Шырыш асты негіз қабықшасы (tela submucosa) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тінінен тұрады. Бұл қабықшада аралас шырышты-ақуызды бездердің секреторлық бөлімдері орналасады, шығару өзектері эпителийдің бетіне ашылады. Олардың бөлетін өнімі шырышты қабықшаны ылғалдандырады, ал шырыштың ақуызды компоненті бактериостатикалық және бактериоцидтік әсер етеді. Кіші бронхтарда бездер болмайды.
Фиброзды-шеміршекті қабықша (tunica fibrocartilaginea) ірі бронхтарда гиалинді шеміршек тіні табақшалар түрінде, орта бронхтарда гиалинді шеміршектің орнына эластикалық шеміршек тіні пайда болады және олар аралшықтар түрінде орналасады. Кіші бронхтарда бұл қабықша болмайды.
Адвентициальды қабықшаны (tunica adventitia) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тінінен тұрады, ол өкпе паренхимасының бөлікаралық және бөлікшеаралық дәнекер тініне жалғасады.
Сонымен, ірі бронхтартарда (диаметрі 5-15 мм) эпителий бірқабатты көп қатарлы призмалық кірпікшелі, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы нашар дамыған, шырыш асты негіз қабықшасында аралас бездер орналасады және фиброзды-шеміршекті қабықшасы ірі шеміршек табақшаларынан тұрады. Орта бронхтарда эпителий бірқабатты көп қатарлы аласа призмалық кірпікшелі, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы қалыңдайды, шырыш асты негіз қабықшасында бездердің саны азаяды, фиброзды-шеміршекті қабықшасы аралшықтар түрінде орналасады. Кіші бронхтарда эпителий екі қатарлы кірпікшелі, бездер мен шеміршек тіні жоқ, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы жақсы дамыған. Патологиялық жағдайларда бұлшық тінінің ұзақ уақыт жиырылуы ұсақ бронхтардың қуысын тарылтып, тыныс алуды қиындатады (бронхиальды астма). Терминальды бронхиолалар (диаметрі 0,5 мм). Шырышты қабықшасы бірқабатты текшелі кірпікшелі эпителиймен қапталған. оның құрамына жиекшелі, кірпікшелі, жиекшесіз, Клардың секреторлық жасушалары кіреді. Бронхиолалардың шырышты қабықшасының меншікті табақшасында бойлай орналасқан эластикалық талшықтардың арасында жекелеген жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры орналасады.
Достарыңызбен бөлісу: |