Жоспар. Кіріспе Негізгі бөлім


Түркиядағы қазақтардың қазіргі жағдайы мен орналасуы



бет2/3
Дата19.06.2016
өлшемі474.67 Kb.
#148394
1   2   3

3.Түркиядағы қазақтардың қазіргі жағдайы мен орналасуы.

Бұл күндері Түркияда 30 мыңның үстінде қазақтар өмір сүреді. Нақты санын айту қиын, өйткені Түркия Республикасындағы қазақ елшілігінің хабарлауынша, тұрғылықты қазақтар санын дәл анықтау біраз қиыншылық туғызып отыр. Себебі Түркияда мемлекеттік санақ жүргізген кезде санақ қағаздарында «ұлты» деген баған толтырылмайды екен.

Түркияда тұратын қандастарымыз екі топқа бөлінеді. Біріншісін – «алтай қазақтары» құрайды - бұлар Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң ауданынан келгендер. Олар ерте кезде еліміздің шығыс аудандарынан Қытайға қоныс аударып, кейін Пәкістан мен Үндістан арқылы Түркия жеріне бас сауғалаған ағайындарымыздың ұрпақтары.

Екінші тобы- Ауғанстан жеріндегі соғыстан қашқан «ауған қазақтары». Олар – Қазақстанда Кеңес үкіметі орнатылып, колхоздандыру кезеңінде еліміздің Қармақшы, Жалғаш аудандарынан көшкендер.

Түркия жеріне негізінен қазақтардың бес бірдей мәдени ұйымы бар- Түркия қазақтарының қоғамы, Шығыс Түркістан, Ясауи атындағы діни орталығы, Ауғанстаннан көшіп келген қазақтардың Қорқыт Ата қоғамы.

Бизнес саласында негізінен тері өңдеу мен тоқыма саласын, тағы да басқа жеңіл өнеркәсіп саласын жақсы меңгерген. Жастарды тәрбиелеуде діни көзқарасқа баса көңіл аударатындығы байқалады. Стамбұлда бір топ зиялы қауым «Шығыс Түркістан атты» журнал шығарады. Олардың арасында мемлекеттік мекемелерде, Парламентте, Сыртқы істер министрлігінде, университеттерде қызмет атқаратындар бар.

Ауғанстанның Түркия жеріне қоныс аударған қазақ диаспорасы өкілдерімен болған кездесулерде келешекте саны 300 отбасының Қазақстанның оңтүстік аудандарына қоныстануға ниеттілігі анықталды. Аталған отбасы өкілдері негізінен жер өңдеп, диқаншылықпен айналысуды кәсіп етпек./35/

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, ең алғашында Қайсері провинциясының Девели округінде -104 отбасы, Кония округнде -72 отбасы, Маниса провинциясының Салихли округнде -160 отбасы,Нигде провинциясының Ұлықшыла округінде- 562 отбасы қоныстанды./36/

Бұл жерге көшіп келген қазақ босқындары төрт түлік малдың терілерін өңдеумен айналысты. Тері бұйымдарынан киім тігуді бірінші қазақтар бастаған. Алғашында олар өз үйлерінде өңдеп, кейінен кішігірім шеберханаларда және кәсіпорындарда өңдей бастады. Одан түскен қаржыны жинай отырып ірі елдімекендердегі қалаларға барып фабрикалар ашады. Бұл күнде Түркияның тері бұйымдары әлемдік базарда алдыңғы орындардың бірін алады./37/

Қазар «Алтайтері», «Бірлік» тігін фабрикалары – Түркияның айтулы фабрикалары. Оның сыртында қазақтардың пластик өнімдерін дайындайтын «Түркістан», «Алтай», «Азия» қатарлы фабрикалары және де бар.

Қазақтардың барлығы дерлік жеке кәсіппен айналысады. Тері, тігін, цехы жоқ үй кемде-кем. Қазақтар Стамбул қаласының Гунешли ауданында Қазақкент атты өз қаласын құрады. Тері өңдеу саласының дамуына байланысты одан әр түрлі тондар, былғары киімдер, тұрмысқа қажетті заттар шығара отырып, фабрикаларда жұмыс істейтін маман кадрлар қалыптасады. Түркияның сауда қатынастарын дамытуда қазақтар үлкен үлес қосты.

Түркия қазақтары Стамбұл, Измир, Маниса қалаларында тігін шеберханаларын ұстайды. Измир қаласының іргесіндегі «Қазақ сайында» Шеризат Доғру мырза бүкіл Түркияға танымал «Алғашқы қымыз» фермасын құрған. Германиядан арнайы 50 бие алдырып, қымыз, ет өнімдерін дайындайды.

1986 жылы «Қазақ» атты қоғам құрылып, Тоқтаубай Топлы ақсақал оның төрағалығына сайланды. 6 жылдан кейін ол қоғамның төрағалығы Омар Жігіттің қолына өтеді. Бұл қоғамның құрудағы мақсат- ұлттық салт-дәстүрді жастар санасына қалыптастыру, жоқ-жітіктерге әлеуметтік тұрғадан көмектесу, жергілікті халыққа қазақшылықты таныту еді. Қазақ деген атты ешқашан ұмытпай, ата-баба салтын келер ұрпаққа қалдыру болды.

Түркиядағы екінші Отанында тамыр жайған қазақтар өзге диаспораларға үлгі боларлықтай деп толық айтуға болады. 1960-жылдары Түркияның урбанизацияланған аудандарына ығысқан қазақтар 1980-90 жылдары қоғаммаен біте қайнасып, түркілене бастаған еді. Бұны тоқтатудың жолын қарастырған Дәлелхан Жаналтай, Хамза Ұшар бастаған ақсақалдар ана тілін сақтау үшін Гүнешлі ауылын тұрғызып, қазақша оқытытын бастауыш және орта мектептер ашуға тырысады. Қазір қазақ ауылында тұрып, өз ортасын жасап, туған елдің тынысымен тыныстауға мүмкіндік туғызған Түркия басшылығына сол елдегі қазақ диаспорасының алғысы шексіз.

Қазіргі кезде Түркия қазақ зиялылары да қалыптасып үлгерді деуге негіз бар. 1992 жылы атамекенге отбасымен көшіп келген белгілі дін қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері Халифа Алтайды ерекше айтып кетуіміз керек. Ол кісі қазақ мұсылмандарына арнап Құран-Кәрімді қазақ тілінде басып шығарды. Сонымен қатар, Қазақстанда өткен құрылтай жиналыстарына қатысып, Түркиядағы қазақтардың мұң- мұқтаждықтарын таратып айтып берген. Өкінішке орай бұл кісі қазір біздің ортамызда жоқ.

Түркия қазақтары Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін Атамекенімен жиі араласа бастады. Қазақстанда өткен бірнеше дүниежүзі қазақтары құрылтайларында Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері келіп әлеуметтік – экономикалық жағдайларын өз қандастарына жеткізді./38/.

1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы болып өтті. Құрылтайға Түркия, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдерден келген қазақтар қатысты. Біз қарастырып отырған Түркия мемлекетінен 104 адам келді. Дүниежүзі қазақтар құрылтайының мәжілісінде сөз кезегіне шыққан Дәлелхан Жаналтайдың көзіне жас алып,еңкілдеп тұрып айтқаны:

-Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім.Құдайға шүкір,өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!

Осы сөз құрылтайдың өзегіне айналды./39/

Құрылтай қонақтарында ерекше толқу мен те­бiренiс байқалды. Оларда атамекенге ал­ғаш рет қадам басып, ел мен жерге қауышудың қуанышы сезiлдi. Бұл олар үшiн ондаған жылдар бойы қол жетпес бiр арман болып көрiнушi едi. Сондықтан, түркиялық құрылтайшылар, атамекенде жүргендiк­терiне сенер-сенбестерiн бiлмей, қиял әле­мiнде жүргендей сезiндi. Осыған дейiн тек бейнетаспалар мен суреттерде ғана кө­рiп жүрген Қазақстанда екендiктерiне мың­бiр шүкiршiлiк еттi./40/

Ондаған жылдар бойы жүректе жазылмайтын жара болып жүрген ел сағынышы, жер сағынышы аяқталған едi. Құрылтай жұмысы кезiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының iргетасы қа­ланды. Қазақстандағы басшылардан өзге қауымдастықтың төралқа мүшелiгiне Түр­кия тарапынан қазақтарының көш бастаушы ақсақалдарының бiрi Дәлелхан Жаналтай сайланды. Мұның өзi атамекеннiң Түр­кия қазақтарына деген ықылас, құрме­тiнiң бiр белгiсi ретiнде жоғары бағаланды. Құ­рылтай кезiнде Сергей Терещенко басшылығындағы сол тұстағы қазақ үкiметi бiр қаулы қабылдап, шетел қазақтарының Қа­зақстан азаматтарының құқықтарына ие екенiн жариялады.Құрылтайдан кейiн, Түркия қазақтарының Қазақстанмен байланыстары қарқындап нығая түстi. Өйткенi, осы байланыстар­ға кедергi боларлық ешқандай бiр жағдай қалмаған едi.

1997 жылы наурызда Стамбұлда қазақтардың кiшi құрылтайы өткiзiлдi. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Франция, Германия, Швеция, Австрия және Голландиядан өкiлдер қатысты. Түркия үкiметi де қолдау көрсеткен сол құрылтайды Дүние­жүзi қазақтары қауымдастығы мен Қазақ түрiктерi қоры бiрiгiп ұйымдастырды. Құ­рылтай кезiнде, Қазақ түрiктерi қорының жаңа салынып бiткен бес қабатты ғимаратының тұсаукесерiн Түркия Сыртқы iстер министрi Тансу Чиллер ханым жасады. Түркия қазақтары үшiн айтулы күн­дердiң бiрi, 2001 жылы Ыстамбұлда болып өттi. Халықаралық жоғары дәрежелi бiр кездесу үшiн Ыстамбұлға атбасын тiреген Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия қазақтарының өкiлдерiн қа­былдады. Олардың атамекен туралы ой-пiкiр­лерiне назар аударып, өтiнiш-тiлек­терiне көңiл бөлдi. Мұның өзi, Түркия қа­зақтары үшiн ерекше құбылыс болды. Қазақтар, Елбасының өздерiне деген ерекше iлтипат-ықыласын сезiп арқаланып қалды./41/

Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай, Түркия және Еуропа елдерiнен төрт адам Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың алтын медалiмен марапатталды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай мен Шiрзат Доғру, Еуропа елдерiнен Абдiрахман Шетiн мен Шәрiп Найманға берiлген осы медальдар, олар арқылы, Түркия және Еуропа қазақтарына деген атамекеннiң ыстық iлтипаты мен ықыласы ретiнде жоғары бағаланды./42/

Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастаған қауымдастық делегациясы Түркияда болып, Стамбұл, Салихлы қалаларында жергілікті билік органдарының және осы өңірдегі қазақтардың белсене араласуымен ұлы ақынымыз Абай күндерін өткізіп қайтты. Түркияның баспасөзі әділ бағалағанындай, аталмыш күндер туысқан екі халықты бір-біріне кеңінен таныту ісіне қосылған үлес болды./43/

1992 жылы 28 наурызда Стамбулда Дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті .Онда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының соңғы 5 жыл көлеміндегі жұмысы туралы »және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, бекіту туралы» мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды./44/

Дәл осы жылдың шілде- тамыз Түркістанда өткен симпозиумның қорытындысына сай Қауымдастық жанынан қазақ диаспорасының тарихын зерттейтін ғылыми орталық құрылды.Шетелдегі қазақтардың, әсіресе жастардың анна тілін үйренуі үшін Түркияға бір топ мұғалімдер жіберілді.Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған анна тілі оқулығы дайындалды./45/

Осы жылы 22 наурызда Стамбулда Дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Бұл бас қосуға Түркия Республикасы Примьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Тансу Чиллер ханым қатысты. Түркияның барлық ақпарат құралдары бас қосу туралы кеңінен баяндады. Сөйтіп, бұл жиын қазақ халқын Түркияға тағы бір реет танытқан, насихаттаған шараға айналды.Түркияда тұратын қазақтардың мерейін бір өсіріп тастады. Олардың Стамбул қаласындағы қоғамының беделін бұрынғыдан да көтере түсті. Бас қосуда қазақ халқының түрік дүниесінде алар орнына, Қазақстан мен Түркияның, басқа да туысқан елдердің байланыстарын нығайтуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қауымдастық өкілдері Стамбулда жаңадан ашылған Түркия қазақтарының орталығына ұлттық үлгідегі кішігірім мұражай мүліктерін табыс етті. Бұл бас қосуда төмендегідей рухани-мәдени проблемаларға көңіл аудару қажеттігі айрықша айтылды. Олар:

1.Кезінде әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырап,атамакенінен айрылған қазақтарды қабылдап, оларға айрықша қамқорлық көрсеткені үшін Түркия Республикасына алғыс білдіру;

2.Қазақстан мемлекеті өзінің шетелдердегі диаспорасына қамқорлық жасай отырып,олардың ата-бабаларына Ресей империясының, кеңестік тоталитарлық жүйенің отарлау саясатының құрбанына айналып, халқының үштен бірі жазықсыз жапа шегіп, өз отанын тастап кетуге мәжбүр болғандығын, олардың үрім-бұтақтарының отан алдында кінәсіз екендігін,оларды байырғы атамекеніне оралтуға бар мүмкіндік жасалатыны жарияланып, арнайы заң қабылдануын уақыттың жеткенін мәлімдеу;

3.Қазақстан Республикасы сырт жерлердегі қазақтарға оқу- білім, мәдени- рухани жағынан көмек көрсетуде, олардың атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалынып, бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асатынына сенім білдіру;

4. Бүкіл түрік дүниесінің тарихын зерттейтін академия құрып, ооның өз журналы,газеті болып, ол латын әріпімен шығарылатын ортақ баспа Ашу;

5.Болашақта бүкіл түрік халықтарына ортақ телехабар таратып, ортақ әліпбиге көшу мәселесін жүзеге асыру.

Түркияға қоныстанған қандастарымыздың бүгінгі ұрпағаның бір бөлігі қазір Еуропа елдерінде еңбек етіп жүр. Өздерінің ғибратты тыныс-тіршілігімен Көне құрлықта дүниеде қазақ деген ел бар екендігін кеңінен танытып келеді.Соның мысалы ретінде 2002 жылдың 16-20 мамырында Германияның Кельн қаласында Қауымдастықтың жылдық жоспарына сәйкес және әлем қазақтарының кезекті құрылтайы қарсаңында Еуропа елдерінде тұратын қазақтардың кіші құрылтайының дүрілдеп өткенін айтсақ-та жеткілікті.Оған Еуропадағы қазақтардың бір мыңнан астам өкілдері қатысты. Бас қосудың күн тәртібіндегі мәселелер түгел қаралып, оң шешімін тапты.

Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай, Түркия және Еуропа елдерiнен төрт адам Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың алтын медалiмен марапатталды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай мен Шiрзат Доғру, Еуропа елдерiнен Абдiрахман Шетiн мен Шәрiп Найманға берiлген осы медальдар, олар арқылы, Түркия және Еуропа қазақтарына деген атамекеннiң ыстық iлтипаты мен ықыласы ретiнде жоғары бағаланды./47/

2002 жылы Ыстамбұлда қазақтардың Түркияға орналасқанына елу жыл толуы кеңiнен аталып өтiлдi. Осы жылдың күзiнде Түркiстан қаласында Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайы өткiзiлдi. Оған да түркия­лық қазақтар көптеп шақырылды.Жыл сайын 50-100 отбасы Қазақстан Көшi-қон және демография агенттiгiнiң ұйымдастыруымен Түркиядан Қазақстанға бiржолата көшiп баруда./48/

Сонымен Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан бергi жерде, Қа­зақстан мен Түркия қазақтары арасында 14 жылдық осы байланыстарға көз жү­гiрткенiмiзде, Қазақстанның Түркиядағы отандастарына ыстық iлтипат көрсетiп отыр­ғандығын айта аламыз. Әсiресе, Президент Назарбаев, Түркия қазақтарына ерекше назар аударып, көз қырын салып отырғандығын әрi сондағы қазақтарға, әрi түрiк халқына орайы келген сайын көрсетiп бердi./49/

Қазақстан мен Түркия қазақтары арасындағы байланыстардың ауқымы жеткi­лiктi ме? - деген сұраққа келсек, әрине оған ауыз толтырып жауап беру үшiн уақыт әлi ерте. Меніңше, осы байланыстар­дың көңiл қанағаттандырарлық деңгейге көтерiлуi үшiн, көбiнесе мәдени жә­не әлеу­меттiк салаларда жасалған байланыстар­ға үшiншi саланың да қосылуы шарт. Ол, атап айтқанда, экономикалық байланыстар. Әр нәр­сенiң басының экономикаға келiп тiрел­генiн ескерсек, осы үшiншi сала­да да байланыстарды дамытқан жағдайда, Түркия қазақтары мен Қа­зақстан арасындағы байланыстардың ойдағыдай толыға түсерi рас.

Қазақ шын мәнiнде үлкен сынның алдында тұр. Шет елдердегi қазақтар өзге ұлттардың жетегiнде кете ме, кетпей ме?

Түркиядағы қазақтар қауымдастығының берген мәлiметi бойынша, бүгiнде Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында 13400-дей қазақ тұрса, Гүлеш ауданын 6000 қазақ мекендейдi екен. Сапагөй, Шекпенжер аудандарында — 1500-2000, Измирде 1000 қазақ тұрады екен. Жалпы, қауымдастықтың Түркияда 31500-32000 қазақ бар деп межелеп отырған жайы бар. Бұл орайда қауымдастық төрағасы Дәруiш Қылыш былай дейдi: "Қазақ Президентi мен мемлекетiнен тiлейтiнiмiз — Қазақстан латын әрпiне тезiрек көшсе екен. Түркиядағы қазақтар болсын, Еуропадағы қазақтар болсын, кирилл әріпінде жазылған кiтап-журналдарды, баспасөздi оқи алмайды. Ресейдегi 1,5 миллион қазақ орыстанып жатыр, Қытайдағы 1,5 миллион қазақ қытайланып жатыр, Түркиядағы 30 мың қазақ түрiктенiп жатыр, ал Қазақстандағы қазақ өз елiнде өзi би бола алмай, санасы әлi күнге дейiн кеңестiк идеологиядан арылмаған "советтiк қазақтардың" кесiрiнен "қазақстандық ұлтқа" айналып барады./50/

Қазақстанның демографиялық ахуалының Ресейден де қиын екенiн көпшiлiк бiлер. Сондықтан сырттағы әрбiр қазақтың бiз үшiн орны бөлек. Дегенмен, Түркиядағы қазақтардың көбi елге оралуға асықпайтын сияқты. Себебi мұндағы қазақтардың денi шағын бизнеспен айналысады. Яғни, тұрмыстық деңгейi өте жақсы. 90-шы жылдардың басында күрт дамып кеткен терi өңдеу бизнесi жергiлiктi қазақтардың әл-ауқатының өсуiне зор септiгiн тигiздi. Дәруiш Қылыш өз бизнесiн Қазақстанға көшiруге ынталы. Бiрақ Қазақстанда шағын бизнестi ашудың қиындығын айтады. "Стамбұлдан елге қайтайын десек, Алматыда үйдi жалға алу өте қымбат. Сосын екi елдегi үй бағасының ара-қатынасы жер мен көктей.

Алматыда үй бағасы шарықтап тұр. Оның үстiне бюрократия бар. Бiр кәсiпорын ашайын десек, бiр емес, бiрнеше есiктiң табалдырығын тоздыру керек екен. Қазақстанға барып, бюрократияның кесiрiнен орныға алмай, қайтып келгендер де бар" — дейдi, Дәруiш аға. Сондықтан сырттағы қазақтарды елге үлкен жеңiлдiктермен көшiру мәселесi де қамтылса жөн едi. Әсiресе шетелдегi қазақтардың шағын бизнесiн елiмiзге көшiруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлсе жөн болмас па едi?! Бұл да шетелдiк қазақтардың бiр тiлегi./51/

Ал енді демограф М.Тәтімовтың статистикалық зерттеулеріне сүйенер болсақ, шет елдерде тұратын қазақтар саны мынадай:





Мемлекет атауы

Саны

1

Қытай

1млн 296 мың

2

Өзбекстан

870 мың

3

Ресей

660 мың

4

Монғолия

157 мың

5

Түркия

30 мың

6

Украина

15 мың

7

Иран

15 мың

8

АҚШ

10 мың

9

Германия

7 мың

10

Франция

4 мың


4.Түркиядағы қазақ диаспорасының

мұқтаждықтары.

Қазақстан Республикасы өзі алғаш құрылған күннен бастап, қандай қиын жағдайға тап болғанына қарамастан сырттағы қандастарымызға қамқорлық жасауды назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақтар тұратын мемлекеттер басшыларымен кездесулерінде қандастарымыздың қал –жағдайына қатысты мәселелер сан мәрте ресми түрде қозғалды.

Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері атамекенмен жалғыз байланыс— "Caspionet" арқылы бір сағаттық телебағдарлама көреді.Бұл бағдарлама бойынша отанымыздағы айтыс,концерт тағы да басқа мәдени шараларды көрсетеді. Мысалы, Дәруiш Қылыш былай дейдi: "Стамбұлда кешкi 5 пен 6 арасында далада жүрген бiрде-бiр қазақты көрмейсiң. Неге? Өйткенi дәл осы уақыт аралығында "Caspionet" телеарнасынан бiр сағат Айтыс көрсетедi. Бiз домбыраның даусын аңсаймыз ғой, сондықтан бәрiмiз теледидардың алдына жайғасамыз"— дейдi./52/Алты қабатты Қазақ қауымдастығының бiрiншi қабатын қандастарымыз арнайы телеарна көруге арнаған. Төрде үлкен үй кинотеатры тұр. Онда күнi бойы бiр ғана телеарна көрсетедi — "Caspionet". Стамбұлдағы қазақ жастары айтысқа қатты құмартпайды екен. Есесiне Түркияда 100-ден аса түрiкше телеарна болған соң, жастар көбiне жергiлiктi телеарналарды қызықтап көредi. Сондықтан Түркия қазақтарының бар тiлегi — "Caspionet"-тен қазақша хабарлардың да көптеп көрсетiлуi ғана. Ақпараттық экспансия өршiп тұрған заманда Қазақстаннан шығатын жалғыз телеарнаны шетелдегi қазақтардың мүддесi үшiн пайдалана алмай отырғанымыз — баяғы "шала қазақшылықты" аңғартпай ма? Дәруiш Қылыш та: "Балаларымыз қазақша телеарна көрмесе, қазақша кiтап-газеттер оқымаса, тiлдi ұмытпай ма?" — деп өкiнедi./53/

Жергiлiктi қазақтардың тiлдерi сәл түрiктенiп кеткен. Оның үстiне аты-жөнi, есiмдерiнiң денi — түрiкше. "Қазақ тiлi" қоғамының төрағасы Кәмiл Гезердың айтуынша, Түркияда бөтен аттарды түрiкшеге сай етiп жазуды мiндеттейтiн заң бар екен.Ол алғаш Түркияға көшіп келген қазақтардың аты мен тегінің кейін өзгеріске ұшырағандығын айтады.

Түркиядағы қазақтардың ассимиляцияға түсуiне өзiндiк септiгiн тигiзiп жатқан тағы бiр фактор — аралас некелер. Ақсақалдар тиым салуға қанша тырысқандарымен, аралас неке Түркияда да өріс алып келеді. Түрiктен қыз алып, не түрiкке қыз берiп жатқан қазақ отбасылары да жоқ емес.Олардан туған ұрпақтар түрік деп жазылады. Олардың қазақтықтан жырақтап бара жатқаны қазақтардың жандарына батады.Алайда, тiл мен қанды араластырмау үшiн Түркияда жаз айларында екi ай бойы арнайы той-мерекелер өткiзiледi екен. Оған Қазақстан мен Еуропадан қазақ отбасылары келiп, өзара танысып, той-думан өткiзiп, балаларының толыққанды қазақ отбасын құруына мүдделi болып, өзара жақсы араласады екен. Ата-жұртқа қайтып жатқан отбасылары да бар көрiнедi.Қазақ тілі қоғамының төрағасы Кәмiл Гезердiң мәлiметiне жүгінсек, жылда Қазақстанға 50 отбасы қарай жол тартады.

Түркиядағы қазақ жастарының арасында дәрiгерлер, полицейлер, мұғалiмдер, әскерилер, және көптеген маман иелерi бар. Олардың елге келгенде бір мәселе алаңдатады-ол тіл мәселесі. Өйткені олар кирилл әліпбиін білмейді./54/

Қазақстаннан тек қана кирилл әрпiнде шығып жүрген оқулықтар мен орысша кiтаптар таратылып жүрген соң, Түркиядағы қазақтар "Арман" деген журнал шығаруда. Түркиядағы қазақтар қауымдастығының негізі 1986 жылы қаланды. Түркиядағы қазақ қауымдастығы жанында қазақ тiлi мен дiн пәндерiнiң курстары, қайырымдылықпен айналысатын қор жұмыс істеуде. Өкiнiшке қарай, журнал түрiк тiлiнде шығады. Аталмыш журналда Қазақстан жаңалықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәселелерiн қамтиды екен. Журналдың жалпы таралымы — 7500 дана. Оның 55 данасы Америка қазақтарына, тағы бiршама бөлiгi Германия, Бельгия, Францияда тұратын отандастарымызға таратылады./55/
Түркиядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Дәруiш Қылыш: "Бiз қазақша журнал шығаруға аса мүдделiмiз. Мұндағы түрiктер бiздiң түбiмiз бiр деп бiледi. Бiзде түрiкшеге аударылмаған кiтаптар өте көп қой. Тiптен, түрiктердiң өздерi қазақтың мәдениетi мен тарихын тануға құлықты болып отыр" — дейдi./56/ Мұндағы қазақтар журнал аясында Қазақстанның көрiктi жерлерiн насихаттауды да өзiне парыз деп бiледi екен. Бұл жөнiнде қазақ диаспорасының басшысы: "Қазiр әлемге қарасаңыз, дүние кiшiрейiп барады. Дамыған елдерге табаны тимеген адам кемде-кем. Сондықтан көпшiлiк: "Бiз бұрын-соңды ешкiм болмаған жерге барғымыз келедi" — демей ме?! Бұл мүмкiндiктi мүлт жiбермей, Қазақстанды әлемге паш ету керек қой. Көкшетау, Бурабай, Оқжетпестi бiз әлi де туристерге таныта алмай отырмыз. Сондықтан шетелге шығатын Қазақстанның "Caspionet" кабельдiк телеарнасы арқылы Қазақстанның тарихи, мәдени, яғни туристiк жерлерiн неге насихаттамасқа. Түркияның туризм кластерi өткен ғасырдың 80-шi жылдарында-ақ дамыған. Бұл орайда қандастарымыз елiмiздiң небiр тарихи, мәдени жерлерiн түрiк елiндей насихаттай алмай отырғандығын да тілге тиек етеді.

Қазақ диаспорасының кешенді мәселелерін зерттеу барысында назар аударатын ерекше мәселе – алыс және жақын шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың өзіндік ұлттық санасының әр түрлі деңгейдегі көріністері және оралман – репатриант қазақтардың этникалық дүниетанымындағы күрделі өзгерістерді зерделеу. Әрбір халықтың ғасырлар бойы қордаланатын рухани әлемі болады. Оның тарихи қалыптасуына, дамуына және келесі ұрпаққа сабақтастықпен жалғасып отыруына себепкер болатын көптеген факторлар мен жағдайлар жүйесі болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Көші-қон мен демография агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991-2000 жылдың аралығында тәуелсіз Қазақстан жеріне 42387 қазақ отбасы немесе 183652 адам көшіп келген. Елімізде «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға сәйкес шет елден көшіп келетін қандастарымыз квотамен орналастырады. Дегенмен, жоғарыда аталған Агенттіктің мәліметтері бойынша бұл квотаның орындалуы да ойдағыдай емес.

2002 жылдың шілде-тамыз айларында Түркістанда өткен симпозиумның қорытындысына сай Қауымдастық жанынан қазақ диаспорасының тарихын зерттейтін ғылыми орталық құрылды./57/

Шетелдегі қазақтардың, әсіресе жастардың ана тілін үйренуі үшін Түркияға бір топ мұғалімдер жіберілді. Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ана тілі оқулығы дайындалды.

Оралмандар Ата -жұртты аңсап, өз тарихи отанына ерінбей еңбек етуді мақсат тұтып, ұрпағының болашағын ойлап, сағынышпен оралғаннан кейін ортаға көптеген проблемелар туындайды. Проблемалардың бірқатары: үкімет көмек ретінде берген қаражаттың жетіспеуі, комуналдық қызметтің қымбаттығы, жұмысқа орналасудың қиындығы, қазақша сөйлей алса да жаза алмауы, орыс тілін білмеуі, елімізде бұрыннан қалыптасқан белгілі бір өмір сүру құлқына үйрене алмауы тағы басқалар.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.Осыған байланысты халық санын көбейту мақсатында шетелдегі қандастарымызды елге қайтаруымыз қажет. Ол үшін мен мына мәселелерге баса назар аударуды ұсынамын:

1. Елге келген оралмандарды әлеуметтік -экономикалық жағынан қаматамасыздандыру керек (баспана, жер, жұмыс т.с.с.)

2. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсатында төл құжат беру жағдайын жақсарту керек;

3. Оралмандарға арналған беймідеу орталықтарын құру керек. Қазіргі таңда оралмандарға 6 айға дейін ғана уақыт беріледі. Сол мерзімді 1-1,5 жылға дейін ұзарту қажет;

4. Көші –қонға әлі де қарқын беру керек. Әсіресе, квотадан тыс келгендерге айрықша назар аударған жөн.Әрине, мұның бәрі қаржыға келіп тірелетіні айқын. Дегенмен, квотадан тыс ірге көтергендердің негізінен өз күш жағдайына арқа сүйеп келгендігін ескерген дұрыс. Оларға ең алдымен баспана мәселесін шешуге көмектессе, қалғанын өздері тындырар еді. Осындай және өзге де квота беру мәселесіндегі келеңсіз жағдайларды шешу керек;

5. Оралмандарға берілетін бір реттік көмек мөлшерін (600 доллар) көбейту керек;

6. Оларға тіл үйрету, сауат ашу, өз ана тілінде оқып жазуды үйрететін арнайы орталықтарды көбейту қажет.

Осы тұста, оралмандарға жергілікті әкімшілік, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон агенттігі және Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп, ең оңтайлы нұсқа ұсынып, қолайлы жағдай жасап, қолдарынан келгенше көмек көрсетсе деймін.

Қазір мына жаһандану дәуірінде шетелдегі қандастарымыздың өзге елде жұтылып кетпеуі үшін мына өзекті мәселелерді шешуді ұсынамын:

1. Түркиядағы қазақтардың, әсіресе жас ұрпақтың өз ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын, ауыз әдебиеті мен музыкасын т.б. қазына байлықтарын игеруіне жағдай жасау керек;

2. Жыл сайын Қазақстан Республикасы тарапынан мемлекеттік қаржыландырумен 1-2 айға қазақ тілін үйрететін мұғалімдерді жіберу керек;

3. Түркияда жоғары білімі бар, 2-3 тілді білетін жастарымызды елге алып келіп жұмысқа орнату мәселесі шешілсе;

4. Шетелдегі қазақтардың балаларын Қазақстанда оқыту мәселесі әлі күнделікті назарда болуы керек.Сырттан оқу іздеп қанша бала келсе, солардың бәріне қол ұшын беруді баршамыздың басты міндетімізге айналдыруымыз қажет.

5. Түркиядағы қазақ елшілігі мен, сонымен қатар «Қазақ» ұлттық қоғамы мен жиі қарым-қатынас жасау қажет;

6. Мемлекетіміз тарапынан Түркиядағы қазақ жастарын атамекенмен таныстыру мақсатында елімізге алып келіп, мәдени тарихи жерлерді таныстыру қажет.

7. Диаспора мәселесі әлі жадағай қарастырылуда. Оны ғылыми негізге салу бүгінгі күннің негізгі мәселесі болуға тиіс.Осыған байланысты көші-қон тарихы да назардан тыс қалмауы керек. Тарихтың тауқыметіне жөнсіз ұшыраған қандастарымыздың тарихын кейінгі ұрпақ білуге тиіс.

8. Қазақ Қазақстанға керек. Ол үшін алдымен ұлттық -патриоттық уағыз- насихатты шыңдап қайтадан қолға алуымыз қажет деп есептеймін.

Ал енді Түркияда қазақтану қай дәрежеде? Осы мәселеге байланысты Түркия ғалымы Әбдуақап Қара манадай көрсеткіштерді ұсынады:



Көріп отырғанымыздай, 1996-2006 жылдар арасында қазақтануға байланысты 200-ге жуық зерттеулер жүргізілген. Олардың көпшілігі Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару мәселелерін көтерген.

Ғалымдардың айтуынша Түркиядағы қазақ диаспорасы тарихы әлі де көптеген зерттеулерді қажет етеді. Өйткені қазірге дейін жасалған зерттеулер олардың бүкіл қыр - сырын толық ортаға салды деп айта алмаймыз. Сондықтан да алда жас тарихшыларды осы орайда көптеген зерттеулер күтіп тұр.

«Дүниеде қазақ деген ұлт біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы- барша қазаққа тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да бөліп жаруға жатпайтын ортақ байлық», деп- атап көрсеткен еді Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев./59/

Сондықтан да әдебиет, мәдениет, өнер сияқты салалардағы қазынамызды сырттағы не Қазақстандағы қазақтардыкі деп бөлу ұлттық рухани байлығымызды қолдан жұтату болып шығады.

Мемлекетімізде қазіргі кезде 8 миллионға жетер –жетпес қазақ бар десек, жалпы қандастарымыздың 30 пайызына жуығы шетелде екен. Сол ағайындарымыз болашақта өздерінің ұлттық дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтап, өсіп-өркендей ала ма, әлде өздері мекендеген елдің халқына мүлдем сіңісіп, жоғалып кете ме? – міне осы сұрақтарға нақты жауап беру, тиісті шаралар қолдану, оны іске асыру бүгінгі таңда бізді қатты ойландыруға тиіс деп есептеймін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет