Саметеев Нығметжан
(1920 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)
Ол кездерде мен 8 жаста едім. Біз бір жанұяда үш ағайындымыз. Ең үлкені - Мұхаметжан, кішісі мен едім. Әкемнің есімі - Сәметей, шешем - Бәдіжамал. Біз Таңсық стансасының қасында орналасқан Ақши деген жерде колхозында тұратын едік. Үш қарындасым – Қаби, Ығи, Бази – ашаршылық кезінде Қытайда болған екен.
Сол кезде үкімет басына Сталиннің жіберуімен Голощекин деген келіп, халықтың малын түгел алды. Сондағы көздеген мақсаты, қысқаша қарапайым сөзбен айтқанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бүкіл елді бір жұдырықта қысып ұстау.
Сонда сіздер қалай күнелттіңіздер, не жедіңіздер?
Е, балам, ол кезде көп жанды үйлерге бір сиырдан берілетін болған. Қазақ деген ол кезде картоп қазуды білмейді, балық аулауды білмейді. Әйтеуір «мал, мал» деп малдың артынан кеткен халықпыз ғой...
Ой, шырағым , содан не керек, бір сиыр не болады дейсің, ол да суалды. Енді қалай қылғанда да жан сақтап қалу керек. Содан әкем әлгі сиырды сойып, соның етін жедік. Сол үшін әкемді өкімет он жылға соттайтын болған соң, әкем үш қызды алып Қытайдың Шәуешек деген қаласына қашты. Әкем кеткен соң біз Таңсықтың Қызылқия мектебінің интернатына келіп, сонда тұрып жан сақтадық. Шешеміз 50 жасында, ал әкеміз 82 жасында дүниеден өтті.
Ал енді ашшыққан ел не жемеді дейсің? Таңертең тұрып, тышқанның інін суға толтырады, қашан тышқан інінен шыққанша. Аңдып отырып, сол тышқанды ұстап алып жейді. Біздің үйдің жанында бір дәулетті кісі болды. Ол кісі аштық кезінде түгел жанұясымен қырылды. Бір күні үлкен кілемін, сандығын сүйретіп алып келіп: «Бала – шағама бір тілім нан бер» деп жылады. Өзі де аш халық несін берсін?..
Менің әкем бірде ертеңгісін «ит-құс, аң қолыма іліксе» деп үйден шығып бара жатып, жолдан бір үйде екі баласы бар ерлі-зайыпты жанұяны көреді. Әкем үйіне кірсе, барлығы да аштықтан ісініп кеткен екен. Кешкісін қайтып келе жатып, әкем жаңағы жолда тұрған үйдің есігін сыртынан біреу таспен тіреп кеткенін көреді. «Бұл қалай, кім екен?» - деп қараса, әке-шешесі екі баланы қалдырып, өздері кетіп қалыпты. Әлгі екі бала бірін-бірі құшақтаған күйінде өліп қалыпты.
- Е, шырағым, халық жаппай қырылды ғой. Анау Тарбағатайдан Таңсыққа келіп, жан сақтаймыз деп шыққан халық жол бойында тегіс қырылған...
Содан 1933 жыл да келді ғой ақыры. Аштықтан қалған халықты аман алып қалу үшін үкімет азық бере бастады: әр адамға бір уыс тары, бидайдың ұны. Сөйтіп тірі қалған халық жан сақтап қалды ғой...
Қазіргі уақытта зейнеткермін, қалқам. Аллаға шүкір, сегіз балам бар. Бүгінде немерелерім мен балаларымның қызығын көріп отырмын, – деп әңгімесін аяқтады қарт ақсақал.
Жазып алған
Оспанова Жадыра
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті
Достарыңызбен бөлісу: |