«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж



бет15/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   49
4 дәріс

Су режимі. Су өсімдік тіршілігінде маңызды рөл атқарады және бірқалыпты өсуі мен дамуының алмастырылмайтын факторы саналады. Су протоплазма мен жасуша сөлінің (шырынының) құрамына енеді, қоректік ерітінділердің жылжуына мүмкіндік жасайды, барлық физиологиялық және биохимиялық үдерістерге қатысады.

Ағаштың әр бөлігіндегі судың мөлшері бірдей емес. Жапырақтарда және бұтақтарда су жалпы массасының 50-75 % тең болса, тамырда – 60-85 %, жемістің жұмсағында – 85 % және одан да артық болады. Судың мол мөлшерін өсімдік жапырақ бетімен транспирацияға (булануға) жұмсайды. Мысалы, алмұрттың биіктігі 1 м жас ағашы тәулігіне 6 л жуық су буландырса, ересек, биіктігі 16 м ағашы – 273 л жуық.

Жеміс ағаштарының, әсіресе жидектілердің суға деген талабы астық дақылдарымен салыстырғанда екі есе жоғары және булану пәрменділігіне байланысты 650-700 мм жылдық жауын-шашынға тең. Жеміс өсімдіктері 1 кг құрғақ зат қалыптастыруға 200-ден 500 кг дейін су шығындайды. Жемісі мол ағаштар жемісі төмендермен салыстырғанда суды молырақ талап етеді.

Жеміс ағаштары мен бұталардың, жаздың бірінші жартысында, жаппай гүлдеу және өркендері мен тамырларының күшті өсуі кезеңінде суға деген талаптарының артатыны байқалады. Осы кезеңде ылғал жеткіліксіз болса гүлдердің, жемістердің, жапырақтардың түсуі жиілейді, өркендер өсуін тежейді және тамыр жүйесі әлсірейді. Ал егер су жаздың екінші жартысында тапшы болса, жемістер уақытынан ерте піседі, шашылады, ассимиляция төмендейді, жеміс-жидек өсімдіктерінің тамыры мен топырақ үстілік бөлігінің аязбен зақымдану мүмкіндігі арта түседі. Жемісінің пісуі мен жапырақтарының сарғаюының аралығында жеміс өсімдіктері ылғалға талабын баяулатады. Осы кездегі артық ылғал өсуді ұзартады және сүрегінің жетілуін баяулатады, сондай-ақ өсімдік үшін қауіпті – екінші өсуін, тіпті гүлдеуін туындатуы мүмкін. Нәтижесінде өсімдіктің қысқа төзімділігі қатты нашарлайды. Шекілдеуікті жеміс ағаштарының екінші рет өсуі, әдетте, өсімдіктердің өсуін уақытынан бұрын тоқтатуға жетелейтін құрғақ жаздан кейін, ерте күзде түскен жаңбырдан немесе уақытынан тыс суландырудан кейін болады. Ұзақ уақыт су басып тұрса (ылғалданса), ағаштар өсе бастайды. Артық ылғалға шие, өрік, бадам өте сезімтал келсе, беженің тамыры ұзақ уақыттық су басуына шыдайды.

Бұдан басқа, артық ылғал жемістің жарылуына әкеледі, әсіресе, алхорыда, шиеде, тәттішиеде, жапырақ хлоразын туындатады, сүйектілерде шайырдың ағуына және ең алдымен ауыр топырақтарда және жер бедерінің төмен телімдерінде артық ылғалдың жиналуына жетелейді.

Ағашты жеміс өсімдіктері жидектілерге қарағанда суға азырақ талап қояды. Тамыр жүйесі топыраққа неғұрлым тереңірек бойласа, соғұрлым жеміс ағаштары құрғақшылыққа төзімді келеді.

Жеміс дақылдары құрғақшылыққа төзімділігі бойынша келесі ретпен орналасады (құрғақшылыққа азырақ төзімділерден төзімділерге дейін): беже, алма, алхоры, грек жаңғағы, тәттішие, шие, шабдалы, өрік, бадам, кәдімгі пісте, зәйтүн.

Ауа ылғалдылығының да маңызы зор. Ауадағы ылғалдың тапшылығына ерекше талап қойғыш болып цитрустылар, алхорының және алмұрттың еуропалық сұрыптары саналады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 40 % төмендегенде қара қарақаттың, бүлдіргеннің, алманың, беженің, грек жаңғағының өсу жағдайы күрт нашарлайды. Ауа және топырақ ылғалдылығына шие, алша, тәттішие, өрік, бадам азырақ талап қояды. Қызыл қарақат қара қарақатқа қарағанда азырақ су талап етеді.

Жеміс ағаштары және жидек өсімдіктері үшін топырақтың оңтайлы су сыйымдылығы болып ТЕТСС-ның 75-80 % саналады.

Жеміс ағаштарын отырғызғанда су режимі топырақты күтіп-баптаумен, сондай-ақ бақ қорғағыш ағаштар, жел қайтарғыш (бұрғыш) құрылғылар, тоған, су қоймаларын жасаумен және суландыру жүйесін қолданумен реттелінеді. Ылғал артық болғанда кәріздер (дренаж) қолданылады. Дұрыс ауыспалы егіс, органикалық тыңайтқыштар енгізу де су режимін жақсартады.

Қыс түсер алдында, Қазақстанның солтүстігінің жеміс шаруашылығының міндетті тәсілі деп қарастырылатын, бақ топырағын сумен жақсы және тереңдетіп суландыратын дымқылдық суармалауды қарастыру керек.

Қоректену режимі

Өсімдіктердің жақсы дамуы, жемістенуі, тіршіліктерінің ұзақтығы, зиянкестерге, ауруларға және өсу ортасының қолайсыз жағдайларына төзімділігі топырақтың құнарлылығына және тыңайтқыштардың жүйесіне байланысты (тәуелді) болады.

Жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты өсуі және дамуы үшін топырақта қоректік заттардың: азоттың, фосфордың, калийдің, кальцийдің, күкірттің, магнийдің, темірдің, сондай-ақ бордың, мырыштың, молибденнің және т.б. микрозаттардың жеткілікті мөлшері болуға тиіс.

Танаптық дақылдармен салыстырғанда жеміс дақылдары калийді 4 есе көп, ал фосфорды 2-3 есе кем пайдаланады. Жеміс дақылдары топырақтан азотты, фосфорды және калийді 3,7: 1,0: 3,4 қатынасымен алып шығады. Өнімнің бір өлшем массасына қоректік заттардың ең мол мөлшерін жидек дақылдары сіңіреді, ең азын – шекілдеуіктілер. Жеміс өсімдіктерінің тамырларының терең бойлауына және ұзақ жылдар бойы өсірілетініне байланысты органикалық және минералды тыңайтқыштарды, оларды отырғызғанға дейін енгізудің маңызы өте зор.

Тыңайтқыштың оңтайлы мөлшесі отырғылардың түртегіне байланысты болады. Ағаштары тығыз отырғызылған қарқынды бақтарда әр гектардан 80-100 т өнім жинағанда жылда топырақтан 80-100 кг азот, 120-150 кг калий және 25-40 кг фосфор алынып шығады. Осыған қарап және тыңайтқышты пайдалану коэффициентін (60-80 % азот, 50-65 % калий және 15-30 % фосфор) ескеріп, әртүрлі өнімділікті жеміс отырғыларына минералды тыңайтқыштардың оңтайлы мөлшесін дәлірек есептеуге болады. Тез пісетін және жоғары өнімді қарқынды түртектердің тыңайтқышқа ықыласы жоғары болатынын ескерген жөн.

Қарқынды сұрыптың жас ағаштары алдымен азот тыңайтқыштарына ықыласты келеді. Жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты өсуі және жемістенуі үшін олардың күшті өсінді кезеңінде және артық жатындары шашылғаннан кейін жемісті бүршіктерін салуы үшін қорекпен жақсы қамтамасыз ету керек.

Жеміс өсімдіктерін өсіргенде топырақ қышқылдылығының деңгейін де ескерген жөн.

Қара қарақат пен қарлығаға қышқылдылығы шамалы (рН 4,6-5,7) топырақ жақсы саналса; алмаға, алмұртқа, алхорыға – сәл ғана қышқылданғаны (рН -6-7); шиеге, өрікке, бежеге – сәл сілтілісі. Қышқыл топырақтарда өсімдікте түзілу үдерісі тоқталады, қоректік ерітіндіде өсімдікке зиян келтіретін алюминий пайда болады. Қышқылдықты төмендету үшін топыраққа әктас енгізіледі. Қышқыл топырақтарға әктас енгізу олардың құрылымын жақсартады, пайдалы микроағзалардың іс-әрекетін күшейтеді, өнімді молайтады. Сонымен бірге әктасты тым артық енгізсе енгізілген тыңайтқыштардың фосфоры байланады да, өсімдіктер сіңіре алмайтын түрге айналады, бор мен марганецтің сіңімділігі кемиді. Топырақтың сілтілігі жоғары болса, топыраққа ғаныш енгізіледі.

Өсімдік үшін қолайлы қоректік режимді топыраққа тыңайтқыш енгізумен және топырақты мұқият өңдеумен жасауға болады. Жеміс және жидек өсімдіктерінің органикалық және минералды тыңайтқыштарға қатысы топырақтың мәдениленгеніне, дақылдың және сұрыптың қасиеттеріне байланысты болады. Топырақ неғұрлым мәдениленбеген болса, соғұрлым онда органикалық заттар аз болады, минералды тыңайтқыштардан алынатын қосымша өнім төмен болады, органикалық тыңайтқыштың тиімділігі жоғары болады. Тамыр жүйесінің тіршілік әрекетін, қатараралыққа көп жылдық шөп себу, топырақ бетін жабындау жақсартады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет