Шырыш асты негіз қабықшасы (tela submucosa) борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Мұнда аралас ақуызды-шырышты бездер орналасады, шығару өзектері шырышты қабықшаның бетіне ашылады. Бездер кеңірдектің артқы және бүйір беттерінде басым болады.
Талшықты-шеміршекті қабықша (tunica fibrocartilaginea) 16-20 тұйықталмаған сақиналар түрінде орналасқан гиалинді шеміршек тінінен тұрады. Кеңірдектің артқы бөлігінде шеміршек сақиналарын жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры біріктіреді. Құрылысының осындай ерекшеліктеріне байланысты кеңірдектің артқы қабырғасы жұмсақ, бұл оның артында орналасқан өңеш арқылы ас түйірінің өтуін жеңілдетеді.
Адвентициальды қабықшаны (tunica adventitia) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тіні түзейді.
ӨКПЕ
Өкпе кеуде қуысының көп бөлігін алып жатады және оның пішіні тыны салу сатысына байланысты өзгеріп отырады. Сыртынан өкпе сірлі қабықшамен – висцеральды плеврамен қапталған.
Құрылысы. Өкпе екі бөліктен тұрады: ауа өткізу жолдары (бронхтардың бұтақтары) мен респираторлық (3 сурет).
3 сурет. Өкпе құрылысы(В.Г. Елисеев, Ю.И. Афанасьев, Е.Ф. Котовский бойынша)
А. Орта бронх
Б. Терминальды бронхиола
В. Респираторлық бронхиола
Г. Альвеолярлық жол
Д. Альвеолярлық қапшық
Е. Кіші бронх
БРОНХТАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫ
Бронхтардың бұтақтары басты бронхтардан (оң және сол) басталады. Олар өкпеден тыс орналасқан бөліктік бронхтарға (1-ші реттік ірі бронхтар), кейін зональдық (2-ші реттік ірі бронхтар) бронхтарға (әр өкпеде 4-тен) тармақталады. Өкпеішілік сегментарлық бронхтар (әр өкпеде 10-нан) субсегментарлық 3-5-ші реттік бронхтарға (орта бронхтар) тармақталады. Олардың тармақтары кіші бронхтарға жалғасады, ал олар терминальды бронхиолалармен аяқталады. Терминальды бронхиолалардан кейін өкпенің респираторлық бөлімі басталады.
Бронхтардың құрылысы. Бронхтардың қабырғасы 4 қабықшадан тұрады: шырышты, шырыш асты негіз, фиброзды-шеміршекті және адвентициалды. Қабықшалардың құрылысы бронхтардың диаметріне байланысты өзгеріске ұшырап отырады. Шырышты қабықшаның (tunica mucosa) үш қабатын ажыратады: эпителий, меншікті және бұлшық етті табақшалар. Эпителий бірқабатты, көп қатарлы призмалық кірпікшелі. Бронхтардың диаметрі кішірейген сайын эпителий жұқарады. Құрамына кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокриндік, базальды жасушалар және терминальды бронхиолаларда жиекшелі, кірпікшелі, жиекшесіз, Клардың секреторлық жасушалары кіреді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы бойлай орналасқан эластикалық талшықтарға бай борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Эластикалық талшықтардың мұндай орналасуы бронхтардың ауаны жұтқан кезде созылуына және ауаны шығарған кезде қалпына келуіне септігін тигізеді. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы жазық бұлшық ет тінінен тұрады. Бронхтардың диаметрі кішірейген сайын бұлшық етті табақша қалыңдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |