Қазақ халық ертегілері мен Ежелгі дәуір әдебиетінің айырмашылығы
Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді.
Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең жақыны балаларға ол ертегі болмақ. Алғашқы қауымнан бастап, бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Қазақ ертегілері сан алуан.
Ертегі арқылы айнала қоршалған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алып, адамгершілік тәрбиесінің бастауларына ден қояды.
Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше. Ертегі адамның қиялына қанат бітіреді. Білмегенді білгенге сүйрейді. Кімдерден, қай кейіпкерлерден аулақ болуды насихаттайды. Бұл өшпес зор туындылар бала болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.
Ертегі – бұл ойлау ләззаты, ал ертегі шығара отырып, баланың ойлауға өз қабілетін орнықтырады, сол арқылы өзінің ар-намыс сезімін орнықтырады.
Қазақ халық ертегілерінің не үшін қажет екенін әдебиет зерттеушісі ғалым А. Байтұрсынов “Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда, керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары:
1. Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл жағынан керек нәрсе.
2. Бала әдебиеті жоқ жерде баланың рухын, қиялын тәрбиелеуге зор кедергі бар нәрсе. Баланы қиялдауға, сөйлеуге үйретеді.
3. Бұрынғылардың сана – саңлау, қалып-салты жағынан дерек беруші үшін керегі бар нәрсе”- деп айтқан болатын. Қазақ қазақ халық ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, әділеттікке, еңбек сүйгіштікке, тазалыққа, достыққа, әдептілікке үйретеді. Жамандықтан, қулықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелеу жолын алға қояды. Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді.
Батырлар ертегілер мен батырлар жыры ел қорғау жолындағы батырлардың ерлік істерін дәріптей отырып, ел бірлігі мен жұрт тыныштығын сақтап қорғау азаматтық парыз екенін нықтап, жас ұрпақты елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелейді.
Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені есте сақтау керек деп білемін.Ең бірінші,біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқына ғана тиісті емес,олардан басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ екендігі.Екіншісі – шығармалардың барлығы дерлік қазақ тілінде емес,ежелгі түркі тілінде жазылғандығы. “Ежелгі әдебиет” деп аталатын VII және XIV ғасырлар аралығын қамтыған әдебиетіміздің ұзақ тарихына қатысты ескерткіштер,шығармалар көп-ақ.Олардың алғашқылары деп түркі ру-тайпаларына ортақ Орхон ескерткіштерін (VII ғ.), “Қорқыт” (VIII ғ.) және “Оғыз-наманы” (IX ғ.) атаймыз. Мұхаммед Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұни тәрізді түркі халықтарының біразына ортақ ойшылдары, ғалымдары,ақындары аталмыш ежелгі дәуір әдебиетінің жандануына айрықша үлес қосты.Ал "Кодекс куманикус", "Махаббатнама", "Жүсіп-Зылиха", "Гүлстан", "Домбауыл", т.б. қиссалар, дастандар, шежірелер, тарихи мұралар қыпшақ тілінде жазылса да,ежелгі дәуір әдебиетінің белгілі бір даму кезеңін бізге көрсетеді.Жалпы ежелгі дәуір әдебиетін үш кезеңге бөліп қарастырамыз:1) VI-IX ғасырларды қамтитын көне түркі әдебиеті ескерткіштері.Оларға:Орхон ескерткіштері, «Оғызнама» дастаны,Қорқыт ата кітабы т.б жатады;2) X-XII ғасырларда жазылған қараханид түріктерінің ескерткіштері.Оған Ж.Баласағұнның «Құтты білік»,М.Қашғаридің «Түркі тілінің сөздігі»,А.Яссауидің «Даналық кітабы» және т.б кіреді;3) XIII-XIV ғасырлар Алтын Орда не Хорзем дәуірі мұралары.Бұл кезеңге Хорезмидің («Мұхаббат неме»,Н.Рабғузидің «Қисса сул Әнбия»,Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» сынды туындылары жатады.
Қорыта айтқанда,бұл мұралар оқырмандарды Отанын сүюге,елін қорғай білуге,адамгершілік құндылықтарын бойға сіңіруге септігін тигізеді.Ежелгі дәуір әдебиеті – мазмұны мен түрі,тілі жағынан ежелгі түркі халықтарына ортақ көркем туындылардың үлгісі болса да,ол қазақ әдебиетінің де асыл қазынасына енетін әдеби мұра.
Достарыңызбен бөлісу: |