Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы


Бағдарламаның бірінші бағытын пилоттық режимде іске асырудың қосымша шарттары



бет2/3
Дата24.02.2016
өлшемі348.5 Kb.
#17944
1   2   3

4.3.1.1. Бағдарламаның бірінші бағытын пилоттық режимде іске асырудың қосымша шарттары
2013 жылдан бастап Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ ВАК шешімімен айқындалған өңірлерде кәсіптік оқудан өту үшін үміткерлерді іріктеуді, мамандықтар (кәсіптер) және кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын таңдауды кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін іріктелген үміткерлерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ететін жұмыс берушілер жүргізетін тәртіп енгізіледі.

Іске асыру тетігі:

1) Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер:

кәсіптік оқудан өткізуге үміткерлерді іріктейді;

ағымдағы және перспективалық қажеттілікті ескере отырып, оқыту үшін мамандық (кәсіп) таңдайды;

Қазақстан Республикасының аумағында кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымын таңдайды;

2) Бағдарламаға қатысуға үміткерлерді іріктеуді жұмыс берушілер:

өз бетінше іздестіреді, оның ішінде жұмыспен қамту агенттіктері арқылы;

Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынатын Бағдарламаға қатысушылар арасынан таңдайды;

бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысу арқылы жүргізеді.

3) Кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымды таңдауды жұмыс берушілер тізбесі Бағдарлама операторының, сондай-ақ білім саласындағы уәкілетті органның, Бағдарлама операторының жанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың және жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурсында орналастырылатын ұйымдардың арасынан жүргізеді.

Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастыру, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi және оларға мемлекеттiк қолдау шараларын көрсетудi ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында айқындалады.

4) Халықты жұмыспен қамту орталықтары кәсіптік оқыту үшін жұмыс берушілер іріктеген Бағдарламаға қатысушылармен білім беру ұйымы мен жұмыс беруші тараптары қатысатын әлеуметтік келісімшарт жасайды.

Жұмыс беруші мен білім беру ұйымы әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен расталған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасасуды растайды.

Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер өтініште (хабарламада) Бағдарламаға қатысушылардың деректерін, оларды оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отырған мамандық (кәсіп), білім беру ұйымын, өндірістік практикадан өту орнын және оқу аяқталғаннан кейін жұмыс істеу кезеңін көрсетеді.

Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары өтініште (хабарламада) мамандығы (кәсібі), оқытудың ұзақтығы мен құны, өндірістік практикадан өтетін ықтимал орны мен шарттары туралы ақпаратты көрсетеді.

5) Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын Бағдарламаға қатысушылар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары тарапынан халықты жұмыспен қамту орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан – ауданның (қаланың) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бақылайды.

4.3.1.2. Кәсіпорындардағы оқу орталықтарында кәсіптік оқыту
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде кәсіптік оқытуды заңды тұлға болып табылатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар оқу орталықтары (өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдар жанындағы) жүзеге асыра алады.

Кадрларды фирмаішілік (өндірісішілік) даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыру жүйесін дамыту және жетілдіру мақсатында, сондай-ақ оқу орталықтарының (өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдар жанындағы) Бағдарламаға қатысу мүмкіндігін жүзеге асыру үшін, базасында оқу орталықтары жұмыс істейтін жұмыс берушілер:

оқу орталықтарының базасында оларға оқу ұйымы мәртебесін бере отырып, дербес заңды тұлғалар құруды;

құрылған заңды тұлғалардың белгіленген тәртіппен білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алуын;

мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіптік білім мамандарын даярлауға қатысуды қамтамасыз етеді.


4.3.2. Екiншi бағыт:
кәсiпкерлiктi дамытуға жәрдемдесу
Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу:

ішінара жұмыспен қамтылғандар; жұмыссыздар; өз бетінше жұмыспен айналысушылар; табысы аз адамдар; ағымдағы күнтізбелік жылы жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбын бітіргендер; еңбекке қабілеттілігін сақтаған мүгедектер; жиырма үш жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; белгіленген жасқа дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер; ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін және мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды алушы болып табылатын, әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан, ауылдық елдi мекендерде, шағын қалаларда, заңнамаға сәйкес қалалық елдi мекендерге жататын кенттерде жеке ісін ұйымдастыруды немесе кеңейтуді қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатарындағы адамдардың жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейтуі арқылы кәсiпкерлiктi ынталандыруға және экономикалық белсендiлiкті арттыруға бағытталған.

Екінші бағытты іске асыру үшін ауылдық тірек елді мекендер басым елді мекендер болып табылады.

Жеке iсiн ұйымдастыруды немесе кеңейтудi қалайтын ауыл тұрғындарына, әйелдерге және мүгедектерге қатысудың басым құқығы берiледi.

Осы бағыт шеңберiнде мемлекеттiк қолдаудың мынадай түрлерi көрсетiлетiн болады:

сервистік қызметтер, оның ішінде консультациялық (бухгалтерлік, заңдық, маркетингтік) қызметтер көрсету, оқуға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес жоспарын дайындауға жәрдемдесу, 1 жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу;  

микрокредиттер беру;

жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу және/немесе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алу.

      Бағдарламаның осы бағытына, оның ішінде қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдардың қатысуы, сондай-ақ Бағдарламаларға қатысушыларға мемлекеттiк қолдау көрсету шарттары Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысатын адамдарға кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекеттiк қолдау көрсетудi ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында көзделген.      Конкурсты ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу және кредит ресурстарын беру, оларға осы бағыт шеңберiнде бөлiнген кредит ресурстарының мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргiзу, қатысу тәртібі Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктерге конкурстық негiзде кредит беру қағидасында көзделген.

      Микрокредит беру шарттары:

      республикалық бюджеттен бюджеттiк кредит жергiлiктi атқарушы органға 0,01% жылдық сыйақы ставкасымен қайтарымдылық, жеделдiлiк және ақылылық қағидаттарында 5 жылға берiледi;

бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты – жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру;

кредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берiлмейдi;

кредит беру мерзiмi – 5 жылдан аспайды;

кредиттiң ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды;

соңғы қарыз алушыға, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге кредит бойынша негiзгi борышты өтеу бойынша кредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн;

уәкiлеттi өңiрлiк ұйымның микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдар және/немесе кредиттiк серiктестiктер үшiн ұсынатын кредиттерi бойынша жылдық сыйақы ставкасын өңiрлiк комиссиямен келiсiм бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым үшiн белгiленген кредиттер бойынша сыйақы ставкасы және оның кредит берудi ұйымдастырумен байланысты жоспарланған шығыстары негізге алынып, уәкілетті ұйым белгілейді;

соңғы қарыз алушы үшiн кредиттiк ресурстар бойынша жылдық ең жоғары тиiмдi ставканы өңiрлiк комиссиямен келiсе отырып, уәкiлеттi өңiрлiк ұйым белгiлейдi;

қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын соңғы қарыз алушы үшін кредиттік ресурстар бойынша жылдық сыйақының ең жоғары тиімді ставкасы өңірлік комиссиямен келісе отырып белгіленеді;

жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу және жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуға және/немесе салуға мемлекеттік сараптама жүргізу және ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алу республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен жүзеге асырылады.

Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту Бағдарлама шеңберiнде қатысушылар iске асыратын жобалар үшiн қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрiзге, жылумен және сумен жабдықтауға, телефон және электр желiлерiне жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізуді көздейді.

Жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе салуды және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алуды жергілікті атқарушы органдар айқындалған техникалық шарттар немесе заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама және бизнес-ұсыныстар негізінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен жүзеге асырады.

Бұл ретте, инфрақұрылым объектілерін салу немесе реконструкциялау және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын ілеспе технологиялық жабдықтардың құны жобалау-сметалық құжаттаманың құны мен мемлекеттік сараптама жүргізу құны есепке алынбай айқындалады және берілетін кредиттің сомасына қарамастан, Бағдарламаның бір қатысушысына 3 млн. теңгеден аспауға тиіс.

Жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізу елдi мекендi дамытудың бас жоспарына (ауылда – инженерлiк-коммуникациялық желiлердiң жергiлiктi схемаларына) сәйкес келуге тиiс және бiр немесе бiрнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкiн.

Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына, кредиттік серіктестіктерге және қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдарға кредиттік ресурстар беру:

1) Бағдарлама операторы жергiлiктi атқарушы органға бюджеттiк кредит бередi.

2) аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:

жергілікті бюджет қаражаты есебінен Кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны облыстың кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті органымен келісім бойынша бекітеді;

Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілгенге дейін Бағдарламаға қатысушыларға кредит беру белгілі бір өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады.

3) Облыстардың жергілікті атқарушы органдары микрокредит беруді ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті өңірлік ұйымды айқындайды.

4) Уәкiлеттi өңiрлiк ұйым Микроқаржы (Микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктерге кредит берудiң белгiленген қағидасына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшiн микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарын және/немесе кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу бойынша конкурс өткiзедi. Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер арасында конкурс өткізбей соңғы қарыз алушыларға кредит беруді қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымның өзі жүзеге асыруы мүмкін.

5) Уәкiлеттi өңiрлiк ұйым мен микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарының және/немесе кредиттiк серiктестiктердiң арасында кредит беру туралы шарт жасалады.

Уәкілетті өңірлік ұйымның қаржы агенттігі мәртебесі болған жағдайда кредиттік шарт тікелей уәкілетті өңірлік ұйым мен соңғы тұтынушы арасында жасалады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну:

1) Бағдарламаның екiншi бағытына қатысуға ниет бiлдiрушiлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация береді.

Кредит қаражатын конкурстық негізде іріктелген микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары немесе қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым арқылы алуға ниет білдірген жағдайда қатысуға үміткерлер жұмыспен қамту орталықтарына өтініш және Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысатын адамдарға кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекеттiк қолдау көрсетудi ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасына сәйкес құжаттар береді.

Егер үміткер микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алуға ниет білдірсе, ол қолданыстағы кредиттік серіктестікке қосыла алады немесе микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидасына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын жаңа кредиттік серіктестік құра алады.

2) Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынылған өтініштерді қарайды, мемлекеттiк қолдау алу түрлерi бойынша үмiткерлердiң тiзiмi мен жетiспейтiн инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен жайластыруды және/немесе Кәсіпкерлікті дамыту картасына сәйкес ілеспе технологиялық жабдық сатып алуды талап ететiн жобалардың тiзбесiн қалыптастырады және:

ауданның (қаланың) кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті органына;

болжамды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру орны бойынша селолық округтің, кенттің әкіміне;

конкурстық негізге іріктелген микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарға немесе қаржы агенті мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға немесе микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидасына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестіктерге;

үміткер мәлімдеген жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық объектілерді дамыту және/немесе салу және ілеспе технологиялық жабдық сатып алу қажет болған жағдайда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және/немесе жайластыру жөніндегі уәкілетті органға (ауданның) жібереді.

3) Сұрауды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде Жұмыспен қамту орталығына:

ауданның (қаланың) кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті органы – ұсынылған жобаның кәсіпкерлікті дамыту картасына немесе өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкестігі туралы қорытындыны;

селолық округтың, кенттің әкімі – жобаны іске асырудың орындылығын келісу туралы қорытындыны не дәлелді түрде бас тартуды;

конкурстық негізде іріктелген микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым – үміткерлерге Бағдарламаның екінші бағытына қатысуға кредит беру мүмкіндігі туралы қорытындыны;

инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жайластыру жөніндегі (ауданның) уәкілетті орган – жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу және/немесе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алу мүмкіндігі туралы қорытындыны жібереді;

4) Халықты жұмыспен қамту орталығы жоғарыда көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін үміткерлерді Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылар құрамына қосу не одан бас тарту туралы шешiм қабылдайды және шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде оларды бұл туралы жазбаша хабардар етедi.

5) Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаның екiншi бағытына енгізілген адамдармен әлеуметтiк келiсiмшарттар жасасады.

6) Облыстың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органы мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымдарды іріктеуді жүзеге асырады.

Кәсiпкерлiк негiздерiн оқыту бағдарламасы мен оны өткізу кестесі халықты жұмыспен қамту орталығымен келісіледі.

7) Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды оқуға, бизнес жоспар дайындауға жәрдемдесуге материалдық көмек ұсына отырып, оларға оқыту мерзімі бір ай мерзімге дейін кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқумен қамтамасыз ететін сервистік қызметтер көрсету ұйымдарына жібереді;

8) Микрокредиттер беру:

Бағдарламаға қатысушы сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымның жәрдем көрсетуімен бизнес-жоспар әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға кредит беру құқығын алған қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымына микрокредит алуға өтініммен жүгінеді;

қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымы жобаға бағалау жүргізеді және микрокредит беру мүмкіндігі туралы (немесе мүмкін емес екендігі) туралы шешім қабылдайды;

микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алған жағдайда Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес жоспарын әзірлейді және микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидасына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестікке жүгінеді.

9) Бағдарламаға қатысушы кредит алуға оң қорытынды алғаннан немесе кредиттік серіктестік арқылы микрокредит алғаннан кейін сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйыммен бір жылға дейінгі мерзімге жобаны сүйемелдеу жөніндегі қосымша қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлерін) ұсынуға шарт жасасуға құқылы.

Сервистік қызметтер:

жұмыс уақытында телекоммуникациялық байланыс пен интернет бойынша;

жұмыс уақытында сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымның орналасқан жері бойынша;

екі айда кемінде бір рет Бағдарламаға қатысушының тұрғылықты жері бойынша консультациялар жүргізу арқылы көрсетеді.

Бағдарламаға қатысушының тұрғылықты жері бойынша сервистік қызметтер көрсету кестесі халықты жұмыспен қамту орталығымен келісіледі.

10) Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:

халықты жұмыспен қамту орталықтары қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымнан не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымынан немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған кезде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жобалары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуды немесе қайта жаңартуды немесе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алуды талап ететін Бағдарламаға қатысушылардың тізімін жібереді;

инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыру немесе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін ілеспе технологиялық жабдықтар сатып алу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) және қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді.

11) Оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органның арасында тиiстi шарт жасалады.

12) Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

13) Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның iске асырылуына мониторинг жүргiзу инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органға жүктеледi.



4.3.3 Үшiншi бағыт:
еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру
Бұл бағыт Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркiмен көшуiне жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларын көздейдi.

Бағдарламаның үшiншi бағытына ішінара жұмыспен қамтылғандар; жұмыссыздар; өз бетінше жұмыспен айналысушылар, табысы аз адамдар; жиырма үш жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; жастар, сондай-ақ оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлгеннен және Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн этникалық қазақтар қатарындағы жаңадан келген көшiп келушiлер (бұдан әрi – этникалық қазақтар қатарындағы көшiп келушiлер) арасынан Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.

Бағдарламаның үшiншi бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жастары иеленетiн болады.

Көшкеннен кейін отбасы мүшелері бірінің жұмыспен нәтижелі қамтылуы, коммуналдық қызметтерді, жалдау ақысын төлеу және отбасының берілген тұрғын үйде тұру мүмкіндігі Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты болып табылады.

Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елдi мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшуі:

бiр ауданның iшiнде;

      бiр облыс шегiндегi бiр ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);

бір облыстан басқасына жүзеге асырылады.

Әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен және жоғары елдi мекендердi айқындау өлшемдерiн экономикалық даму және сауда мәселелерi жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.

Әзiрленген өлшемдерге сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар экономикалық даму және сауда мәселелерi жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсе отырып, әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен және жоғары елдi мекендердiң тiзбесiн айқындайды және оны Бағдарлама операторына жiбередi.

Жергiлiктi атқарушы органдар айқындаған және экономикалық даму және сауда мәселелерi жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсiлген әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен және жоғары елдi мекендердiң тiзбесi ВАК-та бекiтiледi.

Әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елдi мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшетін Бағдарламаның осы бағытына қатысушылар мынадай өлшемдерге сәйкес келуге:

      өз бетiнше жұмыспен айналысатын, жұмыссыз, еңбекке жарамды табысы аз халықтың санатына жатуға;

      жаңа тұрғылықты жері немесе өңiрлiк немесе ҮИИДМБ шеңберiнде iске асырылатын жобалардың бейiнi бойынша қолданыстағы Дерекқордағы жұмыс орындарына, сондай-ақ қабылдау өңiріндегі кәсiпорындардың еңбек ресурстарына сұранысына сәйкес келетін кәсіптік білімі болуға;

      соңғы үш жылда бекiтiлген тiзбеге сәйкес әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi төмен елдi мекендерде тұрақты тұруға тиіс.

Көрсетілген өлшемдер, көшіру мен жұмысқа орналастыруды жұмыс беруші өз бетінше жүзеге асырған этникалық қазақтар арасынан көшіп келушілерге, жиырма үш жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жастарға, Бағдарлама қатысушыларына, сондай-ақ басқа облыстарға көшетіндер болып табылатын Бағдарламаның осы бағытына қатысушыларға қолданылмайды.

Жастарға арналған жатақханаларда тұруға үміткер адамдар мынадай өлшемдерге сәйкес келуге тиіс:

29 жастан аспаған болуы;

қолданыстағы еңбек шарты немесе әлеуметтік келісімшарты болуы;

тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесіне қатысуы керек.

Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа облысқа көшуі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдары ұсынған жұмыс берушілер өтінімдерінің және өңірлік комиссиялардың ұсыныстарының негізінде Бағдарлама операторының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      Этникалық қазақтар қатарындағы көшiп келушiлерге және олардың отбасы мүшелерiне қоғамға бейiмдеу және кiрiктiру мақсатында оралмандарды бейiмдеу және кiрiктiру орталықтары арқылы қызметтер (ақпараттық, құқықтық, әлеуметтiк, медициналық және бiлiм беру) кешенi көрсетiледi.

      Бейiмдеу және кiрiктiру қызметтерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға көзделген қаражат есебiнен көрсетiледi.

      Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттiк қолдау:



көшуге субсидия берудi;

      жаңа тұрғылықты жерiнде кәсiптiк даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында оқытуды, сондай-ақ жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi;

қызметтік тұрғын үй беруді;

жастарға арналған жатақханалардан бөлме беруді;

психологиялық бейімдеуді қамтиды.

      Көшумен байланысты субсидиялар көшу шығыстарының өтемiн қамтиды. Субсидияның мөлшерi:

      отбасылар бiр ауданның шегiнде көшкен жағдайда – отағасына он еселенген айлық есептiк көрсеткiштi, отбасының әрбiр мүшесiне бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштi;

отбасылар бiр облыс шегiндегi бiр ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) көшкен жағдайда – отағасына жиырма бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштi, отбасының әрбiр мүшесiне он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштi;

отбасылар басқа облысқа көшкен жағдайда – отағасына елу еселенген айлық есептiк көрсеткiштi, отбасының әрбiр мүшесiне отыз бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.

      Бағдарламаның осы бағытына қатысу және мемлекеттiк қолдау көрсету шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтеді.

      Келген жерiнiң жергiлiктi атқарушы органдары аумақты дамыту бағдарламасына, елдi мекеннiң бас жоспарына, егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына немесе құрылыс салу жобасына сәйкес:

қызметтiк тұрғын үй салынатын учаскелердi айқындайды;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекiтiлген үлгiлiк жобалар бойынша (аумақтардың сейсмикалық жағдайын ескере отырып) қызметтiк тұрғын үйлер салуды, сатып алуды, салып бітіруді, сондай-ақ жастарға арналған жатақханалар салуды және сатып алуды жүзеге асырады;

тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды және (немесе) оны жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жүзеге асырады.

Жергiлiктi атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушыларды отбасылық үлгiдегi жатақханалардан орын беру, тұрғын үйлердi сатып алу, құрылысы бұрын басталған объектiлердi салып бiтiру, жергiлiктi атқарушы органдардың коммуналдық меншiгiндегi бос тұрған көппәтерлi тұрғын үйлердi реконструкциялау есебiнен тұрғын үймен қамтамасыз ете алады.

      Көшуін және жұмысқа орналасуын жұмыс беруші өзі жүзеге асырған азаматтар басым тәртіппен тиісті мемлекеттік қолдауды ұсына отырып, Бағдарламаның бірінші бағытына қатысушылардың құрамына енгізіледі.

Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыру үшін жастарға арналған жатақханаларды, қызметтiк тұрғын үйдi беру және оны пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      Жас адамдарға жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілерге; жиырма үш жасқа дейінгі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне; жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; көшуін және жұмысқа орналасуын жұмыс беруші өзі жүзеге асыратын Бағдарламаға қатысушыларға; сондай-ақ басқа облыстарға көшетіндерге қызметтік тұрғын үй беру олардың бұрынғы тұрған жеріне, оның ішінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұрғанына қарамастан жүзеге асырылады.

Берiлетiн қызметтiк тұрғын үйлердiң ауданы отбасының құрамына байланысты, бiрге тұратын отбасы мүшесiнiң бiреуiне 18 шаршы метрден не отбасына 100 шаршы метрден аспауға және бiр бөлмелi пәтерден не отбасылық үлгiдегi жатақхананың бiр бөлмесiнен кем болмауға тиiс.

Тұрғын үйдiң жалпы ауданының 1 шаршы метрiнiң құны жобалау-сметалық құжаттамада және Мемлекеттiк сараптамада айқындалатын болады. Құрылысын және (немесе) жеке құрылыс салушылардан сатып алуды республикалық бюджеттен қаржыландыру тұрғын үйдiң 1 шаршы метрi өңірлерде 80 мың теңгеден (инженерлік желілердің құны және өңірдің сейсмикалылығы есепке алынбағанда) аспауға тиіс және Астана және Алматы қалаларында 120 мың теңге шегінде (инженерлік желілердің құны және өңірдің сейсмикалығы есепке алынбағанда) болады. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны бойынша талаптар 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін құрылысына шарттар жасалған тұрғын үйлерге қолданылмайды.

Бұл ретте көрсетiлген құннан асатын шығыстар жергiлiктi бюджет қаражаты және/немесе жұмыс берушілер есебiнен қаржыландырылуы мүмкiн.

Іске асыру тетігі:

1. Бағдарламаның үшінші бағытына қатысуға үміткерлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, көшуге өтініш береді.

2. Халықты жұмыспен қамту орталығы құжаттардың Бағдарламаның үшiншi бағытына қатысуға iрiктеу өлшемдерiне сәйкестiгi тұрғысынан қарайды, өтiнiш берушiлермен көшудiң ықтимал жолдарын келiседi және көшетiн жерiне қарай құжаттарды өңiрлiк немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды.

3. Бағдарламаға қатысуға өтiнiш берген адамдардың құжаттарын қарау қорытындысы бойынша:


  1. өңiрлiк комиссиялар:

бiр ауданнан басқа ауданға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегiнде көшетiн азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар;

басқа облысқа көшетiн азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы өтiнiмдер немесе ұсыныстар дайындайды;

2) аудандық/қалалық комиссиялар бiр ауданның шегiнде көшетiн азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды.

4. Бағдарлама операторының, өңiрлiк не аудандық/қалалық комиссия шешiмiнiң негiзiнде халықты жұмыспен қамту орталығы өтiнiш берушiлердi Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешiм қабылдайды.

5. Бағдарламаның үшiншi бағытына қатысушылар тiзiмiне енгiзiлген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында (келген жерiнiң) әлеуметтiк келiсiмшартқа қол қойылады. Әлеуметтiк келiсiмшарт көшу бойынша әлеуметтiк қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналастыру бойынша iс-шараларды қамтиды.

6. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган сейсмологиялық аймақтарды және оның сипатын ескере отырып, тұрғын үйдiң (жеке немесе көппәтерлi) үлгiлiк жобасын әзiрлейдi. 7. Бағдарламаға қатысушылар тиiстi бiлiктiлiгi болған жағдайда, қызметтiк тұрғын үйдi салу және тиiстi инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту барысында құрылатын жұмыс орындарына орналасуға басым құқыққа ие болады.

8. Әлеуметтiк келiсiмшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет