Жертөледегі жазу



бет9/29
Дата14.06.2016
өлшемі2.03 Mb.
#134303
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

ЖОЛБАРЫС ТЕРIСIН ЖАМЫЛҒАН «БАҺАДҮРЛЕР»

Кенет дыр еткен машина дыбысы естiлдi де, желке тұсына күркiреп кеп тоқтады. Үлкен машина. Сарт-сұрт есiк ашылып-жабылды. Iле қасат қарды қарш-қарш басқан аяқ дыбысы құлағын шақты. Бiреу емес, бiрнеше адам. Көрмесе де ту сыртымен сезiп жатыр. Нәлi қаққан керзi етiктiң өкшесiн қадап басып осылай қарай беттеп келедi. Жон арқасын жiгiнен сөгiп аяз қарып өттi. Қолға түскен көжектей тұлабойы дiр-дiр. Тұра зытқанмен, қуғыншы болса, адымын аштыра ма. Бәлкiм, бейсауыт бiреулер шығар өз бетiмен жүрген? Сөйткенше болған жоқ, дүрс-дүрс басқан керзi етiктер таптап өтердей төнiп келiп тоқтай қалды да:

– Ах, с-сука! – дедi шiңкiлдек дауыс кiжiне ысылдап. – Тығылған жерiн. Тұр, кәне жаныңның барында!

Ерiксiз жалт қараса, арықтың жиегiнде төне түсiп зiңгiттей-зiңгiттей үш жiгiт тұр қос мықынын таянып, Үстерiне әуе десантының жасыл теңбiл күртесiн киген. Сәбира көзi бақырайған күйi есiнен танып қалғандай. Тырп ете алса кәне. Құзғынның тұяғындай арбиған саусақтар шеңгелдей қысып, жатқан орнынан суырып алды, аш күшiкше қыңсылатып. Табанына тiк қонып үлгiрген жоқ, бiреуi «жүр!» деп желкесiнен түйiп кеп қалғанда етпетiнен омақасты. Үйiндiге басымен кiрiп кеттi ме, аузы-мұрнына қар кептелдi. Жалма-жан тұрам дей бергенде бiр жалпақ табан бөксесiнен жерге жапсыра басып, «тұр!» деп ақырды мазақ қылған дауыспен. Бiрi боқтап, бiрi шиқылдап күлiп мәз. Қыз не қыларын бiлмей қыстығып:

– Скотина!.. Ирод! – дедi көзiнен от шаша. «Қарды жентектеп ап бетiне персе ме екен мына иттiң? Бiрақ «мә, ұр» деп былшиған бетiн тосып тұрар деймiсiң!» Кеудесiн серпи көтерiп, құлашын сермеп қалды – алақан қыры керзi етiктiң қонышына сарт еттi. «Қара дiңгек» тапжылар емес. «Қиын қылдың» дегендей жымқырылған жұқа ерiннiң жiгi бiр бүлк еттi де қойды. Керзi етiк бiрақ, жаулап алған «жотасында» көп тұрақтаған жоқ, сырғып төмен түскен бойда тонның етегiне тұмсығын тығып төңкере серпiген. Көк юбканың астынан жiгiнен сөгiлiп бұлтиған қос дөңестi көрiп көзi шұбартқан пәтшағар: «Ничего!» дедi жабайылана күлiп. Ақ тонның етегiнен ақ құйын үйiре шиыршық атып ұшып тұрған қызға үш еркек үш жағынан қолын созды – бүргелi, шүйгелi келе жатқан құзғынның қанды шеңгелi. Бiрi алқымына, бiрi қолтығына, ендi бiрi шашана жармасты шап берiп. Сәнге бiткен қайран қара шашы сор болды. Тарақ батпай қобыраған қалың шашты өрiп-баптау бiр азап, өзге қыздар сияқты шолтиып желкеден қиып тастауға сан рет оқталғанда апасының: «балам, ақымақтық жасап, шашыңды кеспе, бағың қайтады» дегенi қолбайлау болған. Сөйтсе, мiне, бағы емес, сорына сақтап келiптi ғой! Сары жендет жiбектей төгiлген сүмбiл шашын бiлегiне шиыршықтай орап, жұлқа тартқанда аяз буған көк аспанға сансыз жұлдыз ойнап шыға келдi. Жо-жоқ, кiшi бесiнде адасқан қайдағы жұлдыз. Бұл оның көзiнiң оты едi жарқ етiп шашыраған. «Жiберiңдер, өзiм жүрем!» дедi шыңғырып. Әрине, өзi жүретiнiн, жәй жүрмей, құрдай жорғалайтынын бiледi. Бiрақ неге жiберсiн. Оларға жұлмалап-жұлқып қорлау керек қой. Әйтпесе көңiл көншiп, айыз қана ма! Мысық екеш мысықтың өзi тырнағына iлiккен тышқанды бiрден мыти салмай, бiр қоя берiп, бiр ұстап, ана бейшараның қалтырап зәресi ұшқанын көрiп әбден азаптап барып жөнелтетiн жерiне жөнелтпей ме. Оның жаныңда бұлар жолбарыс емес пе – үстерiнде теңбiл-теңбiл сарыжағал күрте. Жо-жоқ, жолбарыс терiсiн жамылған «батырлар!» Дырылдатып сүйреген күйi темiр қорапты машинаның артқы есiгiне атты да жiбердi, құм толтырған қаптай. Сырғып барып қарақұсымен iргенi сарт сүзген. Көзi қарауытып, құлағы шыңылдап кеттi. Қалың шаш пен тонның жағасы болмағанда миы аузына түсер ме едi, лақ етiп.

Ала-көлеңкеге көзi үйренiп, айналасы айқындалған сәтте назары еденге түсiп едi, басының зеңiгенiн тарс ұмытып, безгек буғандай тұлабойы қалшылдап қоя бердi. Тақтайдың бетi жоса-жоса жұққан қан. Әлi кеппеген. Ұзынды-қысқалы қара шаш. Шегенiң басы, тақтайдың жарығына iлiнiп, сырттан ескен лепке желп-желп етедi.

Көкiрегiнде бас көтерген небiр сойқанды күдiктi бетбақтырмай қуып, «суға кеткен тал қармайдының» керiмен, «бәлкiм ағызып-тамызып жаңа сойылған малдың етiн тасыды ма екен, мынау шаш емес, жылқының жал-құйрығынан түскен қыл-қыбыр шығар?» деп өзiн-өзi алдарқатып әлек.

Салдыр-күлдiр есiк жабылды. Бұның жүйкесiн тырнаған қанжоса еденнiң бетiн лақ етiп көлеңке шайды. Бiрақ көз бедерiндегi сурет өшер емес. Санасын үрей буып, жанбастай жылжыған күйi бұрышқа тығылды. Қол созымдағы кiр тұтқан, ұлтарақтай ғана сопақша терезеден сыздықтаған өлiмшi жарықтан қорап iшi емiс-емiс бұлаңытады. Қаңылтырмен қапталған жып-жылмағай қабырғадан басқа көз тұрақтар тұлдыр жоқ. Аузы-мұрны бiтеу темiр табыт. Табан асты солқ-солқ етiп, арлы-берлi теңселе жөнелгенде, «мына құрғыр дыбыссыз жүрiп бара ма, әлде құлағым бiтелiп қалды ма?» деп ойлаған. Сөйтсе кабинаға сығылыса мiнiп жатқандардың салмағының дүмпуi екен. Iле алдыңғы жақтан бас сиярдай кiшкене қақпақ ашылды да, жарықпен жарыса темекiнiң ащы иiсi iшке лап қойды. Мотор от алды. Қыздың сақылдаған тiсiн одан ары сақылдатып машинаның алып денесi қалшылдап қоя бердi. Рульдегi отырған қушық жаурынды қалпағын желкесiне қарай ысырып, қасындағыға иек қақты: – Ну, куда прикажешь? Опять туда что ли... в яму? Иә, қайда бұйырасың? Тағы да анда апарамыз ба... шұңқырға?

– Нет, мусора мало! Жоқ, қоқсық аз! – деп анау, «қалай тауып айттым ә» деген кiсiше, шоферға бұрылмай, оң жақтағыны бас-көз жоқ иықтан салып қалып, өз-өзiнен дарылдай күлдi. Сонан соң: – Между прочем, мордочка ничего! Былай, өңi тәуiр екен! – дедi дауысын құбылтып.

– Не только там!.. Басқа жерi де жаман емес!.. – Бағанағы жәдiгөй шiңкiл шәңк етiп, таңдайындағы тәттiсi ерiп бара жатқандай тамсанып қойды.

– Пойдет!.. Жарап тұр.

Одан арғы сөз құлағына жеткен жоқ, машина ышқына гүрiлдеп, оңды-соңды шайқалақтап кеттi.

«Мыналардiкi не сандырақ? «Шұңқыр», «Қоқсық» дейдi. Сонда қоқыс таситын машинаға салып алып келе ме?» Өз-өзiнен жиiркенiп, лоқсып құса жаздасын. Танауын делдитiп, сескене иiс тартып көрiп едi, ондай секемдi ештеңе сезiлмейдi. Түсiнсе бұйырмасын. Әлде өздерi ғана ұғар әскери атау ма екен. Асылы, солай шығар. Әйтпесе, «шұңқыр», «қоқыстың» бұл жерде не қатысы бар? Ойы ойран-ботқа. Құйғытқан машина көше-көшенi қуалап бұрылған сайын еден бетiмен сырғып барып, бiресе ана бұрышқа, бiресе мына бұрышқа соғылады. Қарманарлық тұлдыр жоқ. Жандәрмен сипаланғанда қаңылтырдың шетi мен тақтайдың жаңқасы сойып көбесi дал-дұл. Ми шаққан сан алуан сауал адыра қалған. Қараңғыда дамылсыз шайқаудан басы шыркөбелек айналып, қолқасын суыра лоқсып-лоқсып жiбердi...

