Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар қызметінің үлгілік қағидасы



Дата28.06.2016
өлшемі112.08 Kb.
Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 18 маусымдағы 
№ 229 бұйрығына     
3-қосымша        
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға
арналған мектеп-интернаттар қызметінің үлгілік қағидасы
1. Жалпы ережелер
      1. Осы Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы Конституциясына, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарына, «Неке және отбасы (ерлі-зайыптылық) туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағида) сәйкес әзірленді және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар қызметінің (бұдан әрі - мектеп-интернат) тәртібін белгілейді.
      2. Мектеп-интернат заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкі, өз атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ банкте шоты болады және тәрбие бағдарламасын тәрбиеленушілердің психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулығын сақтау, құқықтары мен мүдделерін қорғау талаптарына сәйкес әзірлейді.
      3. Мектеп-интернат нақты міндеттер мен балаларды ұстау, оқыту және тәрбиелеу, қызмет режимі ерекшеліктеріне қойылатын талаптарға қарай мектеп жасындағы балалар үшін құрылады.
      4. Мектеп-интернаттың міндеттері:
      1) мемлекеттiк көмек пен қолдауды қажет ететiн балаларға жататын орын бере отырып өмip сүру, оқыту және тәрбиелеу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету арқылы білім беру бағдарламаларын игеруге жағдай жасау;
      2) тұлғаның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершілiк және салауатты өмiр сүру салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, дара тұлғаны дамыту үшiн жағдайларды жасау арқылы зияткерлікті байыту;
      3) азаматтық пен елжандылыққа, өз еліне - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
      4) Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiлiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
      5) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау, қазақ халқы мен басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрып дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк, орыс, шетел тiлдерiн білу;
      6) оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру;
      7) тәрбиеленушілерді әлеуметтік қорғауды, медициналық психологиялық педагогикалық оңалтуды және әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету;
      8) жеке сараланған тәсілді жүзеге асыру, жеке даму бағдарламаларын әзірлеу;
      9) тәрбиенушілерді қоғамда әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық, әлеуметтік оңалту мен әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету.
      5. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының қызметі «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауға жатады.
      Мектеп-интернат мемлекеттік аттестациядан Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 59-бабына сәйкес өткізеді.
      6. Мектеп-интернат өз жарғысын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Қазақстан Республикасы Кодексінің, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының, «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499, «Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені коспағанда, мемлекеттік мекеменің үлгі жарғысын (ережесін) және Мемлекеттік кәсіпорынның үлгі жарғысын бекіту туралы» 2011 жылғы 9 тамыздағы № 919 Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының және осы қағиданың негізінде әзірлейді.
2. Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру
      7. Мектеп-интернат – 6 (7) жастан 18 жасқа дейінгі балаларды оқытуға, тәрбиеленуге және тұруға жағдай жасайтын жетім балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымы.
      Мектеп-интернатта топтар құрылады: әртүрлі жастағы және біржастағылар (6 жас және жоғары - 15 адамға дейін).
      8. Тұру мен тәрбиелеу тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері ескеріле отырып ұйымдастырылады.
      9. Күн тәртібі тәрбиеленушілердің мектеп-интернатта тәулік бойы болуы ескеріле отырып құрылады.
      10. Білім беру процесін ұйымдастыру (оқу жылының басталуы мен ұзақтығы, демалыс уақыты, оқу сабақтары, мемлекеттік (қорытынды) аттестацияның жүргізілуі, білімі туралы құжаттардың берілуі және өзге де білімге қатысты мәселелер) білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Мектеп-интернаттағы жалпы білім беретін сыныптардың саны санитарлық нормаларды ескере отырып білім беру процесін ұйымдастыру үшін жасалған жағдайларға байланысты және қажеттілікке (сан) қарай анықталады.
      Мектеп-интернаттағы сыныптар толымдылығы 20 баладан аспауы тиіс.
      12. Қалалық жалпы орта білім беретін ұйымдарда сынып толымдылығы 24-ке жеткенде немесе одан асқанда, ауылдық жерлерде - 20-ға жеткен кезде:
      оқыту қазақ тілді емес 1-11 сыныптардағы қазақ тілі бойынша;
      оқыту қазақ тілді емес 5-11 сыныптардағы қазақ әдебиеті бойынша;
      оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүретін 3-11 сыныптардағы орыс тілі бойынша;
      1-11 сыныптардағы шетел тілі бойынша;
      5-11 сыныптардағы информатика бойынша;
      бейінді пәндер бойынша;
      5-11 сыныптардағы технология бойынша (сынып толымдылығына қарамастан ұл және қыз балалар топтары);
      5-11 сыныптардағы дене шынықтыру бойынша сыныпты екі топқа бөліп оқыту жүзеге асырылады.
      13. Қажетті жағдайлардың және жабдықтардың (сонымен қатар бюджеттен тыс) болуына байланысты сыныптарды топтарға бөлу және сынып толымдылығы аз болған жағдайларда да тәрбие топтарын құру мүмкін.
      14. Мектеп-интернатта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы (түзету) топтар (сыныптар) ашылуы мүмкін. Ол топтарға (сыныптарға) балаларды орналастыру психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның шешімімен ғана жүзеге асырылады.
      15. Денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы (түзету) сыныптардың 1-11 сыныптарының толымдылығы 12 білім алушыға дейін белгіленеді. Мектепалды дайындық сыныптарының толымдылығы 8 адамнан артық болмауы тиіс.
      Ақыл-ойы кенжелеп қалған және күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған сыныптарда 3-тен 6 адамға дейін.
      16. Арнайы түзету-дамыту сабақтары әлеуметтік-тұрмыстық бағдар, кәсіптік-еңбектік оқыту сыныпты екі топқа бөлу арқылы жүзеге асырылады. Аталған топтарды жинақтау білім алушылардың танымдық, психофизикалық ерекшеліктеріне байланысты дәрігердің ұсынымы бойынша жүргізіледі. Кәсіптік-еңбектік оқыту топтарында 5-7 білім алушыдан аспауы тиіс.
      17. Логопедтік сабақтар, емдік дене шынықтыру (бұдан әрі - ЕДШ), психомоторикалық және сенсорлық процестерді дамыту сабақтары бойынша топтарды жинақтау тіл кемістігінің, тірек қимылының және өзге де бұзылыстардың біртектілігі мен көрінуі ескеріле отырып, ал ЕДШ медициналық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі. Сабақ кестесі бойынша сағаттар күннің бірінші жартысына және екінші жартысына бірдей беріледі. Сабақтың ұзақтығы әр білім алушыға 15-20 минуттан аспауы тиіс.
      Білім алушыларға ЕДШ сабақтары 3-5 адамнан тұратын топтарда жүргізіледі. Тілді түзеу-дамыту логопедтік сабақтары 2-4 адамнан тұратын топтарда, сонымен қатар жеке жүргізіледі.
      18. Ақыл - есі кемістігінің күрделі түрі бар білім алушы кейбір пәндерден оқу бағдарламасын игере алмаған жағдайда оны оқыту жеке жоспарға сай жүргізіледі және оның білімі жетістіктері жеке ілгерілуімен бағаланады. Мектеп-интернаттың педагогикалық кеңесі балалардың үлгермеу себептерін зерделеу арқылы деректердің негізінде оларды жеке жоспар бойынша оқытуға көшіру туралы шешім қабылдайды. Педагог қызметкерлердің әр пән бойынша жеке жоспарлары әр оқу жылына жасақталады және педагогикалық кеңесте бекітіледі.
      19. Мектеп-интернаттың оқу-тәрбие қызметі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік жалпы міндетті стандарттарының негізінде жүзеге асырылады.
      20. Оқу апталығының ұзақтығы педагогикалық кеңесте белгіленіп, білім басқармасының тиісті органының келісімімен мектеп-интернаттың жарғысында бекітіледі.
      21. Мектеп-интернат қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, сонымен қатар білім деңгейіне байланысты мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес орыс тілі мен бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етеді.
      22. Жергілікті қажеттіліктер мен жағдайына қарай оқыту мен қоғамдық пайдалы кәсіптік еңбектің қосылуы негізінде, қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына қатысу, клуб жұмыстары мен қызығушылығына байланысты үйірмелерге, оқыту шеберханаларында, қосымша шаруашылықта, оқушылар кооперативтерінде, басқа да оқушылар бірлестіктерінде, кәсіпорындарда, шаруа қожалықтарында және еңбекке баулу мен тәрбиелеу жүзеге асырылады.
      23. Тиісті жағдайлардың бар болуына қарай оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, оқу шаруашылықтарында, оқыту орындарында, құрылыс объектілерінде, егістіктерде, фермалар мен тапсырыс беруші кәсіпорындар, жұмыс берушілер арқылы тәрбиеленушілерге белгіленген тәртіпте біліктілікті меңгергендігі туралы куәлік (төлқұжатты) беретін кәсіптік және өндірістік оқыту ұйымдастырылады.
      24. Техникалық кәсіптік білім беру мекемелеріндегі кәсіби тәжірибенің түрлері, мерзімдері мен мазмұны оқыту жоспарлары мен бағдарламалары арқылы анықталады.
      25. Әртүрлі нысандағы тәрбиелік еңбек, спорттық, мәдени-бұқаралық жұмыстарға тәрбиеленушілердің қатысуы қызығушылық, бейімділік және психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып ұжымдық қызметке жеке және сараланған тәсілдерді үйлестіру негізінде балалар мен ересектердің ынтымақтастығы принципінде құрылады.
      26. Мектеп-интернатта патриоттықты, азаматтықты, интернационализмді, адамгершілік пен жоғары моральды қалыптастыруда, сонымен қатар тәрбиеленушілердің жан-жақты қызығушылығы мен талаптарының дамуына бағытталған әртүрлі клубтар, секциялар, үйірмелер, студиялар құрылуы мүмкін.
      27. Мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері кәсіподақ, мәдени-ағартушылық, мектептен тыс, спорттық және өзге де ұйымдардың базаларында құрылған музыка, көркемсурет, спорттық және өзге де мектептердің, әртүрлі үйірмелер мен секциялардың сабақтарына, байқауларға, олимпиадаларға, спартакиадаларға, көрмелерге және өзге де іс-шараларға оқушылармен бірге қатыса алады.
3. Оқу-тәрбие процесіне қатысушылар, балалар үйі қызметкерлері
      28. Мектеп-интернатқа барлық күнтізбелік жыл бойында:
      1) жетім балалар;
      2) ата-аналық құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасының хабарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабілетi шектелуi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемесiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
      29. Медициналық көрсеткiштер бойынша немесе басқа бiр себептермен бұл балаларды тәрбиелеу мен оқыту бөлек жүзеге асырылуы тиiс болатын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасының мүшелерi немесе туыстық қатынастағы балалар бiр бiлiм беру ұйымына жiберiледi.
      30. Балаларды мектеп-интернатқа орналастыру үшін Үлгілік қағиданың 12-тармақшасында көрсетілген құжаттар тізімі болған жағдайда, жергілікті атқарушы органның мектеп-интернатқа жолдау туралы шешімі негіз болып табылады.
      31. Мектеп интернаттың тәрбиеленушісін басқа мекемеге ауыстыру мәселесі білім басқармасымен психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның өтініші негізінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты ауыстыру туралы бұйрықты білім беру басқармасы дайындайды.
      32. Мектеп интернаттың түлектері педагогикалық кеңесінің шешімі арқылы шығарады, болмаған жағдайда балалар үйінің әкімшілігі шығарады.
      33. Мектеп интернаттың тәрбиеленушілерін ауыстыруда (балалар үйінен шығаруда) барлық құжаттар тәрбиеленуші өмір сүріп, білім алатын ұйымның өкіліне беріледі, әрі арнайы журналға тіркеледі.
      34. Мектеп-интернатта психологиялық сүйемелдеу, қызметкерлермен кеңес және алдын алу жұмыстарын жүргізуді педагог-психолог жүзеге асырады.
      35. Педагог-психолог:
      1) күйзеліс, қақтығыс, күшті эмоционалды уайым жағдайында жүрген тәрбиеленушілерге, тәрбиешілерге психологиялық көмек пен қолдау көрсетеді;
      2) тәрбиеленушілердің әлеуметке қарсы әрекетінің алдын алып, оны реттеу бойынша шараларды жүзеге асырады;
      3) тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары және педагогтардың психодиагностикалық, кеңестік, ағарту-профилактикалық, коррекциялық даму және әлеуметтік диспечерлік даму әдістемелерінің нысандарын таңдайды.
      36. Тәрбиеленушілердің жеке психологиялық медициналық педагогикалық ерекшеліктерін, олардың өмір сүру жағдайын зерделеуді, уақытында әлеуметтік көмек көрсетуді әлеуметтік педагогтар жүзеге асырады.
      Әлеуметтік педагог:
      1) балалар үйінің әкімшілігіне, тәрбиеленушілерге және түлектердің құқықтарын және заңды мүдделерінің қорғалуы бойынша тәрбиешілерге әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсетеді;
      2) тәрбиеленушілердің тіркелген карточкалары мен деректер банкін жасайды;
      3) тәрбиеленушілерді жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізеді;
      4) әлеуметтік және мектептік бейәлеуметтенуін түзейді;
      5) психологпен бірге өмiрде қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс жүргізеді, сауалнама және рейдтік шаралар өткізеді;
      6) тұрғын үйге кезекке қоюға, тәрбиеленушілердің жылжымайтын мүлкін сақтауға және қажеттілігіне қарай жәрдемақы тағайындау жұмыстарын ұйымдастырады;
      7) тәрбиеленушілерге жеке іс қағазын жасау жұмыстарын жүргізеді.
      37. Тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсету штаттық медициналық өкілдің көмегімен жүзеге асырылады.
      38. Мектеп-интернаттың медициналық қызметкерлерінің негізгі функциясына:
      1) әрбір балаға медициналық қызмет көрсету, қажет болса, қала немесе облыстың медициналық арнайы ұйымдарын да қолдана алады;
      2) балаға толық медициналық құжаттар толтыру және оған ары қарай бақылау мен емдеу туралы нұсқаулар ендіру;
      3) белгілі бір нақты баланың өмірін ары қарай тиімді бағыттау бойынша мәселелер қарастырылатын медициналық-психологиялық-педагогикалық комиссияға қатысу;
      4) тәрбиеленушілердң денсаулығы, физикалық және психикалық дамуын бақылау, медициналық көмек пен емдік шараларын көрсету;
      5) жылына екі рет медициналық бақылау, алдын алу және сауықтыру-емдеу шараларын жүргізу және олардың тиімділігін бағалау;
      6) санитарлы-гигиеналық және санитарлы-эпидемиологиялық тәртіптің орындалуына медициналық бақылау жүргізу;
      7) тамақтану сапасына бақылау жүргізу, тәрбиеленушілердің оқу және оқудан тыс әрекеттерінің тиімді тәртібін бақылау, еңбек оқу үдерісі кезінде санитарлы-гигиеналық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету;
      8) тәрбиеленушілердің денсаулығын ескере отырып, кәсіби ұсыныстар жасау;
      9) тәрбиеленушілермен гигиеналық тәрбие, санитарлы-ағартушылық білімді насихаттау бойынша жұмыс жүргізу кіреді.
      39. Тәрбиеленушінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде білім беру ұйымының әкімшілігі оны күтіп-бағу, тәрбиелеу, жалпы орта білім алу жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған не олар өз құқықтарын теріс пайдаланған жағдайда, баланың өз бетінше құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық қызметін жүзеге асыратын органдарына, ал он төрт жасқа толғаннан кейін сотқа өтініш жасауға құқығы бар.
      40. Мектеп-интернатты құрылтайшысы тағайындайтын директоры жүзеге асырады.
      41. Мектеп-интернаттың директоры:
      1) заңнамада белгіленген тәртіппен балалар үйінің қызметкерлерін қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
      2) өзге де ұйымдармен өзара қатынаста балалар үйін білдіреді;
      3) мектеп-интернатты басқару құрылымын және штаттық кестені, лауазымдық міндеттерді үлестіріп, бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасы мен балалар үйінің жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
      42. Мектеп-интернат жергілікті жағдайларды ескере отырып, оқу шаруашылығын, оқу-тәжірибелік аймақты, оқу-өндірістік шеберханаларды құруы міндетті.
      43. Мектеп-интернатты қаржыландыру жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      44. Мектеп-интернатқа қосымша қаражаттың түсуі оны құрылтайшы (құрылтайшылар) есебінен қаржыландырудың нормативтері мен (немесе) абсолюттік мөлшерін қысқартуға әкеп соқтырмайды.
      45. Мектеп-интернат іс-жүргізуді жүргізеді және бағыныстылығына қарай білім органдарына есептілікте болады.
      46. Мектеп интернаттың халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттар, келісімдер, конвенциялар негізінде жүзеге асырылады.
Каталог: sites -> default -> files -> upload -> files
files -> І. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құжаттар
files -> 102 НҰСҚа аты-жөні Қала (Облыс) Аудан Мектеп Сынып Талапкердің қолы 2011 Назар аударыңыз!
files -> «Балаға мейірімді қала» бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі өткізілетін іс-шаралар
files -> 103 НҰСҚа аты-жөні Қала (Облыс) Аудан Мектеп Сынып Талапкердің қолы 2011 Назар аударыңыз!
files -> 104 НҰСҚа аты-жөні Қала (Облыс) Аудан Мектеп Сынып Талапкердің қолы 2011 Назар аударыңыз!
files -> 105 НҰСҚа аты-жөні Қала (Облыс) Аудан Мектеп Сынып Талапкердің қолы 2011 Назар аударыңыз!
files -> Бағалық ұсыныстар сұраныс әдісі арқылы принтерлердің техникалық күту және олардың картридждеріне бояу құю бойынша қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік сатып алудың қорытындысы туралы хаттама
files -> Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыруы туралы төртінші кезеңдік баяндама Кіріспе


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет