінші біреуіне апару (тасымалдау). Телу жүргізілетін өсімдікті телітуші өсімдік, ал телінетіндері – телінуші өсімдік деп атайды. Телу кезінде телітушінің камбийі мен телінушінің камбийі тығыз жанастырылады да, олар кейін толық жымдасады. Нәтижесінде бірқалыпты қызмет атқаратын өсімдік ағзасы пайда болады. Жеміс шаруашылығында телу (ұластыру) – жемістік дақылдарды өсінді жолымен көбейтудің маңызды тәсілдерінің бірі. Осыдан басқа, телуді телінетін көп жылдық өсімдіктердің сұрыптық ерекшеліктерін нығайтуға және сақтауға; белгілі бір топырақ-климат жағдайына тамыры бейімделмеген (аязға шалынғыш, мол ылғалға шыдамайды) телітушіні алмастыруға; телітушіні құндылау, аязға – қысқа төзімділеу, ауруларға, зиянкестерге төзімдіректерімен алмастырғанда; бойлап өсетін немесе бойлап өспейтін өсімдіктер қалыптастырғанда; өсуді не күшейткенде немесе баяулатқанда және өсімдіктің өміршеңдігін ұзартқанда; гүлдеудің және жеміс байлаудың басталуын жеделдеткенде; қабығы жарақаттанған өсімдікті емдегенде; әсемдік және көлбеу өсетін бөрікбас қалыптастырғанда қолданады.

Телудің алуан түрлі жүздеген тәсілі болғанымен, өндірісте тек 10-15 қолданады. Бір жіктеме бойынша телудің барлық түрлерін негізгі екі топқа бөледі: көзсабақтау – бүршігімен (көзшесімен) телу және қиыстыру – бірнеше бүршігі бар қалемшемен, кейде бұтағымен телу. Жеміс шаруашлығында кең қолданылатын басқа бір жіктеу бойынша былай бөледі: көзсабақтау, қалемшемен телу, сыбызғы тәріздендіріп (бүршігі бар қабығымен), жанастырумен (аблактировка – бұтақтарды өсіп тұрған ағаштарынан кесіп алмай, тұрған жерлерінде бір-бірімен байланыстырып, ұластыру немесе телу әдісі), өне бастаған тұқымды телітушінің қабығының ішіне орналастыру әдістерін.

Қысқы, көктемгі және жазғы телуді ажыратады. Қысқы телуді өсіндінің тыныштық кезеңінде, әдетте, қыстың екінші жартысында, үй-жайда жүргізеді. Көктемгі телуді климат жағдайына байланысты наурыздан маусымға дейін жүргізеді, жазғыны – маусымнан қыркүйекке дейін. Телітушінің қабығының астына телуді, оның ішінде көзшелеуді, қабықтың жеңіл сыдырылуын қамтамасыздандыратын камбийдің белсенді іс-әрекеті кезінде жүргізеді, ал басқа тәсілдер сәл ертерек мерзімде қолданылады.

Көзшелеу – жеміс дақылдарын тұқымбақта көбейтудің кең қолданылатын тәсілі. Көзшелеуде телудің басқа тәсілдерімен салыстырғанда еңбек өнімділігі, тіршілікке бейімделуі жоғарырақ, орындалуы оңайырақ (қарапайымдау), қалемше азырақ жұмсалады, телінушінің берік бітісуін және оның жақсы өсуін қамтамасыз етеді, телу кезіндегі жарақаттары тезірек жазылады. Телітушіге көзшелеуді оның тіршілігінің бірінші жылы көктемде, жазда және жаздың аяғында –күздің басында жүргізеді. Көктемде көзшелеуге өткен жылғы қалемшелер қолданылады. Телінген бүршіктер 15-20 тәуліктен соң өне бастайды. Міне, сондықтан, оны «өне бастаған бүршікпен» көзшелеу деп атайды. Мұны өсінді кезеңі ұзақ оңтүстікте, әсіресе тез өсетін сүйекті тұқымдықтарда, қолданады. Жазғы көзшелеуге бүршіктері келесі көктемге дейін тыныштықта («бұйыққан бүршікпен» көзшелеу) болатын ағымдағы жылдың қалемшесін қолданады. Бұл Қазақстанның кез келген ауданындағы жеміс шаруашылығында қолданылатын негізгі тәсіл.

Қалемшелері ерте жетілетін тұқымдықтар мен сұрыптарда көзшелеуді бірінші жүргізеді. Аса жас және әлсіз дамыған телітушілерді, ересек және мықты өсімдіктерден кешірек телімдейді. Көзшелеуді, суық түскенше солтүстік аймақта 5-тамызға, оңтүстікте 15-қыркүйекке дейін аяқтау керек.

Телітушіні көзшелеуге дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың ішінде бастысы болып – қабықтың жақсы сыдырылуын қамтамасыздандыратын және көзшелеудің табысты өтуіне ықпал ететін, телітушілердегі камбийалды белсенділігінің жоғарылығы. Бұған топырақта ылғалды мол жинаумен, құрғақ кезде суландырумен, аурулар мен зиянкестерді жоюмен қол жеткізіледі, себебі жарақаттанған өсімдіктердің қабығы нашар сыдырылады. Нәзік және созылмалы қабық болуы үшін түптелген телітушілердің топырағын көзшелеуден бір күн бұрын немесе көзшелеу күні аршиды. Сонымен бірге көзшелеуге кедергі келтіретін сүңгектің төменгі жағындағы бұтақтарды аластайды. Түптеу жүргізілмеген телітушілерде бұл бұтақтар көзшелеуден 2-3 апта бұрын аластатылады. Қатты ластанған сүңгектерді көзшелеу алдында таза сумен жақсылап жуады немесе дымқыл шүберекпен мұқият сүртеді. Көзшеленетін қалемшелерді жеміс берген ағаштың бөрікбасының жақсы жарықтанған жерінен және шетжағынан дайындайды. Қалемшелері жақсы жетілген, ұзындығы 30-40 см, жуандығы 6 мм кем емес, бүршіктері жақсы қалыптасқан болғаны жөн. Қалемшелерді дайындауды көзшелеудің қарсаңында немесе көзшелеу күні (таңертең немесе кешке қарай) жүргізеді. Жетілген өркендерде, қалқанды қыстыруға қолайлы болу үшін жапырақ сабағының 6-10 мм қалдырып, жапырақ тақталарын, бөбешік жапырақтарын және әлсіз дамыған бүршіктің жетілмеген ұштарын тез аластайды. Көзшелеуге қалемшенің орта тұсында орналасқан, жақсы дамып жетілген бүршіктерді пайдаланады. Көзшелеуге дейін қалемшелерге құлақшақағаз тағып, бумаға байлап дымқыл мүкте, шөпте, ағаш үгіндісінде, көлеңкеде немесе салқын жерде ұстайды. Тургоры жоғалған (құрғаған) немесе бүршігі өсе бастаған қалемшелер көзшелеуге жарамсыз.

Көзшелеу үдерісі бірнеше операциядан: қабық қалқанын бүршігімен тіліп алудан, телітушінің қабығын «Т» тәріздендіріп түрінде тілуден, қалқанды тілікке қыстырудан және көзшелеу орнын орап байлаудан тұрады. Қалқанның маңызды бөлігі, өсімдіктің телінген бөлігінің қалыптасуын қамтамасыз ететін – бүршік. Бірақ қалқансыз бүршік телітушіге көндікпейді, себебі телітушімен бітісуін қамтамасыз ететін камбий қалқанда орналасады. Қалқанның оңтайлы шамасы (ұзындығы, мм): шекілдеуікті дақылдар үшін 22-25, сүйектілерде – 30-35, ұшының ені 2-4, бүршік астында – 3-5. Жуанқабықтыларда (інжір, грек жаңғағы, пекан және т.б.) көзшелеуді қалқанмен емес сыбызғылап (бүршігі бар қабықтың сақинасымен) биіктігі 20-40 мм-де жүргізеді. Қалқанды сүректің жұқа қабатымен және қабатсыз тіліп алуға болады.

Қалқанның сүрексіздері, сүректілермен салыстырғанда, әсіресе сүйектілерде, жаңғақ тәрізділерде, бітісуі жоғары болады, бірақ ондай (сүрексіз) қалқанды алу қиын. Сүрексіз қалқанға қарағанда, сүрегі бар қалқанмен көзшелеу ыңғайлы және өнімдірек.

Сүректі қалқан алу үшін қалемшені, ұшын алға қаратып сол қолдың алақанына салады да, үш саусақпен қысып ұстайды. Үлкен және ортаңғы саусақтар қалемшенің қырында (бүйірінде) ұсталады, ал сұқ саусақты қиылып алынатын бүршіктің астына тосады (тірейді). Оң қолдың төрт саусағымен ұсталынған көзсабақтағыш пышақты жүзінің ұшымен бүршіктен 12-15 мм қашықтықта ұстайды, ал бас бармақ қалемшені үстінен басады. Пышақты баса ұстап, қабықты тіледі және тіліктен пышақты шығармай, оны тік жағдайынан көлбеулетіп қабықтың сүрегімен оңға қарай жылжыта отырып кеседі. Бүршікке жақындағанда пышақты сәл тереңдетеді, бүршіктің түтікті-талшықты шоғын кескеннен кейін, пышақ жүзін сәл көтереді. Содан кейін оң қолдың бас бармағымен қалқанды пышақ жүзіне қысады және қолды оңға бұрып қалқанды кесіп алады. Кесілген қалқанды сол қолдың бас және сұқ сасағымен жапырақ сағағының негізінен және қалқанның бүйірінен ұстап, телітушінің қабығының астына орналастырады. «Пышақтан» көзшелегенде де қалемшені осылай алады, тек төменгі ұшын алға ұстайды. Пышақты қалемшеге тік емес, көлбеу ұстайды. Қалемшені сол қолға ауыстырмай, оны пышақтан телітушінің қабығының тілігіне орналастырады. Сүрексіз көзшелегенде қалқанды әдеттегідей тіліп алады, тек сүрегін қалыңдау етіп тіледі. Содан кейін қалқанды, түтікті-өткізгіш шоқтарын мұқият сақтай отырып, саусақпен сүрегінен жұлқып жоғары қарай сыдырып алады. Қалемшелден алынған қалқанды телітушінің қабығының астына отырғызардан бұрын көзшелеудің орнын анықтайды. Әдетте көзшені телітушіде, топырақ үстінен 5-7 см биіктікте, тамыр мойнына жақын орналастырады. Бұл жерде қабық тегіс, серпімді, шырынды болады, оңай сыдырылады және өркендер азырақ пайда болады. Жауын-шашыны мол, қатты және тұрақты желді аудандарда, ауыр және қатты топырақтарда биіктеу көзшелеуді қолданады. Ыстық күндері қалқандар мен қабықтың тіліктері құрғайтындықтан, көзшелеуді ертеңгі және кешкі мезгілдерде, сондай-ақ бұлтты, бірақ құрғақ және салқын күндері жүргізеді. жаңбырлы күндері көзшелемейді, себебі жарақатқа тиген су көзшелердің көндігуін күрт төмендетеді.

Телітушідегі көзшелеудің орнын таңдағаннан кейін, қалқанды бүршігімен отырғызу үшін, қабықта Т тәрізді тілік тіледі. Алдымен телтушінің діңінің 1/3 бөлігіндей етіп көлденең тіледі, кейін қалқанның ұзындығынан 0,5 см қысқарақ, көлденең қиықпен қосылғанша, тілік тіледі. Тілікке бүршігі бар қалқанды орналастырады. Қабық нашар сыдырылатын болса, оны пышақтың сүйекшесімен ашады. Көзшесі бар қалқан құрғамас және телітушіге тығыз жанасуы үшін, телімді жедел байлайды (жөкемен, полихлорвинилді жарғақпен, зығырдың, кенептің және қарақурайдың талшығымен). Бұл жұмысты көзшелеумен жұптасып жұмыс атқаратын байлаушы орындайды.

Қалқандардың құрғауына жол бермеу үшін байлаушы көзшелеушіден 5-6 телімдеуден кешікпегені дұрыс. Жарғақты ені 8-10 см, ұзындығы 20-30 см етіп таспалап тіледі. Байлауды тілінген жарты айшықтан сәл жоғарырақ жүргізеді. Әр кейінгі орам алдыңғы орамды сәл басып оралады. Байлау тығыз және қалқанды құрғаудан қорғайтын болуға тиіс. Бүршікке дейін екі-үш, бүршіктен кейін үш-төрт орам оралады да, төменгі жағында таспа күрмеленеді. Сүйектілерде бүршік ашық қалдырылады, себебі жаппай байлау оны қысып тастайды да, жиі солуға әкеледі. Көндігіп бекіген қалқандардағы жапырақ сағақтары оңай түседі, бүршік пен қабық бүріспеген (әжімделмеген), қалыпты түсте болады; көндікпегендерден сағақ ажырамайды, қалқанның жапырағы мен бүршігі солады, бүріскен, лас-сұрғылт түсті. Көзшелеуден 12-15 күн өткеннен соң көзшелеуді тексереді. Көзшелері қураған өсімдіктерге таспа байлайды немесе ұшын сындырады және қайтадан көзшелейді, ал көндіккендерінің байлауын босатады, себебі діңнің жуандауына байланысты олар жиі қатты керіледі. Байлау жібі телітушінің діңіне батса, оны қайталап байлайды. Қуатты өсетін сүйекті тұқымдықтарда және оңтүстікте, байлауды босатады және 2-3 рет қайталап байлайды. Қоңыржайлы климатта және қар аз түсетін аудандарда, көзшенің үсуіне жол бермес үшін көзшелегендерін түптейді, ал құрғақ аудандарда күз құрғақ болса шамалап дымқылдық суармалауды қолданады.

Көзшелеу пышағын ылғи да өткір күйінде ұстайды, сондықтан әр көзшелеушіде ұсақ түйіршікті мәйда қайрақтар және жетілдіруші (түзетуші) қайыс болуы керек. Көзшелеу пышағы қашанда таза болуға тиіс, ол үшін көзшелеуші сол қолының білезігіне дәке немесе басқа жұмсақ мата байлап қояды да, оған жұмыс барысында пышақ жүзін жүйелі түрде сүйкеп (сүртіп) отырады. Сол қолдың кішкене бөбегіне (саусағына) де мата (дәке) байлап, онымен діңнің қалқанша қиыстыратын аумағын тазалайды.

Көзшелеу жүргізілгенде қалемшелер шелекте болып, түптері суға сәл батырылады. Пайдаланылған қалемшелер қатараралықтың топырағына шаншылады да, кейін қайтқанда көзшелеуші жинап алады және қалқаншалардың дұрыс кесу сапасын тексеру үшін қатардың бас жағына (шетіне) тігеді. Әр қатардың басына көзшелеу уақыты, көзшелеушінің және байлаушының ата тектері, есімдері, сұрыптың атауы, көзшеленген телітушілердің және қиыстырылған қалқандар саны (екеуін қыстырғанда) көрсетілген құлаққағаздар қойылады. Осы деректердің бәрі көшетжай кітабына тіркеледі.

Қалемшемен телу (9-сурет): қиыстырумен – жабыстыра, бүйірдегі қиыққа сыналап, жарыққа, қабық астына, сояулап, көпірлеп.

Қиыстыру қарапайым және жақсартылған болады. Бұл тәсіл тұқымбақтарда телітушілері мен телінушілердің жуандығы бірдей болғанда және бақтарда ағаштардың бір-екі жылдық бұтақтарын қайталап көзшелегенде қолданылады. Қарапайым қиыстыруда телітушінің ұшында және телінушінің төменгі жағында, телітушінің жуандығынан 3-5 есе артық болатындай етіп бірдей ұзындықтағы қиғаш қиықтар тілінеді. Содан кейін телінушіні телітушіге жанастырады да, тіліктерді біріне-бірін беттестіріп, екеуінің камбийлерінің тұстасуын байқайды. Телітуші мен телінушінің қиықтары тегіс және таза болуға тиіс. Жақсартылған қиыстыруда телітуші мен телінушінің қиықтарында үшкір және жұқа ұштарынан 1/3 қашықтығында бойлап тілшелеп тіледі. Осыдан кейін қалемше мен телітушіні түйістіргенде «тілшелер» бірі-бірінің ішіне сұғылуы тиіс. Осыдан кейін телінген жерді байлайды да, сыртынан бақ нұмын жағады. Жабыстыра телуді телітуші телінушіден жуан болғанда қолданады. Мұндайда телітушіні түбірлеп сәл еңкіштеу кеседі. Түбірдің сәл биіктеу жағынан, астынан үстіне қарай, сүрегін ала тілік тіледі. Қалемшеде ұзындығы мен ені телітушінің тілігімен үйлесетіндей, жиі тілшелеп немесе мінгестіре (кертпелеп) қиық жасайды. Бүйірлік тілікке телуді, ұзындығы 10-15 см етіп тілінген сояуға (тікенге) отырғызғанда қолданады. Қиықтауды телітушіге пышақты тіктеп, 10-12о бұрышпен тіледі. Тілікке бір қыры екіншісінен 1,5-2 есе ұзынырақ етіліп дайындалған екі қырлы сынаманы орналастырады.

Сына тәрізделіп телігенде телітуші көлденең кесіледі және бүйірінің сүрегінен сына тәрізді тілік тілінеді. Тілікке, осы тілікке үйлесетін көлемі мен пішіні бар, екі қырлы сына тәрізді қалемшені орналастырады. Жарыққа телуді жуан телітушілерге, айталық, жемістік тұқымдықтарда қайта телу жүргізгенде, қолданады. Түбірлеп кесілген телітуші ортасынан бойлап жарады. Пайда болған саңылаудың екі жағына екі, ал саңылау екеу болса – екі кертпелі немесе үшкірленген сынаның төртеуін орналастырады. Қабық ішіне телу: телітушіні түбіріне кеседі де, оның бүйірінен камбийіне дейін бір немесе бірнеше тілік тіледі. Тілікке қиғаш кесілген немесе кертпешеленіп кесілген қалемшені орнатады. Қабық ішіне сояумен (тікенмен) телу: телітушінің орта тұсынан астынан үстіне қарай, кейде сүрегін ала қабығынан енсізтаспа тілініп алынады. Тіліктің астыңғы жағынан қабығын бойлап тіледі де, қиғаш кесілген қалемшені орналастырады (қыстырады). Қалемшені «Т» тәріздендіріп те қыстырады. Көпірлеп телуді ағаш қатты жарақаттанғанда емдеу үшін қолданады. Ол үшін телітушінің қабығының ішіне бір немесе бірнеше қалемшені қыстырады. Көндігіп бітіскен қалемшенің түтікшелерімен шырын көпірмен қозғалғандай қозғалатындықтан, бұл тәсілді көпірлеп телу деп атаған. Діңде немесе жуан бұтақта – телітушідегі жараның шеттерін бақ қайшысын немесе пышақты көлденең ұстап тіктеп кеседі, сонда жара тез жазылады. Жарадан төмен және жоғары сәл шегініп, телітуші пышақпен «Т» тәрізді тілік тіледі. Доғалануы жеңіл жіңішке қалемше қолданылады. Қалемшеде «Т» тәрізді тіліктерден бірдей қашықтықта, қиыстыру әдісіндегідей, ұзындығы 3 см қиғаш тіліктер тіледі де, қалемше ұштарын сол тіліктерге, бүршіктерін жоғары бағыттап, қондырады. Тіліктері жарғақ таспалармен байланады немесе лейкопластыр жапсырылады. Жараға бақ нұмы жағылады. Қалемше құрғамас үшін, телінген жер майлы қағазбен (крафт) оралады және үсті әктеледі, ал дұрысы полиэтилен жарғағымен орау.

Сыбызғалап немесе түтікшелеп телуді орман жаңғағын, пеканды, талшынды, тұтты көбейткенде, көктемде, жазда және ерте күзде жүргізгенде қолданады. Телітушінің қабығының телінетін жерінде сақина тәрізді екі тілік тіледі. Содан кейін қабықтың кесілген бөлігін ағашта саусақпен айналдырады. Ол босағаннан кейін бойлап тіледі және түтікті (сақиналап) сыпырып алады. Тап осындай түтікті (шамасы бірдей) телінушіден алады және телітушінің қабығы жалаңаштанған жеріне орналастырады.

Жақындастырып немесе байланыстырып телу камбийіне дейін жалаңашталған телітуші мен телінушіні тығыз байлаумен орындалады. Телітуші телінушімен көндігіп бітіскенше аналық өсімдіктен ажыратылмайды (кесілмейді). Жақындастырып телуді жиі жылыжайларда құмыра өсімдіктерін пайдаланып, кейде бақтарда, айталық, көршілес ағаштардың бұтақтарын қалпына келтіргенде және оларды қиғаштап пальметтендіріп қалыптастырғанда немесе мангоны көбейткенде қолданады. Телітуші мен телінушінің қабығын ағаш сүрегін қоса 4-5 см етіп кеседі де, кесінділерді жалғастырады және бұтақтарды жарғақпен орайды.

Өне бастаған тұқымдармен телу. Бұл тәсілде қалемше орнына өне бастаған тұқымның тұқым астылық иіні мен тамыршасын телітушінің қабығының ішіне орналастырады.

Іссанада көптеген басқа да телу тәсілдері қолданылғанымен, олардың бәрі, әдетте, жоғарыда сипатталынғандардың түрі өзгергендер екенін білген жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет