Хронологиялық шеңбері кейінгі ортағасырлардан бастап (XIV ғ.) жаңа заманға (XIX ғ. соңы) дейінгі аралықты қамтиды. Төменгі шегі моноэтностық Қазақ хандығының құрылуымен, жоғарғы шегі - ХІХ ғ. жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымының енгізілуімен байланысты. Ұлытау өңірінің тарихи географиясының кейбір мәселелерін талдауда көрсетілген кезеңдегі тарихи үрдістерді түсіну үшін хронологиялық шеңберден тысқары шығуға тура келді.
Зерттеудің территориялық шеңбері Ұлытау, Арғанаты таулары, Терісаққан, Кеңгір, Сарысу, Шу өзендерінің алқабы, Жетіқоңыр, Мойынқұм аумағын қамтиды. Көрсетілген жерлер біртұтас тарихи өңірді құрайды және қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау ауданының аумағына біршама сәйкес келеді.
Ғылыми жаңалығы. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы алғаш дербес ғылыми айналымға алынып, зерттеліп отыр. Өңірдің тарихи географиясының саяси аспектілерін сипаттайтын жаңа мұрағат құжаттары ғылыми айналымға енгізілді. Тарихи-мәдени ескерткіштердің саяси-әлеуметтік маңызы анықталды. Ұлытау өңірінің этникалық құрамы, рулардың қоныстануының негізгі аумағы ауқымды деректер негізінде көрсетілді. Өңірдің шаруашылығының түрлері, еркешеліктер, керуен жолдарының маршруттары анықталды. Жасалынған талдау Ұлытау өңірінің тарихи географиясының жалпы мәселелерін және ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.
Ғылыми-қолданбалы маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері Отан тарихы, этнография, тарихи география, өлкетану саласы бойынша ғылыми ізденістерде кеңінен қолданыла алады. Жұмыстың нәтижелерін тарихи мәдени ескерткіштердің және басқа да тақырыптық карталарды дайындауда, әртүрлі тарихи анықтамалықтар мен сөздіктер құрастыруда пайдалануға болады. Тұжырымдары мен түйіндерін «Тарихи өлкетану», «Тарихи география» курстарында, арнайы курстарда, мектептерде қосымша «Өлкетану» пәнінде қолдануға, ономастикалық комиссиялардың жұмысында пайдалануға болады.
Жұмыстың сарапталуы. Зерттеудің түйіндері мен қорытындылары 2 ұжымдық монографияда, 18 ғылыми мақалада көрсетілді. Оның ішінде, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында – 5, республикалық конференциялардың материалдарында – 4, аймақтық конференция материалдарында – 1, ғылыми зерттеулер жинағында – 2, ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ұсынған басылымдарда – 6 мақала жарияланды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы Ұлытау өңірімен тығыз байланысты. XV-XVI ғғ. Ұлытау өңірі Жетісу және Оңтүстік Қазақстанмен қатар қазақ хандығының орталықтарының бірі болды. Өңірдің саяси маңыздылығы қазақтардың Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алып, Қазақ хандығының астанасын Түркістан қаласына ауыстырғанға дейін сақталып тұрды. Өңір аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қазақ халқы ерекше қастерлейді.
2. 1727 ж. Бұланты шайқасының нәтижесінде жоңғарларға тойтарыс беріліп, Ұлытау және көршілес аумақтар азат етілді. Орта жүз халқы негізінен Ұлытау өңірін мекендеді. XVIII ғ. 50-інші жылдарына дейін Сарысу өзені қазақ-жоңғар арасындағы табиғи шекара рөлін атқарды. Ұлытау үш жүздің бас қосып, саяси маңызды мәселелерді талқылау орны болды.
3. ХІХ ғ. Ұлытау өңірінің географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі орталықтарының бір болуы географиялық орналасу ерекшелігінен туындады. XIX 50-60-шы жж. Ұлытау өңірінде Ресей империясының отарлау саясатына қарсы Қошқарбай Саржанұлы күрес жүргізді.
4. Ұлытау өңірінің этникалық құрамы ұзақ уақыт аралығында жүріп, тек ХІХ ғ. бас кезінде аяқталды. XVIII ғ. өңір аумағында Орта жүз рулары мекендеді. ХІХ ғ. өңірде негізінен найман-бағаналы, арғын-төртуыл рулары қоныстанды. Сарысу өзенінің бойы кейбір Кіші жүз руларының қонысы болды.
5. XIX ғ. Ұлытау өңірінің әлеуметтік-аумақтық құрылысы Ресей әкімшілік реформаларының барысында бірнеше рет өзгерістерге ұшырап, бастапқы кезде Көкшетау сыртқы округіне, кейін Құсмұрын округіне қаратылды. 1859 жылы Атбасар сыртқы округінің құрамына берілді. Әкімшілік өзгерістер жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына әсерін тигізіп, әсіресе жерді пайдалану мәселесінде көп қиындықтарға душар етті.
6. Ұлытау өңірінде қазақтардың дәстүрлі шаруашылық түрлері жүргізілді. Мал шаруашылығы басым болды. Орталық Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда түйенің көп болуымен ерекшеленеді. Ұлытау өңірінің оңтүстігінде Шу өзені бойында және солтүстік таулы аумақтарында жер өңдеушілікпен айналысты.
7. Ұлытау өңірі арқылы ежелден керуен жолдары өтті. Керуен жолдары Орта Азия қалаларымен Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерін байланыстырып тұрды. ХІХ ғ. өңірдегі сауда қатынастарында жәрмеңкелер маңызды роль атқарып, өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығының өнімдерін өткізуге мүмкіндік берді.
Диссертация құрылымы қысқартулар тізімі, кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен тақырып бойынша қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмыстың өзектілігі және тақырыптың ғылыми жаңалығы, нысаны және пәні, мақсаты мен міндеттері, зерттелу деңгейі көрсетіліп, дерек көздеріне талдау жасалды, зертеудің теориялық-методологиялық негізі, хронологиялық және территориялық шеңбері анықталып, жұмыстың сарапталуы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдар берілді.
«Ұлытау өңірінің тарихи географиясының саяси аспектілері» деп аталатын бірінші бөлімде XV-XIX ғғ. өңір аумағындағы тарихи география мәселелері саяси аспектілері тұрғысынан мемлекеттердің құрылуы мен шекараларының қалыптасуы, өзгеру мәселелері және әскери жорықтар мен шайқастар қарастырылады.
«XV-XVII ғғ. Ұлытау өңірінің тарихи-географиялық сипаттамасы» деп аталатын бірінші тараушасында Ұлытау өңіріндегі тарихи оқиғалардың барысы, мемлекетті билеушілердің іс әрекеттері, елдің шекаралары сипатталады.
Ұлытау өңірі ерте ортағасырларда қимақ-қыпшақ мемлекетінің, моңғол жаулап алуынан кейін Жошы ұлысының құрамында болды. Тоқтай ханнан кейін ұлыстың екіге бөлінуі нәтижесінде Ұлытау аумағы Ақ орда сұлтандарының билігіне көшеді. Тоқтамыс балаларымен шайқаста қаза болған Едіге Ұлытауға жерленеді. Ұлытау тауларының бірі бүгінге дейін Едіге деп аталады. «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің билеушісі Әбілқайыр хан Орда-Базарда ордасын құрған. Орда Базар қалашығы ұзақ уақыт Дешті Қыпшақтың саяси орталығы қызметін атқарды [11, 155 б.]. Осы кезеңде Ұлытау өңірін Алаша бахадүр басқарғаны туралы айтылады. Қазақ хандығының құрылуы Ұлытау өңірімен тығыз байланысты. Ұлытаудың қазақ даласындағы көшпелі мемлекеттердің саяси орталығы болуы дәстүріне қазақ хандары да арқа сүйейді. Ұлытау өңірінде орналасқан «Таңбалы тас» қазақ руларының біріккен жері ретінде айтылады. «Таңбалы тастың» ұлы атаққа ие болуының себебі қазақ халқының осы арада мемлекет негіздерін құруына байланысты деп түсіндіріледі. Қазақ хандығының қалыптасуынан кейін Ұлытау өңірінің саяси орталық ретінде өз мәнін жоғалтпағаны тарихи деректерден белгілі болып отыр. XVI ғасырдың бас кезінде Ұлытау өңірі Қасым ханның ордасы болғанын «Зубдат ал-асар» шығармасынан көруге болады: «Тимур-султаном и Убайдаллах-султаном, которое внезапно нагрянуло на Касим-хана..., и вся его ставка и весь эль-улус в Улутаге попали в руки султанов» [11, 133 б.]. 1582 жылы Бұқар әміршісі Абдаллах хан Баба сұлтанмен соғысы кезінде Ұлытау өңіріне келеді. Тәуекел-баһадүр сұлтанның танымал болуы осы жорықпен байланысты. Хафиз Таныш Абдаллах ханның қазақ даласына жорығын жан жақты баяндайды және Ұлытауды «Дешті-Қыпшақтағы ең жақсы жер» деп сипаттайды [11, 278 б.].
Хафиз Таныштың жазбаларында Ұлытау өңірінің топонимикасына қатысты маңызды мәлімет таба аламыз. Ұлытау өңірінде Бұланты аталатын өзен бар, бірақ Ұлытауда қазіргі күндері бұлан жоқ. Бұланты топонимінің қалыптасуын Хафиз Таныштың мәліметтері ғана түсіндіре алады. Абдаллах-ханның жауынгерлері ірілігі өгіздей жанауарларды кездестіреді. Оны моңғолдар қандағай, Дешті Қыпшақ тұрғындары бұлан деп атайды екен. Демек, ортағасырларда Ұлытау өңірінде бұлан аталатын аңның болуынан өзен атауы қалыптасқан.
Ұлытау өңірі ортағасырларда ірі саяси оқиғалардың аренасы болғандығы белгілі болып отыр. XV-XVIІ ғғ. Ұлытау өңірі арқылы ірі әскери жорықтардың, тарихи оқиғалардың орын алуы жазба деректерде, жергілікті топонимикада сақталған.
«XVIII ғ. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы» деп аталатын екінші бөлімшесінде XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасының шешуші оқиғаларының бірі - 1726 жылғы Бұланты шайқасы. Қазақ халқының осы шайқастан бастау алған жеңістері Жоңғар мемлекетіне деген тәуелділіктен азат етті. Кіші және Ұлы жүздің Тайлақ батыр мен Саңырық батыр бастаған жасақтары Қарасиыр деген жерде жоңғарлармен шайқасып, толық жеңіске жетеді және осы жер «Қалмаққырылған» деген атқа ие болады. Бұланты шайқасының нәтижесінде стратегиялық маңызды жетістіктерге қол жеткізіліп, Оңтүстік Қазақстанда Сырдария бойы, Қаратау маңы, Сарысу алқабы және Ұлытау жоңғарлардан азат етіледі. 1730 жылғы башқұрт батырлары Алдар Есенгелдин мен Таймас Шаимовтың Сыртқы істер коллегиясына мәлімдемесінде қазақтардың Бұланты шайқасынан кейін Сырдария, Сарысу, Торғай өзендерінің бойын, Ұлытау мен Кішітау маңын және Қарақұмға дейінгі даланы мекендейтіні көрсетіледі [12, 373 б.].
Ұлытау өңірінің тарихының бірнеше мәселелері XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынастарымен тығыз байланысты. Ұлытау өңірінде 1748 жылға дейін Барақ сұлтанның иелік еткенін Орынбор губернаторы И.Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған мәлімдемесінде Барақ сұлтан үш мың шаңырақпен Сарысу өзенінің бойында көшіп жүргені және осы өзеннің қазақтар мен жоңғарларды бөліп тұрғандығы айтылады [12, 424 б.]. Ұлытау өңірінде мекендеген найман тайпалары сұлтанның ұлысын құраған. Әбілқайырдың өлімінен кейін Барақ сұлтан оңтүстікке ығысып, Ұлытау өңірін тастап кетуге мәжбүр болады. Бірақ та, тарихи деректерге сүйенсек, бұрынғы өзі иелік еткен найман тайпаларына ықпалын жоғалтпайды. 1750 ж. Абылай сұлтан Ұлытауда жоңғар нояндары – Даваци, Әмірсана және Банжурдың қазақ еліне қашып келуіне, оларды жоңғар қоңтайшысының қайтарылуын талап етуіне байланысты үлкен кеңес өткізген. Ұлытаудағы кеңеске арғын, найман, уақ-керей, бәсентиін және т.б. қазақ руларының 70-тен астам ел ағалары қатысады. Түркістаннан арнайы Әбілмәмбет хан келіп, жоңғардың адамдарын қайтару керектігін айтады. Абылай бастаған ел ағалары Даваци мен жақтастарын Лама-Доржыға қайтарып бермеуге ұмтылады. Оған қарсы Жапақ батыр және ең бастысы Орта жүздегі беделді батыр Малайсары да қосылып, Даваци мен оның жақтастарын қайтаруды ұсынады. Абылай сұлтан Давациға болашақ Жоңғарияның билеушісі ретінде қарап, қазақ елінің мүддесіне пайдалану мүмкіндігін ойлағаны сөзсіз. Ұлытауда өткен кеңестен кейін, Ұлы жүздің сол уақыттағы басшысы Төле би де Абылайдың шешімін қолдап, хат жолдайды.
Ұлытау өңірінің тарихи географиясына қатысты мәселелердің бірі – 1771 ж. Убашы тайшының бастауымен Еділ қалмақтарының Жоңғарияға кетуімен, орыс әскерлерінің және қазақ жасақтарының әскери жорықтарымен байланысты. Қалмақтардың Жоңғарияға көші және оларды қуғындаушы әскерлер Ұлытау арқылы өткен. Н.Рычковтың жол жазбасында Ор бекінісінен шыққан орыс қарулы әскерлерінің Кіші жүз ханы Нұралының жасақтарымен қосылып Ұлытауға дейін қалмақтардың соңынан қуады.
XVIII ғ. Ұлытау өңірі қазақ тарихында ерекше орын алады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Орта жүз халқына пана болып, ел тағдырының шешуші кезеңдерінде саяси орталыққа айналады.
«ХІХ ғ. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы» деп аталатын үшінші бөлімшесінде Саржан, Кенесары Қасымұлдарының көтерілісінің тарихи географиясы қарастырылады. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің барысы Ұлытау өңірімен байланысты. Саржан мен оның жақтастары көбіне Сарысу мен Шу өзендерінің бойында, Жетіқоңыр құмдарында және Жезді, Кеңгір өзендеріне қоныстанған. Ұлытау өңірінің Орта жүздегі ұлт-азаттық Кенесары көтерілісінің орталығына айналуы 1836 жылдан басталады. Осы жылы Саржан сұлтан Ташкентте өлтірілген соң, Қасым сұлтан балаларымен Ұлытауға көшіп келіп, осы араға өз жақтастарын жинақтай бастайды. Кенесары Қасымұлы халқының тәуелсіздігіне ұмтылғанда, ата-баба дәстүрін ұстанып, Ұлытауды көтерілістің орталығына айналдырды. Көтерілісшілердің қатарын бірінші кезекте Ұлытау өңірін мекендеуші Бағаналы рулары толықтырады. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық көтеріліс Орта жүздің барлық руларының тарапынан қолдау табады [13]. 1838 жылы орыс әкімшілігіне қарсы шыққан болыстар негізінен Ұлытау өңірін қоныстап отырды. Жақсы Арғанаты таулары, Білеуті, Бұланты, Дүйсенбай өзендері, Кішітау маңы, Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің бойы, Терісаққанның жоғары ағысы көтерілісшілердің мекені болды [14, 87-88 б.]. Ресей империясының әкімшілігі көтерілісшілерге қарсы әрекет ету үшін және қорғану мақсатында Ұлытау бекінісін орнатады. 1845 жылы Орынбордың әскери губренаторы Обручевтің бұйрығы бойынша көтерілісшілерді Орынборға қарасты Кіші жүз аумағынан шектету үшін Ырғыз бекінісі салынды.
Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, отарлау жүйесіне қарсы күресті оның балалары Сыздық, Ахмет, Саржанның балалары Ержан, Қошқарбай жүргізді. 1856 жылы Саржан мен Кенесарының балалары Петропавл керуенін тонайды және Ақмола казактарының 15 000 бас малын қуып әкетеді. Қуғынға штабс-капитан Соловцов, сұлтан Нұралы Әбілқайыров және Ерден Сандыбайұлы бастаған жасақ жіберіліп, Шу өзенінің бойында олар Ахмет Кенесарин бастаған қазақ жасақтарының шабуылына ұшырайды. Соловцов қаза болады. Саржан сұлтанның баласы Қошқарбай да осы қатарда тұр. Қошқарбай Саржанұлы ХІХ ғ. 50-60-шы жылдары орыс отарлаушыларымен күрес жүргізген тұлғалардың бірі. Ол Ұлытау өңірінде Кенесары ханның жақтастарын жинап, орыс әкімшілігіне мойын ұсынбай, оңтүстіктегі Сыздық сұлтанға қосылмақшы болғанын мұрағат құжаттарынан көре аламыз [15]. 1871 жылы Қошқарбай Саржанұлы орыс әскерлерінің қолына түседі. Алайда, көтеріліске дайындалып жатқандығын, Сыздық сұлтанмен бірігу мақсаты бар екендігін орыс әкімшілігіне мойындамайды. Заң жүзінде ешбір негіз болмаса да, қазақ даласындағы қауіпті адамдардың бірі деген айыппен 1872 жылы Екатеринославск губерниясындағы Славяносербск қаласына жер аударылады. Арада бес жыл өткеннен кейін Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның кепілдемесімен туған жеріне қайта оралады.
«Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің маңызы» деп аталатын төртінші бөлімшесінде тарихи-мәдени ескерткіштердің салыну себептері анықталып, олардың саяси-әлеуметтік маңызы көрсетіледі.
Ұлытау өңірінің тарихи-ескерткіштері ерте ортағасырлардан ХХ ғасырдың бастапқы кезіне дейінгі аралықты қамтиды. Ерте ортағасырларға Домбауыл дыңы, Қарадың, Қосүйтас ескерткіштеріне жатқызылып отыр. Ұлытау өңірінде Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері: Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Келінтам, Болған ана, Талмас ата т.б мазарлар сақталып қалған. Бұл ескерткіштер кешенінің сәулеткерлік ерекшелігі Алтын Орда мемлекетінің күш-қуатының символы болып табылады.
ХІХ ғ. тарихи-мәдени ескерткіштердің көпшілігі Сарысу, Кеңгір, Жезді, Торғай, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. Бұлай орналасуында да өзіндік бір ерекшелік бар. Ол, біріншіден өзен аңғары, судың жағасы болса, екіншіден, ежелден қыстаулардан жайлауға баратын көші-қон жолдарында орналасуымен байланысты. ХІХ ғ. айтулы тұлғаларға арналып салынған ескерткіштер саяси биліктің ру басыларына ауысқандағының көрінісі және өңірдегі ру аумақтарының шекаралық белгісі қызметін атқарды. Өңір аумағындағы бейіттер, күмбездер т.б. шексіз кеңістікте керуен жолдарының бағдары, жолаушылардың панасы болды.
Сарыарқада исламның кеңінен таралуы ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең етек алады. Беделді ру басыларының мешіттер салғыза бастауы, ауылдарда молда ұстауы, балаларды арабша хат танытуы, Арқадан қажылыққа барушылардың көбеюі осы тұсқа келеді. ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ арасында ислам дінінің кеңінен таралып келе жатқанына ресейлік әкімшілік қауіп білдіреді [16]. Қазақ арасында жаппай мұсылмандықтың кең таралуы Ресей империясының отарлау саясатымен тікелей байланысты. Отарлаудың салдарына қарсы арқа сүйер күш ретінде ислам дінін пайдаланды. Ал, ислам дінінің кез-келген жерде таралуына әсер ететін бірден-бір фактор – мешіттің болуы еді. Мұсылмандықты уағыздаған адамдар бірінші кезекте мешіт салдырған. Мұны Ұлытау өңіріндегі сақталған мешіттер салынуынан көре аламыз.
Ұлытау өңірінің аумағында ортағасырлық дәуірдің бірнеше қалашықтар мен бекіністер орналасқан. Осы өңірдің ортағасырлық қала мәдениетінің көптеген мәселелері археологтар тарапынан толық және жан-жақты зерттелген болатын. Кеңгір және Сарысу өзендерінің бассейнінен, Ұлытау және Жезқазған аудандарынан табылған ортағасырлық қалашықтар отырықшы мәдениеттің суармалы жер шаруашылығының дамығандығының дәлелі.
«Ұлытау өңірінің этникалық құрамы және әкімшілік-аумақтық құрылымы» деп аталатын екінші бөлімінде рулардың осы аумақта орналасуы, қозғалысы және ХІХ ғ. Ресей империясының құрамына қосылғаннан кейінгі әкімшілік реформалар нәтижесіндегі аумақтық бөлініс қарастырылады.
«Ұлытау өңірінде ру-тайпалардың қоныстануы» деп аталатын бірінші бөлімшесінде осы аумақтың рулары сипатталады және олардың қоныстану жерлері көрсетіледі.
Ұлытау өңірі этнотерриториалды тұрғысынан алғанда Орта жүз құрамына жатады. Қазақ хандығы дәуірінде Ұлытау өңірін мекендеген ру-тайпаларды анықтау және олардың орналасуы туралы нақты сипаттама беру қиындық туғызады. Тек, XVIII ғ. жазба деректердің негізінде Ұлытау өңірінде қандай рулардың қоныстанғанын көре аламыз. П.И. Рычковтың мәліметтері бойынша XVIII ғасырда Орта жүз руларының құрамы келесідей: «В сей Средней орде генерально четыре рода состоят, яко то: найманы, аргинцы, увак киреейцы и кипчаки, из которых найманский против всех прочих людняе и богатее». А.И.Левшин Арғын және Найман руларының Ұлытау өңірін мекендегенін көрсетеді: «Аргынское поколение кочует около гор Улуг», «Найманское поколение ... прочие кочуют по вершинам Ишима, по Тургаям, Кара-Узяку, Сыру, Кувану, Лапсу, около озер Ак, в горах Улуг, Кичи и проч.».
Тарихи аңыздарда Арғын және Найман рулары Ұлытау өңірінде аралас қоныстанып, кейіннен екі ру арасындағы келіспеушілік Арғындардың солтүстікке ығысуына алып келеді. ХІХ ғ. Арғын-Төртуыл рулары Ұлытау өңірінің солтүстігі мен көршілес аумақтарда, Теңіз көлінің аралығында, кейбір бөліктері тіпті солтүстікте Есіл өзенінің бойын қоныстанды. ХVІII ғ.- ХIX ғ.бас кезінде Ұлытау өңірін Арғын ішіндегі Тобықты руының қоныстанғаны туралы Я.П. Гавердовский жазып өткен болатын. Осы арадан Семей өңіріне қоныс аударған. Тобықтылардың осы өңірлерді мекен етуін Ш. Құдайбердіұлы жоңғар шапқыншылығынан кейін болғанын көрсетеді. Ұлытау өңірінде Кіші жүздің Тама руы да қоныстанады. Тамалардың негізгі қоныстары Сарысу өзенінің орта ағысы, Қаражардан Қаракеңгір өзені мен Сүртісу өзеніне, оның жоғарғы ағысына дейінгі аралықты қамтиды. М. Красовский Тамалардың Сарысудан оңтүстікке қарай, Бетпақ даланың нағыз қожайындары екенін жазады.
Ұлытау өңірінің аумағында негізінен Найман-бағаналы рулары, ал, солтүстік бөлігінде Арғын-төртуыл, солтүстік-батысында Қыпшақ рулары орналасады. ХІХ ғ. бірінші жартысында өңірдің этникалық құрамының толық қалыптасуы аяқталды.
«ХІХ ғ. Ұлытау өңірінің әкімшілік аумақтық құрлымы» деп аталатын екінші бөлімшесінде ХІХ ғ. қалыптасқан әкімшілік аумақтық құрылымның қалыптасуы мен Ресей империясының реформаларына байланысты өзгеруі көрсетіледі.
1822 жылы Сібірді басқаруды оңтайлы ету мақсатында екіге бөледі: Шығыс Сібір – орталығы Иркутск қаласы және Батыс Сібір – орталығы Тобольск қаласы (1839 жылға дейін, одан кейін Омбы қаласы). Батыс Сібірдің құрамына Тобыл, Томск губерниялары және Омбы облысы жатқызылды. Орта және Ұлы жүз қазақтары мекендейтін өңірлері Омбы облысының қарамағына берілді. 1847 жылы Кенесары қаза тапқаннан кейін ғана Бағаналы рулары Қаратаудан, Шу-Сыр бойынан бері серпіле көшіп, осы уақытқа дейін құрылған Көкшетау, Құсмұрын сыртқы округ құрамына қосылуға тілек білдіре бастайды. Осы кезде төрт Бағаналы болысы құрылады: 1. Қоқан Жырық Байназар болысы; 2. Ақтаз Бадана Сеит болысы; 3. Қарабала Төртқара Сарғалдақ болысы; 4. Қызылтас Ебескі Жұртшы болысы [26]. Ұлытау өңірінің солтүстік аумағында Арғын-Төртуыл болыстары болды. Кенесары көтерілісі отарлау жүйесінің әлсіз тұстарын анық байқатты. Осы себепті Ресей әкімшілігі дала өңірін басқарудың тиімді жолдарын іздестіре бастайды. Орыс әскери адамдары орталық органдарға жергілікті жағдайды жеткізе отырып, «қазақ даласы басқаруда тез арадағы өзгерістерді қажет етеді» деп жазады [17]. Бұл Ресей империясы үшін дала өңірлерін басқарудағы жағдайдың қиындығын, отарлау саясатын толық жүзеге асыру үшін әкімшілік жүйеге өзгеріс енгізілу қажеттілігінің пісіп жетілгендігін көрсетеді. 1859 жылы Құсмұрын сыртқы округі жойылып, оның орнына жаңадан Атбасар сыртқы округі ұйымдастырылады (1859 ж. 8 қазан) [18]. Осы орайда, Бағаналы болыстары жаңадан құрылған Атбасар сыртқы округтік приказының құрамына беріледі. 1868 ж. «Дала облыстарын басқарудың уақытша Ережесіне» сәйкес Ақмола облысы құрылды. Атбасар уезді бұрынғы Атбасар сыртқы округінің орнына ұйымдастырылды. Болыстардың бөлшектенуі басталды. Бұрынғы рулық принциппен құрылған болыстар ендігі кезекте қазақтардың рулық тұтастығын ыдырату мақсатында жер аумағы бойынша аталатын болды. Округтік шекаралардың орнауы мен өлкені отарлау салдарына байланысты шұрайлы-шүйгін жерлер тарыла түсті. ХІХ ғасырдың соңына қарай жер тапшылығынан ру аралық талас-тартыстар кең етек ала бастады. 1896 жылғы санақ бойынша Атбасар уездіндегі болыстар саны мен ондағы ауылдар көбейе түсіп, ондағы тек бағаналы руларының болыстары 8-ге жетеді [19].
«Ұлытау өңірінің тарихи географиясының экономикалық аспектілері» деп аталатын үшінші бөлімде шаруашылық түрлері, мал шаруашылығының ерекшеліктері, жер өңдеушіліктің қалыптасуы мен тәсілдері, керуен жолдары мен сауда қатынастары қарастырылады.
«Мал шаруашылығының тарихи географиялық сипаттамасы» деп аталатын бірінші бөлімшеде Ұлытау өңіріндегі мал шаруашылығының ерешеліктері қарастырылады.
Көшпелі қазақтың барлық салт-дәстүрлері, өмір сүру негізі көшпелілікпен тығыз байланысты болды. Қазақтардың мал шаруашылығында – жылқы, қой, түйелер негізгі роль атқарады. Ұлытау өңірінде ірі қара мал саны едәуір аз деп айтуға болады. Көшпелілік жағдайында мал өсіретін Ұлытау өңірінің халқы төрт түлік малдың ішінде жылқы мен қойды қысы-жазы тебіндеп жайылту әдісімен бағатын. Ұлытау өңірінің мал шаруашылығы ішінде маңызды рөлді түйе атқарды. Түйелер аттармен қоса жүк артуға және де жұмыс күшіне пайдаланылды, оларды арбаға жекті. Түйенің жүні іске жаратылып, халық арасында оның сүті ерекше бағаланды.
Ұлытау өңірінде мал шаруашылығы дәстүрлі түрде, жылдың мезгілдеріне сәйкес: жайлау, күзеу, қыстауға көшу арқылы орын ауыстырып отыру түрінде жүргізілген. Ұлытау өңірінің халқы көшу кезінде ұрылардан сақтану үшін үлкен топтарға жиналады және ол үшін бірнеше қауымдар бір топқа бірігеді де бір жолмен көшіп-қонады. Қауымдар ортақ көштерімен байланысқан рулық топтар болып табылады. Топқа кіретін ауылдар солтүстіктегі жайлауларына бірге көшеді, ал қысқы жайылымдары болмаған жағдайда, олар бірге уезден тысқары жалға алынған жерлерге барады.
Ұлытау өңірінің таулы аудандарында қыстау маңындағы жайылымдарды пайдаланудың біршама басқа тәртіптері кездеседі. Бұл жерлерде жекелеген топтар да рулық бірліктерден тұрады, өз жерлерін көршілерінен жекелеуге тырысады. Күзеулердің қыстық жерлерден айырмашылығы: кейде күзеу қыстауға жапсарлас болмайды, одан бөтен жерлермен бөлініп тұрады, кейде ол қыстаудың жерлерімен жалғасып, айырмашылығы екеуінің арасын шаруашылық шекара бөледі, яғни күзеуге тоқтаған уақытта мал белгілі бір межеден кейін қыстаудың жеріне жіберілмейді. Таулы жерде әрбір ауылдың анықталған шекаралық белгілері бар қой жайылымдары да болады. Малды қыста ұстаудың ерекшеліктері осы жерлерде «келте қыстау» деп аталатын қосымша қыстаулардың қалыптасуына әсер етті.
ХІХ ғ. жұттар халықтың әл-ауқатына аса қатты әсер ететін, оның экономикалық жағдайын күрт нашарлатты. Жұт – мал шаруашылығының дамуын тежеп, оны тоқырауға ұшыратты.
XIX ғасырдың орта кезінен жайылымдардың тарылуы қазақтарды тіршілік етудің жаңа түрлерін іздеуге мәжбүрледі. Жергілікті қазақтар өз жерінде жер үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Ұлытау өңірінде жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналыса бастады. Біраз жерлерде отырықшы мал шаруашылығы дамыды. Шаруашылықтың өзгерістері қазақтардың жайылымдық жерлерді пайдаланудағы өзгерістермен байланысты. XІX ғасырдың соңында көшпелілердің отырықшылыққа ауысуына байланысты көшу қашықтығы қысқара бастаған.
Достарыңызбен бөлісу: |