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ

ЕСІК ПЕН ТӨР

1

Димекең Бiрiншi хатшының қабылдауын ұзақ күттi сарылып. Іштей шиыршық атып байыз табар емес. Қолдарын арқасына айқастыра мамырлай басып кең бөлменiң iшiнде арлы-берлi теңселiп жүр. Жалаңаш сарғыш паркет ауыр ой басқан зор дененiң салмағына шыдай алмай табан астында бiр қалыпты ырғақпен тұншыға сықырлайды. Кейде терезе тұсына тоқтап, сыртқа қарайды. Буырқанған бұрқ-сарқ Алаң. Мың-сан инсанның күркiрей жаңғырыққан қаһарлы үнi қос қабат қалың шыныдан ұлы сарындай талықсып толассыз естiлiп тұр. Бiрде бәсең, кейде күшейе жаңғырып, үйдiң iшiн тiтiрентiп өтедi. Жалындаған жас ұрпағым деп көзi жасаурап мерейлене қарағанмен, ертең мұның аяғы нендей топалаңға ұласарын ойлағанда үрейленiп, жүрегi дүрсiлдей соғады... Белi талып шыдатпаған соң қапталдағы күрең былғары диванға тiзе бүгедi. Ұзақ отыра алмай сәлден соң қайта тұрады...

Раушан екi рет кофе демдеп әкелдi.

– Ыстық кофе iшiңiз, аға! – дейдi жалбырақтап. Қолынан бар келер жақсылығы осы болған соң қайтсiн. Үлкен кiсiнi өстiп пұшайман қылып қойғанға дәл бiр өзi кiнәлiдей жаутаң-жаутаң қағады. Бiресе оқи отырыңыз деп алдына газет-журнал әкелiп қояды, бiресе өрiк-мейiзiмен ыстық кофе әкеледi. Қайтсем көңiлiн аулаймын деп бар iлтифатымен бәйек.

Димекең Раушанға сыртынан көзiнiң қиығымен елжiрей қарады. Құлазыған күңгiрт көкiрегiн бiр жылы шуақ сипап өткендей. Қандай iзеттi, тәрбиелi жан десеңшi. Жасы үлкен аға деп елбiрек қағып тұр. Айнымайтын асыл мiнез. Дүние қырық толқыса да бар мен жоққа бiрдей таразы, кiсiлiк қалпын сақтап қалатын осындай бекзаттар некен-саяқ-ау. “Бұл шалдың не жақсылығы өтiп едi, дүние кезек деген осы, шоқ-шоқ, бiреудiң есiгiн бағып жаутаңдаған қандай болады екен көрсiн!” деп тасырайып отырып алса не iстер едiң? Расында оған не жақсылық жасады? Бас изеп сәлемдескенi болмаса, көз тоқтатып қараған да емес. Әйтеуiр үш жылдан берi қабылдау бөлмесiнде iстеп келе жатқанын бiледi. Жұмыс арасында ең болмаса, “қарағым, халiң қалай, тұрмыс жағдайың нешiк?” деп жай-күйiн сұрап көрмептi. Жақсылығын көрiп, саясы түспеген адамы. Сонда да мiне, ағалап жалбырақтап жатыр. Адамның адамдығы өзiңмен тең болып қатар тұрғанда көрiнедi екен ғой. Кеше күркiреп тұрғанда бәрiнiң ағасы, бәрiнiң төбесiне тұтқан асылы емес пе едi. Қайда солар? Шырқауға шарықтаған ұзақ ғұмырының мәнi де, мәңгiлiк байлығы да осынау қаршадай қыздың жүрегi елжiреп “аға!” деп айтқан бiр ауыз сөзi сияқты.

Димекең Раушанға көз тоқтата қарады. Аққұба өңдi, сүйiр иек, қыр мұрын сүйкiмдi бала. Кең ашылған қоңырқай жанары жұмсақ. Етегi қылтадан төмен түскен қара юбка, қынама бел, қара костюм талдырмаш денесiне бек жарасып тұр. Қимылы ширақ, жинақы.

– Рахмет, айналайын, бақытты бол! – дедi Димекең қолындағы шыны-аяқты столдың үстiне қойып жатып. – Раушан қарағым, көз алдымда жүрсең де, хал-жағдайыңды сұрап көрмеппiн ғой. Тұрмыс-күйiң қалай?

– Цэ Када iстеген адамның тұрмысы жаман болушы ма едi, аға! – Раушан тiсiнiң ағын көрсетiп, жадырай жымиды. – Аллаға шүкiр, тұрмыс та, бәрi де жақсы, аға!

– Дұрыс, айналайын. Кiшкентайларың бар ма?

– Екi қызым бар.

– Күйеу бала қайда iстейдi?

Келiншектiң доғаша иiлген жiңiшке қастары дiр етiп, қабақ астына көлеңке ұялады.

– Жолдасым қайтыс болған. Үш жыл болды.

– Иманды болсын!

– Айтсын.

Димекең көңiлсiз әңгiмеге түрткi болғанына ыңғайсыздана, сәл iркiлiп барып сөзiн жалғады.

– Үй-жайларың бар шығар?

– Микрорайонда пәтер жалдап тұрамыз.

– Қарағым-ау, тұрмысым жақсы дегенiң осы ма? – дедi Димекең таңырқап. – Екi баланы жалғыз асырап отырсаң, пәтерiң болмаса – несi жақсы?

– Атамыз қазақ “бұдан да жаман күнiмiзде тойға барғанбыз” дейдi емес пе! – Раушан қайтадан жадырай жымиды. – Осыған да шүкiр, аға. Бiрте-бiрте болады ғой бұйыртса.

Димекең келiншектiң мейiрiм, қанағат ұялаған сабырлы жүзiне сүйсiне қарап, басын изедi...

“Неткен пейiл, неткен шүкiршiлiк. Дәл иегiнiң астындағы адамның күнi осындай болғанда, басқаларға не жорық. Бұл неткен бiтпейтiн жоқшылық? Жылына Алматыда пәленбай миллион шаршы метр үй салынады, соның бәрi қайда кетiп жатыр?” Димекеңнiң оң жақ езуiн сәл болар-болмас мысқыл түрттi. Бәйбiшесiнiң дастархан басында айтқан бiр оспақ әңгiмесi есiне түскен. Бiр профессор: бұл үкiметтен не жақсылық көрдiм? Пәленше, түгленшелер он-он бiр реттен үй алды. Мен алты-ақ рет үй алдым. Қандай бақытсыз едiм деп күңiренетiн көрiнедi. Сонда қасында отырған аспиранты: “Ағаеке-ай, сiздiң осы бақытсыздығыңызды маған берсе ғой, шiркiн!” деп жылап жiберiптi дейдi. Естiген кезде: “елдiң шығармайтыны жоқ-ау!” – деп риясыз рахаттана күлген. Ендi оның мәнiн басқаша ұғып отыр. Көз алдында өзi осы уақытқа дейiн сезбеген сұмдықтың қара пердесi ашылғандай, жалпақ елге деп iстеген игiлiктерiнiң бәрi ат төбелiндей тойымсыз обырлардың өңешiнде кеткенi ме? Солар байыған, солар көркейген. Өмiрден бейхабар екен-ау. Қайда барса да жайнаған дүкендi, жарқыраған көшенi, қол соғып, уралаған қуанышты жүздердi көрдi. Айтуаровтардың көз алдына тосқан әлем-жәлем суреттерiн өмiр осы деп ойлады. Баяғыдан берi аспанда қалықтап жүрген екен, ендi ғана мiне, қара жерге табаны тидi.

Ауыз бөлмедегi өз орынында телефонмен сөйлесiп, қырын қарап отырған Раушанға көз қиығын қадай Димекең мұңая күрсiндi: “Қолымда барда, көзiм соқыр болыпты; көзiм ашылғанда қолымда түк жоқ. Кешiрiңдер, қарақтарым...”

Димекең сағатына қарады. Қабылдау күткенiне екi сағатқа таяп қалыпты. Аяғын созып креслоға шалқалай жайғасып, қарсыдағы сықырсыз ашылатын салмақты, қоңыр емен есiкке көз тастады. Кешегi өзiнен басқаның бәрi именiп кiрiп, иiлiп шығатын есiкке ендi мiне, өзi кiре алмай пұшайман болып отыр. “Бұл да бiр ғибрат, – дедi қария iшiнен күбiрлегендей. – Мәңгiлiк ештеңе жоқ деген осы!” Жаңа қожайынның бұлай ұзақ сарылтып қойғанына назаланған жоқ. “Мынандай қысыл-таяң сәтте есi шығып, мұршасы болмай жатқан шығар” деп, қашан да бiреудi айыптаудан гөрi ақтауға тырысатын сахилығымен өзiн-­өзi жұбатқан.



2

Димекең арқасын кеңге салғанмен, үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Устюгов тыпыршып байыз таба алар емес. Үлкен кiсiнiң саясы түскен, шарафатын көрген көп шәкiрттерiнiң бiрi. Ізеттi, көшелi азамат. Кiруге бата алмай, анандайдан айналсоқтап, Димекеңнiң қабылдау күтiп отырғанын көрiп ызадан күйiп-пiстi. Бағана Миронин телефонмен бұйырып: “Тез машина жiберiп Қонаевты алдыр, Геннадий Васильевич шақырып жатыр” деген. Димекең келген бойда сырттан күтiп алып, Бiрiншiге хабарлаған. Тура қарамай, стол үстiндегi қағазға тұқырайған күйi: “Күте тұрсын!” деген болатын. Содан берi екi сағатқа таяды. Өзi шақырып алып, осынша сарылтқаны несi? Бұл қай қорлағаны. Республиканың кешегi Бiрiншi басшысы, Саяси Бюроның мүшесi, оны былай қойғанда, жасы үлкен қария адам емес пе! Устюгов осының бәрiне өзi кiнәлiдей ыңғайсызданып, Димекеңе көрiнуден жасқанды. Дәлiзде не iстерiн бiлмей арлы-берлi теңселiп бiраз жүрдi де, тәуекел деп Бiрiншiнiң кабинетiне кiрген. Бұл табалдырықтан озар-озбастан төр иесi:

– Иә, не айтасыз? – дедi қабағын қайшылап. Бағана кiргенде үрейi ұшып, үкi көзденiп отыр едi, қазiр жалын тiкiрейтiп алыпты. Дауысына iрiлiк кiрiп күркiреп отыр.

– Геннадий Васильевич, Қонаев жолдас Сiздiң қабылдауыңызды күтiп отыр, – дедi жоғары озбай жол ортадан iркiлiп.

– А-а? – Таңырқағандай бетiне тесiрейе қарады да тез көзiн тайдырып әкеттi.

Ол шалдың отырғаны есiнен шығып кетiптi ғой. Ойланып қалды. “Бұл шалды бүлiкшiлердiң алдына шығарудың қажетi бар ма? Бұзақылар мұның сөзiнен кейiн ақылға келiп, тарап кетсе ше? Шалдың абройы аспандап шыға келмей ме! Бұл дегенiң республиканың шын мәнiндегi қожайыны кiм екенiн айдай әлемге әйгiлеу деген сөз. Жо-жоқ, өйтуге болмайды. Ендi жалтақтайтын дәнеңе жоқ. Жарты сағат бұрынғыдан жағдай өзгердi. Бас хатшы өзi нұсқау берiп отыр. Мiндет айқын. Бүкiл елге масқара қылған жетесiз лаңкестердiң желкесiн қимай, “ә, бәлем, мықтап бiр тәубаларыңа түсiрдiк пе, жарайды, осы да жетер, кеттiк” дегенге, қалай жайбарақат жiбере салмақ! Ауыздарынан қара қандарын ағызып, күшпен жаншиды. Бұзақылар жазасын алуға тиiс. Совет үкiметiне қарсы шығудың қандай болатынын бiлiп қойсын!”

– Күтпей-ақ қойсын. Үйiне қайта берсiн! – дедi зiлденiп.

Устюгов үлкен, жасыл көздерiн жарқ еткiзiп, бастығының сазарған бетiне тiктеле қарады:

– Қалай? Өзiңiз шақырдыңыз емес пе?

– Иә, шақырдым. Ендi керек емес. Мәселенi өзiмiз-ақ шешемiз.

Устюгов шоқ басқандай тыпыршып:

– Бұл қалай болады, Геннадий Васильевич, ыңғайсыз ғой!.. – дей берiп едi, Бастық шарт ете түстi:

– Сiз маған ненiң ыңғайсыз, ненiң ыңғайсыз емес екенiн үйретпей-ақ қойыңыз. Осының бәрi соның былығы. Онымен мылжыңдасып отыруға уақытым жоқ. Барыңыз, кете берсiн деңiз!

Устюгов сөздi ары қарай созған жоқ. Жалт бұрылып, есiкке қарай беттедi. Қолы дiрiлдеп тұтқаны жасқана тартты. Көңiлi астан-кестен. Динмұхаммед Ахмедовичке қай бетiммен көрiнемiн деп ұяттан жерге кiрiп барады. Аядай ғана ауызғы бөлменiң есiк пен төрi жеткiзiп берер емес. Аяғына тас байланып, екi адым жер аттағанша, сан-сапалақ ойдың ұшқыны санасын шарпып өттi. Қонаевтың кiсiлiк заңғар тұлғасы одан сайын зорайып, асқақтай түскендей. Қандай сырбаз, дегдар жан! Жүзi нұрланып, қашан көрсең бiр қалыптан озбайды. Сүйiнсе де, күйiнсе де сыпайы, сылық. Бiреуге дауыс көтерiп, не күйiп-пысып сабырсызданғанын көрген емес. Ал, мынау шыжбалақтаған бiреу ғой! Сәттiң iшiнде от пен суға түсiп қырық құбылады. Өзi шақырып алып, өзi қабылдамағаны қай сасқаны? Кiсiлiк өресiнiң жеткен жерi осы ма?

Бетiмен жер басып, Димекеңнiң алдына әзер жеткен.

– Иә, Сергей Викторович, бастығың не дейдi? – дедi Димекең сабырлы дауыспен күлiмсiрей тiл қатып. – Қабылдайтын түрi бар ма? Бiраз күтiп қалдық қой?

– Кешiрiңiз, Динмұхамед Ахмедович! – Устюгов тура қарауға дәтi шыдамай, жүзiн бiр қырын салды. – Колбин жолдас Сiздi қабылдай алмайтын болды. Күтпей-ақ қойсын дедi.

Димекеңнiң ақ торғын жүзi лып күреңiтiп, жан толқыны жүгiрiп өттi. Бәрiн күтсе де, дәл мұндай күйкiлiктi күтпеген. Бақастықпен мазақ қылып қорлағанына күйiнiп тұр.

– Ендеше неге әуре қылды? – дедi сәл iркiлiп барып.

– Бiлмедiм... Динмұхаммед Ахмедович, жүрiңiз, үйiңiзге жеткiзiп салдырайын.

– Жоқ! – Димекең дүр сiлкiнген бүркiттей жанары шоқтанып, еңсесiн тiктедi. – Алаңға барамын. Жастардың алдына шығып сөйлеймiн!

Устюгов шар ете түстi:

– Ол не дегенiңiз, Динмұхамедов Ахмедович? Болмайды!

– Неге?


– Колбин жолдас рұхсат еткен жоқ.

– Маған ешкiмнiң рұхсатының керегi жоқ!

– Түсiнсеңiзшi, маған үйiңiзге жеткiзiп сал дедi.

– Мен алып барып, алып келетiн тұтқын емеспiн. Үйiмдi өзiм де тауып бара аламын.

– Іс насырға шауып кетуi мүмкiн ғой. Өзiңiздi аясаңызшы!

– Ана балалардан жаным аяулы емес. Бiрге болам солармен. Басалқы сөзiмдi айтамын. – Нық басып алға аттаған. Қарияның алған бетiнен қайтпасын бiлiп жаны қысылған Устюгов:

– Ең болмаса, Миронинге ескертейiн, тұра тұрыңызшы! – деп құлашын жайып, алдын кес-кестей берiп едi, Димекең қатты сiлкiп қолын қағып жiбердi. “Құдайым-ау, мына кiсi бiрдеңеге ұрынбаса игi едi” деп зәресi ұшқанмен қайта ұмтылып жолын бөгеуге батылы жеткен жоқ. Димекең алға түсiп жарқыраған кең дәлiздiң бойымен адымдай жөнелдi. Устюгов шырылдап оң жағына бiр, сол жағына бiр шығады:

– Динмұхаммед Ахмедович, өтiнемiн, олай етпеңiзшi... Тоқтай тұрыңызшы!.. Өтiнемiн!..

Димекең ол өтiнiштi құлағына да iлген жоқ. Түгi былқылдаған қызыл жолақ жолкiлемдi дыбыссыз басып бiрiншi қабатқа түстi. Фойеде қаптаған адам. Терезеден сыртқа қарайды анталап. Димекең iркiлместен Алаңға шығатын есiкке қарай беттедi. Күзетшi милиционер сымдай тартылып честь бердi де, лып етiп барып есiк ашқан. Сырттағы аяз буған шыңылтыр ауаны шытынатып бұрқ-сарқ буырқанған ұлы сарын лап етiп құлаққа ұрды. Көз көрiм айналаның бәрi қара құрым халық. Алаң кенерiне сыймай, жел шайқаған көл бетiндей теңселе толқып тұр. Димекең iркiлместен алға аттады. Жүрiсi нық, кеудесiн шалқақ тастап, сабырмен баяу адымдайды. Ізiнен өкшелеген Устюговтың өтiнiш-жалынышын естiп жатқан жоқ. Жол жиегiнде арлы-берлi жүргендердiң бас изеп сәлемдескендерiне де мән бермедi. Алаңға жақындаған сайын айғай-шу зорайып, айқындала түстi. Микрофондағы қарлығыңқы, тарғыл дауысты орай соққан жел үзiп-жұлып әкетiп жатыр:

–... Айтқан сөздi тыңдаңдар, әйтпесе жаман болады... Тiлек-талаптарыңды жоғары жаққа жеткiземiз... Бәрi ескерiледi... Тараңдар!..

– Жоқ, бiз тарамаймыз! – дедi бiреу рупормен айқайлап. – Талаптарыңды орындаймыз дегендерiң өтiрiк. Таңертеңнен берi қанша рет айттық, Қонаев неге алдымызға шықпайды? Сендер оны қамап тастадыңдар! Мән-жайды өз аузынан естiгiмiз келедi. Димаш аға алдымызға шықсын! Димаш аға!..

Сол-ақ екен мың сан дауыс күркiрей жаңғырып, iлiп ала жөнелдi:

– Ди-маш аға! Ди-маш аға!..

Бiр ырғақпен жаңғырыққан қуатты айғай Димекеңдi дауылдай шайқап жiбердi. Тiзесi бүгiлiп барып зор денесiн әзер биледi.

– Қарақтарым!.. Құлындарым менiң!.. – дедi сыбырлай көмейiне кептелген ыстық өксiктi қылғына жұтып. – Мiне, келе жатырмын. Қазiр шығамын алдарыңа!

Жүрегi өрекпiп алқына адымдаған. Бiрақ трибунаға жете алмай қор болды. Трибунаны қабат-қабат шеңберлеп солдаттар қоршаған. Желке тұстан кiретiн жол аузы ашық едi, жете бергенде алдынан тас жабылды. Шолақ ақ тон киiп күржиiп, желкесiн берiп дамыл-дамыл рациямен сөйлесiп тұрған жуан сары офицердiң жаңа: “Не пропускать, сомкните ряды!” деп сыбырлай айтқан бұйрығын Димекең естiген жоқ. Қарсы алды самсаған темiр қалпақ, жымдасқан сом иықтар. Кiсi бойы шомбал тастан тiк қалаған қабат-қабат қамал дерсiң. Димекең iшке өте алмай бiтеу шеңбердi арлы-берлi жағаттады:

– Балалар, жол берiңдершi. Трибунаға шығуым керек! –
дедi ерiксiз жалынып. Бiрақ оны тыңдап жатқан ешкiм жоқ. Қайда барса да мiз бақпай мелшиген тас мүсiн. Тауы шағылып әбден күйiндi. Тiптi болмаған соң, қорланса да шыдап, терiс қарап қалшиған солдаттардың бiрiнiң шынтағынан ақырын тартқан:

– Балам, менi жiбершi, трибунаға өтiп кетейiн.

Анау бiр тоң мойын тасырдың өзi екен.

– Убери лапу! – деп шынтағын серпе сiлкiп, қолын қағып жiбердi. – А то, щас получишь по харью!

Димекең төбесiне тоқпақпен ұрғандай сiлейiп тұрды да қалды.

– Өй, көргенсiз!.. – деуге ғана шамасы келдi. Көкiрегi ашу мен қорлықтан қақ айрылардай булығып тұр.


Мына секiлдi хайуанға дейiн кiсi құрлы көрмей басынған соң не жорық! Жүрегi оқыс бұлқынып, сол жақ қолтығының асты ып-ыстық боп сөгiле аши жөнелдi. Шайқалақтап бойын билей алар емес. Айқыш-ұйқыш шыр айналған шеңберлер көз нұрын суырып, түпсiз тұңғиыққа шым батып бара жатты. Әлдекiм шап берiп қолтығынан сүйегендей: “Дәрiгер... Дәрiгер шақырыңдар!..” деп жанұшырған Устюговтың дауысы ма екен, жырақтан талқысып жеткен үн құлағына емiс-емiс шалынды.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ

РАУАН

1

Әзиз-Сұлтанның қарадай жаны түршiктi. Күн аман, жұрт тынышта бұл не дүрбелең? Жүрегi тулап кеудесiне сияр емес. Ен-таңбасы белгiсiз бiр дүлей үрей жандүниесiн билеп алған. Көңiлiне өз-өзiнен Сәбира орала бередi, жабырқау, жүдеу жүзбен мұңая қарап көз алдында тұрып алды. «Япыр-ау, бұл не жұмбақ! Сәбира бiрдеңеге ұшырады ма екен? Машина қағып не станокқа түсiп қалды ма? Жо-жоқ, бетi аулақ ондайдың! Бүгiн туған күнi. Қалай да бүгiн келер, болмаған жағдайда, құттықтау телеграмма салар деп күнi бойы елеңдеумен жүрген шығар. Мiне, кеш батты. Бұл жоқ. Екеуi осыдан бiр ай бұрын туған күндi офицерлер үйiнiң көк залында өткiземiз деп жоспарлаған. Алдын ала стол заказ бередi. Көгiлжiм жұмсақ нұрға бөккен кең зал, әсем музыка. Екеуi бұл күнi не киюге дейiн кесiп-пiшiп қойған. Бұл ақ жейде мен қара «тройкасын» киедi. Сәбираның үстiнде етек-жеңi бүрмелi ақ шайы көйлек, қынама бел қызыл қамзол. Бiлектей-бiлектей қос бұрмының ұшындағы күмiс шолпылар еркелей сыңғырлап, кең залдың төрiнде шаршағанша билейдi екеуi... Ендi, мiне, ұшарға қанаты жоқ, Алматыға жете алмай қор боп келедi. Бұнсыз өткiзген мейрам мейрам ба Сәбираға! Достарына, ешкiмге де қосылған жоқ. Қараңғы бөлмеде жалғыз өзi. Магнитофоннан жүректi суырып «Поленез» сызылады. Күңгiрт ымыртты жамылып терезе алдында отыр қазiр. Мұны ойлайды. Мұңайып сыртқа телмiредi. Қыбырлаған адам, ағылған машина, селтиген тал-терек... бiрде-бiрiн көрмейдi, көз алдында тек мұның бейнесi. Сағынып, тұншыға өксидi. Кiрпiгiнен жарыса домалаған қос мөлдiр тамшы иек ұшында мөлт-мөлт етедi...»

Осы бiр ғазиз сурет көз алдына елестегенде жiгiт жүрегiн тәттi мұң шымшылады; өз-өзiнен елжiреп, тебiренiп кеттi. «Жаным! – дедi көңiлiндегi нұрлы бейнемен тiлдескендей күбiрлеп. – Қазiр жетем. Жыламашы, сәл сабыр ет, перiштем! Ақ көйлегiңдi киiп, дайын тұр. Көрген бетте қанатыңды жая қарсы ұшып, ақ нұр болып көкiрегiме құйылшы! Құшағымнан босатпаймын сенi. Жерге түсiрместен ресторанға бiр-ақ тартам. Көк залдың төрiне дейiн көтерiп апарам. Өмiр бойы алақанымнан түсiрмей әлпештеп өтем. Жанарыңнан кезек сүйiп, ащы жасты соңғы тамшысына дейiн жұтайын – көздерiңде шаттық оты ойнасын! Ақ жүзiңдi аймалап-құшып, мұң-наланың уын сорып алам да, жүрегiңде тек махаббаттың мейiрiм-нұрын қалдырам. Бүгiн екеумiз таң атқанша билеймiз. Шаттанамыз, күлемiз. Өмiрбақи сөйтiп өтемiз. Өйткенi бiз бақыттымыз!..» Жiгiт екi көзi шоқтай жайнап, өз сезiмiне өзi мас болып тұр. Кең дүниеде бiр жаман адам жоқ, бәрi – дос, бәрi – бауыр. Күңгiрт, көлеңке атаулының қарасы өшкен, көз алды шалқыған нұр. Аяғын тыпың-тыпың басып, көмiр алуға тамбурға қарай өтiп бара жатқан проводниктi шап берiп құшақтап жерден көтерiп алды:

– Аға, сiз тамаша адамсыз!

Ағасы, «мына перi қашан iшiп үлгiрген?» дегендей, бетiне үдiрейе бiр қарап:

– Үстiң былғанады, жiбер! – дедi қолындағы шелек-қалақшасы ербеңдеп.

– Былғана берсiн!

– Қоя бер деймiн, бала боп кеттiң бе!

– Е, аға, сiз түсiнбейсiз ғой!.. – Әзиз-Сұлтан құшағындағы тырбыңдаған акасын босатып, терезеге қарады. Ызғырық ескен түнгi далада Сәбираның мұны iздеп сағына өксiген мұңлы даусы шарлап жүр. Әне, бұлттың жабығынан екi жұлдыз қалтырайды, ол – Сәбираның жаутаңдаған жанары. Жел Сәбира боп күрсiнедi... Бүкiл дүние Сәбира боп мұңайып тұр.

Жаутаңдаған жанарыңдай елiктiң.

Басқа қандай теңеу табам, көрiктiм!

Сенсiз мынау мөлдiреген әлемге

Суқараңғы көзбен қарап келiппiн.

Неткен бақыт, неткен ғажап, ой-Алла-ай!

Сен болмасаң, өтер ме едiм оянбай.

Iңкәр дүние дидарына таңырқап

Қарай берем, қарай берем тоя алмай.

Сенсiң бәрiн нұрландырып жiберген.

Көкжиектен бұлтты қуып түнерген.

Сен болмасаң, мынау күңгiрт өмiрде

Бақыт барын бiлер ме ем?!

Дәл осылай шаттанып күлер ме ем?!!

Шабыттана күбiрлеп әлде неше қайталады. Япыр-ау, бұл не сиқыр? Кiтаптан оқыған не радиодан естiген өлеңi ме ойда жоқта көкейiне оралған? Жо-жоқ, өз сыры, өз жүрегiнiң лүпiлi. Әншейiнде екi сөздiң басын қосып ұйқастырып көрмеген жiгiт тайпалып төгiле жөнелгенiне өзi де таң-тамаша. Ақындық – ғашық болу екен ғой. Көкiрегi күмбiрлеп, сөз дегенiң өз-өзiнен ағыл-тегiл құйылып тұр.

«Тағдырда әдiлдiк бар! – дедi Әзиз-Сұлтан шарықтаған көңiлi тiзгiн бермей, – Алла тағала өзi жаратқан пендесiнiң бiрiн мәңгiлiк бақытты, бiрiн мәңгiлiк сорлы етiп қоюы мүмкiн емес. Қандай асып-тасқанның да көкiрегiн көлеңкелеген бiр қайғысы болады; көзiн ашқаннан азаптан басқа түк көрмеген мүскiннiң де көңiлiне медет қылар бiр жұбанышы бар. Адамның бақытты болуы да, сорлап қалуы да оп-оңай, Алланың қолындағы iс. Осы уақытқа дейiнгi өмiрi күзгi аспандай күңгiрт едi. Сәулесiз, суық. Қуанып, серпiлгендi бiлген емес. Көргенi ылғи бiр жыртық иiн, жадау тұрмыс, басына тартса, аяғына жетпейтiн жоқшылық. Құлашыңды жаздырмайды. Малтыған құйбатпақтан жұлқынып шығар дәрмен жоқ. Еңбегiң еш, терiң сор. Өмiр деген осы, итшiлеп өтетiн азап деп ойлайтын. Құмалақ домалатқан сасық қоңыздай бүкiл тiрлiк мағнасыз сезiлетiн. Ендi мiне, аспан асты жалғыз-ақ сәтте жарқырап шыға келдi. Бұлбұлдар басқаша сайрайды, гүлдер басқаша жайнайды. Көңiлдегi қара қанат көлеңкенi қуып шыққан Күннiң аты, ұйқыдағы жүректi сыбырымен оятып, елiтiп, естi алған сиқырлы Үннiң аты – Сәбира! Қорлық, мехнаттан көз ашпаған пақырдың басына жаратқан ием жалғыз-ақ сәтте пейiш күнiн орната салды. Бұдан бай, бұдан бақытты кiм бар екен бұл пәниде!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет