19-1-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары олардың тарапынан жаңа құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оларды жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою мақсатында кәмелетке толмағандардың құқықтық санасына және мінез-құлқына мақсатты түрде жүйелі әсер ету үшін қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары:
1) профилактикалық әңгімелесу;
2) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс;
3) профилактикалық есепке алу және бақылау;
4) арнаулы білім беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу;
5) тәрбиелік ықпал ету шаралары;
6) қорғау нұсқамасы;
7) әкімшілік жаза қолдану;
8) сот үкімі бойынша қабылданатын шаралар;
9) медициналық-әлеуметтік есепке алу болып табылады.
3. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары осы шаралар қолданылатын кәмелетке толмағандардың жеке ерекшеліктері және олар жасаған құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілігінің сипаты мен деңгейі ескеріле отырып айқындалады.
4. Мүдделі адамдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
5. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
6. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шараларын есепке алу орталық атқарушы органдар белгілеген тәртіппен олардың құзыреті шегінде жүзеге асырылады.
Ескерту. Заң 19-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IV Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |