«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж


Дәріс-10: Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі



бет33/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   49
4 дәріс

Дәріс-10: Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі.

1. Жас бақ, оны күтіп-баптаудың негізгі міндеттері.

2. Гербицидтерді пайдалану шаралары.

Бақта топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі дегеніміз, топырақтың құнарлылығының тұрақты артуын және жеміс өсімдіктерінің өнімділігін үздіксіз артуын қамтамасыздандыратын, өзара тығыз байланысқан, топырақты күтіп-баптайтын агротехникалық шаралар кешені. Бақтағы топырақты күтіп-баптаудың және өңдеу жүйелерінің міндеті мыналар: жеміс өсімдіктерін ылғалмен, қоректік заттармен, топырақты ауамен қамтамасыздандыру; күтіп-баптауға аз шығын шығарып топырақты су және жел эрозиясынан қорғау; топырақтың температурасын реттеу, жеміс өсімдіктерінің арамшөптерімен, ауруларымен және зиянкестерімен күресу.

Жас бақты күтіп-баптаудың негізгі міндеттері: өсімдіктердің жақсы көндігуіне және сақталуына қолайлы жағдай жасау; берік және терең бойлайтын тамыр жүйесін қалыптастыру; жақсы өсуін және ерте жеміс салуын қамтамасыздандыру; бөрікбасты дұрыс қалыптастыру. Жас бақта ағаштың өсуінің әлсіреуіне немесе тоқталуына жол беруге болмайды. Бұл мерзімінен бұрын қартаюына, аязға төзімділігінің төмендеуіне, жеміс салу мерзімінің қысқаруына жетелеуі мүмкін. Шекілдеуікті жас бақтарда өркендерінің жылдағы өсуі 45-60 см кем болмауына ұмтылу қажет, сүйектілерде – 55-70 см.

Бұл талаптар топырақты күтіп-баптау жүйесімен жүзеге асырылады – қатараралықтарға дақыл егумен, өсімдікті сумен қамтамасыздандырумен, тыңайтқыш енгізумен, зиянкестермен және аурулармен күресумен және топырақты өңдеумен.

Қатараралық дақылдар. Баққа отырғызылған ағаштар алғашқы жылдары өздеріне бөлінген қоректену алаңын толық пайдаланбайды. Олардың тамыр жүйесі әлі үлкен емес және тек дің айналасында ғана өседі, бөрікбасы көршілес ағаштармен қабыса қоймайды. Осыған байланысты, жеміс ағаштарының жақсы өсуіне және топырақтың құнарлылығының артуына мүмкіндік жасайтын дақылдарды жас бақтың қатараралықтарында өсіреді. Қатараралық дақылдарды дұрыс таңдағанда және агротехника жоғары болғанда жас бақ бірінші жылдан бастап өнім береді.

Ағаштарды отырғызғаннан кейін бірінші жылы қатараралық дақылдарға дің шеңберінен басқа, бақтың қалған алаңын беруге болады. Ағаштар өсе келе қатараралық дақылдар үшін алаңдар кеми түседі, 5-6 жылдан кейін оларды өсіруді тоқтатады да, жеміс беретін бақты күтіп-баптау жүйесіне көшеді.

Жас бақтың қатараралықтарында өсіруге ерте картоп, шалғам, асханалық қызылша, сәбіз, бұрыш, баялды, қызанақ, көкөністік ас бұршақ, жасыл балаусаға немесе пішенге бір жылдық шөптер (сиырбұршақ – сұлы қоспасы, ас бұршақ – сұлы қоспасы және т.б.), сондай-ақ балды дақылдар (түймежапырақ, қыша) жарамды. Артықшылық күтіп-баптауды механикаландыруға мүмкіндігі бар дақылдарға беріледі.

Жас бақтың қатараралықтарында ағаш екпелерін қатты көлеңкелейтін, ауа алмасуын әлсірететін, топырақты күшті құнарсыздандыратын бойшаң сабақты өсімдіктерді (жүгері, судан шөбі, күнбағыс, шай жүгері) өсіруге болмайды. Дәнді астық дақылдарын да егуге болмайды, себебі олар топырақты құрғатады, қоректік заттарды көптеп шығындайды, тышқандарды қызықтырады. Астық дақылдарын бақтың қатараралықтарына жасыл тыңайтқыш (сидерат) дақыл ретінде пайдаланады. Бақтың қатараралықтарына қарбыз, қауын, қияр, асқабақ өсіруге болмайды, себебі олардың ұзын желілері топырақты өңдеуге кедергі жасайды. Топырақ арамшөптермен ластанса, бақтың қатараралықтарын арамшөптер басады.

Суландырылатын бақтардың қатараралықтарында ылғал сүйгіш дақылдарды (орамжапырақ) өсіруге болмайды. Қатараралықтағы дақылдарды жиі суару жеміс ағаштарының тамыр жүйелерінің топырақ бетіне жақын орналасуын туындатады және өркендердің сүрегінің жетілу деңгейін әлсіретеді.

Сүйектілердің бағында алқалар тұқымдасы өсірілмегені жөн, себебі олар солу ауруының таралуына мүмкіндік жасайды. Сүйектілердің қатараралықтарына отырғызылған картоп олардың фитофторадан опат болуына жетелейді.

Жидек дақылдары да қолайсыз, себебі олардың фенологиялық фазалары мен жеміс дақылдарынікі үйлеспейді де, жас бақтың ағаштарын күтіп-баптау шаралары бұзылады. Бүлдірген өсірілетін қатараралықтарды жырту және қатараралықтарды өңдеу жүргізілмейтіндіктен жеміс ағаштарының тамыр жүйелері топырақ бетіне жақын қалыптасады. Бүлдіргеннің, қарақаттың жидектерінің маусым және шілде айларында пісуі бақты зиянкестер мен ауруларға қарсы бүркуді қиындатады.

Топырақты күтіп-баптау және тыңайтқыш енгізу. Жас баққа күтім жасау олардың өсуін және жеміс салуын күшейтуге бағытталынған. Ол дің шеңберінде және қатараралықтарда топырақты өңдеуден және тыңайтқыш енгізуден тұрады. Дің шеңберінде және қатараралықтардағы жолақтардың топырақтары бүкіл өсінді кезеңде арамшөптерден таза және борпаң күйде ұсталынады. Күзде сүңгекке жақын дің шеңбері, сүңгектен сәл алысырақ, 8-10 см тереңдікке күрекпен қазылады, ал дің шеңберінің шеттері шекілдеуіктілерде – 18-20 см, сүйектілерде – 10-14 см. Күректі ағаштың діңіне қырымен келтіреді және діңді айналдыра қазады, осындайда тамырлар азырақ зықымданады. Ең дұрысы бұл мақсатқа қазу айырларын пайдалану. Егер топырақ ауыр және тығыздалғыш келсе, онда көктемде қазуды қайталайды.

Дің шеңберін жақсы шіріген көңмен, шымтезекпен, ағаш үгіндісімен, қордамен және т.б. материалдармен 8-10 см қалыңдықта жабындау өсуге және жеміс салуға жақсы ықпал жасайды. А.А.Гудзенконың дерегі бойынша алманың тек дің шеңберін жабындау бақылау (жабындаусыз) нұсқасымен салыстырғанда жеміс түсімін 43 % арттырыпты. Топырақты көктемде, дің шеңберін қопсытқаннан кейін жабындайды, қыс түсер алдында, күзде қайта қазғаннан кейін жабындау да өте пайдалы.

Дің маңайындағы жолақтарды ФА-0,76, ФСН-0,95 фрезарларын қолданып 8-12 см тереңдікке өңдейді. Фрезалар топырақты қопсытып қана қоймайды, арамшөптерді отайды, сонымен бірге топырақ үстін тегістейді. Тегістеу үшін әмбебап жылжымалы бөлімшелі ПМП-0,6-ны пайдаланады.

Қатараралықтардағы топырақтарды өңдеу сүдігер көтеруден, тырмалаудан және культивациялаудан тұрады; сүдігер көтеруді күзде, қыркүйекте ПСГ-3, ПС-4-30 соқаларымен, ПЛС-6-25, ПЛС-5-25 А сыдыражыртқыш соқалармен жүргізеді. Топырақты өңдеген кезде жеміс дақылдарының тамырлары жарақаттанады. Тамырлардың қалпына келуі негізінен олардың күзде өсу кезеңінде жүреді. Жырту неғұрлым ертерек жүргізілсе, соғұрлым тамырлар тез қалпына келеді. Осыған байланысты сүйекті дақылдардың, алманың және алмұрттың жазғы-күзгі сұрыптарының жемістерін жинап алысымен жыртуды жүргізеді (тамыз-қыркүйек). Алманың және алмұрттың қысқы сұрыптарының екпе ағаштарында жыртуды уақытында жүргізуге жиі мүмкіндік болмайды. Тұрақты суықтар басталғанда тамырлардың қалпына келу үдерісі аяқтала бастағанда, ең дұрысы жыртуды дискілеумен алмастыру.

Жас бақтарда жыртудың тереңдігі 18-20 см. Дің шеңбері маңайындағы жолақты 10-12 см терең жыртпайды. Сүйекті дақылдарда және ергежейлі телітушілердегі бақта жыртуды 3-4 см таяздау жүргізеді. Топырақтың түйіршіктік құрамы бойынша ауыр топырақтарда ғана жыртуды жылда жүргізеді. Саздақ топырақтарда 2-3 жылда бір рет өңдеумен шектеледі. Құмайт және құмдақ топырақтарда жыртуды 4-5 жыл бойы сыдыра жыртумен алмастырады. Жекелеген жағдайда, егер «соқа табаны» (топырақтың тығыздалған қабаты) пайда болмаса, бақтағы жыртудан толық бас тартуға болады. Батпақтануға бейімді ауыр топырақтарда күзде сүдігер көтергеннен кейін, көктемде қатараралықтарды 12-16 см қайта жыртады.

Қатараралықтарды топырақ бетінің тегістігін сақтау үшін жыртуды бірде айыра, бірде көме жыртады, қыртысын аудармай да жыртады. Жыртар алдында тамырлардың қандай тереңдікке бойлағанын білу қажет. Ол үшін бақтың әр жерінен қазып байқайды. Жырту кезінде жуандығы 5-7 мм артық тамырларды зақымдауға болмайды, себебі олар нашар қалпына келеді.

Көктемде топырақты БДСТ-2,5, БДСТ-3,5, БДН-1,3 табақты тырмалармен тырмалайды, жазда КГС-5 б, КСЛ-5, КСМ-5, КРН-2,8 культиваторларымен 8-12 см тереңдікке 4-6 рет өңдейді.

Жас бақтарда тыңайтқыштарды қатараралықтардағы дақылдарға бір бөлек және жеміс ағаштарына бір бөлек енгізеді. Қатараралықтарға дақылдарға тыңайтқыштарды танаптық жағдайларда қолданылатын мөлшермен, тәсілмен енгізеді. Ағаштардың отырғызу жылына, жасына байланысты тыңайтқыштың енгізу мөлшері өзгермелі болады (6-кесте).

Жас бақта жасына және ағаш түбінің айналасының шамасына байланысты тыңайтқыш енгізудің үлгілік мөлшері




Отырғыз-ғаннан кейінгі жылдары

Дің шеңберінің диаметрі, м

Бір ағашқа келетін көң немесе қорда, кг

Бір ағашқа келетін минералды тыңайтқыштар, г

аммиак селитрасы

суперфосфат

хлорлы калий

1-2

2,0

12-15

60

120

40

3-4

2,5

20-25

90

180

60

5-6

3,0

30-40

130

270

90

7-8

3,5

40-50

180

360

120

9-10

4,0

50-60

230

480

150

11-12

5,0

80-100

360

750

240

Тыңайтқышты негізгі енгізумен қатар, жеміс ағаштарының пәрменді өсуі кезеңінде (мамыр-маусым) үстеп қоректендіру жүргізеді. Үстеп қоректендіруге органикалық және жеңіл еритін минералды тыңайтқыштарды қолданады. Жергілікті тыңайтқыштарды енгізер

алдында мынадай қатынаста сұйылтады: көң садырасын 1:3, құс саңғырығын 1:10, нәжісті 1:6-8. Дайын ерітіндінің енгізу мөлшері ағаш түбінің айналысына 5-6 л/м2. Құрғақ ауа райында жеміс салатын бақты өсінді кезеңде 3-4 рет суландырады.

Жеміс салатын бақ

Жеміс салатын бақта мынадай міндеттер шешіледі: тамыр жүйесінің жақсы дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, жеміс салушы ағаштарда жылдық өсінді өсімі 30-40 см кем болмауы, жеміс салудың дүркінділігін жеңу, жеміс салатын өсімдіктің қысқа төзімділігін арттыру. Бұл толығымен агротехниканы дұрыс қолдануға тікелей байланысты. Жеміс салатын бақты баптаудың жоғары агротехникасының негізі мынадан тұрады: топырақты баптау жүйесінен, өнімді жинаудан, бұтақтарды кесуден, аурулармен және зиянкестермен күресуден.

Бақты баптау жүйесі дегеніміз бақтағы топырақты баптау тәсілдерін алмастыруды, жүйелі түрде органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізуді, суландыру және топырақты осыған сәйкес өңдеуді айтады. Бақтағы қатараралықтарды баптау-өсімдіктің биологиялық ерекшеліктеріне, олардың шамасына, топырақ-климат жағдайына және екпелерді күтіп-баптауды ең жоғары деңгейде механикаландыруға байланысты. Бақтағы топырақ табиғи күйінде (өңдеусіз), сүрі жер күйінде және шөп егілген болуы мүмкін.

Топырақты күтіп-баптау жүйесінің негізгі міндеттері – топырақтың физикалық және химиялық қасиеттерін жақсарту және өнімнің тауарлық сапасын жақсарта отырып, жоғары өнім алу.

Бақ шаруашылығы іссанасында топырақты баптау жүйесінің негізгі элементтеріне 4 жүйе жатады: қара сүрі жер; сүрі жерлі-сидератты жүйе; шалғындандыру (шымдандыру) және таза күйінде немесе әртүрлі арақатынаста пайдаланылатын шымды – қарашірінділі жүйе.

Қара сүрі жер. Қара сүрі жер жүйесінде бақ топырағы күзде жыртылады да, өсінді кезеңінде борпаң және арамшөптерден таза күйінде ұсталынады. Қара сүрі жерді пайдаланудың нәтижесінде ауа-су және қоректену құбылымдары жақсарады да, өркендер мен жемістік бұтақтардың өсуі күшейеді; жемістік бүршіктердің саны артады; байланған жатындардың пайызы молаяды және жемістердің көлемі ұлғаяды. Осылардың бәрі өнімнің артуына ықпал жасайды.

Бұл ылғалдануы тұрақсыз аймақтарда бақтардағы топырақтарды, әсіресе бақты салған жылы екпелердің көндігу кезеңінде, баптаудың ең кең тараған тәсілі. Ергежейлі телітушілерге телінген алма мен алмұрт ағаштары үшін, бақтың пайдалану кезеңінің барлық жылдарында қара сүрі жер – қатараралықтарды баптаудың негізгі жүйесі.

Қара сүрі жерде топырақтағы микробиологиялық іс-әрекеттер жақсарады; нитрификация үдерісі қатараралықты шымдандырумен салыстырғанда 4-7 есе күшейеді. Фосфордың қиын еритін көптеген қосылыстары жылжымалы және сіңірілетін түрлерге айналады. Қара сүрі жерде жеміс ағаштары қатаң қыстарда жақсы сақталады, тышқандардың жарақаттауы азаяды. Шалғындандырумен салыстырғанда қара сүрі жер жүйесінде өнім 1,5-2 есе артады.

Сонымен бірге, топырақты ұзақ уақыт (5-6 жылдан артық) қара сүрі жерде ұстаудың бірқатар кемшіліктері бар: топырақтың құнарлылығы төмендейді, оның шаңдануына және құрылымының нашарлануына әкеледі. Сүрі жер жел және су эрозиясының туындауына жетелейді, әсіресе беткейлерде және осал қорғалған телімдерде. Жазда ыстық күндері қара сүрі жердің топырақтары өсімдіктің тамыры өсетін шектен жоғары қызады. Карбонатты топырақты бұл жүйе жеміс ағаштарының хлорозбен зақымдануына ықпал етеді. Нәтижесінде өнім төмендейді, ағаштардың өміршеңдігі қысқарады. Жемістің сапасы, сақталғыштығы және тасымалдылығы нашарлайды. Бұл жүйені органикалық тыңайтқыштарды енгізумен және тағы да басқа күтіп-баптау тәсілдерімен үйлестірсе қара сүрі жердің бұл кемшіліктерін жоюға болады.

Экономикалық жағынан қара сүрі жер – бақтағы ең қымбат тәсіл, себебі топырақты жылда жыртады, бірнеше рет қопсытады, органикалық тыңайтқыш мол мөлшерде енгізіледі.

Сүрі жерлі – сидератты жүйе. Мұнда жаздың бірінші жартысында топырақты қара сүр жер күйінде ұстайды, кейін өркендердің өсуі аяқталғаннан соң, жаздың екінші жартысында, ол жерге жедел өсетін бір жылдық өсімдіктерді (сидераттарды) себеді. Пайда болған жасыл массаны күзде органикалық тыңайтқыш ретінде топыраққа жыртып араластырады. Сидераттардың топыраққа араластырылған 1 тоннасы 0,3-0,4 т көңді алмастырады және 50-80 см тереңдікке дейін жылжымалы фосфордың мөлшерін арттырады. Бұл жүйе ауыр топырақтардың көлемдік массасын кемітеді, саңылаулылығын арттырады, физикалық қасиеттерін жақсартады, ағаштардың қуатты өсуіне ықпал жасайды және олардың өнімін арттырады. Сидератты дақылдарды себу жоғарғы көкжиектің сортаңдануын кемітеді, ағаштардың хлорозбен ауруын азайтады.

Сидератты дақыл ретінде далалық асбұршақты, сиырбұршақ – сұлы қоспаларын себеді. Осы мақсатқа бал беретіндерді де себуге болады: қарақұмықты, түймежапырақты және қышаны. Бұлар араларды жазда азықтандырудың жақсы көзі болумен қатар, бағалы бал береді.

Өсімдіктердің тұқымдарын әр қатараралыққа немесе бір қатараралықтан кейін астық немесе тыңайтқыш сепкіштермен себеді. Себу мөлшері егіншіліктегіден 20-30 % жоғары. Егер топырақ құрғақ болса тұқымдардың сіңіру тереңдігін егіншіліктегіден 1-3 см-ге тереңдетеді. Сидераттарды ылғалды топыраққа, дақылдардың массасы молайғанда, топыраққа араласқаннан кейін жеңіл ыдырайтын шанақтану кезеңінде, топыраққа сіңіріп айдап жібереді. Егер шөптер бойшаң болса, жыртар алдында оларды КИР-1,5 ұсақтағышмашиасымен ұсақтайды, ал өнім орташалау болса шөптерді жапырады және табақты тырмалармен ұсақтайды. Сидераттарды бақ соқасымен немесе сыдыра жыртқыштармен 15-20 см тереңдікке жыртып, араластырады.

Жекелеген жағдайларда, қыста қар қалыңдығы тұрақсыздау болғанда, топырақ терең тоңданады және жеміс ағаштарының тамырлары зақымданады, сидераттарды дұрысы көктемде араластыру. Қысқа қалдырылған шөптер ықтырманың рөлінде болады да, қыр жинайды.

Ірі бақтарда сидераттарды үлкен алаңдарды өсіруге, кейде тұқым тапшылығы және оларды сатып алуға, себуге қажет мол шығындар кедергі жасайды. Міне, сондықтан сидерат ретінде өсуіне бақылау жасап арамшөптерді пайдалану көңіл қоярлық нәрсе. Атпатамырлы және көгентамырлы арамшөптерді пайдалануға болмайды. Ол үшін жаздың ортасына (маусым-шілде) дейін топырақты қара сүрі жер күйінде ұстайды да, кейін қатараралықтарда арамшөптердің өсуіне мұрсат береді. Арамшөптердің жасыл массасын топыраққа олар тұқымдықтарын байлағанша жыртып араластыру керек.

Шымдау (шалғындандыру) – бақты ұстаудың ең қарапайым және арзан тәсілі. Мұндай жүйеде қатараралықтарға көп жылдық шөптер себіледі, ал шеңберінің айналасы қара сүр жер күйінде болады. Көп жылдық шөптер топырақ құрылымын жақсартады, топырақты эрозиядан жақсы қорғайды, нәтижесінде жемістердің тауарлық сапалары (түсі, сақталғыштығы) артады. Топырақты осылай баптағанда бақтардағы жұмыстарды көктемде ертерек бастауға болады, әрі айтарлықтай жоғары сапалы пішен дайындалады.

Шымдау ұзақ және қысқа (1-2 жыл) мерзімдік, жаппай, қатараралық, тар жолақты және бір қатараралықтан кейін болады. Жаппай шымдауда бүкіл бақ алаңына шөп себіледі де, дің шеңберінің айналасы өңделіп, арамшөптерден таза күйінде ұсталады. Бақтың қатараралықтарын шалғындандырғанда, қатарларды қара сүр жер күйінде ұстайды. Тар жолақтыда себілген шөп жолағының ені қатарарлық енінің 1/3 тең. Бір қатарда кейін себу тәсілінде, бір қатарға шөп себіледі де, екінші (келесі) қатарарлық қара сүр күйінде болады және керісінше.

