66-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау
1. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылауды құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін құзыретті орган айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылау жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу және (немесе) жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару арқылы жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу тәртібін құзыретті орган айқындайды.
67-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар өз құзыреттеріне сәйкес мынадай салаларда:
1) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласында;
2) көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу саласында жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салалардағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 67-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
Достарыңызбен бөлісу: |