Дәріс-4: Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар.
1. Жарық режимі
2. Жылу режимі
3. Ауа-газ режимі
4. Су режимі
Жарық режимі. Жарық – жасыл өсімдіктердің органикалық заттарды (фотосинтез) қалыптастыруына қажет жағдай. Жарықтың ең басты және негізгі көзі – күн. Өсімдік үшін жарық сәулесінің ұзындығы 300-ден 400 нм мәні зор. Қысқа толқынды (ҚТ – 300-400 нм) және ұзын толқынды (ҰТ – 400 нм >) жылу радиациясын ажыратады.
Өсімдіктер үшін негізгі саналатын қысқа толқынды радиацияның шегінде ультракүлгінді (толқын ұзындығы 400 нм кем), физиологиялық (350-450 нм), оның ішінде фотосинтез жолын анықтайтын ФБР (380-710 нм) ажыратады. Түзілудің ультракүлгінді бөлігі айтарлықтай деңгейде С дәруменнің жиналуын, өсімдіктің суыққа төзімділігін және өсу сипатын анықтайды.
Күн сәулесі өсімдікке тік және шашыраңқы түседі. Тік сәуле өсімдікке параллель, негізінен сыртқы жапырақтарға және нағыз тал түсте түседі.
Шашыраңқы радиация күн сәулесінің атмосферадағы су буына, мұз кристалдарына, шаңға түйісіп шағылысуының нәтижесінде пайда болады. Шашыраңқы радиация күн көзіне қарсы тұрған жапыраққа ғана емес, көлеңкедегі жапырақтарға да түседі (жетеді). Ең көбірек шашырайтындар қысқа толқынды сәулелер (ультракүлгіндер, күлгіндер).
Тік және шашыраңқы радиацияның арақатынасы географиялық орынның еніне, бұлттылыққа байланысты болады және тәулік бойы өзгеріп отырады. Қыста шашыраңқы сәуле басым болады. Көктемгі күн сәулесінде ұзын толқын, жаз күніне қарағанда, басымырақ болады. Таңертең және кешке қарай қызыл сәуле молаяды және күлгін сәуле мен ФБР (фотосинтетикалық белсенді радиация) саны азаяды. Бір өлшем уақытта жазықтыққа тік (перпендикулярлы) келіп түсетін күн қуатының ағымын радиация пәрменділігі немесе сәулелену дейді және Дж/см2. мин., немесе Вт/см2 белгілейді.
Әдетте, іссанада жарықтану режимін сипаттау үшін, бір өлшем алаңға түсетін жарық ағымымен анықталатын жарықтылықты пайдаланады. Жарықтылықты люкспен өлшейді. Өсімдіктердің басым бөлігіне 20-30 мың люкстік жарық жеткілікті болады, егер өсімдіктер жеке-жеке орналасса, ал жинақы орналасқандарға ол жоғарырақ болуға тиіс. Салыстырмалы түрдегі жоғары жарықтылық өндірімінің сапасын жақсартуға, дәрмектердің көбеюіне, ағзалар үшін зиянды нитраттар мен нитриттердің төмендеуіне мүмкіндік жасайды. Жоғары жарықтылық (60-70 мың және одан жоғары люкс) өсімдіктің өсуін тежейді. Мұндай жағдайда жапырақ және жеміс бетінің температурасы өсімдік үшін бүлдірушілік шектен асады (жарық күйдіргі). Көктемде немесе ұзаққа созылған бұлыңғыр күндердің ашық ауа райына ауысқандағы, төмен жарықтанудың жоғарыға күрт ауысуы ерекше зиянды.
Жеміс өсімдіктерінің дерлік бәрі жарық сүйгіштер, жарық жеткіліксіз болса өнімділіктерін нашарлатады.
Өсімдіктің жарықтың жеткіліксіздігіне реакциясы көптеген жағдайларға байланысты болады: түрлік және сұрыптық қасиеттеріне, өсінді кезеңіне, жекелеген мүшелері мен оның бөліктеріне, кешенге қатысатын басқа да жағдайларға және т.т. Мысалы, тәттішие ағашы өте жарық сүйгіш, ал актинидия болса – көлеңкеге шыдамды өсімдік. Өсімдіктің гүлдеу кезеңінде жарыққа талабы, бүршік ату кезеңімен (табиғи тыныштық кезеңін айтпағанда) салыстырғанда өте жоғары. Бір өсімдіктің репродуктивті мүшелері, өсінділерге қарағанда жарыққа жоғары талап қояды.
Ағаштар жиі отырғызылса бойлап өседі. Мұндайда жарықтың жеткіліксіздігінен бөрікбас ішіндегі ұсақ бұтақшалар мен жемісті бұтақшалар солып қалады, бұтақтардың ұшы жалаңаштанады, жемістер тек олардың ұштарында ғана байланады; жапырақтары ұсақ, жұқа, ашық жасыл түсті болады, өркендер ұзарады, ал жемістері уақ және бояуы әлсіз келеді; жемістенуі бөрікбастың шетіне қарай ауысады.
Сирек отырғызылғанда, әр ағаш жақсы жарықтанғанда, бөрікбас аумақты (жалпақ) болады, бұтақтардың жалаңаштануы шамалы, өркендері жуанданып өседі, жапырақтары жалпақ, қою жасыл түсті, жемістері ірі, бояуы анық келеді.
Өсімдіктің өсуі және өнім қалыптастыруы жарықтанумен бірге күннің ұзақтығына да байланысты. Өсімдіктің күн мен түннің ауысуына реакциясын фотопериодизм деп атайды. Жеміс ағаштарын қатаң қысқа немесе ұзақ күннің өсімдіктеріне жатқызуға жемісшілердің негізі болмаса да, өсімдіктердің өсінді кезеңіндегі жарықтанудың ұзақтығы олардың өсуіне және дамуына елеулі әсер етеді. Мысалы, өрік пен грек жаңғағы нағыз оңтүстіктік дақыл болғанымен, Ленинградтың қысқа күнінде қосымша жарықтандырғанда ойдағыдай (табысты) өсе алады. Филогенездері солтүстік ендікте өткен қарақат, қарлыға, мүкжидек ТМД елдерінің ортаңғы алқабында ойдағыдай дамиды.
Жеміс өсімдіктерінің жазғы даму айналымында жарыққа деген талабы бірдей емес. Айталық, жаздың алғашқы жартысындағы ұзақ күн бүлдіргеннің мұртшаларының пайда болуына (ынталандырса) ықпал етсе, жаздың екінші жартысында күннің ұзақтығы кемігенде, гүл мүшелерінің қалыптасу үдерісі басталады.
Жеміс өсімдіктерінің ішінде пісте, зәйтүн, шабдалы, өрік, құрма пальмасы жарық сүйгіштер тобына жатады. Алма, алмұрт, тәттішие, грек жаңғағы жарыққа шамалылау талап қояды. Қарақат, қаражидек, көкжидек жарық жеткіліксіз болғанда да өсе алады. Есейе келе ағаштар мен бұталар жарық сүйгіш келеді. Өсімдіктердің көлеңкеге төзімділігі оңтүстікке, жарық сүйгіштігі солтүстікке қарай ауытқығанда арта түседі.
Бақтарда жарық режимін отырғызу жиілігін, бөрікбас пішінін және кесу деңгейі мен бұтақтың енкіштігін, сондай-ақ жер бедерінің әртүрлі әуелілері мен отырғызу кезінде қатардың бағытын таңдау арқылы реттеуге болады. Қорғаулы жерлерде (жылыжайда, әйнекжайда), тұқымбақтың егіс жалдарында немесе селекциялық егістіктердің кішігірім телімдерінде жарық ағынын жарым-жартылай басқаруға болады; күннің ұзақтығын қысқартуға немесе ұзартуға, көлеңкелеу немесе қосымша жасанды жарықтандыру көмегімен табиғи жарықтануды күшейту немесе әлсіздендіру.
Достарыңызбен бөлісу: |