Күншуағым!
/Күншуағым/
Күншуақ - өтіп кеткен жастық шақ, адам өмірінің қайтып келмейтін бір кезеңі деген мағынада жұмсалған. Автор "күншуақ" сөзін лексикалық эпифораға айналдырып, ашық күндер туралы, өткен жастық шақ жайында естеліктерді сипаттайды.
Қандай бақыт!
Жарқырап күн тұрғаны.
Күн астында дүние құлпырғаны.
Күннің нұрын құшақтап, үлестіріп,
Бір ұрпаққа, бір ұрпақ ұмтылғаны.
"Күн" - қызу, жарық беретін планета үғымында. Күннің нұры — шашырап тұрған сәуле, яғни бүкіл тіршілікті қыздырып, жарқыратып тұрған планета. Автор "күн астында", "күннің нұры" сөз тіркестерін өлеңде стильдік қызмет атқаратын лексикалық анафораға айналдырады.
Қалт-құлт етіп, мейлі мен күн кешейін,
Күн кешейін, еліммен бірге өсейін.
"Күн кешті" - өмір сүрді, тіршілік етті мағынасында жұмсалып, екі жолда да қайталанып өлеңнің әсерін күшейтіп тұр.
Күміс жалды күн дейтін көлікпенен,
Көріп келем өмірді, көріп келем.
/Күміс жалды күн/
Ақын күн сөзін соны эпитет тіркеспен жұмсап, айтар ойының нәрін мәнерлей түседі. Күміс жалды күн — жаңа тіркес. Жал сөзі әдетте
атқа байланысты айтылатынын ескерсек, бұнда күн сөзімен тіркесіп әдемі үйлесім тапқан.
Қайдан білсін, келе алмай күйім бүгін,
Сансыратып кеткенін құйын-күнім.
/Қайдан білсін/
"Құйын-күн" — бұл жерде адамның көңіліндегі мазасыздықты білдіріп, құбылмалы, дауыл соққандай өтіп жатқан адам өмірін суреттейді.
Қош енді, қош боп күрең күн!
Күрең мұң саған жібердім.
/Күрең күз/
"Күрең күн" — адамның өмірінің бір кезеңіндегі жайсыздық, көңілсіздік мағынасында келтірілгендіктен, ақынның сондай мазасыз күнмен қоштасуын сеземіз.
Беу, менің есіл күндерім,
Білмедім есім кіргенін...
Қош енді, ескі күндерім!
Келе ғой, есті күндерім!!!
Осы шағын шумақта "күн" сөзін үстемелетіп жұмсап мағыналық сырын аша түседі. "Күн" — уақыт, мезгіл мағынасындағы лексикалық эпифораға айналған көп мағыналы сөз. Есіл, ескі, есті сын есімдері арқылы күн сөзінің қызметі айқын көрінген. Есіл күн — мәнсіз-мағынасыз өтіп жатқан уақыт, ескі күн - өмірдің бір кезеңі, есті күн — келер күннен үміт, жақсылық күту мағынасында жұмсалған сөз тіркестері.
Мұқағали өзінің лирикасында бір сөзді бірнеше рет қолдану арқылы өлеңнің эстетикалық-эмоциялық мәнерін, экспрессивтік бояуын әрлендіреді. Ақынның тағы бір "Өледі кімдер, туады кімдер" өлеңінде анафора мен эпифораның қолданылуын айқын көруге болады. Мысалы:
Өледі кімдер, туады кімдер,
Батады күндер, шығады кундер.
Семеді гүлдер, өседі гүлдер,
Келеді күндер, көшеді күндер.
Өмірде қымбат асылдар — күндер,
Өмірде қрілы ғасырлар — күндер.
Өмірге керек бақыттар — күндер,
Өткізген сәтті уақыттар — күндер.
Өмірдің мәңгі қосағы — күндер,
Өмірді мәңгі тосады күндер.
Күндер....
Кундер...
Мұнда Мұқағали Мақатаев "күндер", "өмір" сөздерін қайталау арқылы өлеңнің эмоционалдық қуатын күшейтеді, тындаушысын негізгі мақсатына жетелейді. Өмір қас-қағым сәт. Осы сәт қайта оралмайды. Әр жанға өлшеніп берілген өмір бар, сол өмірдің қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын ешкім де білмейді. Сондықтан ақын өмірдің әр күнін, әр сәтін жоғары бағалауға шақырады. Біз үшін негізгі мақсат - өмірдің мәні мен мағынасында!
Сөйтіп ақында күн сөзінің сан алуан стильдік астары бар. Мұқағали өлеңдеріндегі күрең күн, күміс жалды күн, құйын күн, ескі күн, есіл күн, есті күн, өткен күн, асыгып баратын күн, санаулы күн, ауыр күн, шуақты күн, жарық күн, сұлу күн, бозбала күн, бекер күн, және т.б. сөз тіркестері арқылы басынан өтіп жатқан толассыз, тоқтаусыз, қызық та қуанышты, кейде мұңды, азапты, қайғылы күндерді суреттеген. Күн — планета ретінде, күннің нұры, күннің жылуы, күннің қызуы, күннің сәулесі секілді жалпы тілдік қолданыстағы тіркестер де көп.
"Күн" сөзінің белгілі бір ұғымды білдіретін астарлы, көп мағыналы сөз екенін білдік, көбінде жаңа сөз жасалып қана қоймай түрленіп отырады. Жасалу формасы әр түрлі күн сөзі көпшілік өлеңдерінде қайталанады. Ақын күнге құштар. "Күн" атты бүкіл әлемді жылытатын, дүниені тірілтетін нұрлы алып планетадан жылылық, мейірімділік, тазалық күтеді.
Алдыңғы берілген күн сөзінің мысалдарымен қатар көп мағыналы жан зат есімінің бір өлеңдегі қайталануына көңіл аударып көрейік.
Қайдасың,
қайдасың, менің ерке жан серігім?
Жабырқау жандырсаңшы жан сенімін.
Қайдасың, тәтті қиял ой шумағы,
Бассаңшы қасіретін жан шерінің!
Мұнда "жан" сөзі 3 рет қайталанған. Жан сөзінің бірінші қолданыстағы ұғымы адам, дос, жан серігі тәріздес мағынада алынған да, екінші жан сөзі өзінің тура ұғымында жұмсалып тұр. Одан соңғы, яғни ең кейінгі жолдағы "жан шері" — көңіл, ақыл-ой, сана деген мәнді аңғартады, жаным жара, көңілім қаяу, уайымдымын, мұңдымын деген тәрізді мазмұнда айтылып тұр.
Жоғарыдағы бір шумақта үш рет қолданылған жан есімінің мағыналық сипаты әр түрлі, яғни стильдік қолданылуы жағынан өзара бір емес. Сөздің көп мағыналығы мен стилистиканың бір-біріне қатысы деген мәселе міне осы тұрғыда аңғарылады.
Кейде лексикалық қайталамалар өлеңнің мән-мағынасын, мазмұнын айқындауда басты рөл атқарады. Мысалы, төмендегі берілген өлеңнің "аңса жаным", "сағым, жаным", "жақсыдан жайлап ескен жан самалын" сөз формалары автордың негізгі ойын анықтайды, осы сөз тіркестерінің әрбір қайталануы авторлық әңгімелеудің нақты сатысын, дәрежесін көрсетеді. Мұндай лексикалық қайталаманы - сатылы (ступенчатый) қайталама деп атайды.
"Жан" — бұл жерде тірі адам мәнінде алынған. Бұл сөзді осылайша қайталап қолданудың нәтижесінде оның стильдік қызметі, мағыналық аясы кейде сәл өзгере түседі. Сөйтіп стильдік қолданылу ерекшелігіне қарай көп мағыналығы барынша айқын көрінеді. "Жаным" сөзі лексикалық эпифораға айналған.
Мен аңсаймын.
Сен-дағы аңса, жаным,
Жақсыдан жайлап ескен жан салмалын.
Аңса, жаным,
Зарығып шарша, жаным,
Қалса да қанша ғүмыр, қанша амалың.
Достарыңызбен бөлісу: |