Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы тарихи шындық
пен көркем шындықтың ара-қатынасы
“Көркемдік шындық жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл өмірлік шындықтың көшірмесі емес. Ол – шашылып жатқан, араласып жатқан, жүйесіз, үзік-үзік құбылыстардың басын біріктіреді, соны сұрыптайды. Бұл орайдағы ең шешуші фактордың бірі – суреткер қиялы” /17/.
Көркемдік шындықтың шырайын кіргізетін басты компоненттер – кейіпкерлердің мінез-құлқын ашып, толыққанды типтік бейнесін (көркем тұлға) жасау, көркемдік шешім, образдар, бейнелі де бедерлі сөз, образ шындығы. Қандай да болмасын қоғамдық, тарихи, философиялық-социологиялық, моральдық-этикалық, т.б. мәселелер образдар арқылы дәлелді де шынайы көркемдікпен шешімін тапқан жағдайда ғана оқушы санасына жетіп, әсер, ықпал ете алады. Көркемдік шындықтың қуат күші де, міне, осында жатыр. Өмірде болған жайлардың бәрі де көпшілікті сендіре бермейді. Ал, көркемдік шындық өзінің логикалық кисынымен, дәлелділігімен оқушы санасына жетіп, жүрегіне жол тастары сөзсіз. Бұл, әрине, жазушының суреткерлігіне, сезім-түйсігі мен тәжірибесіне, қиял ұшқырлығына, қолданған әдіс-тәсілдеріне де байланысты.
“...Махамбет поэзиясының тақырыбы біреуі – майдан. Не үшін болып жатқан майдан? Әлгі айтқанымыз: қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майданы . Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңі бір жерге топтағанда “Жорық жыры” болып шығатыны сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып ойдан-қырдан ізденіп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ” /18/, -деп академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, Махамбет өлеңдерінің әрі өмірде болған, көзімен көріп, қолымен ұстаған, бар жан-дүниесімен сезінген болмыс. Бірақ сол шындық ақын аузымен айтылғанда ерекше құлпырып, түрленіп, қуаттанып, әр сөз алаулаған отқа, жан балқытар шоққа айналып сала береді. Бұл толғауларды Махамбеттен өзге адам дәл осындай әсерлі де әсем етіп образға орап бере алмасы хақ. Өйткені сол от пен судың арасында қолына қару алып, елінің болашағы жолында жүрген батырдың бірі – Исатай да екіншісі – Махамбеттің” өзі.
Махамбет “Есіл ер” деген өлеңінде: «Алдияр тақсыр ханымыз! Исатай батыр кеткелі кеміді біздің сәніміз, тілімді алсаң тақсыр-ай, шайтанның мойнын жұлдырып, Ордаңа қайтып алыңыз», дейді.
Өлеңде өткірлік те, өрлік те бар. Ағаға деген сағыныш, көңілде жүрген мұң-шер, өкініш нөсердей құйылған. “Шайтанның мойнын жұлдырып” дейді. Шайтан деп отырғаны Қарауылқожа екені айтпаса да түсінікті.
Арыстан еді-ау Исатай!
Нетерсің, тақсыр, табалап?
Қүрттайымда өсіп ем,
Бауырына паналап, –
десе, тағы да арыстандай айбатты Исатай келеді көз алдына. Исатай – қолбасшы, батыр, ел қамқоры, Махамбеттің “алдындағы асқар тауы, соңынан ерген ағасы,” “Қүрттайынан бауырына паналап өскен” Махамбеттің ғана емес, ел ағасы! Жаналғыш емес ‘бауырына паналатар” бауырмал”, “бір мінезі келгенде жібектей жұмсақ есілетін есіл ер”, бірақ “жолдасы жау қолында қалса ер несіне мақтанады?!”
Автор шындықты шынайы шығармашылық құштарлық арқылы айқын мазмұнға орап, әдемі көркемдік шешім табады:
Тастай қатты тағдырың
Исатаймен шешілер.
Айтып-айтпай немене –
Қор болды-ау, қайран, есіл ер!
Өлеңнің ішкі, сыртқы ұйқасы, динамикасы, ерекше екпін, өкініш, іштегі шемен болып қатқан шер – бәрі-бәрі бір-бірімен үндесіп, бірігіп, кірігіп, жымы, жігі білінбей, тұтас дүние болып, өлмес, өшпес өнер туындысына айналған.
Махамбет ойлы да отты, шымыр да шындыққа толы толғауларында “атадан туған аруақты ер”, “арғымақтың баласы”, “ханның бір туын қайтарған” Исатай ағасының түлғасы одан әрі де сомдай түседі:
Исатай - басшы, мен – қосшы,
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды...
(“Соғыс”)
“Халық 1837 жылдың өзінде көтерілгісі келген, бірақ оларды күреске алып шығатын көсемнің болмағаны жөнінде аға сұлтанның айтқаны шындық сөз болатын. Ондай көсем ішкі ордадан табылды. Табылғанда да, күл-талқан болып жеңіліп, әбден есі кеткен соғыстан соң келді. Бірақ оның жеке басының тұлғасы әлі де орасан зор еді, оның көксеген мақсаты да маңызды әрі соншалықты ортақ болатын. Сонысымен де ол қысқа мерзім ішінде бәрін аузына қаратып, кең байтақ даланың көшпенділерінің басы біріктіріп, соңынан ертіп әкетті.
Бұл ерің Исатай еді. Бірақ Исатай ерлікпен қаза тапты, онымен бірге ұлт-азаттық күресі де қоса кетті” /19/ А.Ф.Рязанов осылай десе, осы тарихи шындықты Махамбет:
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді,
Исатайды өлтіртіп
Қырсық та шалған біздің ел, –
(“Тайманның ұлы Исатай”)
деп образға орап, айтар ойын әсерлі етіп жеткізеді. Бұл – дидактикалық-философиялық тұрғыдағы шешендік толғау жыр.
“Толғау – қазақ әдебиетіндегі сюжетсіз поэзиялық туындының халықтық түрі, белгілі тақырып бойынша ойлар түю, философиялық пікірлер білдіру пішіні” /20/. Толғау туралы анықтамалар көп. Толғаудың басты шарттарының бірі – белгілі авторы болуы керек, қоғамдық-әлеуметтік ірі мәселелерді қозғайды, поэтикалық құрылымы әртүрлі, күреске үндейді, онда жыраудың немесе ақынның өмірге, өмірдегі маңызды оқиғаларға көзқарасы, философиялық ой-толғанысы. “Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау. Толғау – “толғану”, “толғаныс” деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді.
Ой толғауларда жырау – ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Ал сыр толғаулардағы негізгі жүкті көтеретін – сезім, эмоция. Бұл топтағы шығармаларда жалпы жырау поэзиясына тән үгіт, насихат, дидактика мүлде дерлік ұшыраспайды. Мұндай толғаулардан жыраудың өзіңдік “мені” де бой көрсетеді” /21/.
1834 жылғы би, старшын сайлауында Махамбет Жәңгір ханның 9 маусым, №572 жарлығына сәйкес старшын болып бекітілді. “Хан Исатайды кемсіту үшін ордадағы он екі бидің біреуі қылып беріш деген рудан халық қалаған Исатайдың орнына Балқы деген кісіні би қылады” /14, 59 б./. Балқы қайтадан старшын сайланып, Исатайдың халық алдында Жәңгірмен сілкілесіп қалуы Махамбетке қатты әсер етеді. Махамбеттің “Атасы беріш болса да, артық пайда көрмедім Егіз бенен Балқыдан” деуінің бір себебі осында жатыр. Әрі оның үстіне Балқы Құдайбергеновтің туысы Егіз Құдайбергенов көтерілісті қолдаушылардың бірі болып жүріп іс жүзінде тыңшылық жұмыс атқарған. Хан жағында болған кісі /12, 51 б./.
Махамбет Исатайдың ханнан қаймықпай сөйлеп, айылын жимағанына, ерлігі мен өрлігіне, әділдігі мен шешендігіне бұрынғыдан да бетер тәнті бола түседі. Жаны күйзеліп, әділдік іздеп аһ ұрған Исатай ағасына көмектесе алмағанына күйінеді, 1835 жылы оқып жатқан Зұлқарнайын демалысқа келгенде сол арқылы Исатай мен Жәңгір арасындағы кикілжіңді басуға тырысады. Алайда бұл ісінен де түк өнбейді.
Хан Орданың қам-қаракетінен хабардар, әділетсіздік пен жалдаптықты, өтірік пен өсекті көріп-біліп ішқұса болып жүрген Махамбет шыдай алмайды. Халық қамын жеген арыстандай айбатты Исатай ағасына қайткен күнде де ара түсуді көздейді.
“Асанқайғының Әз-Жәнібек, Шалкиіздің Темір, Жиембеттің Есім,Марқасқаның Тұрсын, Бұхардың Абылай алдында шімірікпей сөйлеуі, Әйтеке би мен Қожаберген жыраудың күллі төре әулетіне шүйлігуі халқымыздың ежелден рухани басыбайлыққа мойын ұсынбайтын рухани ерлігін танытады” /22/, -деп белгілі мемлекет қайраткері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, қипақтау, сипақтауды білмейтін әрі Хан Ордасында Исатайға құрылып жатқан тордан хабардар Махамбет те Жәңгір ханға тіке қарап “Есіл ер” деген толғауын айтады. “Тастай қатты тағдырың Исатаймен шешілер” деп оған үлкен баға береді.
1834 жылғы би, старшын сайлауында Қарауылқожаның қарсылығымен, Ханның оны қолдауымен Исатай старшындыққа сайланбай қалғаны, басқа да қитұрқы әрекеттері бар Қарауылқожаны Исатай ғана емес, бүкіл халық ұнатпайтын.
Өлең шымбайына батқан, әрі Исатайға әбден жауығьш алған Жәңгір ашу шақырып, Махамбетпен екеуі салғыласып қалады.
Басынан сөз асырьш көрмеген қырғи тілді, асқақ үнді Махамбет айылын жимай, жыр нөсерін тағы да төгіп-төгіп жібереді:
Мен ақсұңқар құстың сойы едім,
Шамырқансам, тақсыр, кетермін.
Кетпей де нешік етермін?
Бұл барғаннан барармын,
Қиядан орын алармын.
Отын алып, от жақпан
Дұшпанға қылыш ұрармын.
Жазға бір ай қалғанда,
Аласапыран болғанда,
Бөліне көшкен елдерді,
Бөріккен қойдай қылармын.
Мен кеткенмен, тек кетпен,
Сізден артық табармын.
Ашуыма көп тисең,
Өзекті жанға бір өлім,
Ордаңды талқан қылып шабармын, –
(1835)
деген жолдар Махамбеттің “Баймағамбет сұлтанға айтқаны” емес. Олай дейтін себебіміз Махамбет Баймағамбет сұлтанға “Шамырқансам, тақсыр, кетермін, кетпей де нешік етермін” деуі мүмкін емес. Өйткені ол оның қасында бірге жүрген жоқ, қызметте болған жоқ.
“Бұл барғаннан барармын, Қиядан орын алармын’’, “Мен кеткенмен тек кетпен, Сізден артық табармын” деген жолдардан да оның хан сарайынан кетіп бара жатқаны нышан береді. Сондықтан да бұл өлең Жәңгір ханға айтылған деп білеміз. Ханға арналыпайтылып тұрғанын “Ордаңды талқан қылып шабармын”, “Ханым, ханым дегенге” деген жолдар айқындай түспей ме?!
Бала жастан Ағатай Беріштердің арасында болып, Исатай, Махамбет көтерілісі туралы әңгімелерді құлағына құйып өскен көрнекті жазушы Әнес Сарай да “Исатай мен Махамбет тарихы” деген зерттеу кітабында “Мен ақсұңқар құстың сойы едім” деп басталатын толғау ұзақ жылдар ақынның “Баймағамбет сұлтанға айтқаны” топтамасына қосылып келді,– деп жазады. Тарихи қисындарға нақтылап үңілсек, “адасқан үйректей” болған Махамбетті қаншама өр десек те Баймағамбетке “Бөліне көшкен еліңді бөрліккен қойдай қырармын” деп сес көрсетуге жағдайы жоқ еді, сонсоң “Шамырқансам тақсыр, кетермін”, “Сізден артық табармын” дейтіндей Баймағамбеттің қызметінде болған ештеңесі жоқ еді. Бұл Махамбеттің Жәңгірмен кетіскендегі сөзі” /23/.
Махамбет хан сарайынан кетерде осылай деп айтарын айтып, сес көрсетіп кетеді. “Жаралы қойдай қылармын”, “Сізден артық табармын” деуі ол сол тұста Исатайдың қол жиып жатқанынан, әрине, жақсы хабардар еді. “Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады” /24/ дегендей, Исатай ағасын, кеңдікті, еркіндікті, шындықты аңсап жүрген оның негізгі мақсаты халықпен бірге болу болатын. Сондықтан да ол:
Он екі төбет, шұнақ хан,
Шабатының ел екен,
Күндейтінің мен екен.
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу –
Мендей ерге жөн екен! –
(“Махамбеттің ордадан кетерде ханға айтқаны”, 1835)
деп шындықты бетке айтты.
Исатайға көмектесе алмай, хан, сұлтандардың өтірік көлгірсуі мен арам пиғылдарын, дүниеқоңыздықтары мен шен-шекпенге таласын, еңбекші елдің хал-ахуалын күнде естіп, көріп, іштей шерменде болып жүрген Махамбеттің ішіндегі ашу-ызасы әйтеуір бір бұрқ етіп шығары анық еді. Ол осылайша от-жалынға оранып, ханға, хан айналасындағыларға заһар шашып, толғау болып құйылды. Кейін сол бір ыза-кек:
Хан емессің – қасқырсың,
Қара албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің – ылаңсың,
Қара шұбар жылансың
Хан емессің-аянсың,
Айыр құйрық шаянсың.
(“Жәңгірге айтқаны”, 1835) деген уытты, өткір өлеңге ұласты. Ханның еліне жасап отырғанылаңымен аярлығын бетіне басты. Сөйтіп, Хан Ордасымен қош айтысып,Жәңгір ханнан бір жола кетісті:
Кетіп едім елімнен,
Атаңа нәлет Жәңгірдің
Бір ауыз айтқан сөзі үшін,–
(“Айныман”)
деп Махамбеттің өзі жыр еткендей, ашуға мінген ол мақсаттас ағасы – Исатай ауылынан бір-ақ шығады. Бұл – намыс туын биік көтеретін шынайы ақындығы, қайтпас-қайсар батырлығы еді. Оның өлеңдері халық арасына тарап, Махамбет аты мен батырлығы аңызға, Жәңгір мазаққа айнала бастады.
Махамбет дегеніне жетіп, енді Исатай бастаған көтерілісті насихаттауға, жасақ жинауға ашық кірісті:
Ат – жігіттің майданы,
Қылыш – жанның дәрмені,
Өлім – хақтың пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл –
Бұл дүниенің жалғаны,–
(“Арғымақ, сені сақтадым”)
деп, “өзекті жанға бір өлім” дегенді мегзеп, қолдарына қылыш алды. Жігіттерді атқа қонуға шақырады. Дүниенің қысқалығын айта отырып, атақты ермен бірге өлудің өзі жігіттің арманы болуы керек деп жастық жігерді жанып, намыс отын тұтатады.
Махамбеттің хан сарайынан кетуі, жай кетпей, жай оғындай өлеңдерімен Жәңгір ханды түйреп, жер етіп кетуі, халықты толқытпай қоймады. Бұл оқиға жайында айыздары қана әңгімелеп, Махамбет ісіне риза көңілде болды. Сөйтіп онсыз да хан ісін- озбырлығын, жемқорлығын, орысшылдығын көріп наразы болып жүрген халық Исатай, Махамбеттер жағына шыға бастады.
Махамбет ісімен де, айбынды, асқақ жырларымен де ел махаббатына бөленді.
“Жауынгер ақын Махамбет Өтемісов жырларымен рухтанған Исатай жасағы Хан айналасына айтарлықтай қауіп төндіріп, орасан күшке айналды” /25/, -деп тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаев жазғандай, ереуіл Махамбет талантын ашып, жігеріне жігер, жанына күш-қайрат берді. Ол намыс отына қайралып,азаттықтыжан-тәнімен, жанқиярлықпен жырлады.
2. Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы тарихи шындық пен көркем шындық.
Жоспар:
1. Тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасы.
2. Махамбет поэзиясының тақырыбы.
Бақылау сұрақтары:
1. Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы тарихи шындық пен көркем шындық.
2. Махамбеттің хан сарайынан кетуі.
3. Махамбеттің Исатай бастаған көтерілісті халыққа насихаттаған өлеңдері.
Өзіндік тапсырмалар:
1. Тарихи оқиғаларға байланысты туған Махамбет өлеңдерін талдау.
2. «Ереуіл атқа ер салмай », «Беркініп садақ асынбай», «Арғымақ сені сақтадым» өлеңдеріне теориялық талдау.
3. Махамбет поэзиясының тақырыбы.
4. Ақын өлеңдеріндегі Исатайды суреттеуі.
5. Махамбет жырларындағы өз жайын баяндауы, өз бейнесін суреттеуі.
Достарыңызбен бөлісу: |