13-бап. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары
1. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасайтын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан үнемi кетiп қалатын, өзге де қоғамға жат iс-әрекеттер жасайтын он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтiк оңалту мақсатында құрылады.
2. Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның арызы бойынша сот не ішкі істер органы қабылдайды. Алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi және психотроптық заттарды, сол тектестерді құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде мiндеттi түрде оларға психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығынан (ауруынан) емдеуден өтуді тағайындаудың орындылығы зерттеледi.
3. Кәмелетке толмаған бала арнаулы бiлiм беру ұйымына бiр айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағанның арнаулы бiлiм беру ұйымында болуы оның кәмелеттiк жасқа толуына байланысты, сондай-ақ мекеме әкiмшiлiгiнiң не кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссияның ұсыныстары негiзiнде арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан әрi қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
5. Кәмелетке толмағандардың арнаулы бiлiм беру ұйымдарында болуының сот белгіленген мерзімін осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртіппен, тек қана мына жағдайларда:
1) кәмелетке толмаған адамның өтінішхаты негізінде, кәмелетке толмаған адамның жалпы бiлiм беретін немесе кәсiптік даярлықты аяқтауы қажет болған, бiрақ ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн;
2) әкiмшiлiк жазалау шараларына әкелiп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасаған, орта бiлiм алудан қасақана жалтарған, арнаулы бiлiм беру ұйымынан өз еркiмен кетiп қалған, өзге де қоғамға жат ic-әрекеттер арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот ұзартуы мүмкін.
6. Арнаулы бiлiм беру ұйымының тәрбиеленушiсi қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа дейiн қылмыс белгiлерi бар қоғамдық қауiптi әрекет жасаған жағдайда, ол осы Заңның 14-бабында белгiленген тәртiппен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына жiберiлуi мүмкiн.
7. Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi болады.
8. Осы баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандарды анықтауды және есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды қамтамасыз етедi.
8-1. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде айқындалады.
9. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
1) кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң, аталған мекеменiң аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, аталған мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта қадағалау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен тынығатын бөлмелерiн тексерiп қарауды қамтитын арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
2) аталған мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiрiп, қайтаруға тiкелей қатысады;
3) кәмелетке толмаған баланы аталған мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен алдағы уақытта жеке профилактикасы шаралары жүргiзудiң, жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерiндегi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей жiбередi.
10. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына өздерiн аталған мекемелерде бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтедi.
11. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
12. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 № 176-IV, 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |