Үкіметінің отырысында өзгерістерді ескере отырып


Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2014 – 2018 жылдарға арналған негізгі мақсаты мен басымдықтары



бет2/5
Дата03.07.2016
өлшемі1.79 Mb.
#175641
1   2   3   4   5

3. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2014 – 2018 жылдарға арналған негізгі мақсаты мен басымдықтары

Қазақстан Республикасының орта мерзімді перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаты салаларды, кәсiпорындарды және халықты дағдарыстан кейін қолдауға бағытталған шаралардан Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық сипаттағы шараларға назар аударды.



Орта мерзімді кезеңде әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы дамуының жаңа бағытын іске асыруды бастау, пайда алу және тиімділік, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру қағидаттарына негізделген өнімді, бәсекеге қабілетті экономика үшін негіз құру.

Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкiметiнің негiзгi күш-жігері орта мерзімді кезеңде іске асырылуы қажеттi бюджеттiк шығыстармен қамтамасыз етілетін әлеуметтiк-экономикалық саясаттың мынадай басымдықтарына негізделеді:

1) макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық.

Макроэкономикалық тұрақтылық жаңа салық-бюджет саясатын іске асыру, мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстау және экономикалық өсу үшін қолайлы инфляция деңгейін ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі.

Кепілдендірілген трансферт көлемінде қор қаражатын пайдалануды шектеу жолымен Ұлттық қорда мұнай кірістерін жинақтау саясаты жалғасатын болады.

Салық саясаты экономиканы дамытуды ынталандыру құралдардың бірі болады және әлеуметтік бағытқа ие болады.



2) экономиканы жаңғырту және әртараптандыру арқылы оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне, оның тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, сондай-ақ қоршаған ортаға жүктемені азайту кезінде экспортты әртараптандыру бағытында экономиканы құрылымдық қайта құрумен қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте өнімділікті арттыруға және әлемдік конъюнктураға байланысты экономиканың құбылмалылығын азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Экономиканы жаңғырту мұнай-газ және тау-кен металлургиясы өнеркәсібіндегі, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы бәсекеге қабілетті қазіргі басымдықтарды пайдалануға бағытталатын болады. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті жаңа басымдықтар анықталып, экономиканың дәстүрлі емес салаларында, бірінші кезекте - қызметтер көрсету саласында өндірістер құрылатын болады.

Елдің табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға негізделген орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін «жасыл экономиканың» қағидаттарына көшудің негізгі стратегиялық бағыттары айқындалатын болады.

Экономиканың шикізат емес секторларына инвестициялар тарту және елде қолайлы инвестициялық ахуал жасау елдің негізгі экономикалық өсу факторына айналады.

Бизнес ахуалды бақылау-рұқсат беру практикасы жүйесін оңтайландыру арқылы жақсарту жұмыстары жалғасады.



3) әлеуметтік жаңғырту.

Орта мерзімді кезеңде әлеуметтік жаңғырту үшін құқықтық негіздерді қалау және әлеуметтік саланы реформалаудың бірінші кезектегі шараларын іске асыруды, жалпыға ортақ мүмкіндіктер теңдігі мен мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасындағы жауапкершілікті нақты бөлу арқылы өнімді жұмыспен қамту және инклюзивті экономикалық өсу негізінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Экономиканың өсуін ескере отырып, халықтың өмір сүру сапасын кезең-кезеңімен арттыру үшін ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесі бекітілетін болады.

4) теңгерімделген өңірлік даму.

Өңірлік саясат экономикалық өсу орталықтары - агломерацияларды, екінші деңгейдегі тірек қалаларды (облыс орталықтары) және үшінші деңгейдегі қалаларды (моноқалалар және шағын қалалар), сондай-ақ тірек ауылдық елді мекендерді қалыптастыруға бағытталады. Бұл ретте өңірлердің базалық әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, өңірлердің қолда бар бәсекелес артықшылықтарына ерекше көңіл бөлінеді.

Бағдарламалық құжаттар мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бар нақты аумақтардың бағытталатын қаржы ресурстарының өзара байланыстырылуы мен үйлесімділігі қамтамасыз етіледі.

5) мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру.

Мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік басқару органдарының арасында өкілеттіктердің аражігін ажыратуға мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге бағытталған реформаларды іске асыру жалғасатын болады.

Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізіледі. «Халықтық IPO» бағдарламасы одан әрі дамиды.

6) Халықаралық интеграция мен өзара іс-қимылды дамыту.

Қазақстан экономикасын Бірыңғай экономикалық кеңістік (бұдан әрі – БЭК) және Кеден одағы (бұдан әрі – КО) шеңберіндегі интеграция шарттарына бейімдеу, сондай-ақ Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіру мақсатында тауарлардың импорты мен экспорты кезіндегі кедергілерді жою, сондай-ақ отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге күш-жігер салынады.



4. Экономикалық саясаттың негізгі бағыттары мен шаралары

4.1 Макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету

4.1.1 Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын реттеу саласындағы саясат


Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни макроэкономикалық алғышарттарға барабар қалыптасқан жылдық инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұру болып табылады. Осы мақсатқа жету елдегі экономикалық өсу, инвестициялық нарықты дамыту, банк секторының кредиттік белсенділігін ынталандыру, елдің қаржы жүйесінің, ұлттық валютаның айырбас бағамының және төлем теңгерімінің орнықтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік беретін болады.

Ақша-кредит саясаты саласындағы негізгі перспективалық бағыт 2012 жылы басталған жаңа трансмиссиялық тетікті кезең-кезеңімен енгізу болып табылады. Ақша-кредит саясатының қолданыстағы құралдары жетілдіріліп, жаңалары енгізіледі, өтімділікті беру/алу, ашық нарықтағы операциялар бойынша тұрақты тетіктерге арналған тәсілдер өзгертіледі.

Жаңалықтарды енгізудің мақсаты ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің кредиттік арнасын жандандыру және оның валюталық арнасының маңыздылығын төмендету болып табылады. Жаңа тетік экономиканы долларландыруды, пайыздық мөлшерлемелердің құбылмалылығын, ақша нарығындағы алыпсатарлық құрамдас бөлікті төмендетуге және нәтижесінде өтімділікті реттеудің икемділігін және тиімділігін арттыруға және жалпы алғанда ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік жасайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде экономикадағы ақша ұсынысын икемді реттеу бойынша шаралар қабылдайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық мөлшерлемелер дәлізі өзгертіледі. Оның шегі тұрақты тетік операциялары бойынша мөлшерлемелерге сәйкес келеді (төменгі шегі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттері, жоғары шегі – тұрақты қолжетімді қарыздар).

Пайыздық саясатты жүргізу кезінде жол берілген ауытқулар шегі бар базалық мөлшерлеме 7 күндік мерзімі бар операциялар негізінде есептеледі.

Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігі шеңберінде жаңа операциялар мен құралдарды енгізу өтімділікті басқару мен реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Экономикадағы ақша ұсынысының көлемі экономиканың өсіміне сәйкес келетін деңгейде сақталатын болады. Оның тұрақты жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығындағы ахуал қадағаланатын болады.

Валюта саясаты Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді ұстап тұруға бағытталатын болады. Сонымен қатар бағамдық саясат ішкі экономиканы дамытудың іргетасын қалай отырып, әлемдік бағалардың, сыртқы сауда жағдайларының өзгеруіне тиісті түрде ден қоятын болады.

Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін дамыту және пайыздық мөлшерлемелердің реттеушілік рөлін арттыру шамасына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі валюта нарығына қатысуы қысқаратын болады.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін банктердің несие портфелінің сапасын жақсартуға және оларды нашар кредиттерден «тазартуға» бағытталған шараларды іске асыру жалғасын табады. Жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген кредиттерді, сондай-ақ жеке тұлғаларға берілген кредиттерді қоса алғанда, жұмыс істемейтін активтердің барынша кең тізбесін беру арқылы өз активтерін сауықтыру үшін банктер күмәнді активтерді басқарушы еншілес ұйымдарды құрады. Банктер теңгерімін тазарту опцияларының бірі ретінде үмітсіз берешекті кешіру тәртібін жеңілдететін арнайы тетік енгізу жалғасады.

Банктердің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін қарыздардың үлесіне 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 20%-дан аспайтын және 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 15%-дан аспайтын шекті мәндер енгізіледі.

Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы нарықтың барлық сегменттеріне мониторинг жүргізетін және олардың ағымдағы жағдайын бағалайтын болады.

Ақша-кредит және валюта саясатының қандай да болмасын шараларын қолдану БЭК жұмыс істеуі шеңберінде болып жатқан интеграциялық процестерді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.


4.1.1.1 Инфляция деңгейін ұстап тұру

2014 – 2018 жылдары инфляциялық аяның ағымдағы деңгейде 6,0-8,0% дәлізінде сақталуы күтілуде.

Инфляцияның негізгі тәуекелдері ретінде шикізат пен азық-түліктің әлемдік нарықтарындағы тұрақсыздық, іскерлік белсенділіктің тұрақты өсуі, ішкі бәсекелестіктің жеткіліксіз даму деңгейі және тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарында монополияланудың жоғары деңгейі, бірқатар өңірлерде сауда инфрақұрылымының әлсіз дамуы сияқты факторлар болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляцияның монетарлық құрамдауыш бөлігінің оңтайлы деңгейде болуына және қосымша инфляциялық қысым көрсетпеуіне тырысады.

Инфляцияның өсуіне жол бермеу және оны жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін кеден-тарифтік реттеудің тетіктерін қолдану жалғасады. Осылайша, мұнай өнімдерінің ішкі нарығында жетіспеушілікті болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан жеңіл дистиляттарды, керосиндер мен газойльдерді шығаруға уақытша тыйым салынды.

Табиғи монополия субъектілері тарифінің өсуі реттелетін қызметтер тарифтерінің инфляцияға шекті үлесімен шектеледі.

Республиканың ішкі нарығын толықтыру және мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне арналған бағаларды тұрақтандыру мақсатында облыстар және Астана, Алматы қалалары бойынша мұнай өнімдерін жеткізу кестесін бекіту жалғасады, бензин мен дизель отынына шекті жол берілетін баға ай сайын белгіленеді.

Азық-түлік нарығындағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу нарық тетіктерін қолдана отырып азық-түлік нарығын реттеу бойынша шаралар кешені шеңберінде жүзеге асырылады. Бағалардың алыпсатарлық және негізсіз өсуіне жол бермеу және маусымдық ауытқуларды реттеу мақсатында азық-түлік нарығын реттеу үшін құрылған өңірлік азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану жұмысы жалғасады.

Ішкі нарықты толтыру үшін ірі коммуналдық сауда-логистикалық хабтар құрылады.

Бастапқы міндет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толтыру болып табылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары және олардың шекті жол берілген бөлшек бағаларының мөлшері одан әрі бөлшек бағаның шекті мәнін белгілеу тетігіне сәйкес белгіленетін болады.


4.1.2 Квазимемлекеттік сепкторды ескере отырып, мемлекет міндеттемелерін басқару саясаты

Республикалық бюджеттік бағдарламаларды уақтылы қаржыландыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде қарыз алу жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік қарыз алу мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және қарыз шарттарын жасасу жолымен ішкі және сыртқы нарықта жүзеге асырылады.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жолымен ішкі қарыз алуды жүзеге асыра отырып, отандық қор нарығын дамыту жөніндегі міндеттерді шешеді.

Экономиканың басым салаларының жобасын қаржыландыру үшін сыртқы халықаралық инвестицияларды, қаржы ұйымдарының, шетелдік мемлекеттердің, шетелдік коммерциялық банктердің және фирмалардың инвестицияларының қарызы арқылы жүзеге асырылады.

Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қарыз туралы халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялайды.

Валюталық тәуекелдерді азайту мақсатында мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінің үлесін азайту бойынша саясат жүргізілетін болады.

Өз кезегінде, елдің ішкі нарығында мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару көлемі елеулі ұлғайтылатын болады.

Жалпы, үкіметтік борыш мөлшерінің аса өсуіне жол бермеу үшін Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы заңның шеңберінде ішкі және сыртқы қарызды тарту кезінде қарыз алудың шегі сақталатын болады.

2020 жылға қарай мыналарға шектеу қоюды көздейтін Мемлекеттік және жалпы ішкі борышты басқару жөніндегі тұжырымдамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады:

- ЖІӨ-ге 13,9% аспайтын мемлекеттік борыш;

- ЖІӨ-ге 13,7% аспайтын Үкімет борышы;

- ЖІӨ-ге 22% аспайтын мемлекеттік борыштың және квазимемлекеттік сектор борыштың жиынтығы.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің белгіленген сомадан артық қарыз алуы үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі міндетті келісу тетігін әзірлейтін болады.

Жалпы, мемлекетттің мiндеттемелерін басқару саясаты мемлекеттің борышын қауіпсіз деңгейде қолдауға бағытталатын болады.
4.1.3 Бюджет және салық саясатының негізгі басымдықтары

Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығымен бекітілген, орта мерзімді кезеңге арналған бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған байланысты, жаңа бюджет саясатының негізгі міндеттері:

- макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету;

- бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру;

- бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;

- фискалдық орталықсыздандыру;

- мұнай кірістерін шектеулі түрде пайдалану жолымен Ұлттық қорда қаражат жинақтауды жалғастыру;

- бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс болады.

Экономикалық өсудің одан әрі қамтамасыз ету мақсатында экономиканы контрциклдік реттеу шаралары сонымен қатар фискалдық ынталандыру жалғастырылады. Мемлекеттік шығыстардың есебінен жиынтық сұраныс пен инвестициялық белсенділікті қолдауды қамтамасыз ететін деңгейде сақталатын болады.

Макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасымен белгіленген фискалдық шектеулердің тапшылығы негізінде қалыптастырылатын болады.

2020 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 1,4 % дейін төмендету мақсатында 2014 жылғы 2,4 %-дан, 2016 жылы 1,9 % дейін төмендету жоспарланып отыр.

Бюджет тапшылығының параметрі үкіметтік борыштың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.

Бюджет тапшылығы үкіметтің қарыз алуымен, негізінен ішкі нарықта қаржыландырылатын болады.

Дамудың сыртқы қолайлы жағдайлары сақталған кезде бюджет тапшылығын төмендету жоспарланып отыр, ол үкіметтің қарыз алуымен негізінен ішкі нарықта қаржыландырылатын болады.

Үкіметтің қарыз алу саясаты Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген шектеулерге сәйкес онымен Ұлттық қордағы жинақтардың орнын ауыстыруға жол бермеуге сүйене отырып, жүргізілетін болады, атап айтқанда:

үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың 4,5 % деңгейіндегі жыл сайынғы шартты тіркелген инвестициялық кірісінен аспауы тиіс;

үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және өтеуге арналған шығыстар орта есеппен он жылдық кезең ішінде Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, бюджетке түсетін түсімдердің 15%-дан аспауы тиіс.

Болашақ ұрпақ үшін жинақтарды ұлғайту және бюджеттің мұнай кірісіне тәуелділігін төмендету мақсатында бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертті шектеу жолымен Ұлттық қорда қаржы ресурстарын жинақтау саясаты жалғасатын болады.

Ұлттық қор қаражаты мұнайдан түскен кірістерді үнемдеуді қамтамасыз ететін шектеулі көлемде пайдаланылатын болады.

Бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты:

- мұнай тапшылығын 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге 2,8% дейін төмендетуге;

- Ұлттық қор қаражатын кейіннен, ағымдағы шығыстарды қаржыландыруға пайдалануды қысқартуға бағытталатын болады.

Өңірлерді қаржылық қолдау олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық әлеуетін ұтымды кеңістікте ұйымдастыруға бағытталатын болады.

Әлемдік және қазақстандық экономикалардағы жағдай өзгерген кезде бюджет саясатын түзету бойынша жедел және икемді шаралар қабылданатын болады.

Салық саясаты шеңберінде мемлекеттің кірістерді қайта бөлу бойынша әділ құралы ретінде салықтардың әлеуметтік маңызы бар, ынталандырушы және фискалдық функциялары нығайтылатын болады.

Осыған байланысты, салық саясатының шаралары орта мерзімді кезеңде:

- экономиканың басым секторларын және инновацияларды ынталандыру мақсатында салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыруға;

- табыстан салық алу және жер пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі – АӨК) субъектілеріне салық салуды реформалауға;

- бизнестің әлеуметтік бағдарлануына қажетті қосымша салық ынталандыруларын енгізуге бағытталатын болады.

ЕЭК шеңберінде Қазақстанда неғұрлым қолайлы салық режимін қалыптастыру маңызды болып табылады, бұл капитал қозғалысына шектеу болмаған кезде экономиканың одан әрі өсуі үшін қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында акциздік саясатты жетілдіру және Қазақстанның алдағы ДСҰ кіру, ЕЭК жағдайында Қазақстан Республикасының салық заңнамасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру жөніндегі бекітілген, жеті жылға есептелген іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру көзделген.
4.1.4 Бюджетаралық қатынастар

Бюджетаралық қатынастар саясаты азаматтарға олардың тұрғылықты орындарына қарамастан Конституция және заңнамамен кепілдендірілген мемлекеттік қызметтер ұсынудың сапасы мен жалпы қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге әкімдердің экономикалық ынтасын күшейту мақсатында бюджетаралық қатынастарды одан әрі жетілдіру шеңберінде бюджетаралық трансферттер жүйесі жетілдіріледі.

Жергілікті бюджет шығыстарының базасына бұрын республикалық бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар қосылатын болады.

Бұдан басқа, өткен үш жылдық кезеңде әкімдер жұмысының рейтінгілік бағаларына сүйене отырып, субвенциялардың көлемін ұлғайтатын немесе алып қоюларды азайтатын коэффициентті жергілікті бюджет шығындарының есебіне қосу арқылы жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесі жетілдірілетін болады. Бұл ретте, негізгі көрсеткіш ретінде өңірдің салықтық базасын ұлғайту және тұрақты жұмыс орындарын құру айқындалатын болады.

Сондай-ақ, бюджеттік субвенциялар мен алып қоюларды есептеу кезінде өңірлердің даму бюджетінің көлемін ұлғайту жоспарлануда. Бұл әкімдерге аумақтық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражатты жұмсаудың басымдықтарын дербес айқындауға мүмкіндік береді.

Жергілікті атқарушы органдардың қаржылық дербестігін жауапкершілігін және жұмыс тиімділігін кеңейту мақсатында Бюджет кодексіне:

- әлеуметтік маңызы бар қызметтерді қаржыландырудың, ең төменгі көлемін енгізу осы деңгейден төмен қаржыландыру болмауға тиіс;

- жоғары тұрған бюджетке қаржы жылының қорытындылары бойынша толық қаржыландырмаған әлеуметтік маңызы бар қызметтердің сомасын қайтару;

- әлеуметтік маңызы бар қызметтерді белгіленген көлемнен төмен қаржыландырған жағдайда, жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілікті бекітуді көздейтін толықтырулар еңгізу жоспарлануда.

Осы жетілдірілген Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесі негізінде 2014 – 2016 жылдарға арналған ресми Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заң жобасы әзірленетін болады.


4.2 Әртараптандыру негізінде экономиканы жаңғырту
Тұрақты экономикалық өсуді жоспарланған деңгейде қамтамасыз ету және жеделдетілген экономикалық жаңғырту ҮИИДМБ-ні іске асыру арқылы жалғасатын болады.

ҮИИДМБ-нің бірінші бесжылдығы (2015 жылға дейін) Қазақстанның табысты индустрияландырылуы және кейіннен индустриядан кейiнгi қоғамға өтуі үшін Қазақстанда қажетті өндірістік және инфрақұрылымдық базаны қалыптастырады.

Одан әрі құрылымдық әртараптандыру және инновациялық дамыту мақсатында жаңа ҮИИДМБ әзірленетін болады (2020 жылға дейін).

2015 – 2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші кезеңін іске асыру үшін «бастама нүктесін» қалыптастыру мақсатында:

- алғашқы үш жыл ішінде бағдарламаны іске асыру нәтижелеріне және 2013 – 2014 жылдарға арналған жетістіктердің консервативті болжамдарына негізделген, бірінші бесжылдыққа (2010 – 2014 жылдар) белгіленген басымдықтар мен мақсаттар жетістіктеріне;

- 2010 – 2014 жылдары ҮИИДМБ шеңберінде экономика салаларын дамытуды қолдаудың (құралдарының, әдістерінің) түйінді шараларының тиімділігі мен тұтастығына жүйелі талдау жүргізіледі.

Индустрияландырудың екінші кезеңі шеңберінде Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандырудың одан арғы саясаты бойынша ұсынымдар әзірленеді.

Кейінгі бесжылдықта ел экономикасын дамытудың негізгі бағыты Қазақстанда байырғы өндірістік революцияны қамтамасыз ететін экономиканың инновациялық жаңғыруы болуы тиіс.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында басымдық ретінде IT-технологиялар, биотехнологиялар салалары мен Назарбаев Университетінің ғылыми басымдықтары айқындалатын болады.

Өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру және инновациялық және энергиялық тиімді технологиялар өндіру үшін ҮИИДМБ-нің екінші кезеңі бағыттарының бірі энергия тиімділігін арттыру және эмиссия шығарындыларын азайту, сондай-ақ жасыл экономикаға көшу үшін қажетті өнімдер өндіру мақсатында ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту болып табылады.

Индустриялық-инновациялық даму шеңберінде Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданады.

Тұжырымдама экономиканы жаңғыртудың кешенді және интеграцияланған тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Қазақстанның Орталық Азия аумағындағы «жасыл» жаңғыртылуға стратегиялық бағыт алған алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасуы үшін база жасалады, бұл мемлекетіміздің имиджін нығайтады.

Сондай-ақ 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөнінде тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеу бойынша жұмыстар басталды.

Тұжырымдама әзірлеу негізгі екі бағытты – Тұжырымдама жобасына негізгі тәсілдерді диагностикалау мен әзірлеуді және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 еліне кіру бойынша стратегиялық басымдықтарды егжей-тегжейлі пысықтауды қамтиды.

2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің тізіміне кіру үшін экономиканың барлық секторларында, бір мезгілде негізгі өндіріс салаларын, шағын және орта бизнес пен қызмет көрсетулер саласын дамыта отырып, адами капиталды инвестициялай отырып, елдің жаһандық интеграциясын, бұл ретте халықтың мәдени дәсүрлерін сақтай және дамыта отырып, қамтамасыз етумен, өнімділікті арттыруға бар күш-жігерді шоғырландыру қажет.
4.2.1 Экономика салаларын дамыту

Тау-кен металлургия өнеркәсібі саясатының басты мақсаты шикізатты ел ішінде барынша қайта өңдеу, базалық металдарға шығу және машина жасау, құрылыс индустриясы сияқты өзге де өнеркәсіп салаларын дамытуды қамтамасыз ететін қайта бөлінісі жоғары өнімдерді өндіру болады.

Қойылған мақсатты іске асыру Қазақстан Республикасында тау-кен металлургиясы саласын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаның (бұдан әрі – Бағдарлама) аяқталу кезеңі шеңберінде:

бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, номенклатураны кеңейту және шағын және орта бизнесті тартумен қосылған құны жоғары терең өңдеуден өткен өнімнің үлесін ұлғайту;

ресурс- және энергия сыйымдылығын төмендету, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында саладағы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жаңғырту;

шикізатты кешенді қайта өңдеу және бөліп алу технологиялары бойынша инновацияларды дамыту, өнімнің жаңа түрлерін әзірлеу және инновациялық процестерге саланың ғылыми-техникалық әлеуетін белсенді тарту;

салалық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және минералды-шикізат базасын молықтыруды кеңейту және қамтамасыз ету;

саланы, оның ішінде орта техникалық буынды білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету;

ішкі нарықта металлургиялық өнеркәсіп шикізаты мен өнімін жылжытуға жәрдемдесу;

сала кәсіпорындарының қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету арқылы жүзеге асырылатын болады.

Мыс қорыту және электролиз зауыттарын, «Юбилейное» кен орнында құрамында алтын бар кенді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасын және кен ошағын салу, «Сырымбет» кен орнын игеру, Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту комбинаттарын салу, «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына жылына 6 млн. тоннаға дейін болат өндіруді ұлғайту, жүйе құраушы сала кәсіпорындарын жаңғырту сияқты жобаларды іске асыру көзделген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет