Құқық саласы ретінде жер құқығы дегеніміз – жерді пайдалану мен қорғаумен, жерді жеке меншікке және жер пайдалану құқығына берумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқық нормаларының жиынтығы.
Ғылым саласы ретінде жер құқығы дегеніміз - көптеген ғылыми теориялардың, тұжырымдардың, ой-пікірлерінің және әртүрлі ғылыми көзқарастардың жиынтығы болып табылады. Бұлардың мақсаты ғылыми тұрғыда жер құқығының пайда болуын түсіндіріп беру, оның әрі қарай даму жолына болжам жасау. Сонымен бірге, жер қатынастарын құқықтық реттеудегі ақтаңдақтарды, кемшіліктерді жою, оларды болдырмау және осы саладағы заңдардың өзара қарама-қайшылықтарын жою болып табылады.
Жер саласындағы қазіргі күнгі отандық ғалымдар – Стамқұлов Ә.С., Бектұрғанов А.Е., Хаджиев А.Х., Еркінбаева Л.Қ. т.б.
Оқу пәні ретінде жер құқығы - дәрістік және тәжірибелік сабақтардың жиынтығы, яғни, жер құқығы ғылымының негізгі ережелерінің белгіленген жүйе бойынша мазмұндалуы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 12-бап 14-тармағына сәйкес, жер дегеніміз – Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленетін шектегі аумақтық кеңістік, табиғи ресурс, жалпыға ортақ өндіріс құралы және кез-келген еңбек процессінің аумақтық негізі. Осы анықтамаға сәйкес, жердің күнделікті өмірде атқаратын қызметі мен ролін анықтап алуға болады:
Жердің саяси-құқықтық қызметі. Яғни, мемлекетіміздің егемендігі белгіленген шекара шегіндегі, Қазақстан халқының тұрғылықты тұрақты мекені;
Жердің экологиялық қызметі. Яғни, жер қоршаған ортаның құрамдас және ажырамас бөлігі, табиғи ресурс;
Жердің экономикалық қызметі. Яғни, жер жылжымайтын мүлік ретінде танылып, азаматтық айналымның объектісі ретінде елдің байлығы байлығы.
Жердің әлеуметтік қызметі. Жер адамдардың өмір сүру негізі және еңбек процесінің аумақтық негізі болып табылады.
Жердiң негiзгi табиғи ресурс ретiнде белгiлерiн атап айтатын болсақ:
Жердiң нарықтық құны оның адам өмiрi үшiн беретiн экологиялық және әлеуметтiк құндылығын бағалай алмайды. Сондықтан жер учаскесiнiң iс жүзiндегi ақшалай құнын анықтау мүмкiн емес;
Жерге барлық халықтың табы мұқтаж және халық санының өсуiмен аталған ресурсты тұтынуы жерге деген сұранысты күшейтiп отыр;
Жер тек адамзат баласымен ғана емес, сонымен бiрге, адам өмiрiн қамтамасыз ететiн тiршiлiктiң өзге де жандарымен тұтынылады;
Жердiң саны мен сапасы өндiрiстiк қызмет нәтижесiнде, өзге кейбiр объектiлер тәрiздi ұлғаймайды, керiсiнше кемiп отырады.
Қазіргі жаһандану кезінде, адамзат табиғатқа араласу белсенділігін арттырған жағдайда, табиғи объектілерді және ерекше маңызға ие, ұзақ уақыт бойы қалпына келетін жер ресурстарын ұтымды пайдалану саласында жалпы глобалдық және ішкі мемлекеттік өзара келісілген шараларды қалыптастыру қажет. Көптеген зерттеушілер осыған байланысты жердің ерекше маңыздылығын атап өткен.
Б.Ж. Әбдірайымов, жер дегеніміз – мемлекет пен халықтың өмір сүру қызметінің негізі болып табылатын табиғаттың басты объектісі. Жерге меншік нысаны, иелену мен пайдалануға кімге берілгендігі және жердің сандық, сапалық жағдайына біздің болашағымыз тәуелді деп жазған болатын.
А.Х. Хаджиевтың пікірі бойынша – жердің табиғи қасиеті өзге қоршаған табиғи орта объектілермен өзара байланыс жүйесінде басым орнын белгілейді. Орман, су, жануарлар дүниесі табиғат объектілері ретінде жермен байланыссыз өмір сүре алмайды. Тек қана жермен тығыз байланыста бола отырып, олар өздерінің өсіп-өну мүмкіндіктері мен ерекше қасиеттерін сақтайды және барлық табиғи кешендермен бірге экологиялық қызметін жүзеге асырады.
Жер – барлық адамзат баласының өмір сүруінің негізі болып табылатын негізгі табиғи объект.
Жер ерекше белгілерге ие.
Н.А. Сыроедовтың пікірі бойынша, жердің қайта қалыптаспаушылық, орны толмастық және шектеушілік сияқты белгілермен сипатталады.
А.Х. Хаджиев, жердің айрықша белгілері ретінде келесі белгілерді айтады:
- жердің құнарлы қабатының болуы;
- жердің өндірістік қабілеті мен тұтынушылық бағалығын қалпына келтіру және сақтап қалу мүмкіндігі;
- кеңістіктік шектеулік;
- орнынан қозғалта алмайтындық, орналасқан жерінің тұрақтылығы.
Сонымен, жердің келесі белгілерін бөліп көрсетуге болады:
Біріншіден, жер құнарлыққа ие. Құнарлық табиғи және жасанды /экономикалық/ болуы мүмкін. Табиғи құнарлық – ұзақ мерзім бойынғы құнарлану процессінің нәтижесі. Бұл топырақта құнарлы заттардың болуымен және өсімдіктер әлемі үшін қол жетімдікпен анықталады.
Табиғи құнарлық мелиорация және агротехника арқылы адамның топырақтың химиялық, биологиялық және физикалық қасиетіне әсер етуі арқылы жасандыға ауысады.
Екіншіден, жер – табиғи табиғаттың өнімі, өзге өндіріс құралдары сияқты адам қолымен жасалмаған.
Үшіншіден, жер айырбасталмайды. Өзге өндіріс құралдарынан айырмашылығы, еш нәрсемен айырбастай алмайсың.
Төртіншіден, жерді пайдалану жердің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Жерді өзге өндіріс құралдары сияқты басқа бір жерге ауыстырып, қолдануға болмайды.
Бесіншіден, жер беті шектеулі. Жерді өзге өндіріс құралдары сияқты сандық жағынан ұлғайтуға болмайды.
Аталған белгiлермен себептерге байланысты жер сату-сатып алу объектiсi болғанымен және мүлiк ретiнде танылғанымен, өндiрiстiк қызмет нәтижесiнде пайда болатын мүлiкпен, өнiммен немесе өзге затпен теңеспейдi. Сол себептен, жердi азаматтық айналымның еркiн объектiсi ретiнде тануға болмайды және табиғи ресурс ретiнде сақталуын, ұтымды және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуiмiз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |