Ұйымдастырушылық функция. Аталмыш функция баспасөздің өзге функцияларымен тығыз сабақтаса отырып, БАҚ таратқан хабарлар мен мақалалардың тиімділігін арттыруға бағытталады. Журналистика өзінің ұйымдастырушылық функциясын негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырады: – мемлекет, үкімет және жоғары басқару орындарының маңызды құжаттарын жариялау, насихаттау немесе оған комментарий жасау арқылы. Қандай бір аса маңызды шешім БАҚ арқылы жарияланса ғана тұрғындарға толық жетіп, елді жаппай жұмылдыра алады.
Мысалы, редакцияға келіп түскен хаттар, шағымдар бойынша мақала жазу, бағдарлама әзірлеу немесе олардың ұсыныс, өтініштерін жауапты ұйым, мекемелерге жолдап, мәселелерін шештіру т.с.с; – шешімнің орындалуына бақылау жасау. Яғни, халық журналистика арқылы жоғары биліктен бастап, жалпы барлық қоғамдық институттардың қызметіне бақылау жасайды, тұрақты ақпарат жинайды, таратады, осындай жолмен жариялылықты қамтамасыз етеді.
Қарым-қатынас функциясы. Журналистиканың басты функциясының бір негізі ақпарат жеткізе отырып, өз «тұтынушыларымен» қарым-қатынас орнатуда жатыр. Журналистиканы «mass media», яғни, «бұқаралық қарым-қатынас құралы» деп атайтыны да кездейсоқтық болмаса керек. (communicatio – қарым-қатынас формасы, хабарлау жол деген мағыналы латын сөзі).
БАҚ-тың қарым-қатынастық функциясы қоғамдағы барлық сабақтастықтарды бейнелей отырып, мемлекеттің өз халқына, халықтың мемлекетке бағытталған қатынастарынан бастап, ұжымаралық және жеке тұлғалардың өзара жасалатын іскерлік байланыстарына мұрындық болатындығымен ерекшеленеді.
Қоғамдық қарым-қатынас ішінара экономикалық, саяси, құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, ұйымдастырушылық, этикалық секілді көптеген формалардан тұрады. Олар негізгі және қолданбалы деп екіге бөлінеді. Біріншісі, материалдық қарым-қатынас. Екіншісі, алғашқысынан туындайды және оған саяси, құқықтық, моральдық секілді қарым-қатынастар жатқызылады. Ондағы топтардың өзін үш түрге жіктеуге болады екен: а) қоғамдық көзқарас, мінез-құлық, сана-сезім; ә) мемлекет, сот, мешіт ғибадатхана сынды мекемелер; б) топтардың өзара қарым-қатынастары.
БАҚ қоғамдық қатынастардың бәріне ортақ болуымен ерекшеленеді. Осы артықшылығына сүйене отырып, журналистика өзінің қарым-қатынастық функциясын атқаруға тиіс. БАҚ-тың ықпалы, қоғамдық маңызы қазіргі таңда үнемі арта түсіп отыр. Ең бергісін айтқанда, жеке адамдар газет жарнамалары арқылы өз сұраныстары мен қажеттіліктерін өтеп отыр. Мысалы, пәтер сату, жалдау, сатып алу, қызмет көрсету т.б. Мұның бәрі қарым-қатынастың қарапайым мысалдары ғана.
Достарыңызбен бөлісу: |