-
РҒА – ның Россия тарихы институты. Россия халықтары тарихы орталығы. Москва. В 36. Д. Ульянов көшесі, 19. 3 қабат.
Экспедицияның іздестіру – зерттеу бағыты жан – жақты, салааралық сипат алғандықтан да архив және музей мұрағаттарымен, әскери архивтермен жұмыс тәсілімен жақсы таныс тарихшылармен, соның ішінде институттың жетекші ғылыми қызметкері тарих ғылымының қызметкері тарих ғылымының докторы Н.Е. Бекмахановамен әңгімелестік. Пікір алысу барыснда экспедицияның іздестіру бағыты, тәсілі талқыланды. Бұл мәселенің біз үшін үлкен мәнісі бар еді. Олардың іздестіру тәжірбиесіне сүйене отырып, тиісті мекемелерге негізгі мақсатымызды – Россия империясы мен Қазақстанның арасындағы XVIII – XIX ғасырларда Ресей мұражайлары мен мұрағаттарын, әскери музейлер мен лабораторияларды, медициналық музей – лабораторияларды жабдықтау үшін қазақ даласынан жинақталған этнографиялық, фольклорлық медициналық, антропологиялық, әскери бұйымдардың тізімін алу, қазақ өкілдерінің, генерал – губернаторлардың сый – сияпатының қайда екенін анықтау, соның нәтижесінде екі жақ та да бірдей мүдделі болып отырған сериялы жинақ – альбомдар шығару мүмкіндігін ойластыру – деп түсіндіру көзделді. Н.Е. Бекмаханова экспедицияның жұмысына тұрақты кеңесші болуға келісті. Білгір архивист – тарихшы және Е. Бекмахановтың қолжазба деректерінің мұрагері ретінде Кенесарыға қатысты Ресей архивтеріндегі барлық құжаттарға түсініктеме берді және Институттың атынан Эрмитраждың директоры М.Б. Пиотровскийге, түріктанушы С.Г. Кляшторныйға, тарихшы В.М. Паниахқа жолдама хат жазды.
Россия тарихы институты ғалымдарының кеңесі өз нәтижесін берді. Бұрын рұқсат етілмеген немесе сақтау орындары ауысқан архив қорларымен жеделдете танысуға мүмкіндік туды. Өкінішке орай К. Касымовтың азаматтық қозғалысы туралы деректер мен ол жөніндегі саяси айтыстар туралы институт архивіндегі құжаттарда бас сүйек туралы дерек кездеспеді. Қазақстанның өткен және бүгінгі тарихы жөнінде жинақтар шығыпты. Черномырдинның тікелей демеушілігімен казактардың тарихы түбегейлі және жан – жақты зерттелген көп томдық жариялану үстінде екен. Қазақ пен казак арасындағы қатынас – отарлану мен тәуелсіздік арасындағы күрделі қатынас. Сондықтан да Н. Бекмаханованы пайдалана отырып, отарлау саясатындағы казактардың осы бір жауапкершілік өктемдігін және «жасыл белдеу» (горькая линия) шекарасын зерттесе – Қазақстанның солтүстік территориясын бөліп әкетуге ұмтылып жүргендерге (ондай пікірдегі ғылымдар да бар екен) үлкен соққы болар еді. Бұл – Абайдың: «Солардың дағуасына кіріп, олардың күші мен білімін өзіне қарсы қой» деген сөзінің бір парасы сияқты.
-
Россия мемлекеттік тарихи музейі. 103012 Москва. Қызыл алаң, ½ (Бас директоры Александр Иванович Шкурко, ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары В. А. Егоров; ғылыми – қор жөніндегі орынбасары Марина Викторовна Чистякова).
Тарихи мұражайға көне дәуірден бастап 1917 жылға дейінгі – тарихи – археологиялық, этнографиялық, мемлекеттік – рәміздік, фольклорлық экспонаттар мен құжаттар топтастырылған. Мұнда скиф, сақ, ғұн, түрік қағанаты, қазақ хандығы, Ресей бодандығы тұсындағы қазба заттар, бәдіздік ескерткіштер, қолжазба, қару -* жарақ, білезік – жүзік, сирек кітаптар өте көп. Бірақ олардың барлығы «запасникте» сақталады екен. Біз бұл мұражайдан Кенесарының бас сүйегінің күміспен қапталған нұсқасын және соған қатысты заттарды іздестірдік. Ғылыми – методикалық бөлімнің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Л.И. Скрипкинаның көмегімен музейдің көрме қоры, ғылыми – қор, археологиялық ескерткіштер, қымбат металлдар, қолөнер, картография, қару – жарақ, жазба мұралар, қолжазба бөлімдерінің картотекалары мен библиографиялық көрсеткіштері толықтай қаралды. Қазақ хандығы мен отарлауға қатысты құжаттар мен этнографиялық бұйымдар, азамат соғысы жылдырының басталуына дейінгі заттар бар. Музей қызметкерлері дайындаған 100 томдық түсініктемелерде олардың біразына қысқаша сілтеме мен сыпаттама берілген. Әсіресе, көшпелілер тарихына қатысты археологиялық ескерткіштерді суретке түсіріп, альбом жасаудың рухани маңызы ерекше. Өйткені олардың біразы қазірдің өзінде «запасникке» - қосымша қоймаға ауыстырылғалы жатыр. Ал «запасниктің» түнегінен кез – келген коллекция 25 – 50 жылсыз жарыққа шықпайтыны мамандарға белгілі.
Музей «Россия Федерациясының тарихи және өлкетану музейлері» атты бүкілресейлік ақпарат бағдарламасын және орталықтандырылған компьютер жүйесін жасауды қолға алыпты. Оған Қазақстанның да қосылуға мүмкіндігі бар көрінеді. Бұл музейде К. Қасымов пен Кейкінің бас сүйегіне қатысты дерек ұшыраспады.
-
Россия Федерацияның қазіргі тарих мұражайы. Москва. Тверь көшесі, 21 (Директоры Т.Г. Шумная, ғылыми – методикалық орталығының меңгерушісі Г.К. Ольшевская).
Мұнда 1917 – 2000 жылға дейінгі, яғни, қазіргі Шешенстандағы соғысқа қатысты экспонаттарға дейін қойылған. Музейде Қазақстанның кеңес жылдарындағы әр кезеңін қамтитын тарихи деректер, фото құжаттар, жеке тұлғаларға қатысты заттай айғақтар, түрлі декреттер, плакаттар, бас құжаттар сақталған. «Ақ үйдегі» атыс, Буденневкадағы аурухананы басып алу, Президент сайлауы кезіндегі заттар мен суреттерден бастап афишаларға дейін көрмеге қойылған. Қазақстан музейлері үшін бұл да үлгі аларлық жайт. Бүгінгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдырындағы барлық оқиғалар ұмытылмауы тиіс. Бізде де сондай дербес музей болса деген ой – арман туды. Музейде Арменияның, Грузияның қазіргі тарихына қатысты көрмелер өтіпті. Қазақстанның да көрмесін ұйымдастыруға да даяр. Тек екі жақты мемлекет аралық келісім – кепілдік пен қаражат мәселесі шешілуі тиіс. Арендаға да береді екн.
Бұл музейге 1917 – 1991 жылдардағы қазақ тарихына, оның ішінде 1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілісі, 1917 – 1929 жылдар арасындағы «Алашорда» қазақ автономиясы, Түркістан, Сібір ревкомы, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Шоқаев, Т. Рысқұлов т.б. ьуралы құжаттар, фотолар, коллекциялар бар. Алайда Кейкі туралы көзге түспеді.
-
Кремльдегі қару – жарақ палатасы. Тілелей Президент аппаратына қарайды. Олардан рұхсат алудың ешқандай мүмкіндігі болмады. Алмас қорында Орта Азия мен қазақ хандықтары жіберген қылыш, семсер, сауыт, дулыға, қанжар т.б. заттар бар. Кенесары Қасымовтың қанжары осында деген деректі және бас сүйектен жасаған түрлі бұйымдардың барлығын растаудың реті келмеді. Ол үшін ҚР мен РФ Президент аппараттврының арнайы келісім – рұхсаты қажет екен. Ал мұражайдың ғылыми қызметкерлері бас сүйекке қатысты дереектен беймағлұм болып шықты.
Қазаққа қатысты қару – жарақтардың біразы «Орта Азия қару - жарақтары» деген жалпылама атаумен жүр. Анығы – мұнда бас сүйектің сақалмағандығы. Алдағы уақытта арнайы рұхсат алып мұражай қорын мұқият қарап шығудың мәні зор. Кенесарының қанжарының табылуы әбден мүмкін.
-
РҒА – ның этнология институтының антропологиясы. Москва, Ленин проспектісі, 32 а (Лаборатория меңгерушісі Маргарита Михайловна Герасимова). Атақты антрополог М. Герасимовтың қызы м:М. Герасимова лабораторияның картотека қорымен таныстырды. 1950 жылдан бастап қана белгілі адамдардың бас сүйегі жинақталыпты. Оның ішінде қазақтардың саны өте аз. Негізінен әр түрлі қорғандардан, молалардан, қазбалардан жинақталған бас сүйектер. Лабораторияны қазақ антропологы Орзақ Исмағұлов жан – жақты зерттеген. «Екеуміз бірге оқыдық. Мұның ішінде К. Қасымовтың да, Кейкі Нұрмағамбетұлының да бас сүйегі жоқ. Біз өзіміз алған бас сүйектерді тек ғылыми тұрғыдан зерттеп, негізгі отанына қайтарып береміз. Ал Ноэль Шаяхметовті білмеймін» - деді. Лабораторияда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандаықтан да, егер бас сүйектердің жалпы картотекаларымен танысу қажеттігі туса, қазан айының ортасынан бастап келуге болатындығын айтты.
Антропология лабораториясының 1950 жылдан бастап құрылғандығын және қазақ ғалымдарының зерттеу жүргізгендігін ескерсек, Кенесарының бас сүйегінің мұнда жоқтығына сенуге болады. Алайда кезінде осы лабораторияның атынан Махамбеттің, Жошының, Алаша ханның т.б. зиратын қазып, бас бас сүйектерін жинаған Ноэль Шаяхметовтің колекцияларын қарап шығу қажет – ақ. Бұл адам он бес жылдан бері жеке халық емшілігі орталығын ашып, дербес жұмыс істейді екен. Біз барған кезде мәскеуде жоқ болып шықты. Жалпы тірі. Қазақстанмен байланыс жасағысы келеді.
-
Москва мемлекеттік университетінің Антропология институты мен мұражайы. 103009. Москва. Мохавая, 11. (Директоры В.П. Чтецов, орынбасары А.Л. Пурунджан). Антропология мұражайында 15 500 бас сүйек бар екен. Бұл бас сүйектер осында 18 ғасырдан бастап жинақталған. Соның ішінде 500 бас сүйектің картотекасы қазір жоқ. Университеттің кітапханасы мен архив қызметкерлері жаппай демалыста. Қазан айныың басынан бастап ашылады. Институт пен мұражай директорының орынбасары, биология ғылымдарының докторы, профессор А.Л. Пурунджан Қазақстан антропологиясына қатысты ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдарды – В.А. Байиевичті, С.Г. Ефимованы т.б. шақырып, арнайы жедел кеңес өткізді. Бұл ғылымдар Николай ІІ патшаның бас сүйегін зерттеп, қортынды жасауға қатысыпты. Жоғарыда айтылған даулы 17 бас сүйектің біразы осы кісілердің қолынан өтіпті. Алайда қазақтың ханының бас сүйегі туралы деректі жолықтырмағандықтарын айтты. 15 мың бас сүйектің картотекасын да, бас сүйектердің өзін де көрдік. Тек мұнда жоқ 500 бас сүйек қана алаңдата берді. Маман С.Г. Ефимова қазан айынан кейін Ресей ұлттық кітапханасы мен мұражай қоры ашылған соң жіті қарап шығып, Н.Е. Бекмаханова арқылы хабарласуға уәде берді. Алдағы уақытта осы бағытта бірлескен ғылыми топтың іздестіру жұмыстарына қатысуға келісті. Бұл – экспедиция мүшелері үшін үлкен көмек көрсететіні сөзсіз. Өйткені, С.Г. Ефимова осы бағытта арнайы іздестіру –зерттеу жұмыстарына қатысқан. Сондай – ақ, ФСБ (бұрынғы КГБ) мен МВД – ның криминальдық лаборатроиясы мен музейлерінің меңгерушілерімен бірігіп зерттеу жүргізген. Экспедицияның үміт артатын алдағы тірегінің бірі осы адам деген қорытындыға келдік.
Ғылым Академиясының институтарына және ғылым, білім министрлігіне қатысты мынадай ұсыныстар айтылды.
А) 1970 – 1990 жылдардың арасында биология ғылымдарының кандидаты В. А. Бациевич Жамбыл облысының Ақкөл ауданында биологиялық – антропологиялық зерттеу жүргізіпті. Сол экспедицияның қортындысын жасау үшін кезінде зерттелген адамдардың ғылыми негіздерін қарап шығуы керек екн. Бұл – қазақ ұлтыгың биологиялық дамуын зерттеуде, болжауда, өмір сүру мөлшерін анықтауда, биологиялық тектің өзгеріске ұшырау жолын болжауда үлкен ғылыми маңызы бар көрінеді.
Б) С.Г. Ефимова Батыс Қазақстан қазақтарының бас сүйек құрлысы, олардың тарихи қалыптасу негіздері, тектік сыпаттары, этнологиялық ерекшеліктері туралы ғылыми монография жазып бітіпті. Енді осы еңбекті Оразақ Исмағұловпен бірге ары қарай дамытып «Қазақ антропологиясы» атты тарихи – оқулық жазып шығу ниеті бар.
В) А. Л. Пурунджан Моква университеті мен қазақ ғалымдары бірлесе отырып адамның даму («Возможная антропология»), өсуі, ерте қартаюы, кейбір сезім мүшелерінің әлсіреуі, ассмиляция, саяси құрылым психологиясы, этностық ерекшеліктер т.б. туралы Қазақстанның материалдары – тұрғындары негізінде зерттеу жүргізуді ұсынды.
Біздің ойымызша бұл ҰҒА – ның назар аударатын тақырыбы сияқты. Мысалы С.Г. Ефимованың лаборатроиясында сармат дәуіріне қатысты 500 бас сүйектер бар екен. Соларды қазіргі кездегі бас сүйектермен салыстыра келіп, олардың арасынан байланыс тауыпты. Бұл «скифтер, сақтар, сарматтар ирантектестер» деген евроцентристік ағымға тосқауыл қоюсы мүмкін. Ал ол бағыт Ресейде қазір өте қатты өршіп барады. Мұның барлығы «түркілер жабайы», ал скифтер – арии текті болғандықтан да мәдениеті ерте дамыған – мыс дегенді негіздей түседі. Бұған тәжік пен парсышыл өзбек ғалымдары өте шұғыл кірісіп отыр. Мұның түпкі емеуіріні – мәдениеттің арғы атасы Кіші және Алдыңғы Азия, яғни, еврейлер, ариилер – дегенге саяды. Осыған қарсы ғылыми уәж айту үшін де бірігіп зерттеу жүргізуге көңіл бөлген лайық сияқты.
МГУ – дің Антропология институты мен музейінен Кенесарының бас сүйегі табылмағанымен де алдағы жұмыстардың бір ұшығы сонда жатқан сияқтыкөрінді. Ендігі іздестіруді де содан бастаған абзал. Мұнда жеке таныстықпен жүзеге асатын соқпақтың сорабы бар.
-
Орталық әскери – тарихи архив (Москва). Бұрын ғылыми зерттеушілерге есігі мүлдем жабық бұл мекемеге рұхсат алудың реті келдгеннен кейін қалайда мүмкін болған қорлардың барлығын қарастыру көзделді. 10 күннен астам уақыт бойы іздестіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстанды отарлаудың барлық тарихы егжей – тегжейлі қамтылыпты. Әр облыс, әр аудан, болыс, әскери жорықтар мен қоныстандыру жоспары, қытай мен қазақ шекарасының қалыптасуы, әр бекіністін салуыну тарихы, әскери карталар, әскери губерниялар, ең аяғы Кенесары Қасымовты өлтірген қырғыз манабы Орманға жер бөліп беру туралы ұсынысқа дейін бар. Қазір мүмкіндік бар кезінде әскери архивтің қорын зерттеуге халықаралық байланыс, дипломатия тарихы. Қазақстан шекарасы, халықаралық экономикалық экономикалық бөлініс, бекеттер мен қамалдардың салыну тарихы, әсіресе ежелгі жер аттарын қалпына келтіру үшін ерекше көмегі бар карталарды зерттейтін құрамында дипломатия, экономика, география, саясат, отарлау тарихы бойынша мамандары бар тарихшылар тобын жіберген дұрыс. Ал, біздің экспедиция түпкі мақсатына орай: 1. Азия бөлімі бас штабының. 2. Бас штаб департаментінің. 3. Омбы генерал – губернаторы Горчаковтың. 4. Генерал губернатор Г.Х. Гасфордтың. 5. Әскери – медицина музейінің. 6. Әскери министр Чернышовтың. 7. Түркістан әскери округінің. 8. Орынбор генерал – губернаторының. 9. Сібір жөніндегі істердің. 10. Географиялық. 11. Антропологиялық қоғамдардың 12. Әскери тергеу, сот, прокуратураның қорлары тегістей қаралды. Мұндағы Қ. Қасымов туралы деректердің, Кенесарының өзінің қолы қойылып, мөрі басылған хаттардың көптігі сондай, олардың атау тізімінің өзін бұл ғылыми есепте жазып шығу мүмкін емес. Бір өкініштісі Горчаковтың есебі мен хаттары Кенесары қаза тапқанға дейінгі уақытты қамтиды. Ал Гасфордтың хаттары көтеріліс пен оның өлімі туралы мағлұматпен шектелді. Антропология және география және география қоғамдары мен медицина академиясына жіберілген коллекциялардың ішінде Кенесарының бас сүйегі туралы мәләмет кездеспеді.
-
РФ сыртқы істері министрлігінің архиві, Мәскеу, Большая Серпуховка, 15 (Директоры Валерий Леонмдович Кушпель). Архивтің тәртібі бойынша қатынас қағазға 15 күннен жауап берілді екен. Біз Санкт – Петербургтен қайтып келген соң: «Бізге қаратылған арнайы қатынастарыңыз жоқ екен және архив қазір жабық» - джеген жауап алдық. МИД – тің архивінде бір жыл жұмыс істеген Н. Бекмаханованың берген бағасына қарағанда мұнда негізінен Сыртқы істер министрлігіне қараған Орынбор генерал – губернаторының істері сақталыпты. Онда Гасфордтың қоры сақталмаған. Ал Горчаковтың қорында Кенесарының бас сүйегіне қатысты дерек жоқ. Сондықтанда мұнда алдағы уақытта қосымша дерек көзі ретінде ғана іздесьіру жұмысын жүргізуге болады деп еспетейміз.
9 – 10. Экспедиция мүшелерінің ынта – ықыласына қарамастан және Мәскеудегі ерекше ережеге байланысты ФСБ мен МВД – ның арнайы криминальдық лабораториясы мен жабық музейлеріне кірудің реті келмеді. Ол үшін екі мемлекеттің деңгейлес, салалас мекемелерінің өзара келісімі, арнайы рұқсатыда әр түрлі «қарақшылар мен бунтардың» басы сонда сақтаулы тұрғандығы туралы толық және сенімді мағлұматтар алдық. Кенесарының бас сүйегінің болуы мүмкін мекемелердің негізгілері – осы екеуі.
-
Россия ұлттық кітапханасы (бұрынғы Ленин кітапханасы). Мұнда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан мен Қырғыстанның тарихына қатысты журналдар мен газеттер, жүеге түсірілген каталогтар, бас альфавиттік көрсеткіштер, сирек кітаптар қарастырылды. Картотекалардағы Кенесарыға қатысты мақалардың дені Бекмаханов пен Рязанцевтің, Вяткиннің, Басиннің монографияларында айтылған немесе зерттеушілерге мәлім деректер болып шықты. Түбегейлеп шұғылдануға кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің жөндеуге жабуылуы кедергі жасады. Оның есесін Санкт – Петербургтағы көпшілік кітапхананың (бұрынғы Салтыков – Шедрин атындағы) қоры толтырды.
Сөйтіп, Кенесарының бас сүйегіне тікелей қатысты және оның Ресей патшасына жөнелтілгені туралы нақты дерекке қол жеткізе алмай Санкт – Петербургқа аттандық. Күткеніміздей тура сол сұрақ алдымыздан тағы да шықты.
Санкт – Петербургтағы музейлер мен архив мекемелері, ғылыми зерттеу институттары:
РҒА – ның Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера). Университетская набережная, 3 (директоры Ч.М. Таксами) Ғылыми экспедицияның басты нысанаға алған және қатты үкіметтенген мұражайвның бірі.Кунсткамераның директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Чунер Михайлович Таксами экспедиция мүшелерін өзінің шаңырағының астына алды. Бір ай бойы Санкт – Петербургта тұруға кепілдік берді. Аз халықтардың мұраларының Ресейдің мұражайларында шашылып, талан – таражға түскендігіне қиналып, өзінің көмек көрсететіндігін білдірді. Кунсткамераның бөлімдерімен жеке – жеке жұмыс істеуге мүмкіндік берді әрі Кенесарының бас сүйегін іздестіру үшін қалайда ғылыми негіздеме мен архивтік құжат қажет екендігін ескертті. Кунсткамераның әр бөлімі дербес қызмет істейді және олардың бағыт – бағдары да әр қилы саланы қамтиды. Сондықтанда әр бөлімнің қоры мен картотекасы жеке – жеке қарастырылды. Ч. М. Таксами Кенесарының тағдырымен О. Исмағұлов, М. Қозыбаев, Н. Әлімқұлов арқылы жақсы таныс екен. Алайда нақты деректерге кезікпепті. Бұл арада ерекше ескерте кететін жай ҚР ҰҒА мен РФ ҒА – ның арасындағы ғылыми байланысты қалпына келтіріп, өзара бірігіп, сеніммен жұмыс істейтіндей келісім шартқажеттігі. Жеке адамның қас – қабағы арқылы зерттеу – іздестіру, архив жұмыстарына (ҒА қарасты институттар мен мұрағаттарда, мұражайларда) шектеу қойылатыны байқалады. Г.М. Таксами да соны емеуірінмен баса көрсетті. Кунсткамера Эрмитаждан елуінші жылдары жеке бөлініп, «енші» алыпты. Барлық бас сүйектер (63 мың) Кунсткамераға беріліпті. Мұндағы бас сүйектер XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басынан бастап жиналыпты. Негізінен ет пен терісінен ажыратылған қанқа сүйектер.
-
Зерттеу – іздестіру жұмысы Орта Азия мен Қазақстан бөлімінің картатекасымен, коллекцияларымен танысудан басталды. Бөлім меңгерушісі О.М.Бронникова, жетекші ғалымдар В.А. Прищепова, В.П. Курылев ерекше қонақжайлық танытып, экспедиция жұмысы аяқталғанша барынша қол ұшын берді. В.А. Прищепованың «Коллекции заговорили» (История формирования коллекции МАЭ по Средней Азии и Казахстана. СП, 2000), В.П.Курылевтің «Скот, земля, община у кочевых и полукочевых казахов» (СП, 1998) атты монографиялары өте құнды зерттеулер. Бөлімге қарасты 40 мың коллекцияның 10 мыңға жуығы Орта Азия мен Қазастанға қатысты. Олардың ғылыми сипаттамалары берілген (О.М. Бронникова құрастырған) картотекаы үш күн отырып қарап шықтық. Алғашқы коллекция 1716 –1718 жылы «Собрание редкостей Каспийского моря» деген атпен тіркеліпті. 1800 жылы Кунсткамераға 9 қазақтың бас сүйегі тапсырылыпты. Бұдан кейін Д.К.Руссовтың, О.Беляевтің, академик Л.И.Шренктің, П.И.Лерхтың, М.Игнатевтің, М.К.Пировтың, С.М.Смирновтың, Е.Петридің, А.Л.Троцкаяның, Н.Г.Столетовтің, Л.Н.Соболевтің, Н.М.Карамзинның, академик А.Д.Миддендорфтің, П.И. Небольсиннің, князь Э.Э.Ухтомскийдің, С.Ф.Олденбергтің, А.И.Глуховенскийдің, И.А.Эдуардовичтің, А.А.Регельдің, П.Семенов – Тянь – Шаньскийдің, П.Е.Косяновтің, Л.Синицинның, Даниловтың, А.Э.Регельдің, Г.Е.Грум – Гржимайлоның, П.П.Семеновтың, А.А.Большевтің, В.М.Успенскийдің, Н.М.Пржевальскийдің, В:В.Радловтың, П.И.Гундобинның, С.М.Дудиннің, Е.Л.Петридың, Д.А.Клейменстің, Б.Д.Адлердің,А.М.Самойловичтің, Н.Д.Катановтың, К.В.Шенниковтің, Л.Я.Штернбергтің, А.И.Ивановтың, А.А.Бобрынскийдің, С.Е.Маловтың, И.И.Зарубинның, В.А.Ивановтың, Н.П.Акимова – Майлованың, К.Н. де – Лазарийдің, К.Н.Посьеттің, И.Крафттің, И.А.Белиловскийдің, Л.Д.Беркімбаевтің, Х.Иманбаевтің, Н.А.Ермолинның, П.Е.Островскийдің, Я.С.Эдельштейнның, И.Н.Глушковтың, А.А.Богорлюбовтың, Н.И.Калмыковтың, Н.П.Остроумовтың, А.А. Семеновтің, К.П.Кауфманның, Х.Гасфордтың, С.Г.Карелинның, Картусованың, В.Д.Пельцтің, Б.В.Лунинның, В.Л.Вяткинның, Д.Д.Букничтің (Кейкінің бас сүйегін өткізген тау – кен инженері), Г.А.Шпильконың, К.М.Рычновтың, Г.Креденердің, В.В.Бартольдың, Мұса Шормановтың, К.В.Шенниковтің, А.А.Кунның, И.С.Поляковтың, Д.Н.Анучинный, П.М.Кошаровтың, С.М.Абрамзонның, А.Воронина – Уткинанның Орта Азия мен Қазақстан бөліміне тапсырған коллекцияларының санын түгендеу үшін де бір күн жетпейді.
Мұнда түйме – түйреуіштен құрма алтынға дейін бар. Домбыра, айбалта, әшекейлі киіз үй, зерлі шапан, кимешек, білезік, жүзіктер де қаншама. Патша Николай ІІ қатысты сыйлықтар да ерекше орын алады. Соның ішінде Э.Э. Ухтомский мен с:м: Дудиннің фотоальбомдары Германияда бүгінгі күннің өзінде де ерекше ықылас тудырып отыр. Екеуінің көшірмелерінің жартысы Дрезденде сақтаулы көрінеді. Ресей жағы өздеріндегі коллекцияның көшірмесін беруге үлкен қаржы сұрауы коллекцияның құндылығын танытады. Қандай тағдырдың күшімен айдап кеғлгені белгісіз, тек осы Орта Азия мен Қазақстан бөлімінің коллекциясының өзінен жеке фотоальбом құрастырып шығуға болады. Бұған бөлім қызметкерлері де мүдделі: өйткені бұл бөлімді тарқату мақсаты көзделіп отырғанын ғалымдар жасырмады. Демек, жоғарыдағы бағалы коллекцияларға «тұңғиыққа кету» қаупі төніп тұр деген сөз. Дирекция мен бөлім қызметкерлері Қазақстанмен бірігіп көшпелі көрме ұйымдастыруға, альбом шығаруға, ортақ ғылыми жұмыс жүргізуге дайын әрі мүдделі. Каталог пен картотекаларда К.Қасымовтуралы мағлұматтар ұшыраспады. Алайда бұл бөлімнің қызметкерлері бірігіп іздестіру жұмысын жүргізуге келісім берді. Олардың Эрмитаждың архивы мен қорына еркін кіруге мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бұл істің нәтижелі аяқталуына жол ашады. Мұндай ғылыми байланыстың маңызы Қазақстан ғылымы мен мәдениеті үшін аса зор.
-
Антропология және этнография музейінің қолжазба архиві (меңгерушісі И.В.Жуковская). Мұндай негізінен РҒА – ның ғылыми есептерінің қолжазбалары сақталған. Соның ішінде Ә. Диваев жинақтаған фольклорлық үлгілер мен «Алпамыс» жырының және белгісіз автордың орыс тіліне аударылған «Ақ жүректер» (Мир с чистым сердцем) пьесаның, М.Әуезовтің «Манас» туралы мақаласы бар. «Ақ жүректің» бас жағына «Искандер Түркістани», «Ант – істі, ант – сөзде», «үш картиналы пьеса» деп жазылған, софылық философияға құрылған шығарма екен. Түпнұсқада шығарманың ақ өлеңмен жазылғаны анық танылады. Кезінде қолжазба театр басқармасында талқыланып, «дінді уағыздайды» деген қортынды шығарылыпты. Бұған автор қарсы пікір білдіріпті. Драматургтың орыс тілін жетік меңгергені көрініп тұр. Ескендір Түркістани кім? Қазақ па, өзбек пе, татар ма? Оқиға Түркістан аймағында өтеді. Мұны өнер – зерттеушілері анықтауы тиіс.
-
МАҒ – нің кітапханасы (меңгерушісі Т.Г. Иванова). Мұнда Кунсткамера ашылғаннан бергі оның коллекциясы мен экспедициялары туралы жинақтар, журналдар, монографиялар, альбомдар, антропология, этнография туралы дүние жүзінде жарияланған мақалалар жинақталған. Соның ішінде князь Э.Э. Ухтомскийдің «Путишествия на Восток его императорского Величества – государя наследника царского. 1890 - 1891» деген үш томдық және С.М. Дудиннің «Этнографиялық фото коллекциялары» атты альбомдардың Қазақстан үшін маңызы аса құнды. Мұнда қазақтың салт – дәстүрі, этнографиясы, т.б. жөніндегі фото – коллекциялар және олар туралы деректер өзінің санымен де, сәнімен де қызықтырады. Белгілі тарихи тұлғалардың бейнелері де сақталған. Бұл фотоальбомдардың көшәрмесән алдыру – мәдениетіміз үшін өте зәру мәселе.
Кенесарының бас сүйегі жөнінде мағлұмат беретін нақты дерек, арнайы мәләмет көзге түспеді және кітапхананың картотекасынан кезікпеді.
-
Антропология бөлімі. Средний проспект, 24. (Меңгерушісі И.О. Гохман).
Кенесары мен Кейкінің бас сүйегі табылуы мүмкін ең басты мекеменің біреуі және бірегейі осы еді. Бөлім меңгерушісі И.О.Гохман орыс антропология ғылымының патриархы және бұрынғы СССР кеңістігіндегі осы саладағы бас маман. Антропология бөлімінде 63 мың адамның бас сүйегі сақталған. Олар XVIII ғасырдан бастап әлемнің түкпір – түкпірінен жинақталған. Жер бетін басып жүрген барлық нәсілдің, ұлттың, ұлыстың, аборигендердің бас сүйегі «бас қосқан». Одан қазақтар да шет қалмаған. И.О. Гохман; Кенесарының бассүйегі Эрмитаж бен Кунсткамерада жоқ екенің бірден кесіп айтты. Оның себебі: өзі 1988 – 1990 жылдары Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен Кенесарының бас сүйегін іздестіріп, таба алмағанына, Москвадағы антропология лабораториясында да жоқ екендігіне сендірді. Сонда да картотеканы тарих ғылымының докторы Юрий Криллович Чистовпен бірге қарап шығуға мұсат берді.
Компьютерге түсірілген картотекадағы 1849 – 1917 жылға дейінгі қазақ, қырғызға қатысты бас сүйектердің барлығы сүзгіден өтті. Сондай – ақ Батыс Сібір мен Орынбор генерал – губернаторлары Антропология қоғамына жолдаған бас сүйектер мен Горчаков, Гасфорд, Воронцов, Кауфман, өткізген коллекциялардың да тізімі назарға ұсынылды. Ақыры 29 шілде күні Кейкі Нұрмағамбетұлының бас сүйегі табылды. Реттік саны – 3383. Тау – кен инжерері, этнографиялық материалдар жинаушы, ондаған мақалардың авторы, өлкетанушы Д.Д.Букинич Кейкінің басын 1926 жылы тамыздың 8 күні Эрмитажға тапсырыпты. Кейкінің бас сүйегіне қатысты мағлұматта:
«22 немесе 23 жылы далада кесіліп алынған Торғай уезі Қайдауыл болысының атақты қазақ (түпнұсқада – киргиз) бандиті Кейкінің (45 жаста) бас сүйегі. Өзінің қатыгез жорықтары арқылы жергілікті тұрғындар мен Ақтөбеден Атбасарға қоныс аударған қара шекпендердің төбе шашын шымырлатқан. Өте құдайшыл болған, өзінің істеген әрекеттеріне намаз кезінде үнемі алладан кешу сұрап отырған. Алайда қызылдырдың қатарында да, атқардың қатарында да жүріп қарақшылыққа қатысқан. Торғай қаласын қоршауға алғанқазақтардың 1916 жылғы ереуіліне қатысқан. Өзінің сұрықсыз тұрқына қарамастан (аласа бойлы, арық) қазақтар оны ер жүректігі үшін құрметтейді, «батыр» деп атайды. Біренеше рет тұтқынға түскен . Бірақта үнемі қашып құтылып кетіп отырған. Соңғы жолы қолға түскенде басын кетпенмен шапқан, басын Торғай қаласына әкеліп алаңдағы ағашқа іліп қойған» - деп жазылыпты.
Кунсткамераның атнропологиялық колекциясының негізін қалаған Бэрдің қолына түскен ең алғашқы бас сүйек Шығыс Қазақстан облысының Нұр – Зайсан аймағынан екен. Найманның ішіндегі Байжігіт руынан шыққан бір қазақтың бас сүйегі 1886 жылы 15 қазан күні келіп түсіпті. Тіркеу реті – 4539. Сондай – ақ Г.Х. Гасфорд 1859 жылы 27 қыркүейекте және қарашада Көкшетау мен Қарқаралы өңіріндегі қорғандардан төрт бас сүйек жөнелтіпіт. Кейінгі кездегі қазбаларадан табылған бас сүйектердің санеын түгендеудің орайы келмеді. 63 мың бас сүйек қазір шіркеудің жертөлесінен әкеләп, қаланың сыртындағы қоймаға көшіріліпті, олар әлі реттелмеген. Сондықтан да Кейкінің бас сүйегін түсірудің де ыңғайы түспеді.
Ғалымдар мен сақтаушылардың дені жпзғы экспедицияға кетіпті. Жыл аяғында немесе келер жылдың (2001 жылы) басында ондай мүмкіндіктің туатынына сендірді. «Жоққа жүйрік жетпейді». Кенесарының бас сүйегін енді Кунсткамерадан іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. «Отрицательный результат – тоже результат» - деген қорытындыға келдік. И.О. Гохман мен Ю.К. Чистов бас сүйекті енді қайдан және қалай іздеу туралы өзінің кеңестерін айтты. Олар көрсеткен жөн – жоба әзәрге ең үмітті тілектің бірі болып тұр. Жалпы алғанда, экспедиция мүшелері Антропология және этнография музейінің іздестіру – зерттеу жұмысына көрсеткен көмегіне риза. Олардың ақыл – кеңестері жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
17. М. Ломоносов атындағы антропологиялық және этнографиялық мұражай. Бұл мекеме Кунсткамераның құрамында. Мұнда дүние жүзіндегі барлық ұлттардың антропологиялық ұсқыны, киімі, тұрмыс – тіршілігі, қару – құралы, жиһаз - әшекейлері қойылған. Қазақстанға да бір бұрыш бұйырыпты. Онда 1891 жылы қазақ даласына саяхаттап келген ханзада Николай Александровичке сыйға тартылған тарту – таралғылар: айбалта, кездік, қамшы, алтын – күміс ат – тұрмандар, өрнекті үзеңгі, үзеңгі қап, айыл, жібек жабу орын алыпты. Екінші қабатта әлем халықтарының бас сүйектерінің үлгілері тұр. Оның ішінде қазақ та бар. Жұрттың назарын ерекше аударатын 5022 – 7 бас сүйек. Бас сүйектің қапағын шершеулете сым темір өткізіп шеңберлеп тастапты. Әр сымның басы балауыз шамын орнататын шырақтың түбі сияқты. Біздің де назерымыз оған ерекше ауды. Музейдің қолжазба қорының меңгерушісі И.В. Жуковская солбас сүйектер қорын жасақтаған ғалым Анна Борисовна Радзюнмен, Илья Осипович Гохманмен хабарласып, түсініктеме алды. Бас сүйекті шершеп шаншылған бұл сым темірлер - өткен ғасырдағы антропологтардың бас сүйекті өлшейтін құралдары болып шықты және күні бүгінге дейін бұдан асқан дәлөлшеуіш жоқ көрінеді. Ал бұл бассүйектің Кенесарыға еш қатысы жоқ. Тек сол бастың желке тұсындағы қанқадағы «Қазақтын басы» деген жазу көрермендердің санасында түрленіп, Кенесарының бас сүйегі туралы аңызбен жалғасып, бізге шындық ретінде жеткен сияқты. Сөйтіп, елді дүрліктірген бас сүйектегі сым шершеудің ақиқат болмысы жоғарыдағыдай болып шықты.
Мемлекеттік Эрмитаж. (Диреторы М.Б. Пиотровский, орынбасары РФ бас герольдмейстері Г.В. Виллинобахов, Шығыс бөлімінің меңгерушісі А.А. Иванов). Экспедиция мүшелерінің ғана емес, бүкіл ғалымдар мен зиялы қауымның, қоғамдық өкілдердің назарын ерекше аударған бұл мекемедегі іздестіру және қорға рұқсат алу өте қиынға соқты. Оның басты себептері:
-
Эрмитаж Мәдениет Министрлігіне де, Санкт – Петербургтің мэріне де бағынбайды, тікелей премьер – министр мен Президент аппаратына есеп береді. Директоры – министр, орынбасары – Ресей Федерациясының Бас мүлік иесі (Герольдмейстері) болып саналады.
-
Эрмитаждағы аса құнды заттар мен суреттер, жиһаздар, қазба байлықтары, перғауындардың мумияланған мүделері, тіпті Қозы – Көрпеш – Баян Сұлудың мазарынан алынған алтын құймалар да ұрлық жолымен келіп, сатып алынатын болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша сатушыдан оның қандай жолмен келгендігі сұралмайды. Коллекцияның құндылығына орай бағаланып, белгілі мөлшерде сарай мүддесіне (кейін үкіметтің) қаржы ұсталынып, қалғанын ақшалай төлейді. Сатушының да, сатып алушының да аты – жөні, коллекцияның өмірбаяны өте құпия сақталады. Егерде Эрмитаждың картотекасы мен қорларының тізімі ашылса, онда 3,5 миллион коллекцияның үштен бірін әуелгі иесіне қайтарып беру қаупі бар. Соған қарамастан әйгілі «Сұртас бөлмесін» немістерден қайтарып алудың жолдары қарастырылуда. Ал Германия жағы Гитлердің басынан бастап Дрезден галереясының суреттерін қайтаруды өтінген. Президент В.Путин «Сұратастың» бір бөлігін Президенттіке сайлаған соң өз атынан сыйға тартыпты. Ал оның келу жолы да құпия.
-
Қазірдің өзінде бұрынғы СССР құрамындағы 15 республика және РФ – дің құрамындағы Татарстан, Карелия, Башқортстан, Якутия, Дағыстан, Ингушетия, т.б. республикалар эрмитаждағы өздеріне тиәстә коллекция - мұраларды қайтаруды талап етіп отыр. Қазақстанның Түркістандағы тайқазанды алып кетуі – олар үшін орыны толмас өкініш. Бұрынғы СССР халықтары бөліміні жапқан. Коллекциялардың барлығын «запасникке» - қалтарыстағы қоймаларға шұғыл түрде жөнелтіліп жатыр. Ешкімде қор мен картотека бөліміне, архивке жіберілмейді. Сондықтанда М.Б. Пиотровский бізді орынбасары Г.В. Виллинбаховқа жолдады. Ол бізді жолатқысы келмей:
-
Эрмитажда ешқандай жүйелі картотека жоқ, әр бөлім өзінше есеп жүргізеді, әр ғалым коллекцияны көрмеге өзінше дайындайды. Сіздердің өтініштеріңізді орындау үшін 300 ғылыми қызметкер 3,5 миллион затты қарап, 3 ай отыруы керек. Бізде көрменің тематикалық толық экспозициялық жоспары, заттардың тізімі, көрмелердің картотекасы сақталмайды, тақырыппен ғанажұмыс істейміз, біз ешкімге есеп бермейміз, автономды түрде өмір сүреміз, кеңсе архивән де сақтамаймыз, онда қағаздың күресініне айналар едік. Барлық коллекция – көрмеде. Ал запасниктердің біз үшін де, сіз үшін де маңызы шамалы – деді.
Жалпы Ресейдің және оның жеке өз басының империялық – азаматтық ар – ұждан алдындағы мемлекеттік, моралдық, қылмыстық, қайраткерлік жапаукершілірігн ескертіп, қазақ хандары мен елшіліктерінің репутациялары мен сый – сияпаттарын, бұрынғы көрмелердегі өзіміз көрген заттарды, ол туралықұжаттарды айтқан соң ғана өрекпеуі басылды. Біз одан. Патша ағзамның Шығыс бөліміне өткізген заттарының тізімімен таныстыруды өтіндік. Оған келісімін берді, бірақ та бізден Императорлық коллекцияны қарау үшін қандай заттың Эрмитажға қашан, кім, қай бөлімге өткізген растайтын құжаттарды талап етті.
Біз оның бұл талабымен келісуге мәжбүр болдық. Енді тек: Кенесарының бас сүйегі Эрмитажға пәлен күні пәлен деген адам өткізді – деген архив құжатын қолға ұстап барып қана Виллинбахов мырзамен батыл сөйлеуге тура келетінін түсіндік. Оның да түрлі ғылыми, ресми, тамыр – таныстық жолдары ( онсыз мүмкін емес екен) қарастырылды. С.Г.Кляшторныйдың, В.М. Паниахтың , тәжік этнографы Р.Рахимовтыфң, В.А. Прищепованың, ингуш архив қызметкері М.Дакиеветің, Санкт – Петербургтағы қазақтардың «Атамекен» қоғамының төрағасы С.Косановтың, И.О.Гохманның, И.Мулинаның ақыл – кеңесіне жүгініп, олардың таныстарына, ұстаздарына, шәкірттеріне кісі салдық. Ғылыми әрі барлау жұмыстарымен қатар айналысуға тура келді.
-
Эрмитаждың Шығыс бөлімінің меңгерушісі А.А. Ивановпен ашық сөйлестік. Мұнда шығу тегі шығысқа қатысты антропологиялық, этнографиялық заттар жинақталады екен. Перғауындардың мумияланған мүрдесінен бастап Пазырақ қорғанынан табылған ата – бабамыздың мәйітіне(№ 26 залда) дейін көрме сөрелерінде самсап тұр. Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы VI ғасырда жерленген адам тәнінің сүйегі мен еті әлі ажырамаған, тек қарайып, кеуіп қалған. Көсемнің басының төбе терісі сыпырылған, оның оң қолындағы татуировка да әлі өшпеген. Ал қабірге иесімен біргемойыны қайырыла көмілген торы аттың түгі сол күйінде, аздап қана тықырланған. Ер – тұрман, жүген, өрнекті тері жабу, өмілдірік, құйысқан, қорамсақ, қошқар мүйіз өрнекті тоқым, үзеңгі қап, ағаш ертоқым мен ағаш сағалдырықты ноқта, аттың шашасындағы сұңқар, ағаштан және киізден жасалған өрнекті қоржын, бітеулене шабылған табыттар мен қайықтар да осыдан екі жарым мың өмір сүрген бабаларымыздың ғана емес, кеше ғана дүниеден өткен әкелеріміздің тірлігін көз алдымызға елестетеді. Әсіресе, түрлі ою - өрнектермен көмкерілген шүперек құрақ көрпешелер мен кілемшелердің, әйелдің қамқа тонының, малақай мен аяқ киімнің, байпақ пен шиқоржынның шірімей сақталып қалуы ерекше таңдандырды. Мұндай көрпешелер қазір де әр ауылдан кездеседі. Алтайдың аясындағы Пазырық пен Тұйықтан табылған бұл бұйымдардың біз үшін бағасы аса зор. Ал Беказы – Дәндібай ескерткіштері мен Сарай – беркеден табылған қыш құмыралардың, балбалдар мен түркі жазуларының, скиф, сақ, сармат мәдениеті жәдігерлерінің санын түгендеп жатудың өзі артық. Кенесарының бас сүйегі алтын тостаған, күлдік, шырағдан күйінде ұшырасып қала ма деген үмітпен.
-
20. Ерекше қазыналар қоймасына да бас сұқтық. Сонда ұстазымыз Әлкей Марғұлан ғұлама жиі айтып, суретін бізге силаған Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мазарынан өткен ғасырдың бірінші жартысында ұрланып, жасырын әкетілген, жырдың мазмұнын баяндайтын алтын түйме мүсінді көрдік. Жөнін сұрап, жобасын айтқанымда, Батыс Сібірден белгісіз жолмен келген заттар ғой дей салды. Амал қайсы, енді олардың барлығы шет елдің меншігіндегі тарихи мұра. – Бұлар тек көрмеге қойылғандары ғана. Мәңгілік түнектен шықпайтын «запасниктегі запастар» қаншама десеңізші?!.
-
РҒА – ның шығыстану институты мен заттық мәдениет тарихы институты (институт историй материальных культуры, Набережный, 18) Қазақстанның тарихына қатысты қордалы қордың бңрң болып табылады. Біздің тарихымыздан олардың алатын орынын білу үшін «Отандық шығыстанудың тарихы. (ХІХ ғасырдың ортасынан бастап 1917 жылға дейін)» атты ғылыми зерттеуді (М. 1997) парақтап шықса да жетеді. Сол жинақтың авторларының бірі, Қазақстанның тарихы ғылымына тікелей қатысы бар және сол мекемеде істейтін Сергей Григориевич Кляшторныйдан артық кеңесшіні табудың өзі қиынға соғар еді. Бұйымтайымызды айтқан соң ол кісі де бірден іске кірісіп кетті:
-
Міне, жаңа ғана Эрмитаждың шығыстану бөлімінің меңгерушісі А.А. Ивановпен сөйлестім. Өзге - өзге, маған шындығын айтатын адам. Ол Кенесары Қасымовтың бас сүйегінің эрмитажда жоқ екендігіне маған ант бере сөйледі. Демек, енді оған күдіктенуге болмайды. Ал И.О. Гохман бас сүйекке қатысты бұрынғы СССР аумағындағы барлық мәселені білуге міндетті адам. Бұл саладағы білуге тиісті нәрсені тек содан ғана білуге болады. Бас сүйектер жөнінде одан асқан мағлұмат ғалым табылмайды және ол ешкімге тәуелсіз ғалым. Шындықты айтады. Оның айтқаны – заң. Мен онымен де қайталап сөйлестім. Эрмитаж бен Кунсткамерадан Кенесарының бас сүйегін іздеп әуреге түсудің енді қажетігі жоқ. Ғылыми іздестіру жұмысын негіздеу үшін және Виллинбахов айтқан талапты орындау үшін Этнография музейіне барыңыздар. Онда қазақ тарихына қатысты 10 заттың 9 – ы сақталған. Татьяна Григориевна Емеляненко екеуміз қырғыздар құраған комитеттің мүшесіміз. Көргендеріңізді көңілдеріңізге алмаңыздар, Пазырық мәдениетінің мұрағаттары алтайлықтардың емес, сіздердің – ақ мұраларыңыз. Бірақ онымен күресіп мұратқа жетпейсіздер. Мен де кезінде Шығыс Түркістан туралы зерттеуімді арнайы мекеменің жауапты қызметкері болған Колесниковтың көмегі мен деректеріне сүйеніп жазғанмын. Ал сіздердің жолдарыңыз қазір тіпті ауырлап кетті. Сыртқы және ішкі министрлігінің пәрменінсіз алға жылжуларыңыз қиын. Ал жалпы Қазақстанға қатысты сирек деректерді іздесеңіздер «Пушкин үйіне», Географиялық қоғамның архиві мен кітапханасына барыңыздар. Мысалы, бурят қызы Виктория Шаулянова дыбыс жазу тарихын зерттеп жүр. Сол арқылы қазақтардың ән – күйлеріне байланысты өте сирек деректер мен дыбыс жазбаларына жолығуыңыз мүмкін. Географиялық қоғамда саясатшылардың, этнографтардың материалдары, суреттері, коллекциялары, жарияланған мақалалары сақталған. Кезінде саяхатшылардың барлығы әскери министрліктің бас штабының жасақтауымен атанған. Ал бұл мекеменің тәртібі мен талабы қатаң. Демек, әр зат өз орнында тұр, тек кіруге рұхсат алу қиын. Бұған Т.Сұлтанов екеуміз бірігіп жазған «Евразия даласындағы мемлекеттер мен халықтар (Көне дәуірден орта ғасырға дейін)» және «Орталық Азияның тарихы» атты кітапқа дерек іздеу барысында анық көзім жетті. Ал біздегі сирек қолжазбалар мен кітаптар сіздердің мамандарыңызға кеңінен белгілі. Олардың картатекасы «Отандық шығыстану тарихы» мен «Шығыстану жинақтарында» толық көрсетілген. Тек Е. Көмеков пен М. Әбусейітовадан басқа оған назар салған қазақ ғалымы сирек –деді.
Терең білімді, кішіпейіл, сергек, қазақ тарихына қанық С.Г. Кляшторныйдың экспедиция жұмысына көмегі аса зор болды. Өкінішке орай (22) «Пушкин үйіндегі» В. Шаулянова ғылыми экспедицияға кетіпті, ал әкелі – балалы Модзалевскийлердің аса бай картотекасында Кенесары туралы дерек кездеспеді. Алайда қазақтың соңғы ханының тағдырына тікелей немесе жанама қатысы бар Горчаков, Гасфорд, Воронцова – Дашкова, Нессельрод т.б. туралы қосымша мәліметтер кездесті. Сондай – ақ кітапхан қорында қазақ ауыз әдебиеті туралы қолжазбалар, зерттеулер бар екен.
-
Этнография (бұрынғы СССР халықтары) музейі. 191011, Инженерная, 4/1. (Директоры В.М. Грусман, ғылым жөніндегі орынбасары И.И. Шангина). Біздің үлкен үмітпен барған мұражайымыздың бірі осы еді. Әрине, бас сүйектің өзін емес, соның ізіне түсетіндей тосын деректен дәметкеміз. Музейдегі Қазақстан, Қырғыстан, Түркменстан, Өзбекстан көрмелері, біздің күткеніміздей, қайтадан жасақталып жарыт екен. Тек Семейден өткен ғасырда әкелінген киіз үй, оюлы есік, біскек, сандық, басқұр сияқты тұрмыстық жиһаздар мен түрлі этнографиялық әшекей бұйымдары – кісе, қанжар, қант шаққыш, біскек сәукеле, белдік, тақия сияқтылар ғана орынында тұр. Суреттер де ілінген. Ауыстырылып үлгермесе керек. Енді Әлем этнографиясы музейіне айналдырмақ. Орта Азия мен Қазақстан бөлімінің меңгерушісі Т.Г. Емеляненко:
-
Халықтану музейі 1872 жылы Румянцев пен Дашковтың коллекциялары негізінде ашылған, оның құжаттары Москва университеті мен Политехникалық музейдің архивінде. 1921 – 1923 жылдары патша сарайфнфң коллекцияларын бөліске салғанда үлкен сәйкессіздікке жол берілген. Мен бұл мәселені арнайы зерттегенде ешқандай затты өз орнынан табуға болмайтынына көзім анық жетті. Мысалы қазақтың киіз үйі мен жиһаздың әр қайсысын әр музейге таратып жіберген. Кунсткамерадан – ат әбзелдерін, бізден – үйдің сүйегін, бағалы заттарды – эрмитаждан, аңшылыққа тән нәрселерді – зоология мұражайынан табамыз. Оған кейінгі кездердегі тақырыптық іріктеулерді қоссаңыз, іздестіру жұмысының қиямет анық сезінесіз. Бізде қазақтарға қатысты 4000 коллекция бар. Картотеканы оқыңыздар, арнайы қоймадағы мұраларды көріп шығыңыздар. Еш құпиямыз жоқ. Керісінше менің сіздерге назым бар. Осыдан 15 жыл бұрын Алтынемілдегі Ш.Уәлихановтың музейі ашылғанда мен оның үш затын уақытша көрмеге қоюға бергемін. Соны қайтару туралы өтініш хат жазғанымда сол кездегі мәдениет министрі Е. Рахмадиев бұл мүліктер Қазақстанның меншігі деп жауап берді. Мұның мемлекетаралық жолдары бар емес пе. Осы тілегімді жеткізеңіздер. Біздегі коллекцияларды қайтаруды талап еткен республикалар көп. Қазір информация алмасу, ғылыми конференцияларға қатысу, көшпелі көрме ұйымдастыру мәселесі мүлдем ұмыт қалды. Бізде Нұрилә Шаханова нәтижелі жұмыс істеп жүр. Егерде өзара байланыс жолға қойылса, ғылыми бағытта өте көп іс тындыруға болады, - деді.
Этнография музейіндегі қазақ хандарының Ресей патшасына силаған мүкәммалдарының ішінде Кенесарының күміспен шегенделген бас сүйегі де, қанжары да жоқ болып шықты. Осы мұражайдағы ғылыми деректердің негізінде «Халықтық мәдени мұралардың дәстүрлі терминдері» атты өте қызықты әрі зәру еңбек жазып шығуға толық мүмкіндік бар екен. Өйткені мұндағы әр заттың аты мен суреті сондай тиянақтылықпен көрсетіліпті. Мәселен, «қыз асық», «түйме асық», «аша алды», «қыжым» деген не, соның барлығына тиісті түсініктеме беріліп, көрмеге қойылыпты.
-
Орыс музейіне (Декабрь, 4) негізінен көркем суреттер жинақталған. Дегенмен де, кезінде Романовтар династиясының таққа отыруының 300 жылдық тойына арнап самолдержавиеге қарсы күресіп, басы алынған «бунтарлар» мен «қарақшылардың» портретін салуға тапсырма берілген болатын. Солардың қатарында Кенекемнің де бас сүйегі суретілердің біреуіне беріліп, сол күйінде қоймада «ұмыт қалуы» әбден ықтимал. Верешагиннің шеберханасының мүліктері негізінен Мәскеудегі Третьяков галереясында екен. Қалқа мен Куликов шайқастары туралы картиналар кездесті. Бірақ біз күткен үміт ақталмады.
-
Әскери – медицина академиясының музейі мен (26) анатомия музейіне (Академик Лебедев, 6) кіруге мәдениет және қорғаныс министрлігінен арнайы қатынас пен рұхсат керек екен. Бұл арада бізге И.О. Гохман мен Чистовтың көмегіне сүйенуімізге тура келді. Анатрмия және антропология бөлімінің меңгерушісі М.В. Твардовская біріншісінің шәкірті, екіншісінің сабақтасы екен. Солардың септесуімен музейді көріп қана шығуға рұқсат алдық, ал картатекамен танысу туралы сөз қозғаудың өзі буынсыз жерге пышақ ұрумен бірдей еді. Сәтін салғанда Санкт – Петербургта тұратын қазақтардың көмегімен академияда оқитын майор Қайырбек Дәкеновпен таныстық. Бар жүкті соның мойынына артып, Қазақстандағы әскери – медицина тарихын зерттеушіміз, ғылыми байланыс орнатқымыз келді, адьюнктураға қабылдап, жетекшілік етуге қалай қарайсыз деген пікір білдірдік (бұ мәселе кейін шешіліп, Қ. Дәкеновтің ғылыми жұмыспен айналысуына рұқсат беріледі). Марина Владимировна Твардовская батыл, ашық пікірлі адам болып шықты. Музейді еркін арлатты, өзі түсінік беріп отырды. Мұнда 6000 бас пен бас сүйек жинақталып, сөреге қойылыпты. Лабораторияның негізі ХІХ ғасырдың ортасында құрылған Антропология қоғамының күшімен қаланыпты. Алғашқы коллекцияларды жинағандар – В.Л.Грубер, А.И. Теренецкий, Буяльский іспетті ғалымдар екен.
-
Мұнда негізінен медициналық – хирургиялық зерттеуге қатысы бар бастар мен бас сүйектер сақталады. Ұлы Отан соғысы кезінде басынан жараланып, операция столында қайтыс болған қазақтардың да қаңқасы бар. Бізде ұзақ жылдар бойы Қарынбаев деген қазақ ғалымы істеді. Әр бас сүйектің дербес картотекасы бар, онда сол бас сүйектің келу тарихы, қазіргі жай – күйі толық жазылған. Өкінішке орай оларды мен сіздерге беруге құқым жоқ. Тегін келмегендеріңізді білемін. Міне, мына сөрелерде атақты, белгілі адамдардың, сонымен қатар «бандиттер» мен «қарақшылардың», бунтарьлардың бас сүйектері тұр. Ал олардың кімнің басы екендігін анықтағыларыңыз келсе кем дегенде 3 айға арнайы дайындықпен келіңіз. Соғыс кезінде музей Самарқанға көшірілген. Түркімен башының бас сүйегі содан табылды, - деді.
Біз6 мың бас сүйекті тітіркене отырып көріп шықтық. Бас сүйектер сөреге қатар – қатар тізіліп қойылған. Ал арнайы шыны құтының ішіндегі спирттелген бастардың ішінен азиялық текке жататын бет – пішінді көре алмадық. Сол сәттегі шымырлаған жүректің шарасыздығын әлі де ұмытылар емес. Бар жұбанышымыз Марина Владимировнамен ортақ тіл табысып, алдағы уақытта – іздестіру жұмысын бірге жүргізуге келісімін алуымыз еді. Біле – білген адам; ғылыми жұмысын бірге жүргізуге келісімін алуымыз еді. Біле – білген адам: ғылыми экспедицияның қол жеткізген басты табысы осы таныстық – деп бағалары анық. Түбінде бір қайырылып соғудың сәтін сала көр, Алла – деген тілеумен сыртқа шықтық. Мынау ғимараттың ішінен Кенекемнің. «Мені тағы да далаға тастап барасыңдар ма?» - деген ащы дауысы жеткендей болды. О, тәуба! Тура сол кезде Санкт – Петербургтің байырғы тұрғындарының өзі сирек көрген дауылды найзағай ойнап, дүние астан – кестен болды да кетті. Бұл ненің ырымы, әруақтың ашынуы ма, кім білсін?!.
Достарыңызбен бөлісу: |