Шекілдеуіктілерде мынадай жемістік құрылымдар басым келеді: жемісті бұтақшалар, жемісті шыбықшалар, жемісті бұтақшалар (найзашалар), жемістенген бұтақшалар; сүйектілерде-жемісті бұтақшалар (тепкілер), аралас және шоқ бұтақшалар; жидектілерде-жемісті бұтақтар мен жемісті бұтақшалар (қара қарақат, қарлыға), шоқ бұтақшалар (қызыл қарақат), жапырақ басқан жемісті өркендер (таңқурай, сиырбүлдірген), мұртшалар (бүлдірген); жаңғақтыларда (грек жаңғағы, фундук және т.т) – жеміс салатын бұтақшалар немесе шыбықшалар.
Найзашалар (жемісті бұтақ) – тік, ұзындығы 5-15 см, бір жылдық ұшына қарағанда негізінде (түбінде) жуандау, бүйірлік өсімдер, бұтаққа тік бұрышпен орналасқан найза пішіндес, буынаралықтары қысқа және өте жиі орналасқан бүйірлік бүршіктері бар, жиі ұштық гүл бүршікті.
Жемісті шыбықшалар – өсімді түртекті өркендерге қарағанда әдетте, жіңішке және солқылдақ, 15 см-н ұзынырақ, бір жылдық өсінділер, сәл иіңкі және гүлді бүршікпен аяқталады. Бөрікбаста көлбей немесе салбырап орналасады. Жемісті бұтақтар – ұзындығы 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейінгі, ең қысқа жақсы қалыптасқан ұштық өсінді немесе гүлді бүршігі бар, жылдық ең осал өсімдері.
Жемістенген бұтақшалар – бір рет жеміс берген, жемісті бұтақтардың тарамдарынан тұратын жемістік құрылымдар. Жемісті бұтақшалар өзара тарамдарымен (қарапайым, күрделі) және ұзақ өміршеңдігімен (2-3 жылдан 10-12 жылға дейін) ажыратылады.
Жемісті бұтақшалардың ерекшеліктерінің бірі – жеміс қалталарының болуы. Жеміс қалталары – алдында (бұрын) жеміс байланған орынның (ұшының) немесе жемісті бұтақшалардың бір бөлігінің қампаюынан пайда болады. Олар, пластикалық заттар қоры сақталатын қабық ұлпаларының жуандауының нәтижесінде пайда болатын алмұртта және алманың кейбір сұрыптарында әсіресе ірі болады (4-сурет). Жемісті жарандылар (плодухи) – 6 жастан асқан жемісті бұтақшалардың тарамдарынан, молырақ тарамдалған көп жылдық құрылғылар. Жемісті бұтақшалардың кейбіреуі 20 жылға дейін өміршең келеді.
Тепкілер немесе жемісті бұтақтар – жаппай өсетін қысқабұтақшаларының буынаралықтары жақын, әрі бүйірлік бүршіктері біріне-бірі жақын (0,5-10 см). Бүйірлік бүршіктері көбінесе гүлді, ал жоғарғылары – өсінді. Тепкілік қара өрік пен өріктің кейбір сұрыптарына тән. Өміршеңдігі 2-5 жылдай, кейбір сұрыптарда жасы келе олар бұтақтанады. Шоқ бұтақшалар – ұзындығы 0,5-3 см-дей болатын, қаптай өсетін жемістік қысқа бұтақшалар. Жоғарырақ топтаса орналасқан бүршіктерінің 1-і немесе 2-і өсімді және 4-10 гүлді. Шиеде, тәттішиеде, алшада және уссурий қара өрігінде болады.
Аралас бұтақшалар – бір жылдық жемістік бұтақшалар, шоқты бұтақшаларға қарағанда ұзынырақ келеді. Оларда бүйірлік бүршіктерінің біреуі гүлді, екіншілері өсімді болады.
Жаппай өсетін бұтақтарға жапырақ қолтықтарында немесе өркендердің ұшында орналасқан тікенектерді (алманың жабайы түрлерінде, алмұртта, алхорыда, өрікте) және жасушаның ағаштанған жасушаларынан (қарлығада) немесе эпидермис жасушаларынан пайда болған (таңқурайда) тікендерді жатқызады.
Жапырақтар – топырақ үстілік жүйенің белсенді мүшесі. Олардың негізгі қызметі – фотосинтез немесе көмір қышқыл газ бен судан органикалық заттар құрастыру. Жеміс өсімдіктерінде жапырақтар өркеннің бүйір жағында дамиды. Ол сағақтан және тақташадан (алақаннан) тұрады. Көптеген өсімдіктердің жапырағының негізінде бөбешік жапырақшалар болады. Морфологиялық құрылысы бойынша жапырақтар әр алуан болады. Жапырақ ұшы (қылтықты; үшкір ұшты; ұшталған немесе үшкір; мұқалған; дөңгелектеу; қиықты); жапырақ негізі (жүрек пішіндес; бүйрек пішіндес; дөңгелектеу; дөңгелекті-сыналы; сына тәрізді; созылыңқы; қиықты; қырлары біркелкі емес); жапырақ шеттері (бүтін; толқынды; тісті; қос тісті; ара тісті; қос ара тісті; қашалы; қос қашалы), жапырақ пішіні (дөңгелектеу; сопақ; қандауырлы), жапырақ беті (жылтыр; күңгірттеу; тегіс; әжімді; жалаңаш немесе түкті).
Жапырақтар қарапайым және күрделі болады. Қарапайым жапырақта (алма, алмұрт, қара өрік, шие, тәттішие, қарақат) бір тақташық болады, күрделіде – бірнешеу (грек жаңғағы, таңқурай, бүлдірген). Күрделі жапырақтар болады: сағақтың бір нүктесіне бірнеше тақташалар бекісе, үштік – бірнеше жапырақ тақтасынан тұрады (бүлдірген мен құлпынай); күрделі саусақты – бірнеше жапырақ тақтасы негізгі сағаққа бір нүктеде бекиді (талшын); күрделі қауырсынды – жапырақтар сағақтың өн бойында орналасады. Егер күрделі қауырсынды жапырақ дара жапырақпен аяқталса, оны таққауырсынды жапырақ деп атайды (таңқурай, грек жаңғағы).
Жапырақтардың өркендерінде белгілі бір жүйелілікпен орналасуын жапырақ орналасуы деп атайды. Жапырақ орналасуы шиыршықтанып және күлтеленіп жүруі мүмкін. Жапырақ ширатылып орналасса, онда жапырақтар тобы бірінің үстінде бірі бір қатар бойында болады. Жапырақтардың осы қатарларын қосатын сызықты ортостихтар деп атайды. Өркендегі барлық ортостихтардың саны жапырақ айналымындағы жапырақтардың санына тең болады.
Жапырақ айналымы (циклы) деп, келесі жапырақ айналымында бірінші болатын, бір ортостихтың бұтақ шиыршығындағы төменгі жапырақтан жоғарғы көршілес жапыраққа дейінгілерінің жиынтығын айтады.
Жапырақтың айналымды орналасуының әртүрлі нұсқаларын бөлшекпен белгілейді: алымы – бір жапырақ айналымындағы шиыршықтардың санын, бөлімі – жапырақ айналымындағы жапырақтар санын көрсетеді. Көптеген жеміс ағаштарында шиыршықтың екі айналымында бес бүршік (және жапырақ) орналасса, ал алтыншысы біріншісінің, жетіншісі екіншісінің және т.т. үстінде орналасады. Мұндайда жапырақ орналасу айналымы 2/5-ке тең дейді. Бұдан басқа да жапырақ орналасу айналымы болады (3/8, 4/11, 5/13, 1/2 және 1/3). Сонымен бірге, бір өркеннің төменгі бөлігінде бір айналым, жоғарғы бөлігінде екінші (басқа) айналымы болатыны да белгілі. Өркенде бүршіктер жапыраққа ұқсас орналасады. Жапырақ орналасу айналамына байланысты ағаштың көршілес бұтақ-бұтақшаларының тарамдалу бұрышы бірдей болмайды, сондықтан бөрікбасты қалыптастыру кезінде оны ескерген жөн.
Бүршіктер. Сүңгек, бұтақ-бұтақшалар, бұтақтар, жеміс құрылымдары, гүлдер, жемістер және топырақ үстілік жүйенің басқа да бөліктері бүршіктен дамиды. Бүршік деп, салыстырмалы түрде тыныштық (бұйыққан)күйде болатын, ұрықтық өркенді айтады. Ол біліктен, өсу конусынан, жапырақтың (немесе екеуінің де) ұрық жұрнағынан, жапырақ немесе оның жекелеген бөлігінің өзгерген түрі ретінде болатын, қолтықтық бүршіктің және жамылғы бүршік қабықшасының ұрық жұнағынан тұрады. Ағаштың негізін (қаңқасын) дұрыс құру, қаптай өсетін бөліктерін қалыптастыру, жапырақтардың, гүлдердің және жемістердің дамуын дұрыс басқару үшін әр жеміс маманы бүршіктердің түртегін, олардың құрылысын және биологиялық ерекшеліктерін білуі керек. Өсімдік шаруашылығы іссанасында бүршіктерді өсімдіктерді телімдеуде (ұластыруда, көзсабақтауда) пайдаланады.
Жеміс өсімдіктерінің бүршіктері өзара құрылысы және қызметі (функциясы), сабақта орналасу орны, жандану (көктеу) мерзімі бойынша ажыратылады.
Жеміс өсімдіктерінің бүршіктері құрылысы және қызметі бойынша өсінді (вегетативті) және жемістік (генеративті) болады.
Өсінді бүршік – бұл жоғарғы меристеманы – өсу конусын жауып тұратын, ұрықтық жапырағы бар қысқа өркен. Бүршік қалыптаса бастаған кезде өсу конусын бойлап тілгенде, бірі ірі екіншісі кішірек, біріне-бірі қарама-қарсы орналасқан ұрықтық екі төмпешікті көруге болады. Олардан кейін конустың бүйірінен жапырақтың жақсы дамыған ұрығы орналасады.
Жемісті бүршіктер құрылысы бойынша қарапайым және аралас болады.
Қарапайым жемісті бүршіктерде жақсы дамыған гүл жұрнақтары болады. Өсінді бөлігі жетілмеген және нағыз жапырақтар дамыта алмайды. Бұлар сүйектілерге (шие, тәттішие, алхоры, өрік, шабдалы), жаңғақтыларға (грек жаңғағының аталық гүліне, пекан, фундук), жидектілерге (қызыл қарақатқа), цитрустыларға (лимон) тән. Өсінді жұрнақтардың болмауынан гүлдегеннен және жеміс байлағаннан кейін жемісті өркенінің орнында тек жеміс тыртықтары қалады, яғни бұтақ жалаңаштанады.
Аралас жемісті бүршіктерде гүлдердің, гүл шоғырларының, жапырақтарының және қолтықтық өсінді бүршіктерінің толыққанды жұрнақтары болады. Осындай бүршіктердің біреуінен жемісті өркендер, жапырақтар, өркендер пайда болады. Бұл шекілдеуіктілерге (алма, алмұрт, беке, долана, ырғай), жаңғақтыларға (талшын, пісте), жидектілерге (қара қарақат, қарлыға, мүкжидек, қожақат) тән.
Кейбір жылдары жемісті бүршіктер сүйектілерде, ал қарапайымдар – шекілдеуіктілерде, бірақ бұл өте сирек, байқалады.
Өсінді және жемісті бүршіктер өзара көлемі және пішіні бойынша ажыратылады. Әдетте жемісті бүршіктер ірі, жалпақ жұмыртқа, жалпақ шошақ тәрізді немесе шар пішіндес, доғаланған ұшты болады. Бұл айырмашылықтар күзге қарай айқындала түседі, сондықтан келесі жылдың өнімін болжауда іссаналық мәні зор.
Жеміс өсімдіктерінің өркендерінде бүршіктер әдетте, жапырақ қолтығында орналасады, сондықтан оларды қолтықтық деп атайды. Өркендер өскен жылы пайда болған бүршіктерді көзшелер деп те атайды.
Өркендегі орнына байланысты бүршіктер ұштық (жоғарғы) және бүйірлік болады. Жапырақ қолтығында көбінесе біреуі немесе екі-үш бүршік пайда болады да, оның біреуі – ортасындағысы – жақсы дамиды, ал екеуі әлсіз – орынбасарлар – негізгісі қурағаннан кейін өсе бастайды.
Бір буындағы санына қарай бүршіктер дара және топтасып орналасады. Топтасып орналасу сүйектілерге – шиеге, тәттішиеге, өрікке, шабдалыға және алхорының кейбір сұрыптарына тән.
Ұзындығы бойынша, шекілдеуіктілер мен сүйектілердің өркендерінің ортасында, қарақат пен қарлығада – төменгі жағында, таңқурайда - өркеннің ұшында орналасқан қолтықтық бүршіктер ең жақсы дамығандар болады. Бұл ерекшелік бүршіктің аласапалылығы деген атау алды.
Жапырақ қолтығынан тыс қалыптасқан бүршікті қосалқы немесе келімсек немесе сыртқы (адвентивті) деп атайды. Олар аз немесе тіпті де мүшеленбеген (дифференцацияланбаған), жапырақ қолтығынан тыс, кез келген мүшеде – өркендерде, тамырларда пайда болатын бүршік жұрнақтары. Қосалқы бүршіктер жиірек өркеннің негізінде, яғни сақина маңайында пайда болады. Бұл бүршіктер, әдетте, бұйыққан бүршіктерге әсер ететін факторлар әсерінен өсе бастайды да, олардан қалемшеден өсінді жолмен (қарақат, қарлыға), көгенсабақтармен (аса бойшаң емес телітушілер) көбейткенде жаңа мүшелер пайда болады. Өсімдікті тамыр қалемшелерімен (аса бойшаң емес телітушілер) және тамыратпаларымен (алхоры, шие, тәттішие) тамырдың балапан бұтақшаларымен көбейткенде тамырдың қосалқы бүршіктерінен өркендер пайда болады.
Бүршіктердің жанданғыштық қабілеті – бұл олардың пайда болған жылы немесе келесі жылы өсе бастау қасиеттері. Ол бір бұтақтағы бүршіктердің өсе бастағандарының жалпы санына қатынасы бойынша анықталады (%): 20-ға дейін өте төмен, төмен – 21-30, орташа – 31-50, жоғары – 51-70 және өте жоғары – 70-тен артық. Тез жетілгіш бүршіктер қалыптасып қана қоймайды, өркенге айналып (шиенің, шабдалының, қара өріктің және т.б. бүршіктері) үлгереді. Бүршіктердің тез жетілгіштігінің көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, соғұрлым онтогенез этаптары пәрменді өтеді, жемістенуі ертерек басталады.
Өркен жайғыштық қабілеті – жанданған бүршіктердің қуатты өркенге дамуы. Ол жанданған бүршіктердің, ұзындығы 10 см артық, ұзын өсінділер қалыптастыра алатындығымен анықталады (%): өте төмен 5-ке дейін, төмен – 10-ға, орташа – 15-ке, жоғары – 25-ке және өте жоғары – 25-тен артық.
Өркеннің орнын толықтырғыш қабілеті – өсімдіктердің, бұйыққан бүршіктері мен қосалқы бүршіктері жанданғанда, негізгі бұтақтарда өркен қалыптастыру қасиеті. Орын толықтырғыш өркендер аязбен зақымданған бөрікбасты қайтадан жандандыруға және жеміс өсімдіктерін жасартуға мүмкіндік береді. Бұйыққан бүршіктердің орнын толықтырғыш өркендердің өсіп шығуына көп жылдық сүрекке кесу немесе бұтақтарды көлбеулеуге (көкжиектетуге) мүмкіндік береді.
Бүршіктердің жанданғыштық және өркен жайғыштық қабілеті сабақтың пәрменділігін және бұтақтану ерекшеліктерін, сондай-ақ едәуір деңгейде сыртқы түрін (пішінін) және өсімдіктің бүкіл құрылысын анықтайды. Бұтақтану ерекшелігі айтарлықтай деңгейде жекелеген тұқымдықтардың және жеміс өсімдіктерінің сұрыптарының кесу сипатын анықтайды. Жандануы жақсы және өркен жайғыштық қабілеті жоғары болғанда өсімді түртекті бұтақтар көп болады да, бөрікбастың қоюлануына әкеледі. Бүршіктердің жанданғыштығы жоғары, ал өркен жайғыштық қабілеті төмен болғанда күшті сабақтары аз, бірақ жеміс бүршіктерін мол салатын, қысқа бұтақтары көп сирек бөрікбастар қалыптасады.
Гүлдер мен гүл шоғырлары
Гүл – тарамдалмаған түрі өзгерген өркен түрінде болатын, жабық тұқымды өсімдіктердің жыныстық көбею мүшесі. Жеміс және жидек өсімдіктерінің гүлдері шамасы, түсі, гүл тостағаншасының жеке жапырағы, гүлтесінің, аталығының және аналығының құрылысы бойынша әр алуан келеді. Жеміс және жидек өсімдіктерінің көбінің гүлдері бес мүшелі құрылысты. Көптеген тектерде – алмада, алмұртта, бекеде, алхорыда, өрікте, шиеде және т.б. жақсы байқалса, грек жаңғағында және талшында – әлсіз байқалады немесе болмайды. Сүйектілерде – алхорыда, шиеде, тәттішиеде, өрікте, шабдалыда және т.б. гүл тостағаншасының жапырағы түседі, шекілдеуіктілерде – алмада, алмұртта, бекеде – түспейді.
Тектердегі аталықтардың саны бірдей емес. Қарақатта – 5, грек жаңғағында – 10-12, алмада – 15-20, алмұртта – 18-22, алхорыда, өрікте, шабдалыда – 30-40, бүлдіргенде, таңқурайда одан да көп. Алхорыда, шиеде, тәттішиеде, өрікте, шабдалыда жатын (түйін) бір ұялы, ұштық; алмада, алмұртта, бекеде, қара қарақатта – жатын төменгі, көп ұялы.
Жеміс өсімдіктері гүлдерінің құрылысы және атқаратын қызметі бойынша да өзгешеленеді. Барлық шекілдеуіктілерде, сүйектілерде, цитрустыларда, субтропиктілерде (құрмадан басқа) және жидектілерде (құлпынайдан басқа) гүлдерінде аталық пен аналық гүл болады. Мұндай гүлдерді қосжыныстылар дейді. Қос жынысты гүлдерді, әдетте, бунақденелілер (энтомофилділер) тозаңдатады. Басқа біреулерінде гүлдері – аталықсыз (аналықтары ғана) немесе аналықсыз (тек аталықтары) болады; оларды дара жынысты дейді. Ал, тағы біреулерінде аталық және аналық гүлдері болғанымен, олар жетілмеген, сондықтан өздеріне тән қызметтерін орындай алмайды. Аталықтары жетілмеген гүлдерді тек (функционалды) аналықтар, ал аналықтары жетілмегендерді тек (функционалды) аталықтар (жүзімнің кейбір сұрыптарында) деп атайды.
Аталық және аналық гүлдер бір өсімдікте (орман жаңғағы, грек жаңғағы, талшын) немесе әр өсімдікте (құлпынай, інжір) болуы мүмкін. Біріншісін бір үйлі, екіншісін қос немесе екі үйлі деп атайды.
Гүл шоғырлары. Гүл шоғыры – гүлдері мен азды-көпті түрі өзгерген ұштық (жоғарғы) жапырақтары – гүл күлтесінің жапырақтары мен жапырақшалары бар – бұтақ (өркен). Бір жеміс бүршігінен саны әртүрлі гүлдер пайда болуы мүмкін: бірден (өрік, шабдалы), бір-бірімен қарапайым немесе күрделі гүл шоғырына топтасқан ондаған (жүзім) гүлдер. Жеміс өсімдіктерінің негізгі тектерінде мынадай гүл шоғырларының түртектері болады.
Бұтақбас немесе шашақгүл. Қарапайым бұтақбаста жақсы жетілген негізгі білігі және ұзындықтары бірдей бір қатарлы бүйірлік біліктері болады (антипка, қарамойыл, таңқурай, қарақат, қарлыға, зәйтүн). Егер бұтақбас біреу болмай, екеу немесе одан да көп бұтақтану реті болса, оны күрделі бұтақбас немесе шашақгүл дейді (жүзім, құрма пальмасы, пісте, авокадо).
Шатыргүл. Шатырдың қысқа орталық білігі болады да, бүйірлік гүлдердің гүлсағақтары бір жапырақтан тарайды. Гүлдері күмбез тәрізді орналасады немесе бір жазықтықта (алма, шие, шабдалы) орналасады. Шатыргүлдің орталық гүлі жақсы дамыған және ерте гүл жарады. Қарапайым гүл қалқаншасы бұтақбастан, бүйірлік гүлдердің гүл сабақтарының ұзындығы негізінен, негізгі білікке қарай қысқара түсетінімен өзгешеленеді, нәтижесінде гүлдер бірдей жазықтықта орналасады (алма, алмұрт, шетен, долана). Егер гүл қалқаншасында әрбір бүйірлік білігі қарапайым гүл қалқаншасы сияқты бұтақтанса, оны күрделі гүл қалқаншасы немесе гүл қалқаншалы шашақбас (шетен, шәңгіш) дейді. Гүл қалқаншасында төменгі гүлдері бірінші болып ашылады және жақсы дамиды.
Дихазий немесе қос жақты ұштық гүлдің әрбір орталық білігі дара гүлмен аяқталатынымен сипатталынады. Одан төмен, орталық біліктегі гүл сабағымен салыстырғанда, біршама ұзынырақ екі бүйірлік гүл сабақтары дамиды. Әрбір бүйірлік біліктер дара гүлмен аяқталады. Бүлдіргенде кездеседі.
Сырға гүлшік – білігі иіңкі бұтақбас тәрізді гүл шоғыры. Гүлдеу аяқталғанда сырға гүлшік толығымен түседі (грек жаңғағының, орман жаңғағының немесе шаттауықтың (фундуктың) аталық сырға гүлшіктері).
Масақ – ұзынша біліктегі отырыңқы гүлдер (гүл сағағынсыз) (майлы пальма, тұт).
Собық – масақ сияқты гүл шоғырында отырыңқы гүлдері етті білікте (ананас) орналасқан.
Жұмыр (бас) – қарапайым гүл сағағы өте қысқа болғандықтан гүл шоғыры жұмыр пішінді келеді (дәмжапырақ).
Жеміс тұқымдарының сұрыптарының басым бөлігі өзара жеміссіздігімен сипатталады. Қалыпты өнімін және жемісін алу үшін бұл сұрыптарды айқас тозаңдандыру қажет. Осыған байланысты өнеркәсіптік егістіктерде сұрыптары өзара тозаңдануын ескеріп орналастырады.
Жемістер. Жеміс бір немесе бірнеше гүлдердің тозаңдануының нәтижесінде пайда болады. Кейбір тұқымдар мен сұрыптарда партенокарптық жемістер – тұқымбүршігі тозаңданбай-ақ (алмұрттың, мандариннің, апельсиннің кейбір сұрыптары) дамуы мүмкін.
Жеміс тұқымнан және ұрыққаптан (перикарптан) тұрады. Ұрыққаптың құрамдас бөлігіне төмендегілер жатады: экзокарпий, мезокарпий және эндокарпий. Экзокарпий – бұл жемістің сыртқы қабығы. Ол түкті немесе түксіз, жұмсақ және көн тәрізді, ағаштанған және ағаштанбаған, жұқа және қалың, боялған және боялмаған болуы мүмкін. Айталық, шабдалының экзокарпий түкті; шиенікі – түксіз, жұқа, боялған; қарлығанікі – көн тәрізді; орман жаңғағында – ағаштанған. Мезокарпий – жемістің ортаңғы қабығы. Етті, жеуге жарамды – алма, алмұрт, шабдалы және т.б., құрғақ – орман жаңғағы, сүйектілерде – бір қабатты, қос қабатты – шекілдеуіктілерде. Эндокарпий – жемістің ішкі қабаты. Сүйектілерде – қатты қабықты, алмада – тұқым камерасы пергаментті пластинка, алмұртта – тасты жасушалар, лимонда, мандаринде – шырынды, жеуге жарамды.
Қойбүлдірген тәрізді алма жемісінің еті тек гүл түтікшесінің ұлпасынан пайда болады, экзо және мезокарпы қауызды, эндокарпы – әр жеміс жапырақшасында дараланған және бір жемісті қаумалайды.
Цитрустыларда (померанецтер), жұмсағы қауызды эндокарптың және мезокарптың субэпидермалды жасушаларынан дамитын, жеуге жарамайтын, ал кинканда бүкіл перикарпы жеуге жарамды, шырынды қалталардан тұрады. Анардың жұмсағы көптеген тұқымдардың тұқымдық қабығының сыртқы шырынды қабығынан тұрады; піскен жемістің гүлді түтікшесінің ұлпалары мен перикарпы кебеді де, қатты, көн тәрізді қабық қалыптастырады.
Жидек жемісіне мезо және эндокарпылары бітіскен жұмсақ құрамдар тән (авокадо); қарлыға да сондай, бірақ сонымен бірге айтарлықтай деңгейде шырынды тұқымқабығымен – ариллоидтарымен (ұрық жұнағының сыртқы интегументінің қабық тәрізді безі); қара қарақат – тек аздап мезо және эндокарптарымен, бірақ негізінен қуатты өскен ариллустарымен (тұқым жұрнағының негізгі бөлігінен және тұқымды қаптап тұратындарынан, бірақ тұқым қабығымен бітіспегендерімен); қызыл қарақатта – негізінен мезо және эндокарптарынан және аздап ариллустарымен ерекшеленеді.
Жеміс дақылдарының жемістерін жіктеу
(И.П.Игнатьева және т.б., 1990) Топ
|
Жемістің, тектің атауы
|
Жидек тәрізділер
|
Алма (алма, беке, арония, алмұрт, ырғай, шетен, хеномелес); қой бүлдірген тәрізді алма (долана, германдық мушмула); цитрустар немесе померанецтар (апельсин, манап, лимон, мандарин, понцирус); анарша (анар); жидек (авокадо, жүзім, қарлыға актинидия, қарақат, фейхоа, құрма)
|
Қой бүлдірген тәрізділер
|
Шырынды қой бүлдірген (қара өрік, шие, тәттішие, өрік, шабдалы, қызыл, алша, шырғанақ, унаби); Шырынды қой бүлдірген жиынтығы (таңқурай, қожақат); құрғақ қой бүлдірген (грек жаңғағы, миндаль, пісте).
|
Жаңғақ тәрізділер
|
Жаңғақ (орман жаңғағы); жиынтық жаңғақша (итбүлдірген, бүлдірген).
|
Жеміс шоғырлары
|
Талшын, інжір, тұт, ананас
|
Лимонниктің жемісі шырынды жапырақтар топтамасы – бір гүлдің көптеген аналық жатынынан дамыған шырынды жапырақтар жинағы. Шырынды жапырақшалардың мәйегі мезокарптан қалыптасады.
Сүйектілер жемістеріне тән сипат – ағаш тәрізді эндокарптың – сүйектің болуы. Шырынды сүйектің жемісінің мәйегі етті, шырынды мезокарптан пайда болған. Құрғақ сүйектің жемістің мезокарпы пісуінің басында етті, бірақ толық піскенінде жартылай құрғақ немесе құрғақ, жеуге жарамсыз болады. Жемісінің жеуге жарамды бөлігі – дәнегі.
Шырғанақтың жемісі шырынды, бірақ бұл негізінен сүйекше (экзо және мезокарптары – қауызды, бітіскен, эндокарпы – көн тәрізді, тығыз). Жемістің мәйегі – құрғақ сүйекшені толығымен жауып тұрған, тостағанша тәрізді гүл қоршауының шоқтанып өскен түтікшесінің шырынды ұлпалары.
Шырынды құрама сүйекше жеміс бір гүлдің сансыз көп аналықтарынан дамиды. Әр аналықтың жатынынан шырынды сүйекше жеміс пайда болады (мезокарпы – шырынды, эндокарпы – көн тәрізді).
Жаңғақтылардың жемістері бір тұқымды, піскеннен кейін жарылмайды. Орман жаңғағының жемісінің перикарпы ағаштанған, бірақ дәнегімен бітіспеген. Жемісте гүл жапырақшаларынан жапырақ тәрізді табашық – орауыш пайда болады. Орман жаңғағында (шаттауықта) және фундукта жиі бірнеше жемістердің орауыштары негізінен тұтасып бітіседі де, жеміс шоғырын құрастырады. Жемістің жеуге жарамды бөлігі – дәнегі.
Итмұрынның құрама жаңғақша жемісі (көп жаңғақты) бокал тәрізді гүл тұғырының ішкі жағында – гипантияда дамыған сансыз жаңғақшалардан тұрады. Әрбір жаңғақша – ағаштанған перикарпы бар, тұқымымен бітіспеген, бір дәнекті жарылмайтын жеміс. Гипантий жаңғақша пісер мерзімге қарай ашық қызыл, сары, қара түске боялады және еті жеуге жарамды болады.
Бүлдіргеннің құрама тұқымшалы (көп тұқымшалы) жемісі сансыз тұқымшалардан – ашылмайтын бір тұқымды жемістерден тұрады.
Жеміс шоғыры – түйісе орналасқан және өркеннің өсінді бөлігінен анық оқшауланған, бір гүл шоғырының құрама жемістері. Жеміс шоғырының басым бөлігінің жемістері бітіспеген, әдетте, біріне-бірі түйісе орналасады. Сонымен бірге кейбір түрлерде, әдетте біліктері қуатты дамығандарда, жемістері және етті жабынды жапырақтарының негізі бітіседі де, бір жеміске айналғандай болады (ананас, т.б.).
Інжірдің жеміс шоғыры, бос алмұрт тәрізді пішіні бар және қуыстың ішінде дамитын сансыз жемістерден – тұқымшалардан тұратын, гүл шоғырының етті шырынды білігінен дамиды. Тұттың жеміс шоғыры, әрқайсысы аналықтың жатынынан пайда болатын, шоқтанып өскен, боялған, жеуге жарамды гүл қоршауында орналасқан тұқымшалардан – біліктер мен жемістерден тұрады. Гүл қоршаулары біріне-бірі түйісе орналасады, бірақ бітіспейді.
Нағыз талшынның жеміс шоғыры, шар тәрізді, ағаштанған табақшаларда дамыған, тұқмшалары піскенде ашылатын жармалы 2-3 жемістен тұрады. Жеке жемісі – емен жаңғақ – құрғақ, бір тұқымды, жұқа қыртысты (көнді) немесе жұқа ағаштанған перикарпты. Жемістің жеуге жарамды бөлігі – дәнек.
Тамыр жүйесі
Тамыр жүйесі өсімдіктің топыраққа бекуі, топырақтан өсуіне және дамуына қажетті су және еріген минералды заттарды сіңіруі үшін керек. Сондай-ақ күрделі органикалық заттарды түзеді, топырақ үстілік мүшелеріне сіңірілген және түзілген заттарды тасымалдайды, шығарушылық қызмет атқарады.
Тамыр жүйесінің қуаттылығына жеміс өсімдігінің өсу күші, ұзақ өміршеңдігі және өнімділігі тәуелді. Тамыр жүйесінің қалыптасуы және топырақ астылық қабатының топырақтың физикалық-химиялық қасиеттерімен, телітуші мен телінушінің биологиялық ерекшеліктерімен, бақтағы агротехниканың ерекшеліктерімен анықталады.
Жеміс ағаштарының тамыр жүйелері мен жекелеген тамырларын шығу тегі, бұтақтану реті, шамасы (көлемі), кеңістіктегі орны, морфологиялық-анатомиялық құрылысы және атқарған қызметі бойынша ажыратады.
Жеміс ағаштарында шығу тегі бойынша мынадай тамыр жүйелерін ажыратады:
Жемістілер (генеративтілер) – тұқымнан немесе тұқымнан тараған телітушілерге телінген өсімдіктердің тұқым ұрығының ұрықтық тамыршасынан пайда болғандар.
Өсінділер – бүлдіргеннің мұртшасының қосалқы (адвентивті) тамыршасынан, өсінді жолымен көбейтілген телітушінің сабақтамасынан (беже, дусен, парадизка), сабақ қалемшелерінен (қарақат, қарлыға, шие, шабдалы және жасыл қалемшелермен көбейтілетіндер); тамыр атпаларынан (шие, алхоры, таңқурай) пайда болғандар.
Көлемі және атқаратын қызметі бойынша жеміс өсімдіктерінде тамырдың үш тобын ажыратады:
Қаңқалылар – бұтақтанудың нөлдік және бірінші реттегі тамырлары (басты, негізгі); жартылай қаңқалылар – бұтақтанудың екінші, үшінші кейде төртінші реттегі тамырлары; жаппай өсетін тамырлар немесе тамыр ұштары – бұтақтанудың үшінші, төртінші және кейінгі реттегілерінің ұсақ (3 мм дейін) және қысқа (бірнеше см) тамырлары.Топырақта орналасу сипатына байланысты тамырларды былай бөледі: горизонталды (көкжиекті), азды-көпті топырақ бетіне параллелді; тік, топыраққа тіктеп бойлайды, жиі құрттардың ізімен; жарықтармен.
Тамырдың бұл екі тобы барлық жеміс және жидек өсімдіктеріне тән. Жиекті тамырлар тамыр жүйесінің негізгі бөлігін қамтиды және микробиологиялық үдерістер пәрменді жүретін және ағашқа қажет қоректік заттар көбірек жиналатын топырақтың беткі қабатына жақын орналасады. Топырақ түртегіне, ағаш тегіне, телітушіге және сұрыпқа байланысты жиекті (горизонталды) тамырлар 100-120 см бойлайды. Көкжиекті бағытта бұл тамырлар бөрікбас диаметрінен 1,5-2 есе және одан да алшақ қашықтықта орналасады. Тік тамырлар тереңірек бойлайды (м): шие, алхоры – 6-8 м; жидектерде – 1-2 м дейін.
Жаппай өсетін тамырлар жеміс ағаштарының негізгі тамыр жүйесінің ең пәрменді бөлігін құрастырады. Морфологиялық-анатомиялық құрылысы және атқаратын қызметі бойынша өсінді (біліктік), сорушы (пәрменді), өтпелі және өткізгіш тамырларды ажыратады .
Өсінді тамырлар – біріншілік құрылысты, ақ түсті, суды және қоректік заттарды сіңіруге қабілетті. Олардың негізгі қызметі – топырақтың жаңа көлеміне өту (өсу) және сіңіретін тамырдың бүйірлік бұтақтарын қалыптастыру. Өсінді тамырлар, сіңірушіге қарағанда, аз,жуан (2-3 есе) және ұзынырақ, жедел өседі, микоризасы болмайды және екіншілік құрылысқа өтеді.
Сорушы тамырлар – бұлар да біріншілік құрылысты, ақ түсті. Негізгі қызметі – айналасынан суды және қоректік заттарды сіңіру және соңғыларын органикалық түрге аудару. Тамырдың бұл түртегі жеміс өсімдіктерінде барлық тамырдың 90 % құрайды. Сорушы тамырлар, әдетте, екіншілік құрылысқа өтпейді және ұзақ өміршең емес – 15-20 күндей қызмет атқарады да, солып, жаңасымен алмастырылады. Сорушы тамырларда микориза болуы мүмкін.
Өсінді және сорушы тамырларда үш аймақты ажыратады: өсу және созылу аймағын, тамыр қылшықтарының аймағын немесе сорушы және тамыр қапшығын. Тамыр қылшықтары – тамырдың сору аймағының эпидермисінің кейбір жасушаларының қабырға сыртының шығыңқы түтікшелері. Тамырдың сору бөлігінің 1м2 300-ден (алма). 669-ға (қарақат) дейін қылшық саны болуы мүмкін. Алманың бір жылдық сеппесінде күзге қарай жалпы ұзындығы 3 шақырымға дейін жететін 17 млн-дай тамыр қылшықтары болады. Тамыр қылшықтарының өте көп болуының арқасында тамыр жүйесі қуатты сору бетіне ие болады.
Өткінші тамырлар - өсуші және сорушы тамырлар. Бұларда сору қызметі тежеледі де, өткізушіге айнала бастайды. Ол сырттай алғашқы кезеңде қабығының қоңырлануынан және тамырлардың қайта құрылуы кезінде солуынан байқалады.
Қайта құрылыудың өткізгіш тамырлары ашық немесе қоңыр қызғылт түсті, ұзындығы 1-2 мм-ден бірнеше метрге дейін, диаметрі миллиметрдің бөліктерінен бірнеше сантиметрге дейін. Қазған кезде өткізгіш ұсақ тамырлардың негізгі массасы жай көзбен де байқалады. Өткізгіш тамырлардың негізгі міндеті – төменгі және жоғарғы ағынмен суды және қоректік заттарды тасымалдау. Қоректік заттардың жиналу орны болып табылады, өсімдіктердің топырақта берік орналасуына әсер етеді және көптеген қосылыстардың түзілу орны саналады.
Өсінді және сорушы тамырлар сору және аздап өткінші аймақта бастапқы анатомиялық құрылысқа ие. Тамырдың бастапқы құрылысы жоғарғы (ұштық-апикалды) меристеманың негізгі жасушаларының бөлінуі және мүшеленуі (дифференцациялануы) нәтижесінде пайда болады. Тамырдың өткізгіш аймағының да екінші анатомиялық құрылысы болады. Ол екінші меристеманың – камбийдің іс-әрекетінен, тамырдың жуандану үдерісінң нәтижесінде пайда болады. Тамырдың екінші құрылысы ағаштың бүкіл тіршілігі кезінде сақталады. Тамырдың жылдағы жуандануы камбийдің іс-әрекетінің нәтижесінде жүреді. Мұндайда камбиальды жасуша төрт есе және одан артық, флоэма жасушасынан гөрі, жиі ксилема элементіне айналады.
Тамырдың өсуі біркелкі жүрмейді: олардың өсуінің негізгі екі және бірнеше қосымша (өсу жағдайына байланысты) кезеңдері бар екені анықталды. Ең жақсы байқалатыны көктемгі-жазғы (сәуір-маусым) және күзгі (қыркүйек-қараша) өсу кезеңдері. Мұны тыңайтқыш енгізгенде және топырақ өңдегенде ескереді.
Өсу, даму және жеміс салу заңдылықтары
Өсімдіктің өсуі және дамуы – өсімдік ағзасының қалыптасу негізіндегі маңызды тіршілік үдерістері, оның нақ және өздік дамуы (онтогенезі).
Өсу – ағза құрылымындағы жаңа жарандылармен (жаңадан пайда болған элементтермен) байланысты. Оның көлемі мен салмағының кері қайтпастай артуы. Осы анықтаманың екінші бөлігінің іссанадағы маңызы өте зор, себебі өнім және оның қалыптасу барысы (жолы), ең соңында сызықтық, көлемдік және салмақтық көрсеткішке байланысты болады.
Даму (М.Х.Чайлахян, 1982) – өсімдіктің немесе жекелеген мүшелердің, ұлпалардың және жасушалардың тіршілік әрекетінде, құрылымы мен қызметінде пайда болған сапалы өзгерістер.
Өсімдіктің өсу қарқыны, құрғақ зат жиналуы сияқты, ең әуелі тұрақты түрде, гүлдеудің басталғанынша арта береді де, одан кейін, ағзаның биологиялық қартаюының куәсі ретінде кемуі басталады. Өсуді реттеуде, өсімдіктегі алмасу реакциялары кезінде пайда болатын өсіргіш заттар мен нуклеин қышқылы үлкен рөл атқарады. Соңғы, жасушаның бүкіл тірі құрылымының негізін құрастыратын ақуыздардың түзіліуінде өте маңызды рөл атқарады. Өсімдіктің өсуі мен даму үдерістері морфогенезбен, яғни мүше қалыптастыру үдерістерімен байланысты.
Екпе көшеттер мен клон дараларының өздік дамуы
Барлық ағзаларға, тіршіліктің тоқталмауын және мирасқорлығын қамтамасыздандыратын, өздеріне ұқсастырады туындату қабілеті – көбею тән. Жемісті өсімдіктерде ол жыныстық жолмен, яғни жыныстық жасушалардың ұрықтануының нәтижесінде пайда болған тұқымнан, сеппе көшет деп аталатын, өсімдіктің пайда болуымен және өсінді жолмен, яғни өсімдіктің жекелеген бөліктері (бүршігі, сұлатпалары, қалемшелері) тұтас өсімдіктерге немесе дара клонға дейін қалпына келтіруімен жүзеге асырылады. Бір клонның барлық даралары өздерінің тұқымқуалаушылық ерекшеліктерінің біртектілігімен сипатталынады, яғни клон өзі алынған сұрыптың қасиеттерін сақтайды. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы іссанасында жемісті дақылдардың қасиеттері мен белгілерін сақтау үшін өсінділетіп көбейту кеңінен қолданыс тапқан. Өсінділетіп көбейткенде ғана жеміс өсімдіктерінің ерекшеліктерін, қасиеттері мен белгілерін сақтап қалуға болады. Тұқыммен көбейткенде сұрыптық түртектік, әдетте, сақталмайды.
Әрине, өсінділетіп көбейткенде де өркендердің, гүлдердің және жемістердің сирек болсадағы, өзгеруі байқалады. Олардың өзгеріс сипаты уақытшалық (түрлендіргіштік, модификациялық), яғни телітуші мен телінушінің немесе даралардың басқа климаттық жағдайға ауыстырылуымен байланысты болатын әсерлермен және жаңа клон алудың негізі саналатын – бүршіктік немесе ұлпалық нұсқалармен (вариациялармен) байланысты пайда болатын тұқымқуалаушылық сипатта болуы мүмкін.
Сеппе көшеттердің өзіндік даму барысында, олардың пайда болуынан (аналық жұмыртқаның ұрықтануынан, өсінді көбею мүшелерінің дербес тіршілігінің басталуы немесе аналық дараның бөлінуі) тіршілігінің соңына дейін өзгерістерінің жиынтығы өтетін үдерісті онтогенез дейді. И.В.Мичурин жеміс өсімдіктерінің онтогенезінде, морфологиялық белгілері мен қасиеттері өзгешеленетін 4 этапты (дәуірді) ажыратады.
1. Эмбриональды дәуірі зиготаның пайда болуынан басталады және тұқым жарнақтары мен алғашқы нағыз жапырақтарының қалыптасуымен аяқталады. Бұл дәуірде ағзаның дамуы бейімделгіштігімен және өзгергіштігімен ерекшеленеді.
2. Сеппе көшеттің жас дәуірі алғашқы нағыз жапырақшаларының пайда болуынан басталады және жеміс салуының алғашқы 3-5 жылына дейін жалғасады. Дамудың бұл дәуірінде сеппе көшеттер бейімделгіштігінің жоғарылығын сақтайды және қоршаған орта жағдайына айтарлықтай бейімділікке ие болады. Дәуірдің бастапқы кезеңінде екпе көшетте бастапқы ататегіне тән филогенетикалық белгілер байқалады да, даму барысында олар жоғалады және мәдени ататегіне сай қажеттермен алмасады – жапырақтарының көлемі артады және олардың түктілігі қоюланады, тікендері жоғалады және т.т. Жастық дәуірдің ұзақтығы түрлік ерекшеліктерге, табиғи жағдайларға байланысты болады. Мысалы, алмада ол 8-20 жылға бүлдіргенде 1-2 жылға созылады.
3. Дамудың өнімді (толысу және сақаю күйі) дәуірі сеппе көшеттің бейімделгіштігінің төмендеуімен және оның белгілері мен қасиеттерінің салыстырмалы төзімділігімен сипатталынады. Өсімдік бұл дәуірде ең мүмкін көлеміне, ең жоғары өнімділігіне жетеді, жапырақтар мен жемістердің морфологиялық және биологиялық көрсеткіштері тұрақтанады. Осы этапта өсінді көбейтудің барлық тәсілдерін қолдана отырып, ең құнды сеппелерді таңдап алады және көбейтеді.
Бірақ сеппе көшеттердің негізгі белгілері мен қасиеттерінің тұрақтылығы салыстырмалы түрде болады. Бөрікбаста балақтық өркендер пайда болғанда, өсімдіктің әртүрлі бөлігіндегі ұлпалардың бір текті болмауынан жабайылық (қарапайым, табиғи) белгілер пайда болуы байқалады. Бөрікбастың қат-қабаттарындағы (белдеулеріндегі) ұлпардың және бұтақтардың ұзындығының бірдей болмауы, көбейтуге қалемшелерді бөрікбастың жоғары шеттерінен дайындау керектігін болжайды.
4. Қартаю және қурау. Бұл дәуірде екпе көшеттердің иілімділігі және қоршаған орта жағдайына икемділігі, дертке және зиянкестерге төзімділігі күрт төмендейді, сондай-ақ өсуі және жарақаттардың жазылуы нашарлайды. Ағзадағы заттар алмасуының бұзылуына байланысты жемістері ұсақталады, жекелеген бұталары қурайды.
Жемісті өсімдіктердің өсу және жеміс салу кезеңдері
Өсу барысында клондық дарада жастық өзгерістер байқалады. Отырығызылғаннан кейін олар жедел өседі, бірақ жеміс салмайды. Кейін өсімдіктер жеміс салуға кіріседі және өнімділігі артқан сайын өсу үдерісінің баяулауы басталады. Осындай өзгерістерді ескеріп П.Г.Шитт жемісті ағаш өсімдіктерінде өсу мен жеміс салудың 9 кезеңін ажыратады. Олардың ішінде іссаналық маңызға бесеуі ие: үдете өсу кезеңі; өсу және жеміс салу кезеңі; жеміс салу және өсу кезеңі; жеміс салу кезеңі; жеміс салу және солу (қурау) кезеңі (7- сурет).
Үдете өсу кезеңі – тұқымның өнуінен алғашқы жеміс салуына дейін. Топырақ үстілік және тамыр жүйесінің үдей өсуімен және жаппай жапырақтануымен сипатталынады. Шабдалыда өсу кезеңі тіршілігінің 2-3 жылында аяқталады, сүйекті тұқымдықтардың басым бөлігінде, алма мен алмұрттың кейбір сұрыптарында – 4-5 жылда, алманың кеш пісетін сұрыптарында 10 жылға және одан да ұзаққа созылады. Агротехниканың осы кезеңдегі міндеті жетілген бөрікбасын және тереңге бойлайтын тамыр жүйесін қалыптастыру, жаппай тарамдалатын бұтақшалардың пайда болуына ықпал жасау, бұтақтардың өсуін реттеу, өсімдіктің шынығуын күшейту (үдету).
Өсу және жеміс салу кезеңі – алғашқы өнімінен тұрақты (ұдайы) жеміс салуға дейін. Қаңқалы бұтақтардың үдемелі күшті өсуімен, қаума бұтақшалар санының молаюымен, жоғары сапалы өнімнің жылда артуымен сипатталынады. Қаңқалы бұтақтардың дамуы жалғасады және тамыр жүйесінің шет жақтарында көптеген ұсақ тамыршалар пайда болады. Агротехниканың міндеті: бөрікбасты қалыптастыруды одан әрі жалғастыру, жаппай өсетін бұтақшалардың пайда болуын ынталандыру, діңнің шеңберін арттыру. Жеміс салу және өсу кезеңі – осы түрдің (ағаштың) тұрақты өнімнен ең жоғары жеміс салуына дейін. Ағаштың өсуінің баяулауы және жаппай өсетін бұтақшалар санының молаюы, өнімнің артуы, сондай-ақ жеміс салуының дүркінділігінің (кезектілігінің) басталуы, қаңқалы жаңа бұтақтардың пайда болуы байқалады. Агротехниканың міндеті: ағаштарды қалыптастыру және шырпу (кесу), өсімдіктің тамыр жүйесінің дамуына қолайлы жағдай жасау.
Жеміс салу кезеңі. Ең жоғары өнімдер алу. Бөрікбастың өсінді бөліктерінің өсуінің тоқталуымен және олардың жемістік құрылымдарға айналуымен бірге бөрікбастың шетіндегілердің және ішіндегілердің ұдайы қурауымен сипатталынады. Өнім берумен әлсіреген ағаштар аязға төзімсізденеді, зиянкестер мен ауруларға шалдыққыш келеді, жеміс салуы дүркін-дүркін болады және жемісінің сапасы нашарлайды. Тамыр жүйесі дамуының шарықтау шегіне жетеді, жекелеген қаңқалы және жартылай қаңқалы тамырлары қурайды, тамыр жүйесінің ұшында көптеген балақ-сабақ бұтақшалар түртектес жаңа тамырлар пайда болады. Агротехниканың мәні жасарта қырқуға, құнсыз жартылай қаңқалы бұтақтарды кесуге, өсімдікті, өнімді және топырақты күтіп-баптауды күшейтуге келіп тіреледі.
Жеміс салу және қурау кезеңі жартылай қаңқалы және жекелеген қаңқалы бұтақтардың және тамырлардың қурауымен, жаппай өсетін бұтақшалардың қурауының үдей түсуімен, бөрікбаста (жабайы) бұтақшалардың көбеюімен, тамыр жүйесінде – тамыр жүйесінің негізінен тарайтын, бірінші реттік жабайы тамырлардың пайда болуымен сипатталынады. Агротехникалық тәсілдер қарқынды қырқуға, сиретуге, қаңқалы бұтақтарды әлсін-әлсін ауыстыруға, өнімді мөлшерлеуге, ағаш пен топырақты күтіп-баптауға баса көңіл аударуға бағытталынады. Келе-келе ағаш бүтіндей қурайды, тек діңнің негізінде өз тамыры бар өркен пайда болады. Бұл өсу кезеңі, түбірден пайда болған өркеннің тіршілік әрекетінің жаңа айналымы болып табылады. Өндіріс жағдайында жемістік отырғыларды, олардың шаруашылық құндылығын жоғалтуына байланысты түбірімен қопарады.
Достарыңызбен бөлісу: |