Шөп себуді бақ салынғаннан 4-5 жыл өткеннен соң, жеміс ағаштарының тамырлары топыраққа тереңірек бойлағанда бастайды. Шымдауға астық және бұршақ тұқымдас шөптердің – жоңышқа қылтықсыз арпабаспен, эспарцеттің шалғындық субетегемен және шалғындық қоңырбаспен қоспаларын қолданады. Шөптерді дара түрде немесе ерте көктемде, егіншіліктегімен салыстырғанда 10-15%-ға артығырақ алып, сиыржоңышқа – сұлы қоспаларын үстеп себеді.

Сонымен бірге ұзақ уақыт шалғындандырудың (2-3 жылдан артық) кемшіліктері де бар: бақта ылғалдылық күрт төмендейді, топырақтың ауалануы, фосфордың ерігіш ерітінділерімен нитраттардың мөлшері кемиді. Бұл ағаштардың өсуін, қысқа төзімділігін әлсіретеді, күн көзінен күю беті ұлғая түседі, жеміс салудың дүркінділігі жиілейді, жемістері ұсақтала түседі. Ағаштарда саяз орналасатын тамыр жүйесі қалыптасады, осыған байланысты олар құрғақшылықтан және қыстардан жиі зардап шегеді. Шалғындандырғанда кеміргіштер көбейе түседі де, олармен қосымша күресу шараларының қажеттілігі туындайды. Осыған орай бұл жүйені жас бақта қолдану тиімсіз. Шалғындандырудың кері қасиеттерін қосымша суландырумен және тыңайтқыш енгізумен, сондай-ақ шалғындандыру тәсілдерін түрлендірумен немесе шымды-қарашірінділі жүйемен ең төмен шамаға жеткізуге болады.

Шымды-қарашірінділі жүйе. Бұл жүйеде қатараралықтарға себілген шөпті, оның биіктігі 10-15 см жеткенде, гүлдеуге дейін бірнеше рет орады және ұсақталған күйі қатараралықтарға жабынды ретінде қалдырады. Жабынды қабаттың оң әсері, оның жиналуына қарай, осы жүйені енгізгеннің 3-4 жылдарында байқала бастайды. Жабынды қабат, жеміс ағаштары табиғи жағдайда өсіргендегідей, орман төсемін қалыптастырады. Төсем ыдырағанда топырақ қарашіріндімен молығады және оның физикалық-химиялық қасиеттері жақсарады. Шөпті бірнеше рет ору ылғалдың шығынын және топырақ үстілік булануын кемітеді. Қыста жабынды қабат тоңдану тереңдігін азайтады, жазда-қызуын. Осының бәрі тамыр жүйесінің өсуіне және дамуына жақсы жағдай қалыптастырады, өнім және жемістің сапасы бұл жүйеде, басқаларымен салыстырғанда, қара сүрі жерді және сүрі жерлі-сидеральдіні қоса, жоғары.

Жеміс ағаштары мен шөптердің суға және қоректік заттарға бәсекелестігін кеміту үшін бақтағы су құбылымын бақылаған жөн. Шөпті неғұрлым жиі және төменірек орса, соғұрлым судың булануы кемиді. Осыған байланысты құрғақ жазда шөптердің 8-12 см артық бойлап өсуіне жол беруге болмайды, жаңбырлы жазда ору санын азайтады шөп артық суды пайдаланады. Суландыруды шөпті орып алысымен жүргізген жөн. Азоттық қоректенуді теңестіру үшін жылда, 60-90 кг/га азотты тыңайтқыштарды енгізу және тышқандармен күресу ұсынылады.

Қатараралықтардағы топыраққа өңдеу жүргізілмейтіндіктен, эрозиядан сенімді қорғалатындықтан, жемістердің өзіндік құнының арзандауына байланысты шымды-қарашірінділі жүйе басқа жүйелерге қарағанда экономикалық жағынан тиімдірек (В.А.Потапов, А.С.Ульянищев, 1997).

Бақтағы топырақты өңдеу. Ол сүдігер көтеруден, тырмалаудан және культивациялаудан тұрады. Сүрі жерлі және сүрі жерлі – сидератты жүйеде сүдігерді көтеру күзде өнім жиналысымен соқамен, сыдырғыш-соқамен, әдетте, 3-4 жылда бір рет органикалық тыңайтқыштарды немесе сидераттарды енгізгенде 15-18 см-ге шымын аудара жүргізіледі. Басқа жылдары терең жыртуды саяз немесе табақты құралдармен өңдеумен алмастырады. Дің шеңберінің жолағына жақынырақ, 10-12 см тереңірек жыртпайды. Топырақты ұзақ уақыт өңдемегенде шымдалынуына немесе жабындануына байланысты ұсынылған тереңдіктен 4-6 см саяздау жыртады. Жырту барысында 5-7 мм жуан тамырларды зақымдауға болмайды, себебі олар нашар қалпына келеді.

Топырақты ерте көктемде тырмалайды, жазда 4-6 рет культивациялайды. Табақты тырмаларды пайдаланады, сирек культиваторлармен жаз айларында 8-12 см тереңдікке өңдейді. Топырақ бетін тегістеу және атпатамырлы, көгентамырлы арамшөптерді жою үшін қатараралықтарды культиваторлармен және табақты тырмалармен өңдеуді алмастырып жүргізеді. Дің маңайындағы жолақты фрезамен 8-12 см тереңдікке өңдейді.

Дің маңайындағы жолақты күзде, кейде көктемде бақ айырымен немесе күрекпен қайталап қазады, жаз бойы бірнеше рет қопсытады. Қайта қазу шекілдеуікті бақтарда – 10-15 см тереңдікке жүргізіледі, сүйектілерде – 10-12 см дейін. Топырақты қазу барасында ірі тамырларды жарақаттауға болмайды, сондықтан күректі немесе бақ айырын тамырлардың өсу бағытына, яғни діңнің радиусы бойынша бағыттайды, ал қазу тереңдігін сүңгектен алыстаған сайын тереңдете түседі.

Гербицидтерді пайдалану

Жеміс бақтарында арамшөптермен күресу үшін гербицидтерді қолданады: бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге қарсы глисол (2-4 л/га), глифоган (3-4 л/га), гоал (4,2-8,4 л/га), раундап (2-4 л/га), фюзилад супер 125 (1-2 л/га); көп жылдық астық тұқымдастарға және қосжарнақтыларға қарсы-глисол (4-8 л/га), набу (4-5 л/га), раундап (4-8 л/га), тарга супер (3-4 л/га).

Гербицидтерді дің айналасына ГАН-8 гербицидті-аммиакты машинасымен немесе ОВТ-1А, ОВСА және т.б. бүріккіштермен бүркеді. Бұларды өзгертіп жабдықтау көлденең штанганың екеуін қоюдан және желдеткішін өшіруден тұрады. Бір өткенде екі дің айналасындағы жолақ өңделеді. Жұмыс ерітінділерін арнаулы жерде дайындайды. Гербицидтермен жұмыс барысында ерітіндінің жеміс ағаштарының жапырақтарына тимеуіне көңіл бөледі. Бүріккіш құрылғы үстінен қаптамамен жабылады немесе қорғағыш қалқандар қойылады.

Гербицидтердің топырақта шоғырлануына жол бермес үшін, оларды 3-4 жыл қатарымен қолданады да, 1-2 жыл үзіліс жасалады. Арамшөптермен механикалық тәсілдермен күреседі. Бақта бір гербицидті ұзақ уақыт қолдану арамшөптердің жекелеген түрлерінің толық жойылуына әкелгенімен, өңделген алаңда осы гербицидке төзімді арамшөптер көбейе бастайды. Сондықтан гербицидті алмастыруды алдын ала ескерген жөн.

Гербицидтермен жұмыс істегенде қауіпсіздендіру шараларын сақтау қажет: резиналы аяқкиімде, қолғапта және респираторда жұмыс істеу керек; су, тамақ ішуге, шылым шегуге болмайды. Киімді және аяқ киімді жұмыстан кейін сабындап жуады және ауада кептіреді.

Гербицидтерді жоғары агротехника аясында ғана қолданады. Оларды пайдалану тәртібін сақтау керек, тез ыдырайтындарына басымдылық беріледі, химиялық өңдеулерді агротехникалық және биологиялық шаралармен үйлестіреді. Дәрмектерді сонда ғана қолдану керек, егер айнала үшін уыттылығы төмендеу құралдарды пайдалану мүмкін болмағанда. Әуесқой бағбандардың гербицидтерді қолданбағаны дұрыс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет