Мұстапаева Айгүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
4-курс студенті
Қапиза Тоқтағұлқызы
Бұл оқиғаны мен өзімнің көрші апамның әңгімесінен естігенмін. Қапиза апаның бұл айтқандарын есімде сақтап, бұндай жанды әлемге танытпасам да, келесі ұрпақтардың санасына құйып, олар қалған ғұмыры мен өмірін қайғы мен қасіретке толтырмай, өкінішпен өткізбесе екен деген оймен бүгін мен қағаз бетіне сонау бір замандағы оқиғаны жазып қалдырсам деп отырмын.
- Е, балам, ерте кезде бітіп кеткен ескі жараның аузын ашып, іштен қан жұттырған заманымның несін айтайын! – деп апам үлкен бір ойға батып кетті. Ауыр бір күрсініп, көзінің жасын бір сығып, апам әңгімесін бастады.
- Қарағым, ол кезде қызымыз - күң, ұлымыз - құл болған заман еді. Марқұм әкемнен тараған еркек кіндіктен ағам және оның артынан ерген жалғыз мен едім. Менің әкем - Тоқтағұл есімді сіңірі шыққан кедей еді. Әкемнің өзі он екі ағайынды болған екен. Әжеміз марқұм он екі баласының он бірін жер жастандырып, оған бала тоқтамаған екен. Барлығы туған соң қызылшамен ауырып, өле беріпті. Ең соңында, менің әкем туғанда, үлкен бір молда келіп, кіндігін балтамен шауып, баланың атын Тоқтағұл деп қойған екен...
Шешем марқұм әке-шешеден ерте айырылған тұлдыр жетім болған. Әкем екеуі қосылғанда шешем 14-те, әкем 19 жаста болыпты. Әкем Тілеуберді деген байдың жеті жасынан қозысын бағып, шешем сол босағаның күңі болып жүріп бір-бірімен табысқан екен. Мен ес білгелі жыртық шоқпыт лашығымыз бен жалғыз сауын сиырымыз, үш-төрт ешкіміз және жалғыз құмай тазымыз болған.
Бай бәйбішесі мейірім түскен адам еді. Одан кейінгі екі тоқалы адамнан емес, иттен жаралған ба деп ойлайтынмын. Байдың бәйбішесі айықпас дертке ұшырап, жыл жарымдай төсек тартып жатып қалды. Бәйбішенің сау күнінде қарнымыз ашыққан емеспіз. Шешеміз марқұм сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, таң азаннан кетіп, ел жатар орнында оралатын. Әр күні сорпа, сүйек-саяқ, отқа піскен таба нан үзілмейтін.
Сол кезде анам байғұс әр күні әкелген тамағын тезірек бізге жеткізіп, аузыма тығындаумен болатын. Қайран бала кезім, сонда шешем бір үзім нанды аузына алмай, бізге тығындағанына мәз, ал біз болсақ кешке дейін аш жүріп, жатар орнында ғана тойып, ас ішіп ұйықтағанға мәз болып жүріппіз.
Анам байғұс титтей қолы бос болса, көрші байлардың жүнін түтіп, арқанын есіп, киізін басып, бір аяқ бидай әкелетін. Ал әкем болса байдың малының соңында айлап кететін. Бай жылқысы қайда жайылса, сол жылқының соңында құрығын сүйреп, әкем де жүретін. Әкемізді анда - санда бір көргенімізге мәзбіз.
Күндердің бір күнінде бай бәйбішесі о дүниелік болып кетті. Бәйбіше кетісімен, екі тоқалдың айы мен күні алдарынан шығып, бар билікке ие болды. Бұрынғы күніміз көзден бұлбұл ұшты. Шешем бір күн келсе, бір күн келмей, аштықтың дәмі ащы таңдайымызға тие бастады. Анамыз келгенде де мандытып ештеңе әкеле қоймады. Келгеніне риза боламыз. Кейінгі кезде көзі ішіне кіріп, құр сүлдерін сүйретіп келген анама жанымыз аши қарап, аш екенімізді ұмытып та кететінбіз.
«Бір келсе, жеті жұт бірге келеді» - деген ғой. Сол жылдары қысы қатты, жазы аптап ыстық болғаннан бар жайылым қуарып, мал біткеннің бәрі қырыла бастады.
Шешеміз ауыр науқасқа ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Ағам бай босағасына әкем сияқты қозы бағуға кетіп, жалғыз мен ауру шешеммен қалдым. Жалғыз сиырымыздың төрт емшегін кере сауып, шешемді сол сүтпен асырап бақтым. Бірде қыс қатты болып, аязда, ақ-түтек боранда бай жылқысы бөлініп кетіп, әкем жарты үйір жылқыдан айырылып қалыпты. Бай сол жылқысының құнын сұрап, әкемнің неше жылғы еңбегін бермей және үстіне жалғыз сауын сиырын тартып әкетті.
Ағашқа байланып өзі әзер тұрған көтерем сиырдың екі аяғын құшақтап, мен талай жерге дейін сүйретіліп бардым. Мұны көрген әкем мен шешем ішінен қан жұтып, маған үнсіз ғана қараумен тұрды...
Қазақ даласын жайлаған жұт біздің төңірекке де келіп жетті. Бай малы қырылған үстіне қырыла берді. Байдың босағасында жүрген жалғыз ұлы мен тозып, шаршап, әлсіреген қызын ойлап, анам байғұс аштықтан үш түн сандырақтап, аштық деген залыммен алысып, таңға қарай көз жұмды. Неше жыл бай малының соңында қысы-жазы жүрген әкемнің де екі аяғынан кетіп, мүгедек болып қалды.
Ауыртпалық енді маған түсті. Бір уыс бидай сұрап, күндіз ел босағасын тоздырдым. Жұт жайлаған елде қайдан нан мен бидай болсын? Өстіп қанша жүргенімді білмеймін, бір күні бай апыл-ғұпыл үйін бұздырып, ағама қалған малын айдатып, елден қашпаққа айналды. Кешкісін ұрланып келген ағам бізге «Жүріңдер, бай көрші Қытайға өтпекші. Соның малын айдап, мен де өтемін, екеуіңді алып кетемін» деді.
Оған бай мінезін білетін әкем бармады. Ұлына да жалынып, оның бармауын тіледі. Ақыры көндіре алмаған соң, мені алып кетуін айтты. Аға мен әке ортасында тұрған мен от пен судың ортасында қалғандай болдым. Әкеме қарап, бір жалынам. Сол кезде мен өз ағамды өзім тани алмадым. Көзінен от шашып, бір үмітпен кетіп бара жатқандай болды маған. Екі аяғы сал әкемді қимай, мен елде қалдым. Сонда ағам есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып маған: «Күнім, алтыным, Қапилаш, мен ораламын, сені алып кетемін, жарай ма? Бірақ сен жылама, мен жол көріп келейін, сосын екеуіміз әкемізді арқалап, сол жермен Қытай еліне де жетеміз», - деді де маңдайымнан сүйіп, шығып кетті.
Өмірге деген үлкен үмітпен аға соңынан «қашан келер екен» деген оймен мен қалдым. Ал әкем болса ұлымен іштей қоштасып, көзінен аққан жасын маған көрсетпей сүртіп жатты.
Бай түнделетіп көшіп, ағам сол байдың малының соңынан кетті. Ағам Мағжан кетісімен екі күн бойы әкем теріс қарап жатып алды. Бір күні әкемнің нағашысы келіп, «Бізбен жүріңдер, Қытайға өтеміз, жаңадан өмір бастаймыз, бір ауыл тегіс шығып кеткелі отырмыз. Сосын мен де сендерді осында тастамай алып кетпекке келдім», - деді.
Сонда әкем: «Мені басыңа масыл қылып қайтесің. Мен әйелімді жалғыз қалдырып, қайда барамын, өлсем - әйелімнің жанына барамын, ал қызым болса саған аманат. Қарындасыңның аруағы риза болсын десең, өз қызыңдай көріп өсіріп, бақ» - деді.
Біз кетуге жиналдық. Үйден шығып бара жатып, соңғы рет әке бетіне қарадым: әкем маған үлкен бір қимастықпен қарап: «Бара ғой, балам, ағаңды да сол жақтан тауып аларсың», - деді. Әке бетінен айлар мен жылдардың тізгінін тізбектеп қойғандай әжім қатпарлары сызылып білініп тұр. Қызық, бұрын қалай байқамағанмын...
Арбаның ортасына отырып, сахарадай даламмен, ащы бір балалық шағым өтсе де туған жерімді қимай мен келемін.
Қанша жүргенімізді білмеймін, әйтеуір: «Мынау Мағжан ғой! Апырай, соның өзі!» - деген сөздерден ояндым. Өз көзіме өзім сенбей, қақиып тұрдым да қалдым. Көз алдымда екі көзі ойылған, шыбын мен құсқа жем болған ағамның өлігі тал түбінде жатыр. Апыр-топыр арбадан бізді түсіріп алып, келесі кетіп бара жатқан көштің арбасына салып, нағашыларымыз жүре беруімізді қалады да, өздері жиендерінің сүйегін көміп, кейінірек артымыздан қуып жететіндіктерін айтты.
Түкке түсінбей, тіл-аузым байланып қалған менің жүрегім мен жаным осы елдегі, осы жердегі әке-шеше мен ағамның аруақтарының жанында қалып қойғандай болды. Құл сүлдерім қалып, арбаның артына таңылғандай болған аға бейнесінен көз алмай қарап кетіп бара жаттым. Бұл кезде мен тоғыз жастағы жас бүлдіршін едім...
Кейін білдік, бай сол түні Қытайға өте алмай, сол жерде бар малын және ат басындай алтынын тастап, ағам жатқан талдың түбіне бүкіл алтынын тығады. Онымен қоймай, алтынын қызғанып, ағама «Тірі жүрсең, сен бұл алтынды қазып аласың!» - деп екі көзін ойып, сол араға тастап, жалғыз басымен Қытайға өткен екен...
Иә, балам, ол заман мен бұ заманның аралары әлдеқалай қашық...
Қазір егеменді ел болдық, Қазақстанымыз гүлденді. Ол заман қазір бір ертегі сияқты болып кеткен. Елім, жерім аман болсын. Ол заман да біздің маңдайымызға жазылған бір заман шығар. Сүйегі қурап, топыраққа айналып кеткен сол заман азаматтарын еске алып, жаманы болсын, жақсысы болсын, оларға Құран бағыштатып, еске алып отырамын. Заманымыз тыныш, ел іргесі аман болсын! – деп Қапиза апа сөзін аяқтады.
Ол кісінің бүгінде 7 ұлы, 3 қызы бар, 32 немере, 9 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Қытайдан 1962 жылы қайта оралған әже әке-шеше, ағасының моласын тауып, Құран бағыштап, аруақтарды риза қылуға ұмтылады.
Иә, біз осындай аналар мен аталардың арқасында өмір сүріп, осы күнге жеткенімізге үлкен алғыспен бас имесе болмайды!
Аталарымыз бен әжелерімізге табынып өтейік, отандастар!
Жазып алған
Достарыңызбен бөлісу: |