Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора мен эпифора



бет22/24
Дата19.12.2022
өлшемі279.01 Kb.
#467466
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора ме-dereksiz.org

Азаматы біз едік.

Тұлпарлардан, тұрғылардан,

Қалған бір-бір із едік.
....Момын жұрттың арқа сүйер,
Азаматы біз едік.

"Арқа сүйер" — етістік тұлғалы болжалдық келер шақта тұрған фразеологиялық бірлік. "Арқа сүйеу (түту)" — "пана, қорғанысқа ие болу, ештеңеден қорықпау" деген мағынаны аңғартады. Осыған орай, "Сүйеушісі бар болса, сүйек жұтса да, қақалмайды" дейді қазақ халқы.[27,26]

Фразеологиялық бірліктің негізгі қасиеті бейнелілік болып саналады. Фразеологиялық бірлік өзімен омонимдес еркін сөз тіркесінен бір бүтін бейнелі мағынаны білдіру қасиеті жағынан ажыратылады. Мұнда "арқа сүйеу" сөз тіркесі бейнелі мағынада фразеологиялық бірлік ретінде ұғынылса, тура мағынада еркін сөз тіркесі ретінде ұғынылады.

Ал келесі мысалдарда "барса келмес" деген екі етістіктен жасалған етістік мағыналы фразеологизм қайталанады.

...Қапелімде ой айдап, қиял қуып,

Барса келмес сапарға. араластым.

Барса келмес сапарға араластым,

Еңді артыма бұрылып қарамаспын.

/Жырлар жазам/ Жасыра алмай, тіл қаттым.

Барса келмес сапарында, түсім қашып

түн қатгым.

/Мейірім бер, қымбаттым/

Мұндағы "барса" — шартты райдың, ал "келмес" — болжалды келер шақтың үшінші жағында тұрған етістіктер. "Барса келмес" фразеологизмнің мәні — "қайта оралмау, құрып кету". Осы фразеологизмнен жасалған анафора өлең мазмұнын дәлірек ашады, оқырманды қызықтыра түседі. Екінші өлеңде автор "тіл қату", "түн қату" сияқты фразеологизмдерді шебер қолданған. "Тіл қату" -"әңгімелесу, сөйлесу, тілдесу", "түн қату" — "түні бойы ұйықтамау" деген мағыналарды біддіреді.

М.Мақатаев өлеңдеріндегі тұрақты сөз тіркестері ой дәлдігімен, ықшамдылығымен, бейнелілігімен ерекшеленеді. Қазақ тіліндегі фразеологизмдерде халықтың сан алуан өмір құбылыстары қамтылған. Мұқағали сөздің шұрайын келтіру үшін фразеологизмдерді орайын тауып, фразеологиялық анафора мен эпифора тәсілдерін жасап, дәл пайдаланып отырған. Ақынның жырларында "бас ию", "бас айналу", "қолынан келу", "бас ұру", қол ұшу" секілді кейіпкерлердің мінезін ашатын, іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, өмірге көзқарасын, наным-сенімін суреттейтін фразеологизмдер жиі қайталанады.
"Асығу керек" деп аталатын өленде автор өлеңнің көркемдік бейнесін арттыру үшін, өзінің айтайын деген ойын дәл жеткізу үшін фразеологиялық анафораны қолданған.
Қолымнан келсе,
Қыста егін салуға әзірмін,
Келуін күтпей көктемнің.
Қолымнан келсе,
Уақыт деген өлшемді,
Жоқ қылып мүлде көрсем бір.
Қолымнан келсе,
Ойымның жылдамдығындай,
Жарықтың дағы тездігін тежеп,
Жеңсем бір.
Осы өлеңде ақын кейіпкердің болмысын, пейілін суреттегенде қажырлылық, еңбексүйгіштік, сабырлылық, менменсінушілік, қырсықтық сияқты қасиеттерді аша түсіп, дәріптейді.

"Қолынан келу" фразеологизмі "істі істей алу, жақсы орындау, істі істеуге шамасы жету" мағынасында қолданылған. Сұлу суретті сөздер арқылы ұстамды, өзіне-өзі сенген, табанды адам бейнесін көрсеткен. Ақын осындай жағымды бейнеден үлгі алуға үндеп отырады.



Фразеологиялық қайталамалардың біреудің белгілі бір көңіл-күйін, сезімдерін білдіру мақсатында да мәнерлегіш-көркемдік бояуы айшықты келеді. Мысалы:
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын...
немесе: Күншығыстан алаулап таң атарда,
Қасиеттеп қараймын жан Отанға.
Сәлем берем бас иіп Жетісуға,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.
Сәлем берем, Сәлем берем,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.

Шумақтың екеуінде де "бас ию" деген фразеологиялық бірлік "құрмет, сый-сыяпат, ризашылық, алғыс білдіру" мағынасында қолданылған. Фразеологизмдердің қайталануы арқылы автордың ойына ерекше өң, мәнерлілік беріледі.

Бірінші шумақта Мұқағали болашақ дәрігерге алғыс, тілек білдірсе, екінші шумақта оның Отанға, туған жерге деген құштарлығын, махаббатын көркем түрде сездіріп, оқырманын тәнті етеді. Бұларды оқи отырып жаныңа рухани азық, эстетикалық, тәрбиелік әсер алып, ақынның жыр дүлділі екеніне сүйсінесің, әрі таңданасың да.

Көркем туындыдағы сезімге әсер туғызатын айшықты сөздердің қай-қайсысы да өлеңнің жалпы экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді, күшті сезім туғызады. Ұғымды дәлме-дәл, жан-жақты бейнелеп жеткізуде фразеологизмдердің ұтымдылығы басым. Фразеологизмдердің осындай мүмкіншіліктерін ақын өз жырында кейіпкерлердің психологаялық күйініш-сүйініштерін, ой әсерлерін, рухани жан дүниесін нақты да нәзік бейнелеуге таңдап, талғап жұмсайды. Мысалы:


Уақытты тоқтатар шамаң бар ма,
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді
Өтпейтіндей көретін адамдарға.
...Менің жаным ашиды барлығына:
Таң нұрына, адамның тағдырына.
Менің жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге өткендерге...
/Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан/
Татамын деп сортанды,
Бас айналды, қол талды.
...Ойға келер түсті арман,
Бас айналып, іш жанған.
Сенен көрдім, қайтейін,
Көрмегенді дұшпаннан.
/Татамын деп сортанды/

Жоғарыдағы мысалдарда автор фразеологизмдерді қолдана отырып, кейіпкерлердің жан дүниесін, теренде жатқан нәзік сезімін суреттей алған. Алғашқы мысалда "жаны ашу" фразеологиялық анафорасы арқылы автордың өмірге, зымырап өтіп бара жатқан уақытқа, адам тағдырына жаны ашитындығы, қиналатындығы көрсетілген. Екінші "бас айналу" фразеологизмі арқылы кейіпкердің досына өкпе-реніші, жабырқауы суреттелген.



Фразеологиялық қайталамалар кейіпкерлердің психологаялық сәттегі сезімдерін, эмоциясын күшейтеді, көркем бейнені әсерлі де мәнерлі жеткізеді.

Мұқағалида осылар тәрізді экспрессивтік күші бар фразеологиялық қайталамалардың әрқайсысы бір-бір бейне. Экспрессиясы күшті өте бейнелі фразеологизмдер ақынды өзгелерден ерекшелеп, талантының тағы бір қырын танытады.


Мүң басқанда,
Не жетсін сырды ашқанға,
Келейінші бір барып сырлас жанға.
...Сырласқанға не жетсін мұң басқанда,
Сырласатын менімен сырлас бар ма?!
/Мұң басқанда/
Сен қайтесің жанымды мұң басқанда?
Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда?
...Сен нетесің сондай бір сәттерерде?
Мұңның шаңы іліксе пәк көңілге?
/Сен қайтесің/

Ақында: мұңның шаңы, мұң басу (қайғыру) секілді логикалық сәйкессіздікті танытатын соны перифраз тіркестер бар. Бұл фразеологизмдердің әрқайсысы өте әсерлі бейне жасап, ақынның айтпақ ойын, идеясын дәл көрсетіп тұр.

Фразеологизмдер құрылымы жағынан үстеу мағыналы да болады. Олар іс-әрекеттің, қимылдың, заттың сынының түрлі белгілерін білдіреді. Бірақ Мұқағали өлеңдеріндегі мұндай фразеологизмдер сирек кездеседі.

Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым,

Ұстай алмадым,

Өткізіп қойып уақытын.

...Тұратын еді,



Қол созым жерде, қарға адым.

"Қарға адым жер" немесе "қол созым жер" фразеологиялық тізбектері "жақын жер, алыс емес" мағынасында қолданылған. "Фразеологиялық оралымның бұл түрі ерікті мағынадағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздің тіркесінең жасалып, өзінің даяр қалпында, тіркескен күйінде жұмсалады". [22,175] Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынадағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы, "қол созым жер, қарға адым жер" деген фразеологиялық тізбектің құрамындағы "жер" деген сөз әр түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалса (мысалы: алыс жер, жақын жер, үлкен жер, кішкене жер), фразеологиялық байлаулы мағынадағы "қол созым жер, қарға адым жер" сөздері "жер" сөзімен ғана тіркеседі. Сонымен қатар мұнда фразеологиялық анафораның эмоционалды бояуын арттырып, суреттелетін затты әсерлі түрде бейнелейтіні айқын сезіледі.


Сөйтіп қазақтың әдеби тіліндегі әсірелеу, көркемдеу тәсілінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны да, ішкі мазмұны да, грамматикалық құрылысы да ерекше. Тұрақты сөз тіркестері авторлық ойға айрықша әр, мәнерлілік береді. Фразеологизмдер -өлең тілін жандандыратын, астарлай бейнелеп суреттеудің тілдегі ең қажетті құралдарының бірі. Бұлар — халық даналығына суарылған бейнелі ойлау тіл үлгісі. М.Мақатаев осы ұстанымға сүйене отырып, фразеологизмдерді барынша пайдалануға тырысқан.

Мұқағали өз өлеңдерінде жалпы халықтық /садаға кету/, экспрессивтік / мұңның шаңы, мұң басу/, бейтарап /қан сонар/ және контекстік фразеологизмдерден /жаны ашу, қолынан келу/ анафоралық және эпифоралық қайталама түрлерін жасап отырады.


Ақынның жырларында фразеологизмдердің түрлеріне қарай фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тұтастықтар, фразеологиялық тіркестер қайталанады, ал тұрақты сөз тіркестері құрылымы жағынан есім мағыналы /еркекшора, қан сонар, тас жүрек/, етістік мағыналы /арқа сүйеу, барса келмес, жаны ашу, бас ию/, үстеу мағыналы /қарға адым жер, қол созым жер/ болып кездеседі.

Қорыта айтқанда, автор поэтикалық туындыларында фразеологиялық анафора мен эпифораларын ұтымды, орынды қолдану арқылы кейіпкерлердің бейнесін, мінезін толық аша түседі және рухани жан дүниесін, психологиялық сезімдерін дәлірек суреттейді, өлең тілінің экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет