Г.Н. Смағұлова, Б.Ү. Өтеген*
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан.
E-mail: beket.otegen@mail.ru
ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА
НЕГІЗДЕП ОҚЫТУ
Аннотация. Мақалада қазіргі білім беру жүйесінің ерекшеліктері, оқытудың құндылықтар мен
дағдыларға негізделген парадигмасы талданады. Қазақ әдебиеті пәнін құндылықтарға негіздеп оқыту
мәселесі қарастырылады. Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы қазақ әдебиеті пәні бойынша
берілген оқыту мақсаттары сараланып, оны жүзеге асырудың қадамдары ұсынылады. Көркем
шығармадан үзінді ретінде берілген мәтіндерге, мәнмәтіндерге аксиологиялық талдау жасаудың үлгісі
көрсетіледі.
Жалпы білім беретін мектептер жаңартылған білім беру мазмұнына көшкелі бері оқытудың
мақсаты мен жүйесі де өзгерді. Бұл үдеріс қазақ әдебиеті пәні бағдарламасының да өзгеруіне негіз
болды. Нәтижесінде қазақ әдебиеті пәні бойынша оқыту мақсаттарының жүйесі білім алушы бойында
құндылықтарды қалыптастырып, дамытуға бағытталып отыр. Сондықтан қазақ әдебиеті пәнін оқыту
мәселесін біз аксиологиялық ұстаныммен өзара тығыз байланыста қарастырамыз.
Қазіргі таңда құндылықтар мәселесі полипарадигмалық зерттеулердің нысанына айналды. Соның
жарқын үлгісі ретінде мақалада келтірілген аксиологиялық талдауларды атауға болады. Аксиологиялық
талдау нысаны ретінде жалпы білім беретін мектептердегі қазақ әдебиеті пәні бағдарламасы бойынша
оқытылатын көркем шығармалар алынды.
Көркем шығармадағы жалпыадамзаттық немесе ұлттық құндылықтарды анықтау мәтіндегі
детальдармен мұқият жұмыс жасауды талап етеді. Яғни, көркем шығармадағы құндылықтарды
анықтау белгілі бір деңгейде мәтін динамикасымен әрі ондағы астарлы оймен тығыз байланысты.
Сондықтан қазіргі таңда әрбір білім алушы көркем шығармамен таныса отырып тек құрылымдық
тұрғыдағы талдаулармен шектелмейді, керісінше, шығарманың негізгі идеясын анықтауға, ондағы
кейіпкерлердің психологиялық портретін жасауға, автордың сөз қолданыстарын тереңінен түсінуге,
құндылықтарды айқындай отырып өз тарапынан баға беруге талпынады. Мақалада қазақ әдебиеті
пәні бойынша осындай дағдыларды дамыту мәселесіне ерекше басымдық берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |