Дәріс-14: Жемістерді жинау технологиясы.
1. Өнімділікті болжау және анықтау.
2. Өнімді жинау.
Өнімділікті анықтау үшін бақтың сұрыптық және жас құрамы, олардың өткен жылдардағы өнімділігі жөнінде нақты мәліметтерді білу керек.
Болатын өнімді үш рет анықтайды: байланған гүл бүршіктерінің саны бойынша күзде; көктемде, гүлдеу кезеңінде және соңғы рет түйіндер маусымда түскеннен кейін жекелеген бұтақтардағы (үш ағаштың үш бұтағында) қалыптасқан жемістерді санаумен және оны бір ағашқа есептеумен. Бір ағаштағы жемістердің орташа санын бір жемістің орташа салмағына және бір гектардағы ағаштар санына көбейтіп, 1 гектардан алынатын болжамды орташа өнімді анықтайды. Алынған деректерді қосып және 10 % кемітіп (шашылатындарына), бақтан алынатын бүкіл өнімді білуге болады.
Жиналған өнімнің сапасы, оның тасымалдылығы және сақталуының ұзақтығы көбінесе жемістерді жинау уақытына байланысты. Уақытынан бұрын жиналған жемістерде қажетті дәмділік болмайды және нашар сақталады. Тым піскен жемістер ағаштан оңай шашылады, дәмдік сапаларын жоғалтады, сақтағанда ұнтақтанады және борпаңданады.
Жемістердің пісуінің 3 деңгейін ажыратады: жинаулық (үзу), техникалық және тұтынушылық. Жинаулық пісуі жемістерде негізгі өсу үдерісі, заттардың жиналу үдерісі тоқтағанда, жемістер сұрыпқа тән түс пен хош иістілікке ие болғанда басталады. Техникалық пісу жинаулық пісуден 2-3 тәулік кеш басталады, жиналынған жемістер өңдеуге және алысқа тасымалдауға пайдаланылады. Тұтынушылық (толық) жетілуге жеміс қоймада жетеді. Ағаштардан жемістерді жинаулық пісуге жеткенде, олардың қабығы сұрыпқа тән түске енгенде, жемістік бұтақшадан жеңіл жұлынатындай болғанда, ең жақсы дәмге, хош иістілікке және мәйегінің консистенциясына жеткенде жинайды. Шекілдеуіктілердің жазғы сұрыптарын толық пісуінен 2-5 күн бұрын үзеді, ал сол жерде пайдалануға – тұтынушылық пісуі кезінде. Алма мен алмұрттың күзгі сұрыптарын жинаулық пісуінде – тамыздың соңы – қыркүйектің басында жинайды; 10-30 күннен соң олардың тұтынушылық жетілуі басталады. Қысқы сұрыптарды қыркүйектің соңында жинайды, олардың толық пісуі 2-6 ай сақтағаннан және одан да кейін басталады. Жидектілердің және сүйектілердің алысқа жөнелтілетін жемістерін толық пісуінен 2-3 тәулік бұрын жинайды, ал жергілікті жерде пайдалануға – толық піскен кезеңінде.
Алма мен алмұрттың жазғы сұрыптарын тұқымдары әлі ақ болғанда, күздіктерін – тұқымдарының жартысы қоңырлана бастағанда жинайды. Қысқы сұрыптардың жемісіндегі тұқымдары үзу алдында қоңыр түсті болады.
Аталынған пісу белгілері жанама мәнге ие. Ең дұрысы йодкрахмалды сынамамен бағалау. Ол үшін жемісті көлденең кеседі және йодтың йодид калийдегі 1% ерітіндісімен ұлпасын бояйды. Крахмал мөлшерін бес ұпайлық шәкілмен (шкаламен) бағалайды: 5 ұпай – крахмалы көп, жеміс піспеген, 1-ұпай крахмалы жоқ немесе сәл білінеді, жеміс пісіп кеткен. Ұзақ сақтауға сынау кезінде 3-4 ұпай (тұқым жатындарының маңайында және жеміс сағағында көк түстенбейді) алған жемістерді жинайды; қысқа мерзімдік сақтауға және тасымалдауға – 1-2 ұпайлықтарды (жемістің мәйегі көк түстенбейді, сарғылттанады).
Жемістер мен жидектерді жинаудың екі тәсілі бар: қолмен және механикаландырып. Қолмен жинағанда шекілдеуіктілердің жемістерін жеміс сағағымен, жемістерді қыспай және балауызды нәлі сақталатындай ептеп үзеді. Үзетін алманы (алмұртты) алақанға ұстап, сұқ саусақты жемістің үстіне келтіреді де, жемісті жоғары көтеріп жеміс сағағын жеміс бұтақшасынан үзеді. Жемісті жинауды төменгі бұтақтардан және ағаш бөрікбасының шеттерінен бастап, бірте-бірте жоғарғы бұтақтарына және бөрікбастың ішіне қарай ауысады. Алдымен жерде тұрып үзуге болатындарын үзеді, сосын бірте-бірте жоғарылай береді – сатыменен, платформалармен. Жеміс жинаушылардың еңбек өнімділігін есепке алу үшін әр жәшікке жинаушының тегі, есімі жазылған құлаққағаз салынады. Жемістерді себетпен мұқият қоймаға жеткізіп, сұрыптайды және ыдыстарға орналастырады. Кейде жиналған жемістерді үлкен жәшіктерге салып, арнаулы машиналармен тоңазытқыштарға жеткізеді де, кейін сұрыптайды. Сүйектілердің (шие, тәттішие, алхоры) жемісін сабағын қайшымен кесіп, жинайды. Сол қолмен бұтақты көтереді және астаушаның үстінде ұстайды, оң қолмен піскен жемістерді қияды, олар астауға түседі. Астаушадан жемістерді себетке немесе қорапқа салады. Жоңқа жәшіктерде тасымалдайды, оларды екі-екіден топтамалайды. Техникалық өңдеуге арналған шиенің жемістерін ағаштан жеміс сағағынсыз жинайды.
Бүлдіргенді жинағанда жидегін жеміс сағағының бір бөлігімен және гүл тостағаншасымен жинайды, сонда жинаушының қолы жидекке тимейді. Жидектерді тұтынушыға жеткізетін жәшіктерге жинайды. Мықты жеміс сағағы бар цитрустыларды, інжірді бақ қайшысымен қиып, жинайды.
Өнімді қолмен жинағанда бақ құрал-саймандарын (саты, тұғырық, себет, т.т.) немесе әртүрлі түртекті көтергіштерді (өзі қозғалатын, тракторға ілінетін, т.т.) пайдаланады. Бұл өнім жинауды жеңілдеткенімен жұмыс сипатын өзгертпейді. Жұмыс өнімділігі артады (25-40%-ға), жұмыс жеңілдейді, бірақ айтарлықтай тиімділік болмайды.
Механикаландыру тәсілі – жемістерді ағаштан немесе бұтадан дірілдеткіштермен немесе пневматикалық сілкілдетіп, төселген төсеніштерге (брезент және т.т.) сілкіп түсіру. Брезентке қабығы тығыз (жаңғақ, бадам, алманың кейбір сұрыптары) жемістерді және техникалық өңдеуге қолданылатын жемістерді сілкіп, жинайды. Сүйектілердің жемістерін (шие, тәттішие, өрік, алхоры) қағып алғышы және жеміс жинауға арналған астаушалары бар бақ сілкілегіштерімен жинайды.
Жидек дақылдарының (қарлыға, қарақат) жемістерін жинауға, түскен жидектерді қағып алатын сілкілегіш ЭЯМ-200-8 түртекті машинаны пайдаланады. Жидекпен бірге түскен жапырақтарды желдеткішпен аластайды. Сілкілегіш машиналар жидектердің жапырақтарын зақымдайтындықтан, айталық, қара қарақатты екі жылдық дақыл ретінде өсіріп, әрбір екі жылда бұтаның топырақүстілік бөлігін орып алады. Орылған бұтақтардан жидектерді машиналармен сілкілейді. Бүлдіргенді жеміс сағағын кесетін машиналармен жинайды.
Өңдеуге арналған жемістерді ВСО-25 «Стрела», ПСМ-55, ВУМ-15А, ЭЯМ-200-8, МПУ-1А машиналарымен жинайды. МПУ-1А комбайны жемістерді сілкілейді, қағып алады, тазалайды және контейнерлерге салады. Ағаштың орта және жоғарғы тұсынан жемістерді үзуді жеңілдету үшін ПКО-5 және ПОС-5 тұғырларын, тасымалдауға – ПТ-3,5 және ВУК-3 контейнертасығыш тұғырларды пайдаланады.
Жемістерді тауарлы өңдеу. Бұл сапасы бойынша сұрыптаудан, тауарлы сұрыптар шегінде мөлшерлері бойынша іріктеуден, жәшіктерге салудан, таңбалаудан және өлшеуден тұрады. Жемістерді стандартқа сәйкес сұрыптайды: стандартты тауарлы сұрыптардың сапасын кешенді көрсеткіштермен және рұқсат етілген жарақаттармен анықталады. Алманың жазғы сұрыптарын 1 және 2 тауарлы сұрыптарға, күзгі және қысқыларды жоғарғы (тек 1 помологиялық сұрыптар үшін), 1, 2 және 3; алмұртта – 1, 2 және 3, шабдалыда – жоғарғы, 1 және 2 сұрыптарға бөледі.
Алма мен алмұртты (қысқы және күзгі сұрыптарын) жоғарғы және 1-ші тауарлы сұрыптарға іріктейді. Ол үшін жемістерді бірінен-бірінің айрмашылығы 5-10 мм мөлшерлердегі бір типтілерге бөледі. Алхорының, шабдалының және өріктің жемістерін де іріктейді.
Тасымалдау кезінде жемістердің зақымдануын кеміту үшін оларды жәшікке үш түрлі тәсілмен орналастырады: қатарлап, шахмат және қиғаштап. Қатарлап орналастыру тәсілінде жемістерді қатар бойында біріне-бірін тығыз және қатаң қарама-қарсы орналастыру керек. Шахмат тәсілінде жемістер 1 қатарда біріне-бірі жанасады, ал 2 қатардағылар бірінші қатардағы жемістердің арасында орналасады, қиғаштау тәсілінде қатардағы жемістердің арасында 1-2 см қуыс қалдырады да, көршілес қатардың жемістерін осы қуысқа орналастырады.
Орағыш материал ретінде ағаш жаңқасын, қағазды, қалың қатырма қағаздарды пайдаланады. Жоғарғы сұрыптың жемістерінің әрқайсысын жұқа қағазға орайды, ал қатарларды бірінен-бірін жаңқамен немесе қағазбен бөледі. Жәшіктің қабырғаларын жемістен қағазбен оқшаулайды, ал жәшіктің түбіне және үстіңгі бетінің астына қалың қатырма қағаз салады.
Алманың және алмұрттың 2 және 3 тауарлық сұрыптарын және алхорының, өріктің, шиенің, тәттішиенің, жидек дақылдарының жемістерін бос салады. Алма мен алмұрттың жемістерін ВУ-1,5 дірілдеткіштерімен тығыздайды.
Жемістерді жәшіктің бетіне дейін орналастырады да, үстін жаңқамен жабады және қақпағын шегелейді. Шегеленген жәшікті таңбалайды, сұрыптың помологиясы және тауарлығы, жөнелтуші-шаруашылықтың атауын, орап-салынған күні, орап-байлаушының аты-жөні көрсетілген құлаққағаз (этикетка) жапсырылады. Тауарлық өңдеу жұмыстарының барлығын жеміс орап-салғыш нысандарда, арнаулы үстел үстінде орындайды. Жемістер үстелге таспалы конвейермен жеткізіледі. Әдетте үш жұмысты: сұрыптауды, іріктеуді және орап салуды бір адам атқарады.
Ірі шаруашылықтарда жемістерді тауарлы өңдеуді механикаландыру үшін бір аусымда 15-25 жұмысшы 20 тоннаға дейін жемісті сұрыптауға, іріктеуге және орап салуға болатын ЛТО-3, ЛТО-3А, ЛТО-6 жүйелерін пайдаланады. Жемістерді, сондай-ақ АСК-2, СКЯ-3 жүйелерінде және жылжымалы жеміс орап салғыш АПП-1,5 агрегатында сұрыптайды және іріктейді.
Достарыңызбен бөлісу: |