Байсақов Темірәлі Хасенұлы
(1924 жылы Ақсу ауданында туған)
- «Ақ сақалы қартықтың белгісін көрсетеді»,- деп қария сөзін ауыр күрсініспен бастады.
- Мен ол кезде 12 жасар бала болғанмын. Есімде сол шақ: өршіп тұрған күз мезгілі болатын. Жегендеріміз - ұнның қыпығы, соның өзі бізге табылмайтын ас еді ғой. Әжелеріміз бір дөңгелек құрт беріп тамақтандырушы еді, соған біз біреуіміз емей, әр отбасынан 14 адам тояттанып қалушы едік. Әкемнің айтуынша, Голощекин бүкіл асық пен етті қырманға жаптырып тастап, ақырындап Ресей еліне тасып отырыпты.
Ақсу ауданы «Қызылтаң» совхозындағы Баймұхамбет елі аш болды. Әкем қоймада астықты күзетуші еді, кейіннен халық «сол астықты елге бермей сақтадың» деп әкемді жауапқа тартпақшы да болды. Бірақ 1932-33 жылдары сол астықты аз-маздап елге бергені үшін Сталин адамдары әкемді соттамақшы болғанын ешкім де елеген жоқ еді...
Иә, көргенге - шын, естіген құлаққа - өтірік шығар.
Сол кезде тіпті өзенде жыбыр еткен балық пен әуеде пыр еткен торғай көрінбестей болып кеткен еді: бәрін де жеп қойғанбыз...
Ал қазір «Заман қиын, қиын!» деп шулайды жастарымыз. Қазір еңбек етсең, бәрі де бар емес пе?!.
Сол заманда ғой бәрінің де өте қиын болғаны, Голощекиннің сайқал саясаты емес пе, қазақ жерін тойпаңынан келтірген! - деп көзіне жас алған қария үнсіз қалпы ұзақ отырды...
Жазып алған
Оспанова Жадыра
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті
Серікберген ата
1931-33 ашаршылық жылдары, Серікберген атаның айтуы бойынша, елде жейтін тамақ болмай, адамдар бір-бірін жеген екен.
- Ол кезде мен 15 жасар бала едім,- деп бастады әңгімесін көнетоз қария.- Біз үйде бес жан едік. Шешем, мен, інілерім Мәулімберген, Өрікберген, қарындасым Зұлқия.
Біздің тұрғанымыз су жоқ жер, шөлейтті аймақ еді. Жол жиегінде өліп жатқан адамдар жиі кездеседі. Кейде оларды жерлеп кетеміз, кейбір әйелдер емшектегі баласымен өліп жатады, сәбидің аузында шешесінің емшегі тіреліп қалған. Осындайларды көргенде қалай қорқып, шошымайсың?
Тамақ, нан деген жоқ. Шешеміз берекелі кісі болатын. Бал қасықпен өлшеп бір қасықтан тары береді бәрімізге. Кейде түйені үш мезгіл сауып, сүтіне су қосып шалаптап, үлкен қазанға қайнатып, тошалаға сүйектерді қоса қайнатып, тау сарымсағын ұсақтап турап салып, бізге кесеге құйып беруші еді. Біз ет жеп, сорпа ішкендей болып қанағаттанатынбыз...
Кей қыстақта қалған жүнін қырқып, тұздап алған мал терілері ешқашанда бұзылмайды екен. Шешеміз сол теріні ұсақтап турап, қазанға үш рет қайнатқанда, тері аппақ болады екен. Төртінші рет қайнатып, кәдімгі ет ретінде бізге береді. Біз ашпыз, соны соғып алатын едік.
Жауқазын сияқты аппақ сәбіз өсімдік болады, соны шоққа пісіріп жейтінбіз. Сөйтіп аш-жалаңаш жүріп, қара суық күзге де іліктік, жағдайымыз тіпті ауырлай бастады. Інілерім Мәулімберген мен Өрікберген, аштықтан болу керек, екеуі де жатып қалды. Құдай қуат берген шығар, мен әйтеуір сау болдым.
Картоптың қабығын тауып, бір үлкен табыс тапқандай болып қаламын. Сол әкелген картоптың қабығына өзі сіріңкедей қана, сықсаң су шығатын қара нанды темір қалбырға салып, отқа-шоққа қайнатып, тұз болмағандықтан өзімше бір тұзын шығарып, бал қасықпен ең алдымен қозғалмай жатқан шешемнің ауызына құятынмын, сонан соң інілеріме және қарындасыма беретін едім. Түбінде қалған бір-екі қасықты өзім ішіп жерге жата кететін едім.
Етігімнің табанында туырлық киізден жасалған ұлтарақ сияқты бірдеме болатын, жер-жерді тамақ іздеп шарлағандықтан ол екі-ақ күнге шыдайтын. Бұтымда жүнін ішіне қаратып шешем қолдан тіккен иленген тері шалбар еді. Өзі жылы болғанымен, аяздан сыртына қараған терісі сіресіп қатып қалатын, кеудемдегі тері тон да дәл шалбардай, басымда қолдан тігілген шүберек тұмақ болатын. Қыстан сол киіммен шығып едім...
Бір айтарым, аштық кіргенде неше түрлі аурулар да жай жатпайды екен, «Сыпной тиф», «Брюшной тиф» деген аурулар қаптап, аштыққа қосыла, шөпті шалғымен шапқандай, адамдарды қырып салды. Сондағы бізді аман-есен алып қалған орман-тоғай болды. Отынды сындырып алып, жаға бердік. Бірақ тіккен қоста пана болмайды екен, отты маздатып қанша жақсаң да, бет жағыңды ғана жылытып, арқа жағың мұздап отырады екен...
Осыны айқанда Серікберген атаның көңілі босап, көзінен жас парлап, ары қарай әңгімесін жалғастыруға мұршасы болмай қалды. Кемсеңдеп отырған қарияның келіні ымдаған соң, мен әрі қарай сөз жалғастыруға ыңғайсызданып, үй ішіндегілермен қоштасып, далаға шықтым...
...Серікберген атамен тағы да сөйлесіп, әңгімесін тыңдауға басқа мүмкіншіліктің сәті түспеді...
Жазып алған
Достарыңызбен бөлісу: |