І БӨЛІМ. Негізгі ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Кодекс пен жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды қамтитын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарға олар осы Кодекстің нормаларымен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
2-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс жер қойнауын пайдалану режимін, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару мен реттеуді жүзеге асыру тәртібін, жер қойнауы учаскелеріне құқықтардың туындау, оларды жүзеге асыру және тоқтату, жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтық жағдайы мен олардың тиісті операцияларды жүргізу ерекшеліктерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын пайдалану құқығына билік ету мәселелерін және жер қойнауы ресурстарын пайдалануға байланысты басқа да қатынастарды айқындайды.
2. Жерді, су ресурстарын және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тиісті табиғи ресурстарды пайдалану және қорғау режимін айқындайтын Қазақстан Республикасының жер, су және экологиялық заңнамасына сәйкес реттеледі.
3. Мемлекет, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары осы Кодекспен реттелетін қатынастарға қатысушылар болып табылады.
4. Егер осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қатынастарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және олардың міндеттері болады.
3-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі үшін Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері мыналар болып табылады:
1) мемлекеттің жер қойнауына меншік құқығын қорғау;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және қатынастарды реттеу;
3) мемлекеттің, Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтарын сақтау;
4) Қазақстан Республикасы минералдық-шикізаттық базасының өсімі;
5) жер қойнауын пайдалану құқықтарының туындау, оларды жүзеге асыру, өзгерту және тоқтату негіздерін, шарттарын және тәртібін белгілеу;
6) жер қойнауын пайдалануды тұрақты дамыту үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету;
7) жер қойнауын геологиялық зерттеуге және жер қойнауын пайдалануға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
8) жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты нығайту.
4-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының қағидаттары
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану;
2) жер қойнауын пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпараттың қолжетімділігі;
4) жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы;
5) жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы;
6) жер қойнауын пайдалану шарттарының тұрақтылығы.
5-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару
Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы қамтамасыз етіледі.
6-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
Жер қойнауын пайдалану жер қойнауының ластануын болғызбауға және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған шараларды қабылдай отырып, экологиялық қауіпсіз тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
7-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік
1. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпарат қолжетімді болып табылады.
2. Мемлекет мыналарға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі аукциондар, олардың шарттары мен нәтижелері туралы ақпаратқа;
2) мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы шешімдеріне;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлерін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпаратқа;
4) осы Кодекске сәйкес құпия немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес құпия болып танылатын геологиялық ақпаратты қоспағанда, геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
3. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік тәртібі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
4. Мүдделі тұлғалар осы бапқа сәйкес қолжетімділігі қамтамасыз етілетін ашық ақпаратты өтеусіз пайдалануға құқылы.
8-бап. Жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы
Жер қойнауын пайдалану ақылы (өтеулі) болып табылады. Жер қойнауын пайдалану үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу арқылы жүзеге асырылады.
9-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы
Жер қойнауын пайдаланушылар оларға берілген құқықтарды іске асыру және осы Кодексте көзделген міндеттерді орындау кезіндегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың іс-қимыл адалдығы ұйғарылады.
2-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ РЕСУРСТАРЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Достарыңызбен бөлісу: |