Кіріспе жұмыстың жалпы сипаттамасы


«Г.Н. Потаниннің саяси және ғылыми көзқарасын қалыптастырудағы алғы шарттар»



бет3/5
Дата01.07.2016
өлшемі402.5 Kb.
#170538
1   2   3   4   5

«Г.Н. Потаниннің саяси және ғылыми көзқарасын қалыптастырудағы алғы шарттар» атты екінші тарауда Г.Н. Потаниннің өскен ортасы, Сібір кадет корпусының Г.Н. Потанин дүниетанымын қалыптастырудағы ролі, Г.Н. Потанин және П.П. Семенов-Тяньшанскийдің ұстаз бен шәкірт ретіндегі байланысы, Монғолия мен Қытайға саяхатының шығыстану ғылымына қосқан үлесі, Шығыс Тарбағатай туралы зерттеулерінің маңызы қарастырылған.

Г.Н. Потаниннің туған жері ХVIIІ ғасыр аяғында Ямышево маңызды әкімшілік және сауда орталығы болды, тіпті Омбыдан да маңызды еді, өйткені мұнда Ертіс бойынша әскери линияның бастығы мен үлкен гарнизон тұрды. Мұнда қонақ үй, мешіт болды. Тұз алу үшін және өз тауарларымен қоса Тобыл, Томск, Алтайдан, Қашғардан, Түркістаннан көпестер келетін. Омбының дамуына байланысты біртіндеп Ямышевоның да мәртебесі түседі.

Ресми атпен Сібір кадет корпусы деген атпен белгілі Омбы кадет корпусы ХІХ ғасырдың 40-жж. басында әскери казак училищесі құрамы есебінен қайта құрылған еді. Бұл училище 20-жж. губернатор Петр Михайлович Капцевич тұсында құрылған болатын. Ол 1822-1828 жж. Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін істеді. Сперанский Сібірдегі ағарту ісіне Капцевичті тартқан, өйткені 20 наурыз 1823 ж. жазылған рапортта ағарту чиновниктерінің кемшіліктері және сібірліктердің кедейшіліктен Еуропалық Россияның университеттерінде білім ала алмағандықтан, Сібірде жоғары оқу орындарын ашу қажеттігі туралы баяндалған. Училищеде оқытылатын пәндердің саны орта оқу орындарындағы пәндер құрамына теңесетін. 250 орындық училище тікелей казак балалары үшін ашылып, казак әскери жасақтары қаражатымен жабдықталды. Мұғалімдер құрамы да казактар еді, жартысы офицерлер, жартысы урядниктер болатын.

“Естеліктерінде” Г.Н. Потанин “Әкем мені Омбыға 1846 ж. әкелді. Бұл кезде оқу орнының келеңсіз жағдайы тоқтаған еді. Біздің келуіміздің алдында казак училищесін кадет корпусы деп атау жөнінде хабарланады. Жаяу әскерлер офицерлері және азаматтық чиновниктердің балаларын қабылдау заңдастырылды. Олардан кадет корпусы құрамында рота құру, ал казактардан эскадрон құру белгіленеді. Жаңа киім (обмундировка), оқу бөлімін жақсарту, училищенің ішкі құрылымын жөндеу, жаңа мұғалімдер мен тәрбиешілерді астанадан әкелу сияқты жұмыстар алға қойылады. Алайда мен оқу орнына революцияға дейінгі жағдайында келдім”, - деп жазған. Омбы кадет корпусында Г.Н. Потаниннің болашақ ғылыми-әдеби қызметіне Қазақстанда туған Ф.И. Костылецкий, Е.И. Старков сияқты ұстаздарының ықпалы жоғары болған. Г.Н. Потанин 1852 жылы 17 жасында хорунжий шенімен корпусты бітіреді. Семейге 8-казак полкіне жіберілген Г.Н. Потанин қызмет жолындағы мәнсапты, материалдық игілікті армандаған жоқ. Ол сонау балалық шақтағы арманын жүзеге асыруды ойлады. Қазақстанға саяхаты басталып, Қапалда болды, Іле өзенінің оңтүстігінде, Ыстықкөлде болады. 1854 ж. Г.Н. Потанин қызмет еткен отряд «Верный» қамалын салады. Осындай іс сапарларын Г.Н. Потанин қағазға түсіріп отырған.

Шоқан мен Г.Н. Потанинді П. Семенов қызықты да ақылды жастар ретінде бағалаған. 1856 жылы Омбыға келген Петр Петрович Семенов әуелі Шоқанды іздеген, сөйтіп екеуі бірге Г.Н. Потанинге барған. Ол кезде Г.Н. Потанин мұрағаттағы “генерал Киндерманның әскери-жорық кеңсесінің” жазбаларымен танысып жатқан болатын. Семенов бұл құжаттармен де, гербарийлермен де танысады. Г.Н. Потанин әр өсімдіктің латынша атын атаған. Бұл П. Семеновты таңдандырмай қоймайды. Семенов оған Петербург университетіне түсу керектігін, Сібірде қалса, одан ештеңе шықпайтынын, жай қарапайым казак офицері болып қалатынын айтқан. Осындай ұстаздарының да Г.Н. Потанинге ықпалы мен кеңесі өмірінің мазмұнды өтуіне әсер еткен еді. П. Семеновтың, М. Бакуниннің көмегі арқасында Г.Н. Потанин 1859 ж. астанада зерттеу ісін бастап, ғылыми және қоғамдық өмірге қабілетті екенін көрсетеді. Осында Г.Н. Потанин жерлестерімен де араласып тұрған. Н.С. Щукинмен және Қазандағы сібірлік студенттермен, сол арқылы Петербургтіктермен, С.Я. Капустинмен байланыс жасаған. Осындай ғылыми байланыс ғылыми еңбектің нәтижесі болды. 1859 ж. Г.Н. Потанин «Вестник РГО» хабаршысында «Материалы для истории Сибири» еңбегін жариялайды. Осы жылы Омбы кадет корпусында естеліктерін айтып сөз сөйлеген. Г.Н. Потанин, П.П. Семенов Тян-Шанский де Ш. Уәлиханов еңбектерін шығаруға үлкен үлес қосқаны белгілі. Генерал К.К. Гутковскийдің және Тян-Шанскийдің ұсынысымен Орыс географиялық қоғамының кеңесі Ш. Уәлиханов еңбектерін жарыққа шығару туралы шешім қабылдаған.

Томск мемлекеттік университеті кітапханасының сирек қолжазбалар қорында П.П. Семеновтың немересінің Г.Н. Потанинге жазған хаты бар. Онда былай деп жазылған: «Аса құрметті Григорий Николаевич! Сізге аты аз белгілі немесе Сізге мүлдем белгісіз Сіз білетін Петр Петрович Семенов-Тяь-Шанскийдің үлкен немересі жазып отыр. Мен марқұм Атам Сізге қалай қарағанын білемін, Сізді бағалайтын әрі сыйлайтын, Сіз де оған қалай қарағаныңызды білемін. Петр Петрович қайтыс болғанда Сіздің біздің отбасымызға көңіл айтып шын жүректен жазған телеграммаңыз бәрімізді де толғандырған. Осының бәрі мені Сізге үлкен бір өтініш жазуыма әкелді. Оны жазбастан бұрын әуелі Сізге шын жүректен сәлем жолдаймын, нақ Сіздің еншіңізге Сібірді біріктіру түсті және оны Өзіңіздің ұзақ та даңқты өткен терең мағыналы ғұмырыңызда жүргізе алдыңыз. Тек белгілі географтың немересі ретінде емес, өзім де Сібірмен терең байланысым болғандықтан осы сәлем хатты және Сізге өтінішімді жолдап отырмын. Сібірмен бала кезімнен Атаммен жүріп етене жақын болдым, оның қасынан түрлі халық пен саяхатшыларды, сібірлік зиялыларды кездестірдім. Гимназияда оқып жүргенімде мен Географиялық қоғамның мәжілісіне үнемі қатысып жүрдім. 1896 ж. Нижегородтағы бүкілресейлік көрмеде болдым, онда Атам Азиат бөлімін басқарған. Сонда сібірліктермен кездестім, әрі сібірлік мүдде айналасында болдым. Менің әкем өз кезінде Пермь-Котласс темір жолының экономикалық жайымен жүрген. Ол Ақмола облысының біраз бөлігін және Тобыл губерниясының оңтүстік-батыс бөлігін жүріп өткен. Мен әкеме көмектесіп, баяндамасын жөндейтінмін және оның барлық ісін білетінмін». Одан әрі отбасын қамтамасыз ету жөнінде біраз жазған. Өмірбаяны «Рафаиль Дмитриевич Семенов Тян-Шанский, Семенов Тянь-Шанскийдің үлкен ұлы Дмитрий Петровичтің үлкен ұлы. 31 тамыз 1879 жылы Санкт-Петербургте туған. 1889 жылы әулие Екатерина Еванг. Лют. Шіркеуіндегі училищесіне түскен, 1894 жылы бұл училищеден гимназияның 4 сыныбына өтеді. 1899 ж. Спб. Университетінің жаратылыстану бөлімінің физика-математика факультетіне түсіп, оны 1903 жылы бітеді, мемлекеттік емтихандарды 1905 ж. тапсырады», - деп басталған. Арада қанша жыл өтсе де, П.П. Семеновтың немересінің басына күн туғанда атасының шәкіртінен көмек сұрауы адамға тән қасиет деп түсінеміз. Қазақта да «әкең өлсе де, әкеңді көрген бар» деген мақал осыны дәлелдейді.

1865 жылы Г.Н. Потанин Сібірді Ресейден бөліп алу идеясын насихаттаған «сепаратистер» үйірмесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталады да, бес жылға айдауға жіберіледі. Г.Н. Потанин үстінен тергеу жүріп жатқанда күндері Алтынемелде досы Ш. Уәлиханов қайтыс болады. Досының өлімі мен өзінің тұтқындалуы нәтижесінде Г.Н. Потанин бірнеше жыл ғылымнан қол үзіп қалады. Бірақ көкірегінде үлкен армандары, мақсат-мұраты бір сәт естен кеткен емес. Г.Н. Потанин өз өмірін Азия елдерін зерттеуге арнаған. Бостандыққа шыққанан кейін Григорий Потанин Монғолия, Урянхай өлкесі, Тибет пен Қытайға 1876-1880 жж. саяхат жасайды. Кадет корпусында алған білімі осы жылдары жүзеге асты. Шығыс тілдерін білуі, жергілікті салт-дәстүр жөніндегі материалдары енді ғылыми айналымға түсугежол ашты. Осы елдердің этнографиясы, географиясы, тарихы туралы мәліметтерді көптеп жинады.

1876-1880 жж. саяхатында және «Солтүстік Монғолия очерктері» еңбегінде ауызша тарихты жинақтаудың салыстырмалы әдісі мен түсініктеме берудің өзіне тән ерекшелігін қалыптастырды. Қазақтың ауызша тарихында ол генеалогиялық тақырыптар мен жанрларды көрсетіп, сараптама жасаған. Қазақтардың жеті атасын білуі, одан кейін бұрынғы ата-бабасын тізбектеп, еске түсіруі әдеттегі іс екенін баса айтқан.

«Гэсэр хан туралы монғол аңыздары» деген мақаласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының түп төркіні монғолдың «Гэсэрінде» жатыр деген ой айтады. Г.Н. Потанин былай деп жазады: «...кейбір қырғыз ертегілері (қазақ деп түсінеміз Т.Ж.), Қозы Көрпеш және Қозай (Ер Гокчу) ертегілерінде Гэсэр тақырыбы бар. Қозы Көрпеш башқұрларға да белгілі. Батысқа таман гэсэрлердің тақырыбы осетин, шешен, черкес және кавказдық татар тау халықтарының аңыздарында кездеседі» десе, келесі бір еңбегінде «...Қозы Көрпештің сюжеті Өлмейтін Кащей туралы орыс ертегісінде қайталанады», - дейді. Бұл салыстырулары басқа мектептің «қаңғыбас сюжет теориясы» («теории бродячих сюжетов») өкілдерінің пікірімен сай келеді. Г.Н. Потанин сюжеттердің жақындығын айта отырып, мұндай жақындық монғолдардың, алтайлықтардың, қазақтардың фольклорында бар екенін көрсетті. Шынында да, халықтардың ауызша-поэтикалық мәдениеттің жалпылығы көптеген халықтарда кездеседі.

Г.Н. Потаниннің ірі еңбектері қатарына 1893 ж. Орыс Географиялық қоғамы шығарған Қытай мен Орталық Монғолияға жасаған саяхаты туралы екі томдық кітабы болып табылады. Оның бірінші баспасына екі карта енгізілді: А.И. Скассидің маршрутта жасаған көріністері және Қытайдың үлкен картасы. Өсімдіктердің атын жазған кезде Г.Н. Потанин жергілікті атауларды (қытай, монғол, тангут, салар, т.б.) қолданған.
Орхон, Селенгі бойларын мекендеген халықтардың өміріне салыстырмалы талдау жасаған.

Рабданов телеграммасында “Аса құрметті Григорий Николаевич! Егер мүмкін болса экспедицияның қандай да бір керегіне жарармын, осы маңызды іске қажет болсам елді білетін тамаша бір тілмаш табамын. Жеке сөйлескім келеді. Телеграфтаңыз. Рабданов”, - деп жазған. Демек, әйтеуір шетелге барсам болды деген ниетпен қалай болса - солай экспедиция құрамына әркім кіре бермеген.

Шығыс Тарбағатайға сапары туралы Г.Н. Потанин мен Карл Струвенің жазғаны тарихи география бойынша да біраз мәлімет береді. 1864 жылы олар сапарын Тарбағатайдың оңтүстік етегінде жатқан Ұржар станицасынан бастап, 14 маусымда Тарбағатай етегінен 30 шақырым жерде, Алакөл аңғарында тыныш жатқан Жайтөбенің шығыс етегіндегі Мақаншы бұлақтарынан өтеді. Мақаншы Ұржар станицасының оңтүстік-шығысындағы Қытайдың Шәуешек қаласына қарайғы қысқы жолда орналасқан. Авторлар бұл жерлердің топонимикалық атауларына да тоқталады. Мақаншы атауы Батыс Жоңғарияда кездеседі. Сібір қырғыздары облысы басқармасының мұрағатында Жоңғар ханының ордасы орналасқан Іле өзеніндегі Махачи жартасы жөнінде мәлімет бар. Бұл Риттердің айтқан Махациі де болуы мүмкін, Тянь-Шаньдағы аңғар және Маци Гулагудың жорығы кезіндегі Тянь-Шаньдағы станция.

Мақаншының жасыл алқабында шала қазақ Ахмет Баймұратов 50 ауладан тұратын ауылдың негізін салып, ол өзі кірпіштен үй салып, 10 десятина жерге егін, бау-бақша салды, сонымен бірге Қытайдың шөбі муисті екті, сөйтіп шөп өсірумен айналысты. Үйді жылыту үшін қыс айында 4000 ағашқа тапсырыс жасаған. Уақыт өте бұл жерге Ахмет су диірменін салмақшы болған. Шығысқа қарайғы Қатынсу деген жерде Тума деген болыстың старшыны өз егіншілерінен 50 аула ауыл құрмақшы болған. Шәуешекке қарайғы қыстық жолда орналасқан жердің жағдайы осылайша жақсарады деп санады.

Жергілікті көшпелі халық отырықшылыққа көшуге талпынса, Г.Н. Потанин мен Карл Струвенің айтуынша, шала қазақтардың көбі жер алуға арыз жазған, бір жерді алуға бірнеше адам жазған кездер де болған. Мысалы, жоғарыда аталған Ахмет Баймұратов арыз берген жерге де қазақтардың біреуі жазған. Бұл істе ауқатты қазақтар, болыс старшындары, шала қазақтардың ішіндегі диірменшілер мен ұсақ саудагерлер белсенділік көрсетті. Бұлар орыс билігінің бекем болатынын біліп тұр, сондықтан Ахмет Баймұратов Мақаншыда орналасуға рұқсат берген өкімет актісін тез алуға әрекет жасап қана қоймай, губернатор бекіткен өз ауылының да жоспарын жасап алмақшы болған. Көшпелі халықтың көбі өкімет актісінің мәнін түсіне бермегені рас. Ахмет Баймұратов болса өкімет адамдарына қазақтардың жерге меншік туралы заң жөнінде түсінігі жоқ, сондықтан губернатор қол қойған қағазға қарамай, оның жайылымына малын жаятынын айтқан. Құрып кеткенде 40 жыл алға қарап, жорамал жасай алатын Ахмет Баймұратов қазақтардың жер құқығына қатысты сауатын біртіндеп ашпақшы болды.

Жайтөбеден шығысқа қарай Бақты тауларына дейінгі төбешік жерлерде өсімдіктер өте көп. Олардың аттарын Г.Н. Потанин мен Карл Струве латынша берген. Жолда қытайлар салған үйлер де көп екенін жазған. Оның біреуі Қатынсу мен Лайбұлақ өзендерінің арасында орналасқан. Бақты Жайтөбе сияқты Тарбағатайдан оңтүстікке қарай түсіп тұрады. Бақты тауының атауын қазақтар қытайша Богдо деген атауды бұзып айтқан сияқты деп пайымдайды Г.Н. Потанин мен Карл Струве.

Аталған топонимдер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында да кездеседі. Онда Баян сұлуды көрмей-ақ сырттай ғашық болатын тоқсан серінің Баянды іздеп келе жатқаны былай суреттелген:

Қаратау, Тарбағатай жерге келді,

Жайтөбе, Қатынсуы көлге келді.

Басынан Ақшәулінің дүрбі салып,

Отырған Аягөзде елді көрді.

Осындағы Жайтөбе – Мұқаншының іргесіндегі төбе болса, Қатынсу – Мұқаншы мен Қаратал ауылдарының ортасындағы өзен. Одан беріде Мұқаншы, Ұржар, Барқытбел (Тарбағатай), Алакөл – қазақ-жоңғар соғысының шайқастары болған жер. Қабанбай батыр бастаған төрт Төлегетай, әсіресе оның Қаракерей бұтағы қоныстанған жер. Ноғайбай Сүлейменұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы сынды арқалы ақындар жырлаған, Қытай қазақтарына сапарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Марсеков, О. Әлжанов сияқты алаш арыстары аялдаған мекен. Бейімбет Майлин «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» сынды төрт-бес әңгімесін Алакөлдің жағасындағы Көктал ауылында жазыпты. Міне, осы жерлерде ХІХ ғ. екінші жартысында Г.Н. Потанин болған.

Қорыта айтқанда, Г.Н. Потаниннің Азия елдеріне саяхатының нәтижесі шығыстану ғылымына қосылѓан үлкен үлес еді. Оның көптеген мәліметтері әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Г.Н. Потаниннің Тибет пен Қытайға жасаған екінші сапары тарих, этнография, георафия саласына үлкен үлес қосты. Экспедиция құрамына кірген адамдар да білімді еді. Сондықтан әкелген мәліметтерінің мазмұны бай болды, сөйтіп шығыстану ғылымына сүбелі үлес қосылды. Г.Н. Потаниннің Монғолияға, Хинганға жасаған сапары материалдарынан тарихи география, этнография бойынша көптеген мәлімет алуға болады. Олардың ғылымда әлі маңызы зор. Монголия мен Қытайға жасаған саяхатынан күнделік жазған, олар кейін көп томдық шығармаларға айналған. С. Олденьберг академиктің айтуынша, жекелеген жерлер мен орындардағы бақылаулары тыңғылықты, оның күн сайын жазған күнделік мәліметтері аса құнды болып келеді. Оған зерттеушілер жиі-жиі ден қояды. Міне сондықтан да Г.Н. Потаниннің бұл саладағы тындырған істері аса ауқымды болды деп айта аламыз.

Үшінші тарау «Г.Н. Потаниннің Сібірдегі саяси-қоғамдық қызметі» деп аталады. Онда Ақпан революциясы қарсаңындағы Сібірдегі жағдай, «Сібір облысшыларымен» Г.Н. Потаниннің байланысы, Ақпан революциясынан кейінгі Сібірдегі саяси ахуал сипатталған.

1917 жыл ақпан айында Сібір мен Ресейде қандай да бір әлеуметтік дүмпулердің болатынындай серпіні байқалған жоқ. Жергілікті жандармдық басқарманың ай сайын жасайтын есептерінде 1916-1917 ж. басында әкімшілікке қарасты территорияда мемлекетке қарсы ұйымдар құрылмаған, революциялық басылымдары таратылмаған, өздерінің баспахананалары болмағаны жөнінде жазылған. ХХ ғ. басында Сібір деревнясында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Олар дәстүрлі өмір салтын сақтап қалғысы келді. Толқулар көп болғандықтан Сібірдің оңтүстігінде тұрақсыздық көрініс тапты. Толқулардың көп болу себебін зерттеушілер қоныстанушылармен байланыстырады. Мысалы, 1907-1911 жж. Алтайға 730 мың адам келген немесе бүкіл Сібірге келіп қоныстанғандардың 40 пайызы. Жаппай қоныстану жер мәселесімен байланысты проблемалар туғызатыны белгілі. Ал оны мемлекет шаруалар есебінен шешті. Қоныстанушылар старожилдерден де нашар тұрды. Жер мен орманды пайдалану жағынан шаруалар өзін кем санады, сондықтан жаңа қоныстанушылар мекендеген аудандар село мен мемлекет арасындағы тұрақты қарама-қайшылықтың орталығы болды. Бұл қақтығыс ашық жүрді, тіпті қарулы қақтығысқа дейін барды. Егер 1861-1905 жж. жаппай толқу байқалған жоқ, ал 1905-1907 жж. – үшеу, 1908-1916 жж. онға жуық болды. 1908-1916 жж. қанды қақтығыста 29 полицей, орман күзетшілері, село старосталары өлтіріліп, 89 жараланды не ұрып соқты, өзін-өзі қорғаған 13 шаруа өліп, 14 жараланған.

Сібір интеллигенциясы самодержавиені құлатуды ойлаған барлық саяси топтардың одағын құруға талпынды. Мұның үлгісі Томск технологиялық институтының профессоры, Томск губерниясынан ІІІ және ІУ Мемлекеттік думаның депутаты кадет партиясының көшбасшысының бірі Н.В. Некрасовтың «Мен к.-д партиясына 1905 жылы бұрынғы Азаттық одағындағы партияда жоқ бір топ жолдастарыммен бірге кірдім. Бұл топ тек социалистік болған жоқ, бірқатар мәселелер бойынша оңшыл ұстанымда болды. Біз республикашыл-федералистер болдық, патша үкіметіне қатысты оппозициялық тактика ұстадық». Думадан тыс демалыс айларында Н.В. Некрасов Сібірдің әр жерінде «Орыс либерализмінің болашағы» тақырыбына дәрістер оқыды.

Соғыс кезінде аймақтық әлеуметтік-саяси құрылымдардың бәрі де бірінші кезекте теориялық-идеологиялық ұйымдық тоқырауда болған. Іс жүзінде олардың ұйымдық құрылысы құлаған еді. Эсерлер мен социал-демократтар арасында арандатушылар көп болды. Алайда өкіметті қолдаған барлық саяси бірлестіктер соғысты Ресей тарихының бір кезеңі деп қарады. Сібірдегі саяси топтардың бірігуінің тағы бір көрінісі земство үшін күрес болып қала берді. Бұл үшін қалалардағы Бүкілресейлік одақтардың бөлімдері мен олардың съездері, сонымен бірге мәдени-ағарту ұйымдар белсенді түрде қолданылды. 1915 жылы сәуірде жиналған Омбыдағы Батыс Сібір қалаларының съезі земствоны енгізу жөніндегі талаппен арнайы резолюция қабылдады.1916 жылы 14-19 сәуірде болған Иркутскідегі Шығыс Сібір қалаларының съезі жандармдардың анықтауынша «кадеттерден солшылдау немесе шамамен кадет тобының сол қанаты түріне ие болды». Әрине бұның бәрі Г.Н. Потаниннің көз алдында өтіп оның саяси көзқарастарының қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Ресей мен Қазақстандағы саяси-әлеуметтік үдерістердің өзара байланысын көрсететін келесі бір үлкен саяси оқиға бірінші дүние жүзілік соғыс пен 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс. 1914 ж. бірінші дүние жүзілік соғыс халықтың жағдайын бұрынғыдан да күйзелтті. Мал басы кеміп, егіс көлемі төмендеді. Соғысқа қаншама материалдық игілік кетті, халыққа салынатын салықтың мөлшері де өсті. Әр түтінге енді соғыс салығы енгізілді. Земство салығы мен болыс басшыларының пайдасына жиналатын “алымның” мөлшелері көбейді. Соғысқа байланысты жергілікті халық төлейтін салықтар көлемі 3-4 есе, ал жекелеген жағдайларда 15 есе өсті.

Сібір облысшылары туралы тарихи әдебиеттерде ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары қоғамдық қозғалыстың өрлеуінің Г.Н. Потанин мен Н.М. Ядринцев дүниетанымының қалыптасуына әсері айтарлықтай зерттелген емес. Сондықтан бұл зерттеуде біз осы ықпалдың деңгейін көрсетуге тырысамыз, ал облысшылардың пайда болуы туралы баға берген деректерге тоқталмауды жөн көрдік. Облысшылар деген атпен белгілі болған қоғамдық ағым Сібір тарихындағы ірі құбылыс. Оның пайда болып, дамуы Сібір өмірінің экономикалық, саяси және мәдени факторлардың нәтижесі еді. Облысшылықтың пайда ең алдымен, шамамен ХІХ ғ. ортасынан бастап Сібірдің экономикалық дамуымен байланысты болды. Бұл кезде капитализм кең түрде дамып, Сібір өлкесіне де енді. Крепостниктік құқық жойылғаннан кейін Ресейдің еуропалық бөлігінен Сібірге қоныстанушылар көбейді. Капитализм Сібір деревнясын да қамтыды. Өлкеде өнеркәсіп дамып, алтын өндірісі, ішкі және сыртқы сауда, транспорт, байланыс жүйелері дамыды. Сібір буржуазиясы күш жинап, қуаттанды, сонымен қатар жұмысшы табы қалыптасты. Сібір буржуазиясы өзін экономикалық жағынан шектегенді доғаруды талап етті, ал егер протекционизм болмаса, Ресейдің Еуропалық бөлігіндегі буржуазиямен теңестіруді қалады. Орталық пен шет аймақтың «Москва мен Сібірдің» мүддесін қарама-қайшы қоюдың экономикалық негізі осындай болды, ал оны Сібір облысшыларының көсемі Г.Н. Потанин бұл идеяны «Сібір буржуазиясының сезімталдығының оянғанына тәуелді» болғанын атап өткен. Облысшыл идеялар алғаш рет Сібірде емес, Петербургте пайда болып, рәсімделді, ал ол кездегі азаматтық және қоғамдық өмір қиын жағдайда еді. Облыстық идея пайда болған орта сібірлік жерлестікті құрған студент жастар болды. Оған Сібір облысшыларының негізін қалаған Г.Н. Потанин, Н.М. Ядринцев ақын И.В. Федоров (Омулевский), жазушы Н.И. Наумов, тарихшы С.С. Шашков т.б. кірді. Олар түрлі сословиеден шыққан, кедей студенттер болатын, кәдімгі әр тектілер еді. Г.Н. Потанин мен Н.М. Ядринцев Сібірде жүріп-ақ В.Г. Белинскийдің мақалаларымен танысып, «Современникті» бас алмай оқып отыратын. Сібір жастарының басым көпшілігі Петербургте жоғары білім алды, барлық қоғамдық мәселелерді біліп жүрді, алдыңғы қатарлы орыс әдебиетімен таныс болды. Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов, А.И. Герцен шығармаларын құмартып оқыды, «Полярная звезда», «Колоколды» үнемі талдап отырды. Орыс әдебиеті оларды қоғамдық мәселені терең қабылдауға, адамзат прогресіне деген сенімді қалыптастырды. Г.Н. Потаниннің анықтауынша жерлестік облысшылар қызметінің негізі болып қалған «жергілікті басты сібірлік мәселелерді» қарады. Ол мына мәселелер болатын: 1) Сібірге қылмыстық жер аударуды жою; 2) экономикалық шектеуді тоқтату және халық шаруашылығы мен Сібірде сауданы дамыту үшін тиімді жағдай жасау; 3) Сібірде өзінің жергілікті интеллигенциясын және шығыс өлкесінің ойшыл тұлғаларын қалыптастыру; 4) Сібірге шаруаларды қоныстандыруды ұйымдастыру, жер қорын орнымен пайдалану; 5) «бұратана» халықтың жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған шараларды жасау.

Патша тақтан құлап, Петроградта биліктің жаңа ұйымдарының құрылуы Ресейдің ішкі өмірін тез арада саясаттандырып жіберді. Жаңа басқарма құрылымдары құрылып, өзін-өзі басқару мен кооперация ұйымдары да саяси түр алып, партия құрылысы, бұқаралық қоғамдық және кәсіби құрамалар белсенді түрде құрылып, ұлттық қозғалыстар жандана түседі. Ал Сібірдегі саяси үрдістің өзінше ерекшелігі болды. Біріншіден, саяси үрдіс бұл жерде баяу жүрді. Петроград елдегі жағдайды анықтаса да, өз үлгісімен күштеп, шеттегілер орталықтың көшірмесін жасап қана қоймай, саяси күштердің нақты өзара қатынасын көрсетті.

Сібірдегі саяси үрдіске партия ұйымдарымен қоса түрлі қоғамдық құрамалар, әлеуметтік және ұлттық топтар қосылды. Әсіресе, кәсіподақтар бұқаралық сипат алды: наурыз-қараша айларында 506 кәсіподақ құрылған. Кәсіподақтарға елдің бәрі құлақ түріп тұрды. Олардың ең басты мақсаты жұмысшылардың экономикалық мүддесін қорғау. Сібірде жұмысшылар мен қызметшілер 8 сағаттық жұмыс күнін енгізді. Еңбекақ жоғары болса, одан көп сағат жұмыс істеді. Мысалы, темір жолда, ірі өнеркәсіптерде 9-9,5 сағат жұмыс істеді, ұсақ өнеркәсіпте – 10 сағат істеген.

Қорыта айтқанда Ақпан революциясы алдындағы Сібірдің жағдайы Ресейдің шет аймағындағы халықтардың жағдайы сияқты болды деуге болады. Бұл кездері Г.Н. Потанин Сібірді Ресейден бөліп алу сиқты ойынан тайған жоқ. Орталықтан билік жүргізетін вертикалды басқаруға кім болса да көнуге тура келді. Облысшылық ешқашан біркелкі болған жоқ, ол рәсімделген қозғалыс не партия емес еді. Сібірдегі бірде-бір партия облысшылар көтерген мәселелерді жоққа шығара алмады. Облысшылдықтың өзі саяси доктринадан гөрі ойлау мен әрекеттің бейнесі. Ол сібірлік ойлау, сол менталитетке тән, жергілікті жағдайға қарай өзгеруі де мүмкін. Сонымен Г.Н. Потаниннің саяси саладағы қызметтері жоғарыда баяндалған Сібір обылысшылдығымен тікелей байланысты болды деп қорытынды жасауға болады.

«Г.Н. Потанин және ХІХ ғ. қазақ зиялылары» атты төртінші тарауда ХІХ ғ. қазақ зиялыларының қоғамдық-тарихи көзқарасындағы ерекшеліктер, Шоқан Уәлихановтың орыс зиялыларына ықпалы, Г.Н. Потанин және Мұса Шорманов арасындағы саяси-рухани байланыстарға талдау жасалды.

ХІХ ғасырда қазақ зиялылары өз еңбектерінде сол заманның саяси-мәдени, әлеуметтік бейнесін жасады. Соның бірі жас та болса ірі тұлға болып танылған Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Шоқан өз еңбектерін жазғанда цензура болғандықтан шығармашылық еркіндігі шектеулі болғанын айтқан жөн. Ол кейбір мәселелерге сол замандағы орыс әкімшілігі мен шығыстанушылар көзқарасымен келген. Шоқан Ресейге адал қызмет ету үшін ант берген офицер. Жасы отызға жетер жетпес өмір сүріп, артынан қыруар мұра қалдырған шын мәніндегі «құйрықты жұлдыз». Шоқан Уәлихановтың Ф.М.Достоевскиймен жазысқан хаттарында біз Шоқан Уәлихановтың өз халқының мүддесін қорғайтынын анық көреміз.

Осы кездері қазақ зиялы қауымының қазақ халқы үшін оқулықтар шығаруы үлкен маңызға ие болды. Ағарту мәселесі бойынша Шоқан Уәлиханов пен татар ғалымы Х. Фаизханов бір-бірімен хат жазысып, пікір алысқан. Екеуі де баспа ісіне көп көңіл бөліп, мектеп оқулығы қолжазбасын жасауға қатысқан. Декабрист В.Д. Вольховский Қазақстанға бірнеше саяхат жасаған. Ол 1825 жылы Бұхараға саяхат жасағанда оны Файзолла Ноғаев басқарып жүрген. Дала жолының кейбіреуін танып білу қиын, тіпті тәжірибелі жол көрсетушілердің өзі жолдың дұрыс бағытын анықтай алмайтын. Одан кейінгі жылдары Ф.Ноғаев Сырдария линиясында қызмет еткен әрі тарихшы Вельяминов-Зерновпен бірге жұмыс істегені туралы мәлімет бар, ал Жетісуда ол П.П. Семенов-Тяньшанский мен Шоқан Уәлихановты бастап жүрген. Мұны дәлелдейтін құжатты Әлкей Марғұлан келтіреді, яғни Уәлихановқа қызмет көрсету үшін қасымдық татар Файзолла Ноғаевтың қауіпсіздігін сақтау тапсырылған.

Шоқан мен Г.Н. Потаниннің алғашқы таныстығы Омбы шекара басқармасының тілмашы Дабминскийдің үйінде болған. Екеуінің әкесі де кезінде Омбы кадет корпусында оқып жүргенде бір-бірімен таныс болған. 1847 жылы Құсмұрын дуанының аға сұлтаны, майор Шыңғыс Уәлиханов пен хорунжий Николай Ильич Потанин Омбыда балалары арқылы қайта табысады. Г.Н. Потанин үшін Шоқан «Европаға ашылған терезе» еді.

Г.Н. Потаниннің қазақ өлкесін зерттеуге қосқан үлесі зор. Ш.Уәлихановтың кеңесімен Орта жүз, Ұлы жүз қазақтарының және жоңғарлардың Ресеймен қарым-қатынасы жайлы тарихи деректермен, мұрағат құжаттарымен танысқан. 1875 жылы Г.Н. Потанин профессор К.А. Иностранцевтің Қырымға жасаған саяхатына қатысып, 1876 жылы ұзаққа созылған өз Отаны Сібір өлкесі мен оған шекаралас Азия елдерін зерттеуге кіріседі. Ол Семей облысы, Зайсан уезіне, Тарбағатайға, Солтүстік Батыс Монғолияға, Ішкі Қытай, Шығыс Тибетке өзінің әйгілі бірнеше саяхатын жасайды. Бұл саяхаттар Г.Н. Потаниннің есімін Азияның әйгілі зерттеушілері қатарына кіргізеді. География ғылымы Г.Н. Потаниндей бір ғылым саласы шеңберінде шектеліп қалмаған ірі ғалым-зерттеушіге ие болды.

Кейінірек қазақ жерін аралаған сапарларында Г.Н. Потанин өзінің географ-табиғаттанушылық ісін тарих пен этнография материалдарымен қоса жинаумен ұштастырып, Шоқанның өткен өмірі мен істеген еңбегіне арнайы көңіл қоя мән беріп отырды. Бұл жолда оған көмекке келушілер де тез табылып отырған. Омбыда оған Иммұрат Ибрагимов, 1880 жылы Баянауыл даласында Имантай Сәтпаев, 1895 жылы Көкшетау уезінде Сұлтанғазин көмек берді.

Г.Н. Потанин 1895 жылы Шоқанның әкесі Шыңғыстың ауылын аралап, Шыңғыстың өзімен жүздесіп қайтқан болатын. Шыңғыс ол кезде 85 жаста болса керек. Мінеки, жаз жайлауда жайбарақат отырған Шыңғыс ауылын суреттеу арқылы Г.Н. Потанин бүкіл қазақ халқының тұрмысын көз алдына алып келеді. Ол «О поездке в аул Чингиса Валиханова» деген еңбегінде Көкшетау округін не үшін таңдап алған себебін жазады. Көкшетау өткен ғасырда қазақ хандарының ордасы болған; бұл жер қазақ өмірінің орталығы болды, сондықтан Г.Н. Потаниннің ойынша, қазақ халқының тарихи естеліктері молынан сақталған. Қазақтардың ішінен жұлдыздар мен мал туралы әңгімелер, қазақтардың ата тегі туралы аңыз әңгімелер, ескі наным-сенімдері туралы жазғып алғанын айтқан. Дуровпен Г.Н. Потанинді Шоқан таныстырған еді. Дуровпен танысып, сұхбаттасқаннан кейін Г.Н. Потаниннің саяси көзқарастары өзгеріп, петрашевшіл болған. Осылайша Шоқанның Потанинге ықпалы көп тиді. Әрі Шоқан сол кездегі орыс қоғамы мойындаған адамдармен, орыс қоғамына белгілі зиялылармен араласқан, дәмдес болған. Мұндай байланыстары томаға-тұйық болмай, қасындағы Г.Н. Потанин сияқты достарын да араластыра жүрген. Бұл да Шоқанның азаматтық бір қырын көрсетеді.

Революцияға дейінгі ғылыми қоғамдар ішінде Орыс Географиялық Қоғамы мен оның бөлімдерінің атқарған ісі орасан зор. Тамаша ғалымдар мен саяхатшылардың өкілдерінің ғылымдағы жетістіктері осы қоғаммен байланысты. Олардың қатарында П.П. Семенов-Тяншаньский, Н.М. Пржевальский, Ш. Уәлиханов, Н.А. Северцов, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, Ә.А. Диваев, В.В. Бартольд, Н.И. Веселовский, Н.Н. Пантусов, т.б. болды.

Қазақ жері мен қазақ халқының тарихын зерттеуге орыс ғылымы ерекше назар аударғаны белгілі. Ресейдің ғылыми қоғамдарының өкілдері қазақ зиялыларының көмегімен өлкені ғылыми тұрғыда зерттей бастады. Революцияға дейін орыстың ғылыми қоғамдары қиын жағдайда жұмыс істеді. Омбы, Орынбор, Ташкент, Семейдегі ғылыми қоғамдардың зерттеушілері революциялық қозғалыстарға қатысты немесе саяси айдауда жүрді. Олармен ең әуелі тілмәштар тіл табысты. М. И. Венюков, Е. П. Михаэлис, Г. Н. Потанин, Д. Л. Иванов, П. Голубев, Чермак Л. К., Ф. А. Шербина, т. б. Түрлі экспедициялық жұмыстарға тікелей қатысты. Белгілі географ, этнограф Г. Потанин қатысқан экспедициялық зерттеу Зайсан көлі мен Қара Ертіс бойынша жүріп, Алтай мен Жоңғар Алатауы арасындағы түрлі мекендерді зерттеді. Г. Н. Потанинге Мұса Шорманұлы да түрлі көмек көрсеткен.

ХІХ ғ. екінші жартысында өлкетану жұмыстары жанданып, жергілікті өлкетану ұйымдарының қызметі дамиды. Соның бірі Батыс Сібір, Алтай, Қазақстанның географиясын, табиғатын мен халқын зерттеуде көрнекті рөл атқарған Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесі болды. ХІХ ғ. 80-90-жж. қазақ даласы мен қазақ халқы туралы зерттеулер жүргізу күн тәртібіне қойылады. Омбы қаласы іс жүзінде Қазақстанның әкімшілік және мәдени орталығы болды. Қазақстанда да өлкетану мұражайлары ашыла бастады. Г.Н. Потанин қазақ фольклорын жинауды ұйымдастырды. 1878 жылдың өзінде ол Бөлім мәжілісінде «Қырғыз аңыздары туралы» хабарлама жасап, Бөлімнің осы мәселемен айналысуын ұсынады. 1881 ж. хаттамаларда «қырғыз ертегілері мен татар тіліндегі өлеңдер» бойынша бірнеше дәптерлер түскені көрсетілген. 1886 ж. «Жазбаларда» Г.Н. Потаниннің «Несколько вопросов по изучению поверий, суеверных обычаев и обрядов у киргиз и сибирских татар» атты бағдарламасы жарияланады. Бұл бағдарламада мәселенің тізімі ғана жазылып қоймай, фольклор мен наным-сенімдер туралы қысқаша мәліметтер беріледі.

ХХ ғ. алғашқы он жылдығында Бөлім басылымында қазақ этнографиясы туралы жазылмайды. Тек «Павлодар уезі қырғыздары туралы ескертпелер» ғана шығады. Оны Мұса Шорманов жасаған болатын. Көп жылдардан кейін ол Г.Н. Потанин арқылы Бөлімге келіп түседі. «Ескертпеде» қазақ қыстаулары, аң аулау, киімдер, егін шаруашылығы, жабайы шөптерді қолдану туралы мәліметтер бар. Көріп отырғанымыздай Мұса Шорманов білімді қазақ зиялысының бірі болған. Ол Шорман бидің төрт ұлының үлкені, 1819 ж. дүниеге келген. Жас кезінен елдегі жағдайды, саяси-әлеуметтік мәселелердің қыр-сырын бақылап өсті. Мұса әкесі ашқан ауыл мектебінде сауатын ашты. Әкесі оны Омбы мектептерінің бірінде оқытпақшы болды. Бұл кезде Омбы әскери училищесінде Уәлиханның екі баласы Шыңғыс пен Төрежан оқитын. Шорман би де Мұсаны сол оқуға береді. Омбыдағы екі жылдық әскери училищеге түскенде Мұса орыс тілін нашар біліп келсе де, тез үйреніп, оқу озатына айналды. 1835 жылы оқуын үздік бітіріп, ауылына қайтады. Мұнда сайлауда жеңіп шығып, өз ауылы Ақкелін болысын басқарады. Бұл қызметін алты жыл істегеннен кейін, 1841 ж. Баянауыл округінің заседателі болады. Бұл істі 1854 жылға дейін атқарады. Осындай дарынды көш басшының ел ішінде ғана емес, Омбы бастықтарының алдында да беделі болды. 1854-1868 жж. Баянауыл округінің аға сұлтаны қызметінде болады. Әскери дәрежесі полковникке дейін өседі.

Мұса Шорманов Петербургте екі рет болған. Бірінші рет Орта жүз қазақтары депутаттары құрамында, екінші рет 1855 жылы ІІ Александр патшаның таққа отыруына байланысты салтанатты жиынға қатысады. Бұл салтанатқа Орта жүз депутатциясынан сегіз адам қатысады. Олар: подполковник Шыңғыс Уәлиханов, прапорщик Ыбырайым Жайықбаев, сотник Мұса Шорманов, Ақмоладан Бегалы Қоңырқұлжин, Баянауылдан заседатель хорунжий Шекербай Малгелдин, болыс Аққошқар Кішкентаев, Қарқаралыдан Тәттімбет би Қазанғапов, Көкшетаудан Шұбек Байсарин. Григорий Потанин «Естеліктерінде» бұл оқиға былай жазылған: «Батыс Сібірде ІІ Александрды ұлықтауға қатысқан түрлі ұлттардан тұратын депутаттар ішінде ақылды да сыншыл Мұса Шорманов болды. Ол Москвада көпшілік қауымды әңгімесімен қызықтырған жас немісті кездестірді. Шорманов оған мынадай мақтау айтты: «Алғаш рет ақылды немісті кездестіріп тұрмын». Осы ырықсыз шыққан сөз Сібірде іскер немісті кездестіру қиын екенін көрсетеді».

Мұса Шорманов туралы алғаш рет 1860 ж. А.И. Герценнің Лондонда шығып тұрған «Колокол» журналында жазылған. Мұса патша өкіметі тарапынан талай сыйлықтармен, грамоталармен, медальдармен марапатталған. «Шоқанда Мұсаның жеке өзі жинаған және соның айтуымен жазып, құрастырған Омбы кеңсесінің мұрағаттарында қазақ шаруашылығы немесе сот тәртіптері туралы жазбалар аз емес», - деп жазған болатын Г.Н. Потанин. Ең алдымен, Мұса Шорманов өз материалдарын Ш.Ш. Уәлихановқа, А.К. Гейнске, Г.Н. Потанинге берген. Г.Н. Потанинге жазған хатының бірінде былай деген: «Сіз сұраған ертегілерге қатысты, материалдар жинақталуда, айтарлықтай жинақталған кезде, сонда толық құрастырып, тез арада Сізге жібереміз». Г.Н. Потанин Шоқан еңбектерін шығарғанда, Мұсадан Шоқанның «Киргизское родословиесін» алып, өзінің «Солтүстік-Батыс Монғолия туралы очерктері» (Спб., 1883) атты кітабына енгізген.

Қорыта айтқанда, ХІХ ғ. қазақ зиялылары орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымымен таныс болған, олардың шығармаларымен терең танысқан. Шоқанның дарынды тұлға екенін мойындап, онымен талай орыс зиялылары дос болды. Олардың арасында 20 жыл достық қарым-қатынаста болған Г.Н. Потанин, К. Гутковский, Г.А. Копаковский т.б. болды. Олардың Шоқан үшін атқарған еңбегі үлкен еді. Әсіресе, Григорий Потанин Шоқаннан өзі де көп нәрсені үйренгенін жасырмай, артынан оның еңбектерін шығаруды қолға алғанды.

Г.Н. Потаниннің Мұса Шормановпен арадағы шығармашылық байланысы да ғылымға үлкен үлес қосқанын деректер арқылы көрсетуге тырыстық. Әсіресе, Мұсаның қазақ этнографиясы бойынша жазылған еңбектерінің ғылымда алатын орнын анықтауды Григорий Николаевич Потанин абыроймен орындады деуге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет