4.3 Әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту
Орта мерзімді кезеңде әлеуметтік саясат мынадай қағидаттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
- ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді қолдану;
- қоғамның осал топтары үшін әлеуметтік қолдау;
- өңірлер дамуындағы әлеуметтік теңгерімсіздік проблемаларын шешу;
- жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу саясатын жаңғырту.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік салада алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені енгізу мақсатында әлеуметтік саланың стратегиялық дамуының барлық аспектілерін айқындайтын Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуының жалпыұлттық тұжырымдамасы әзірленетін болады.
Осы Тұжырымдама шеңберінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіру, білім беру және денсаулық сақтау сапасын арттыру, әлеуметтік қамтамасыз ету, еңбек белсенділігін ынталандыру және еңбекке уәждеу, елдің еңбек ресурстарының кәсіптік құзыретін арттыру бойынша шаралар көзделген.
Экономиканың өсуін ескере отырып өмір сүру сапасының стандарттарын кезең-кезеңмен арттыруды көздейтін заң жобасы әзірленетін болады.
4.3.1 Білім беру
Инновациялық экономиканы қалыптастырудың қажетті шарты серпінді экономикалық өсудің және қоғамның әлеуметтік дамуының маңызды алғышарты, елдің әл-ауқаты мен қауіпсіздігінің шарты болып келе жатқан білім беру жүйесін жаңғырту болып табылады.
Балалардың функционалдық сауаттылығына баса назар аударылатын болады. Сонымен мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту үшін «Балапан» бағдарламасы шеңберінде инновациялық технологияларға (денсаулық сақтаушы, мультимедиялық, анимациялық, дамытатын ойындар, интерактивті оқыту бағдарламалары) көше отырып қолданыстағы бағдарламалар жетілдірілетін болады.
«Зияткер мектепке дейінгі бала» моделін қамтитын «Зияткерлік мектепке дейінгі ұйым» бағдарламасы іске асырылатын болады.
12 жылдық білім беруге көшуге дайындық шеңберінде бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының негізгі ережелеріне түзетулер енгізілетін болады.
Білім беру ұйымдарына «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі кезең-кезеңімен енгізілетін болады, 2015 жылы олардың саны 20-ға дейін жеткізіледі.
Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесі жетілдіріледі, компьютерлік тестілеуді енгізу басталады.
Бюджет қаражатын оңтайландыру және басым бағыттарға қайта бөлу есебінен негізгі күш-жігер үш ауысымды білім беру мен апаттық мектептерді жоюға бағытталатын болады.
Кәсiби-техникалық және жоғары бiлiм ұлттық экономиканың мамандарға ағымдағы және болашақтағы қажеттілігін барынша қанағаттандыруға бағытталатын болады. Халықаралық үлгідегі сертификаттар бере отырып, инженерлік білім беру және заманауи техникалық мамандықтар жүйесі дамитын болады.
Жоғары оқу орындарында (бұдан әрі – ЖОО) қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелері құрылады және одан әрі дамытылатын болады.
2015 жылға қарай Қазақстанның бір ЖОО әлемдік жүз үздік университеттер рейтингінде белгіленетін болады.
Оқуын өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ жастарға, сондай-ақ сапалы жоғары білім алуына мыналар арқылы көмек көрсетіледі:
- мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін дамыту;
- оқуға арналған гранттардың көп сатылы жүйесін әзірлеу;
- өңірлік мамандандыруды ескеретін ғылыми-зерттеу және қолданбалы білім беретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру;
- ЖОО оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындарда міндетті түрде практикадан өтуді заңнамалық бекіту.
4.3.2 Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтауды одан әрі дамыту ауруларды болдырмауды және салауатты өмір салтын ынталандыруды, сапалы және қолжетімді медициналық көмек ұсынуды, сапалы және қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз етуді, медициналық білім мен ғылымды дамытуды, денсаулық сақтау саласындағы басқару мен қаржыландыруды жетілдіруді көздейді.
Аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын ынталандыру мақсатында кезең-кезеңмен скринингтер тізбесі кеңейтіледі (қуық асты безінің қатерлі ісігін, бауырдың қатерлі ісігін, өңеш және асқазанның қатерлі ісіктерін ерте айқындау бойынша скринингілік зерттеулерді енгізу жоспарлануда).
Болашақ госпиталін қалыптастыру мақсатында Ұлттық медициналық холдингті одан әрі дамыту жалғастырылады және Республикалық органдар мен тіндер трансплантациясы орталығын құру жұмыстары басталатын болады. Онкологиялық қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде оның сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасында онкологиялық қызметті дамытудың 2012 – 2016 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жалғастырылады.
Балаларды медициналық қызмет көрсетудің барлық спектрімен қамту қамтамасыз етілетін болады: жоспарлы стоматологиялық көмек, есту аппараттарымен есту мүшелерін протездеу, оңалту және паллиативті көмек бөлігіндегі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) кеңейтіледі.
Денсаулық сақтау қызметтерін көрсетудің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында трассалық медициналық-құтқару пунктерінен, апат медицинасы орталықтарынан, санитариялық авиациядан тұратын ұлттық шұғыл медициналық-құтқару көмегі қызметінің базалық негізі қаланатын болады.
2015 жылдың аяғына қарай жеке сәйкестендіру нөміріне байланыстыра отырып Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.
Одан әрі «смарт - медицина», қашықтықтан алдын алу және емдеу, «электрондық медицина» қызметтері енгізілетін болады. Смарт-медицинаның болашақ тұғырнамасы денсаулық сақтаудың түрлі қызметтеріне үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін денсаулық сақтаудың заманауи және икемді жүйесі ретінде қаралады.
«Назарбаев университеті» жанында регенеративті медицина, молекулярлық биология және жасушалық технологияларды зерттеу бойынша «Өмір туралы ғылымдар орталығы» ғылыми-зерттеу кешені базасында іргелі биомедициналық зерттеулер саласында ғалымдар мен басқарушы кадрлар даярланады. Әлемдік нарықты бәсекеге қабілетті биомедицина саласы құрылатын болады.
Денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктері мен құзыретті тәсілдеріне негізделген медициналық және фармацевтикалық білім берудің жаңа стандарттарын әзірлеу жоспарланған. Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары оқытушыларының әлеуетін арттыру жүйесі енгізіледі.
Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында оқитындарды клиникалық даярлауды жақсарту, үздік практиканың қағидаттары мен клиникалық медицинаның заманауи жетістіктерін енгізу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Денсаулық сақтау секторында бәсекеге қабілеттілікті дамыту, ТМККК көрсетуде мемлекеттік емес сектордың үлесін ұлғайту жалғасатын болады.
Денсаулық сақтау саласына мемлекеттік жеке-меншік әріптестікті енгізу және дамыту бойынша жұмыс жалғастыратын болады, бұл ретте жобалау, құрылыс, пайдалану, медициналық мекемелерді сенімгерлік басқаруға беру, медициналық және медициналық емес қызметтер көрсетуді қоса алғанда, мемлекеттік–жеке меншік әріптестіктің халықаралық танымал схемаларын пайдалану көзделген.
4.3.3 Мәдениет
Қазақстандық мәдениет елдің барлық азаматтары үшін патриоттық өзек болады, бейбітшілік пен келісімнің жалпыұлттық құндылықтарын нығайтуда оның рөлі мен мәні күшейтілетін болады.
Ел болашағының ділін, дүниетанымдық үлгісін жобалауда, азаматтардың бойында ел және оның жетістіктері үшін мақтаныш ұялататын қазақстандық жаңа патриотизмді тәрбиелеуде мәдениетке ерекше рөл берілген.
Ұлттық бірлік доктринасын одан әрі іске асыру, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді сақтау мен нығайту бойынша жұмыс жалғасады.
Әлеуметтік дамудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік мәдени саясаты тұжырымдамасы әзірленеді.
Қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін оқып білу үшін жағдай жасауға бағытталған жауапты тіл саясаты жүргізілетін болады, қазақ тілін жаңғырту жалғасады.
Мәдениет саласын ақпараттандыру, көркем шығармашылық және инновациялық қызмет үшін жағдай жасау, халықтың мәдени құндылықтарға қолжетімділігін және әлемдік мәдени процеске интеграциялануын кеңейту бойынша белсенді шаралар қабылданатын болады.
4.3.4 Жұмыспен қамту
Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының қисынды жалғасына айналған Жұмыспен қамту 2020 жол картасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) қабылданды, оның мақсаты тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және оның өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу болып табылады.
ЖҚЖК негізгі міндеті еңбек нарығын болжамдау мен мониторингілеудің тиімділігін арттыру, әлеуметтік-экономикалық ахуал үшін жаһандық дағдарыстың ықтимал теріс салдарын жұмсарту және экономикалық өсу үшін қажетті негіздемені қамтамасыз ету, халықты өнімді жұмыспен қамтуды арттыру және өз бетінше жұмыспен қамтылған халықты формальдандыру, кәсіпкерлік белсенділікті дамыту болып табылады.
ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдар мен ТКШ дамыту; ауылдық кәсіпкерлікті дамыту; әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде жұмыспен нысаналы өнімді қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған тірек ауылдарды кешенді дамыту; еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға және жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек ресурстарының кәсіби және аумақтық ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу арқылы халықты жұмыспен тұрақты және өнімді қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылатын болады.
ЖҚЖК іс-шаралары жыл сайын 100 мыңнан астам адамды қамтитын болады.
Еңбек нарығын болжамдау тиімділігін арттыру үшін олар арқылы еңбек ресурстарының теңгерімі (сұраныс пен ұсыныс) қалыптастырылатын Өңірлерде жұмыспен қамту карталары енгізілетін болады.
Жұмысқа орналастырудың өсуіне жұмыссыз азаматтар мен табысы төмен адамдардың жоғары пайызы байқалатын өңірлерге бюджет қаражатын бөлу тетіктері әзірленген кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау жөніндегі бұрын қабылданған бағдарламалар интеграцияланатын болады.
Қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, кәсіпкерлікті қолдауды қоса қамтитын еңбек қатынастарының қағидатты түрдегі жаңа моделін қалыптастыру мақсатында Кәсіподақтар мен еңбек қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңы әзірленетін болады.
4.3.5 Көші-қон саясаты
Мемлекеттік көші-қон саясаты мыналарға бағытталатын болады:
1) ішкі көші-қонды дамытуға жәрдемдесу - азаматтардың экономикалық өсу нүктелеріне ерікті көшулері;
2) шетелдік жұмыс күшін тарту, іріктеу және пайдаланудың сараланған тетіктерін әзірлеу;
3) көшіп-қонушылардың бейімделуіне жәрдемдесу, көшіп-қонушылар мен қабылдаушы қоғамдастық арасында конструктивті өзара іс-қимыл қалыптастыру;
4) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл.
Iшкi көшi-қонды реттеу мақсатында тіркеу, жастарды қажетті кәсіптерге оқыту және жұмыс орындарын құру проблемаларын шешу жөніндегі бағдарламалар қабылданатын болады.
Сыртқы көші-қон мәселелерін шешу үшін көші-қонды бақылау, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қөздейтін Көші-қон проблемаларын шешу жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде.
Заңсыз сыртқы көші-қонды бақылау және оған қарсы іс-қимылды күшейту үшін шетел жұмыс күшін заңсыз тартатын жұмыс берушілердің, заңсыз көшіп-қонушылардың жүріп-тұруы мен жұмысқа орналасуына жәрдем жасайтын заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылардың жауапкершілік шараларын күшейту бөлігінде Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқарушылық кодекстері шеңберінде нормативтік құқықтық базаға өзгерістер енгізілетін болады.
Әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек етуші көшіп-қонушылардың жекелеген санаттарын тарту тәртібін заңдастыру және жетілдіру, сондай-ақ жеке тұлғаларда жұмыс істегені үшін иммигранттардың жеке табыс салығын төлеулерін ретке келтіру көзделеді.
4.3.6 Әлеуметтік қамтамасыз ету
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттар ана мен баланы қорғауға, қоғамның осал топтары - зейнеткерлер, мүгедектер, жұмысқа жарамсыздарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және т.б. бағдарланатын болады.
Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін жетілдіру жалғасады.
Еңбекақы төлеу және онда бар қарама-қайшылықтарды қысқартуға қатысты жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша шаралар қабылданады.
Әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімділігін жетілдіруде тек мұқтаждарға атаулы қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Көп балалықты қолдау және тууды ынталандыру жүйесі жетілдіріледі. Бұл ретте ана мен баланы қорғау саласындағы заңнама жұмыспен қамтудың икемді нысандарын енгізу, әйелдерді қашықтықтан жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау мәніне қайта қаралады. Жеңілдікті салық салу, материалдық ынталандыру сияқты экономикалық құралдар еңбек қызметіне тартылған әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталады.
Ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктердің қалыптасып жатқан жүйесі шеңберінде мемлекет азаматтары үшін мектепке дейінгі жастан бастап зейнеткерлікке дейінгі әрбір өмір кезеңінде белгілі бір әлеуметтік пакетке кепілдік береді.
4.3.7 Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту
Халықты өмір сүрудің қолайлы жағдайымен, қолжетімді тұрғын үймен және сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» және 2011 – 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламаларын іске асыру жалғасады.
Жобалаудың, мемлекеттік сараптама жүргізудің және құрылыстың сапасын арттыру мақсатында сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау желілерінің құрылысына арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу, келісу және бекітудің ерекше тәртібі әзірленуде.
Сумен жабдықтау объектілеріне жөндеу, жаңғырту жүргізу, сондай-ақ сумен жабдықтау салаларына инвестиция көлемін тарту және ұлғайту шеңберінде Суға тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу жөніндегі 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру жалғасатын болады.
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде мынадай қолданыстағы және жаңа негізгі бағыттарды мемлекеттік қолдау көзделген:
мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде тұрған азаматтар үшін тұрғын үй;
ҚТҚЖБ желісі бойынша халықтың барлық санаттары үшін және жас отбасылар үшін тұрғын үй;
«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ желісі бойынша салынып жатқан тұрғын үй;
Қазақстан Республикасындағы 2011 – 2020 жылдарға арналған жаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғын үй қорын жөндеу (қайталама тұрғын үй);
апаттық тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі пилоттық жобалар шеңберіндегі тұрғын үй;
ЖТҚ дамыту;
инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу;
Жұмыспен қамту 2020 жол картасының шеңберінде тұрғын үй салу;
«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның тұрғын үй салуы.
Жыл сайын 6 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы 40 мыңнан астам отбасының тұрғын үй мәселесі шешілетін болады, жыл сайын 2020 жылға дейін шамамен 1 млн. шаршы метр жалдамалы тұрғын үйлер пайдалануға беріледі.
4.4 Теңгерімді өңірлік даму
Қазақстанның өңірлік саясаты өңірлердің ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еңбек пен капитал ресурстарын экономикалық өсу нүктелерінде аумақтық шоғырландыру, өңірлік жұмыспен қамту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар мен факторлар қалыптастыруды қамтамасыз етуге арналған.
Қазақстанның өңірлік саясатының жаңа тәсілдері мен басымдықтары Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы шілдедегі Жарлығымен бекітілген Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасында айқындалған.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру белсенді кезеңге шығады. Бағдарламада моноқалаларды орнықты дамыту, экономиканы «зәкірлі» жобаларды іске асыру есебінен әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сондай-ақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым проблемаларын шешу көзделген.
Экономикалық өсу орталықтарын: агломерацияларды, 2-деңгейдегі тірек қалаларды (облыс орталықтарын) және 3-деңгейдегі қалаларды (моноқалалар мен шағын қалаларды), сондай-ақ тірек ауылдық елді мекендерді одан әрі қалыптастыру өңірлік саясаттың басымдығына айналады.
Елдің экономикалық өсу орталықтары ретінде қалалық агломерациялар – Астананы, Алматыны, Шымкентті, Ақтөбені, Ақтауды дамыту бөлігіне енгізілген толықтырулар ескеріле отырып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын іске асыру жалғасады.
Осы агломерациялар елдің ұзақ мерзімді өсу полюстері – Қазақстан аумағындағы жоғары мамандандырылған медициналық, білім беру, мәдени, қаржылық, көлік-логистикалық, телекоммуникациялық және басқа да қызметтер ұсыну орталықтары ретінде дамитын болады.
Өңірлерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін экономикалық әлеуетті өңірлік аумақтық ұйымдастыру және халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Бірыңғай қала құрылысы саясатын жүргізу, инфрақұрылымды дамыту және агломерациялардың дамуындағы өңіраралық мүдделерді үйлестіру үшін қалалық агломерация мен олардың іргелес аймақтарын дамытудың ұзақ мерзімді кезеңге арналған кешенді қала құрылысы жоспары (өңіраралық схема) әзірленетін болады.
Өңірлік саясатты іске асыру барабар және пәрменді, оның ішінде қаржылай құралдарды талап етеді. Өңірлерге қатысты бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарды (донор өңірлер мен дотациялық өңірлер) өз аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуының өсу қарқынын ұлғайтуға ынталандыруға бағытталған бюджетаралық қатынастар жүйесі жетілдірілетін болады.
4.5 Мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіру арқылы қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасына сәйкес барынша лайықты кадрларды іріктеуді, олардың жеке сіңірген еңбектері негізінде кәсіби және мансаптық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
2015 жылдың соңына қарай Мемлекеттік қызметтің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру жөніндегі тұжырымдаманың ережесін іске асыру шеңберінде «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі енгізіледі.
2013 жылғы наурызда құрылған мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб ел өңірлерінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға қосымша қадам болады.
Өңірлік хаб әртүрлі елдердің мамандары арасындағы диалогқа арналған алаң ретінде жұмыс істейтін болады және мемлекеттік қызмет саласындағы озық тәжірибемен үздіксіз алмасу үшін әртүрлі конференциялар, форумдар мен семинарлар өткізеді. Өңірлік хаб базасында мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы сарапшылар, ғалымдар және практиктерге арналған халықаралық ақпараттық-талдамалық платформа құрылатын болады.
Азаматтар үшін мемлекеттік көрсетілген қызметтердің сапасын арттырудың мақсаты халықтың өмір сүруінің жоғары деңгейін, олардың қанағаттанушылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметтерді алушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау болып табылады.
Азаматтардың сапалы мемлекеттік қызмет алу құқығы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін кеңейту, стандарттар мен регламенттер әзірлеу, сондай-ақ оларды алатын жерлерде қолайлы жағдайлар жасау және оларды көрсетудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру арқылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру шеңберінде қамтамасыз етілетін болады.
Мемлекеттік қызметтердің кезең-кезеңмен автоматтандырылуын қамтамасыз ету үшін олардың ХҚО арқылы көрсетілуіне кезең-кезеңмен өте отырып, оларды қысқарту және оңайлату тұрғысында мемлекеттік қызметтерді ұсынумен байланысты мемлекеттік органдардағы ведомствоішілік сияқты, ведомствоаралық бизнес-процестерді де қайта қарау жүйелі негізде жүзеге асырылатын болады.
Автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша ХҚО ашу, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер мен 200 кем емес рұқсат құжаттарын 100% электрондық форматта көрсетуге аудару бойынша жұмыстар жалғасуда.
Орталық мемлекеттік органдар стратегиялық функцияларды орындауға, ал өңірлер - саясатты іске асыруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге шоғырланған кезде ықшам үкіметті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша тәсілдерді көздейтін заң жобасы қабылданатын болады.
Жаңа модельді қалыптастырудың нәтижесі нәтижеге және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге бағытталған, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін кәсіби мемлекеттік қызмет болады.
Мемлекеттiк жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында даму пайымын, мемлекеттік жоспарлауды жетілдірудің негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін айқындайтын нәтижеге бағдарланған Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы әзірленеді және бекітілетін болады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын одан әрі оңтайландыруға тексеру жүргізілетін болады.
Тиімді мемлекеттік қаржылық бақылау үшiн мемлекеттiк аудит жүйесі енгізіледі, ол анықталған кемшіліктер негізінде пәрменді ұсынымдар мен тәуекелдерді басқару бойынша ұсыныстар бере отырып, аудит объектілері қызметінің барлық бағыттарын қамтитын олардың қызметінің тиімділігіне біртұтас және тәуелсіз аудит жүргізуге бағытталады.
Негізгі күш-жігер қазіргі уақытта мемлекет көрсетіп отырған стратегиялық сипаты жоқ қызметтерді айқындау және оларды кезең-кезеңмен жеке секторға беру арқылы мемлекеттiк секторды қысқартуға бағытталады.
Мемлекеттiк активтердi басқарудың тиiмдiлiгiн арттыру шеңберiнде квазимемлекеттiк сектор субъектiлерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізіледі, мемлекет қатысатын әрі жекешелендіруге жататын кәсіпорындардың тізбесі анықталады.
Бұдан басқа, «Халықтық IPO» бағдарламасы одан әрi дамытылады.
Мемлекеттiк қызметтердің және мемлекеттік функцияларды іске асырудың сапасын арттыру шеңберiнде сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту, «электрондық үкiметтi» дамыту жалғасады.
4.6 Халықаралық интеграция және өзара іс-қимыл
4.6.1 Сыртқы сауда саясаты
Әлемдік сауда жүйесіне интеграциялану жолымен республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету мен қорғаудың тиімді және жедел жүйесін құру сыртқы сауда саясатының негізгі мақсаты болып қалады.
Мемлекеттің сыртқы сауда саясатын кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу, сондай-ақ демпингке қарсы, өтемақы және қорғау шараларын қолдану мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуы шеңберінде тұтынушылар мен өндірушілердің мүдделерін қорғау бойынша міндеттерді шешуге бағытталады.
Осыған байланысты, отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, БЭК, сондай-ақ алдағы уақытта ДСҰ-ға кіру шеңберінде олардың мүдделерін қорғау және ілгерілету бойынша жұмыс жалғасады.
Қазақстан үшін тиімді шарттарда ДСҰ-ға кіруді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады.
Сауданың халықаралық қағидаларына сәйкес келу қазақстандық өндірушілер үшін ДСҰ-ға мүше елдермен сауда қатынастарын дамытудың болжамдылығы және тұрақтылығы негізінде, олардың сыртқы сауда саясатының транспаренттілігін қоса алғанда, әлемдік тауарлар мен қызметтер нарығына қол жеткізуге қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
КО елдерінің үшiншi елдермен және елдер бiрлестiктерiмен преференциялық сауда туралы келiсiмдер жасасуы бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
4.6.2 Қазақстандық қамту
Жаһандану кезеңінде, Қазақстан Республикасы қатысатын интеграциялық процестер шеңберінде (БЭК, ДСҰ), әлемдік өндірушілер арасындағы бәсекелестік күресінде тығыз уақыт аралығында жұмыс істеп тұрған отандық өндірісті жаңғырту және жаңаларын дамытуды ынталандыру бойынша бірқатар іс-шараларды іске асыру қажет. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты отандық экономиканың өсуіне, шикізат емес сектор мен қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға, жаңа өнімдерді шығаруға және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қазақстандық қамтудың өсуіне жәрдемдесу саясаты мен әдістерін жетілдіру саласындағы мемлекеттің қызметі одан әрі де:
ішкі нарықта сапасы жоғары бәсекеге қабілетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің отандық өндірушілерін сервистік қолдауға;
кәсіпкерлердің қажетті тауарлар мен қызметтер туралы ақпараттандырылуын арттыру мақсатында «Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімі», «Қазақстандық қамту» Интернет-ресурсы» ақпараттық жүйелерін сүйемелдеуге және одан әрі дамытуға;
отандық өндірушілердің және әлеуетті тапсырыс берушілердің қатысуымен өткізілетін көрмелердің, форумдардың, кеңестердің, кездесулердің, дөңгелек үстелдердің тиімділігін арттыру, оқыту және ағарту сипатындағы анықтама әдебиеттер мен брошюраларды басып шығаруға бағытталады.
5. 2014 – 2018 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
2014 – 2018 жылдары экономиканың өсу қарқыны 6,0-7,1% құрайды.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің номиналды өсуі орташа есеппен 12%-ды құрайтын болады және 2018 жылдың соңына қарай 23 674 АҚШ долл. деңгейінде бағаланады.
Экономика әлемдік экономика өсуінің жоғары емес қарқындары және шикізат тауарларының сұранысын қалпына келтіру жағдайында дамитын болады. Сонымен қатар инфрақұрылымдар мен халықтың тұтынуына мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы есебінен тұрақты және үдемелі экономикалық серпін күтілуде.
Әлемдік экономикада сыртқы сұраныстың қысқаруымен ілесетін дағдарыс құбылыстарының қайталануы мүмкiн болғандықтан, 2014 – 2018 жылдары экономиканың өсуі негізінен ішкі сұранысқа сүйенетін болады, бұл белгіленген кезеңде орташа есеппен 7,5% қарқынында өсетін болады.
5.1 Экономикалық өсудің факторлары
Болжамданған кезеңде пайдалану бойынша ЖІӨ-нің құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамайды. ЖІӨ-де үй шаруашылықтары тұтынуының үлес салмағының 2014 жылы 60,6%-дан 2018 жылға қарай 67,1%-ға дейін өсуі байқалатын болады.
3-сурет
Инвестициялар экономикалық өсуді қолдаудың елеулі факторы болады. Ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған мемлекеттік инвестициялар ішкі сұраныс серпініне инвестиция салымын арттыруға мүмкіндік береді. Инвестицияның орташа жылдық өсу қарқыны 4,3% шегінде күтілуде. Капиталды жинақтау нормасы орташа ЖІӨ-ге шаққанда 21,3% бағамында тұрақталады, бұл дағдарыс алдындағы кезең көрсеткіштерінен біраз төмен.
2014 – 2018 жылдары экспорт шамамен орташа жылдық көріністе 5,1% шегінде өсетін болады, бұл экспорт құрылымындағы энергетикалық тауарлардың жоғары үлес салмағымен, сондай-ақ жоспарланған мұнай өндірісінің көлемін ұлғайтумен түсіндіріледі.
1-кесте
|
2014
|
2015
|
2016
|
2017
|
2018
|
ЖІӨ
|
4,3
|
7,1
|
6,2
|
6,5
|
6,7
|
Ішкі сұраныс
|
8,8
|
7,9
|
7,4
|
7,1
|
7,2
|
Импорт
|
-0,1
|
5,4
|
5,2
|
4,7
|
4,7
|
Ішкі өндіріс
|
13,3
|
8,4
|
7,7
|
7,3
|
7,3
|
Сыртқы сұраныс (экспорт)
|
2,9
|
6,6
|
4,8
|
6,1
|
6,1
|
Ішкі сұраныстың өсімін (төмендеуінің) өтеу көздерінің құрылымы*:
|
100,0 %
|
100,0%
|
100,0 %
|
100,0 %
|
100,0 %
|
Импорт
|
25,1 %
|
29,4 %
|
28,6 %
|
27,7 %
|
27,1 %
|
Ішкі өндіріс
|
74,9 %
|
70,6 %
|
71,4 %
|
72,3 %
|
72,9 %
|
* тиісті кезеңнің бағаларында
|
|
|
|
|
|
Импорттың өсу қарқыны нақты мәнде орташа 4,9%-ды құрайды. Бұл тұтыну өнімдері ретінде халық тарапынан да, инвестициялық тауарлар ретінде бизнес саласы тарапынан да серпінді дамып келе жатқан ішкі сұранысты қанағаттандыру қажеттілігіне негізделген.
Сонымен бірге, ЖІӨ-гі экспорт үлес салмағының салыстырмалы жоғары болуына қарамастан, 2014 жылы ЖІӨ-нің өсіміне таза экспорттың теріс салымы күтілуде. Бұл 2014 жылы импорттың өсу қарқынының экспорттан болжалды біршама артуына байланысты. Келесі жылдары ЖІӨ-нің өсіміне таза экспорттың оң салымы байқалатын болады.
4-сурет
2014 – 2018 жылдары импортты алмастыру процесі отандық тауар өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін белгілі бір уақыт аралығындағы қажетілігіне байланысты баяу жүретін болады. Егер 2014 жылы ішкі сұраныстың 69,6% отандық өндіріспен жабылатын болса, 2018 жылға қарай жабу деңгейі 72,9%-ға дейін өсетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |