Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем, керексе, -
...Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің,
Қақпасын келіп қақпасын! -
деп тебіренген Мұқағалидың азаматтық көңіл-күйі, жүрек лүпілі осылай соғады, егер де өзінен кейін жер бетінде жауыздық пен жамандықтар жойылатын болса, оның сол жолға жанын қиятынына еш күмән келтіруге болмайды.
Бірінші екі өлең жолында ақын "ойым бар менің" сөйлемін қайталап, лексикалық анафора жасайды. Екінші шумақта автор "жамандық, жауыздық, арамдық" деген абстракт мағыналы зат есімдерді қолданады. Сондай-ақ "жауыздық, жамандық, арамдық" сияқты қабаттаса келген синонимдер плеонастық қабаттарды жасайды. "Плеоназм — синонимдік ұғымдар жиынымен берілген сөйлеу айшығы". [20,276] Мұнда негізгі доминант (тірек) сөзі -жамандық.
Жоғарыдағы берілген өлең - аттамалы ұйқаспен жазылған. Шумақ 6 жолдан тұрады, тек жұп жолдары ұйқасып отырады. Мұнда "жауыздықтардың, жамаңдықтардың барлығын" секілді 13 буынды өлең жолы ерекше көз тартады. Бірақ өлеңді оқығанда бұл көрінбейді. Себебі бірінші жол "ң" дыбысына аяқталғандықтан, "ң" мен "н" дыбыстары ұйқасып, бір-бірімен үйлесім табады.
Туған жер, Отан, ел, қазақ даласы тақырыбы әрбір ақын жырларына арқау болған. "Отан" деген сөз әуелде көшпелі өмір сүрген ата-бабамыздың от жағып, тіршілік еткен ұясы деген ұғымнан шықса керек. Қазақ жұртында: "Ер туған жерінде, ит тойған жерде" деген мақал бар. Әр адамның туған жері - бәрінен қымбат. Өйткені ол сол жердің топырағында өсіп, суын ішіп, ауасымен тьныстады, табиғатымен біте қайнасып, адам болып қалыптасты. Сондықтан да, әрбір адам туған жерін қорғайды, аялайды, қастерлейді.
М.Мақатаевтың анафора мен эпифора кездесетін туған жер, Отан такырыбына байланысты өлеңдері: "Туған жер тудырған ой", "Қарасаз", "Жер", "Отан", "Отаным", "Ақынның ауылы", "Қазақ жері", "Туған жерге", "Жетісу", "Туған жер сағындырды, келді есіме", "Сүйемін, өскен Отаным", "Отан туралы", "Әнеки менің Отаным", "Дөңгелек жер".
Мұқағали — "елі үшін туыл, елі үшін өлген" ақын. Оның туған жеріне деген шексіз махаббаты, ыстық сезімі қай өлеңінде болмасын, кең көрініс тапты. Мысалы, "Сүйемін, өскен Отаным" өлеңіндегі синонимдік анафораға көз жүгіртейік:
Сүйемін мен жерімнің
Топырағын, тасын да.
Сүйемін думанды елімнің,
Кәрісін және жасын да
...Сүйемін, өскен Отаным,
Жылысып өткен жылынды. Қарыздармын сондықтан Берермін талай жырымды.
"Отан", "ел", "жер" - мағыналық синонимдер. Бұл өлеңде "сүйемін" деген күшейткіштік қайталамана қолдану арқылы Мұқағали Отанға, туған жерге сүйіспеншілігін, махаббатын білдіреді, автор ішкі сезімдерін күшейтіп отырады, стильдік бояуды айқындай түседі. "Жерімнің, елімнің" ұйқасы тәуелдік жалғауының "ім" және ілік септігінің "нің" жалғауларына аяқталу арқылы, үйлесіп отырады. "Жерімнің", "елімнің" сөздерінің сөз әуенінде, құрылысында әуендік жақындық бар. Бұл жерде әуендік анафора тәсілі қолданылған. Ал мына өлеңде:
Таныс өлке, Таныс аймақ, Таныс маң:
Аноу жерде құрбылармен алысқам,
Аноу жерде құрбыжанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
/Туған жерге/
Бұл мүдіріссіз оқылатын жолдар жеңіл ұйқасқа құрылғанымен, өлеңде "жөнделмеген" ауызекі тіл немесе ауыз әдебиеті емес, жазба дәстүр, тіпті, өзінше бейнеленген - сурет бар. Қарапайым болғанымен, құнарлы поэзия. Неге? Мұқағалидың жанымен, болмысымен үйлесетін қоңыр әуезді әндей ұлттық тіл үйлесімі табылған. Әлгі жолдардан жаның жаңарып, қажетті қанардан нәр алғандай, тынығады. Ұлттық өнер миссиясының мән-мағынасы осы. "Өлке, аймақ, маң, жер" мағыналық синонимдерін қолдану арқылы өлеңнің мазмұнын толығырақ аша түседі. "Таныс"сөзі мен "аноу жерде" сөз тіркесі лексикалық анафораға айналған.
Осы жолдарда туған жердің сұлу көрінісін жанды суреттермен "Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан, Таулар әне, ұйықтап кеткен .данышпан"деп төбесінде мәңгі қар жатқан алып та, асқар шыңдары бар Алатауды ұйықтап кеткен данышпанға, ойшыл қарияға теңеп, шексіз сезіммен табиғаттың өз бояуын дәлдікпен тауып, әрі ақындық пафоста сол мекенді шынайы образды сөздермен бейнелеп, оқырманын ойлантарлық мағыналы жырға қосқан. Осындағы бірнеше сөздерді қайта-қайта қолдану арқылы оның ұйқастарын үдете неше түрге құбылтып шеберлікпен пайдаланған. Ол сөздер өлеңге лайықты түр берумен бірге мән-мағынасын
күшейтіп тұрғаны байқалады. Расында, әрбір сөзге лексикалық мағына жүктеп, ол сөзді көп қолданып, терең мазмұн беру Мұқағали лирикасына тән қасиет. Осы өлеңде туған жерді, табиғатты суреттеумен бірге оған деген сағынышты ынтық сезім де бар. Ақын осы сезімімен ой өрбітіп туған жерін лирикалық қаһарманына жанындай сүйгізеді. Бірақ бұл жерде сүйемін деген сөз айтылмайды, ол тек нәзік сезім мен терең ойдың астарында жатыр. Мұндай шешімі көп лирикалар Мұқағали туындыларында көптеп кездеседі. Бұл айтылған ерекшеліктер - үлкен талант, дарқан дарынға бітетін поэтикалық шеберлік.
Ырғақ, интонациялық шумақ-буын өлшемі жағынан жоғарыдағы Мұқағали өлендерінен бұра тартпайды. Бұл жолы ол әсемдікті сезінуі жағынан тікелей әлгі стилъді пайдаланады. Табиғаттың әсем көрінісін, яғни, пейзаждық құбылысты беруде ақын санаға сіңісті болған суреттеу тәсілінен бойын аулақ ұстап отыр. Суретті сезім күйінде беруге тырысады. Сөйтіп барып бұл жерде де ол ерекшеленеді. Хабарлы ғана ойды білдіретін сөйлемдер эстетика мұратын өтей алатыны сөзсіз. Сөз жоқ, мұның бәрі ізденіс жемісі.
Білмедім, құмармын ба, ғашықпын ба,
Білмеймін, ынжықпын ба, жасықпын ба.
Білмей жүріп қырықтан бір-ақ шықтым,
Болуға бәріне аға асықтым ба?
Осындағы құмармын - ғашықпын, ынжықпын — жасықпын деген параллель синонимдер көп ойды жеткізеді. Жіктелген формадағы синонимдік қатарлардың алғашқы сыңарынан екінші сыңарының мағынасы басым. Құмармыннан ғашықпынның, ынжықпыннан жасықпынның қолданылу аясы кең әрі әсерлі. Бұл стильдік синонимдер адамның бір қасиетіне байланысты айтылады. Ойды үстемелету үшін "ба" шылауының қызметі ерекшеленіп көрініп тұр. Сондай-ақ "білмедім, білмеймін, білмей жүріп" сияқты лексикалық анафоралар өлеңнің саздылығын, әуезділігін арттырып, айрықша көркемдік сипат береді. Шумақтың "төртінші жолы дыбыстық аллитерацияға құрылған.
Ақынның өлеңдеріндегі синонимдердің аталған қызметтерін негізге алсақ, олардың аса мол, ұтымды қолданғандығын байқау қиын емес. Өлең тіліндегі синонимдердің стильдік мәні, қызметі өте күшті. Өлең тілі синонимдерге неғұрлым бай болса және олар ойды жеткізуде өз орнында қызметін мүлтіксіз атқарып тұрса, өлең шынайы, бейнелі болады. Проф. Б.Шалабай синонимдердің қайталануы туралы: "Шығарма тіліндегі экспрессивтік пен баяндау дәлдігі синонимдер арқьшы жүзеге асады. Синонимдердің қайталанулары сөйлеу бөлшегіне қосымша, ырғақты тұтастық, интонациялық екпін, сазды әуен береді", - деп айтқан.[6,83]
Жоғарыда айтқанымыздай, кейде қаламгер бір сөзді бірнеше рет қайталап, сөйлеу тілі стиліне көлеңке түсірмес үшін сол сөздің синонимін пайдаланады. Мысалы, "Мен сендерді іздеймін" өлеңінде: майдандас, қарулас, дос, бауырлас, құрбылас сияқты сөздердің бәрі де "ардагер" сөзінің орнына қолданылған.
Қайран достарым менің!
Майдандастарым менің!
Жеңіспенен оралған бауырларым,
Сағынамын сендерді, сағынамын.
Бауырластарым менің!
Қаруластарым менің!
Қай жерлерде жүрсіндер, майдаңдастар?
Тағдырларың не болды, қайран достар?!
Бұл шумақта қатар тізбектелген мағыналық, персондық синонимдік қатар берілген. Синонимдердің бір сөз табынан болатынын ескерсек, бұлардың бәрі түбір зат есім синонимдер. Мұнда негізгі доминант сөз — дос.
Синонимдердің қайталануы арқылы ақын өлеңнің эмоционалдық реңктерін күшейтеді және майдандық достықтың мәңгі, өшпес жалынын жоғарлатады. Автор өзінің майдандастарын, әскери ерліктерін еске алып, ескі достарымен кездескісі келеді.
Кейде өлеңнің әсерін күшейту, стильдік бояуын айқындау үшін Мұқағали синонимі өлең жолында екі-үш рет қайталанады. Мысалы, "Көгершін маршы" өлеңінде автор көгершін және кептер мағыналық синонимдерін екі өлең жолында қайталау арқылы эпифора тәсілін жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |