Кодекс І кодек с республики казахстан қазақстан республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет20/44
Дата13.06.2016
өлшемі2.82 Mb.
#131307
түріКодекс
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   44

4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге күдік келтірудің мәнiн түсiндiруге мiндеттi.

5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген әрекеттердi орындау күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау күнi мен сағаты көрсетіле отырып, осы қаулыға күдіктінің, қорғаушының және тергеушiнiң қойылған қолдарымен куәландырылады.

6. Күдікті қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және егер ол күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысқан болса қорғаушы күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда күдіктіге қаулы мәтінінің жария етілгенін куәландырады.

7. Күдіктіге күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшiрмесi табыс етіледі.

8. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және қылмыстық қудалау органдарына келуден жалтарған жағдайда – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, ал қорғаушы келген жағдайда – қорғаушы да, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуына және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтаруына байланысты күдікті деп жариялау мүмкін еместігін куәландырады.

Егер күдіктінің тұрып жатқан жері белгілі болса, қаулының көшірмесі оған байланыс құралдарын пайдалану, оның ішінде пошта арқылы да жіберіледі. Қажет болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы хабарламаны жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
207-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру
1. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру үшін негіздер туындаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 204-бабының талаптарын сақтай отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы жаңа қаулы жасауға және оны осы Кодекстің 205, 206-баптарында белгіленген тәртіппен күдіктіге жариялауға міндетті. Күдіктінің іс-әрекетінің түпкілікті саралануы соңғы қаулының шығарылған күні бойынша айқындалады.

2. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жария етілген күдік қандай да бір бөлігінде расталмаса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөлікте қылмыстық қудалауды тоқтатады, бұл туралы қабылданған шешімнің көшірмесін табыс ете отырып, күдіктіні және процестің басқа да қатысушыларын хабардар етеді.

26-тарау. ЖАУАП АЛУ ЖӘНЕ БЕТТЕСТІРУ
208-бап. Жауап алуға шақыру тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәны, жәбiрленушiні, күдіктiні жауап алуға шақыру қағазы арқылы шақырады.

Шақыру қағазында жауап алуға шақырылатын адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), адамды шақырып отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, жауап алуға келетін мекенжай мен уақыты (күні, сағаты), адвокат шақыру құқығы, сондай-ақ дәлелді себептерсіз келмеудiң салдары көрсетiледi.

Шақыру қағазы жауап алуға шақырылатын адамға одан қолхат ала отырып табыс етіледі не байланыс құралдарының көмегімен беріледі. Жауап алуға шақырылатын адам уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазы оның отбасының кәмелетке толған мүшесiне немесе тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша өзге адамдар мен ұйымдарға табыс етіледі, олар шақыру қағазын жауап алуға шақырылатын адамға беруге міндетті.

Жауап алынатын адам өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып шақырылуы мүмкiн.

Күзетпен ұсталып отырған күдіктi жауап алуға күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.

2. Жауап алуға шақырылатын адам белгіленген мерзімде келуге не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды келмеу себептері туралы алдын ала хабардар етуге міндетті. Жауап алуға шақырылатын адам дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда күштеп әкелінуі мүмкін не оған осы Кодексте көзделген өзге де процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.

3. Он сегіз жасқа толмаған адам жауап алуға оның заңды өкілдері арқылы, ал олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы орган арқылы не оның жұмыс немесе оқу орны бойынша әкімшілігі арқылы шақырылады.

4. Әскери қызметші жауап алуға әскери бөлім қолбасшылығы арқылы шақырылады.


209-бап. Жауап алу орны, уақыты мен ұзақтығы
1. Жауап алу сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жерде жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер оны қажет деп тапса, жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.

2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, күндiзгi уақытта жүргiзiледi.

3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол беріледі, бұл ретте жауап алудың бiр күн iшiндегi жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.

4. Кәмелетке толмаған адамнан жауап алу тәуліктің күндізгі уақытында жүргізіледі және үзіліссіз екі сағаттан артық, жалпы алғанда күніне төрт сағаттан артық жүргiзiлмейді. Кәмелетке толмаған адамның қажығаны анық болған жағдайда, жауап алу осындай уақыт өткенге дейін де үзілуі мүмкін.


210-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында жауап алынатын адамның жеке басына көз жеткізуге тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi білетіні-білмейтініне күмән келтірсе, оның айғақтарды қай тiлде бергiсi келетiнi анықталады. Қажет болған жағдайларда оны аудармашымен тегін қамтамасыз етеді.

2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.

Бір іс бойынша шақырылған адамдар басқа жауап алынатын адамдардан бөлек жауап береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір іс бойынша жауап алуға шақырылған адамдардың жауап алу басталғанға дейін бір-бірімен сөйлесе алмауы үшін шаралар қолданады.

3. Жауап алу жауап алынатын адамға iстің өзiне белгiлi болған мән-жайларын айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтатын болса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.

4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылауға және толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетелеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.

5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтауға қиын өзге де мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы, олар жауап алынатын адамның өтiнiшхаты бойынша немесе оның келiсiмiмен хаттамаға қоса тiгілуі мүмкiн.

6. Егер жауап алу барысында жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдемелер мен құжаттар көрсетілсе, басқа тергеу әрекеттерінің хаттамалары жария етілсе және тергеу әрекетінің дыбыс- және (немесе) бейнежазба, киноға түсiру материалдары тыңдатылып-көрсетілсе, онда бұл туралы жауап алу хаттамасында тиісті жазба жасалады. Бұл ретте хаттамада жауап алынып отырған адамның оған көрсетілген дәлелдемелер, жария етілген хаттамалар, тыңдатылып көрсетілген тергеу әрекеттерінің дыбыс- және (немесе) бейнежазбалары, кино түсiрілімдер бойынша берген айғақтары көрсетіледі.

7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, күдіктiден, айыпталушыдан жауап алу сурдоаударма дағдыларын меңгерген адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.

8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болған кезде одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.

9. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шешімі бойынша, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, куәнің немесе жәбірленушінің өтінуі бойынша жауап алу кезінде дыбыс- және бейнежазба қолданылуы мүмкін. Жауап алынатын адамға мұндай дыбыс- және бейнежазбаның қолданылатыны туралы жауап алу басталғанға дейін хабарланады.

10. Дыбыс- және бейнежазба жауап алудың барысын толығымен көрсетуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн дыбыс- және бейнежазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.

11. Жауап алу аяқталғаннан кейiн дыбыс- және бейнежазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып-көрсетіледі. Айғақтардың дыбыс- және бейнежазбасына жауап алынып отырған адам жасаған толықтырулар да фонограммаға және бейнеграммаға енгiзiледi. Дыбыс- және бейнежазба жауап алынатын адамның олардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.

12. Жауап алу барысында дыбыс- және бейнежазба қолданылып алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы, сондай-ақ: дыбыс- және бейнежазбаның қолданылғаны және бұл туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; ғылыми-техникалық құралдар, дыбыс- және бейнежазба жағдайлары мен оны тоқтата тұру фактiлерi, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның дыбыс- және бейнежазбаны қолдану себебі жөнiндегi мәлiмдемесiн; жауап алынып отырған адамға дыбыс- және бейнежазбаның тыңдатылып көрсетілгені туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның хаттаманың және дыбыс- және бейнежазбаның дұрыстығын куәландырғанын қамтуға тиiс. Фонограмма мен бейнеграмма iспен бiрге сақталады және олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн мөрмен бекiтiледi.
211-бап. Қосымша және қайталап жауап алу
1. Қосымша және қайталап жауап алу осы Кодекстің 210-бабында көзделген қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.

2. Қосымша жауап алу мынадай:

1) жауап алынған адам тергелетін істің мән-жайлары бойынша бұрын берген айғақтарын олардың жеткілікті түрде анық немесе толық болмауына қарай нақтылауға немесе толықтыруға ниет білдірген;

2) бұрын жауап алынған адамға іс үшін елеулі жаңа сұрақтар туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.

3. Қайталап жауап алу мынадай:

1) бастапқы жауап алуды жүргізудің процестік нормалары елеулі түрде бұзылған;

2) жауап алынған адам бұрын берген айғақтарынан бас тартқан және жаңа айғақтар беруге ниет білдірген жағдайларда жүзеге асырылады.
212-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалатын хаттамада көрсетiледi.

Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Сұрақтар мен олардың жауаптары жауап алу кезiндегi ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қабылдамаған немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың уәждерi көрсетiле отырып, қамтылуға тиiс.

2. Бірінші жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, оның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, бiлiмi; отбасылық жағдайы, жұмыс орны, қызмет түрi немесе лауазымы, тұрғылықты жерi, сондай-ақ осы Кодекстің 199-бабы төртінші бөлігінің қағидаларына сәйкес істің мән-жайлары бойынша қажет болуы мүмкін басқа да мәлiметтер көрсетiледi.

Кейiнгi жауап алулар кезінде жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) көрсетумен шектелуге болады.

Күдіктiден жауап алу хаттамасында бұрын сотталғандығының бар-жоғы көрсетiледi.

3. Жауап алынып отырған адам схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiркеліп, онда бұл туралы белгi жасалады.

4. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адамдар көрсетіледі. Олардың әрқайсысы хаттамаға, сондай-ақ оған жасалған барлық толықтырулар мен нақтылауларға қол қоюға тиіс.

5. Еркін баяндаудан кейін жауап алынып отырған адам өз айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазғаннан және оларға қол қойғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар қоюы мүмкін.

6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнуi бойынша жарияланады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгiзу талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.

7. Айғақтармен танысу фактiсiн және олардың жазылуының дұрыстығын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне де қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзiнің қолымен куәландырады.

8. Егер жауап алынып отырған адам дене бітімінің кемiстiгiнен немесе өзге де себептердің салдарынан хаттамаға өзi қол қою мүмкіндігінен айырылса, оның өтiнуi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.

9. Егер жауап алуға аудармашы не сурдоаударма дағдыларын меңгерген адам қатысса, онда олар да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Олар жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.


213-бап. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып,

бейнебайланыс режимінде жауап алудың (қашықтықтан

жауап алу) ерекшеліктері
1. Жәбірленушіден, куәдан жауап алу оны олар аумағында болған не тұратын ауданның не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына шақыру арқылы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып, бейнебайланыс режимінде (қашықтықтан жауап алу) жүргізілуі мүмкін. Қашықтықтан жауап алу барысында процестік әрекетке қатысушылар жауап алынып жатқан адамның айғақтарын тікелей трансляциядан тікелей қабылдайды.

Қашықтықтан жауап алу:

1) адамның денсаулық жағдайы немесе басқа да дәлелді себептер бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру (қарау) жеріндегі қылмыстық процесті жүргізетін органға тікелей келуі мүмкін болмайтын;

2) адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болатын;

3) жас немесе кәмелетке толмаған куәдан, жәбірленушіден жауап алу жүргізілген;

4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің сақталуын, істің сотта қаралуын қамтамасыз ету үшін қажет болған;

5) жауап алу қиын немесе артық шығындармен байланысты болады деп пайымдауға негіз беретін себептер болған жағдайларда жүргізіледі.

2. Қашықтықтан жауап алуды жүргізу туралы шешімді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өз бастамасымен немесе тараптың немесе қылмыстық процеске басқа да қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе прокурордың нұсқауы бойынша осы Кодекстің 188-бабында көзделген тәртіппен тапсырма жібере отырып, қабылдайды.

Қашықтықтан жауап алған кезде ғылыми-техникалық құралдар мен технологияларды пайдалану бейне мен дыбыстың тиісті сапасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.

3. Бейнебайланыс режимінде жүргізілген тергеу әрекетінің барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптарына сәйкес тапсырманы орындайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жасайтын хаттамада көрсетіледі. Қашықтықтан жауап алу хаттамасында көмегі арқылы тергеу әрекеті жүргізілетін ғылыми-техникалық бейнежазба құралдары туралы мәліметтер көрсетіледі.

Жауап алынатын адамның хаттамаға толықтырулар мен нақтылаулар енгізу туралы талаптары міндетті түрде орындалуға жатады.

Хаттама оған қол қойылғаннан кейін істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жіберіледі.

4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамнан оның өтінішхаты бойынша оны тануды болдырмайтын сыртқы келбеті мен дауысы өзгертіле отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алынуы мүмкін.
214-бап. Куәдан және жәбiрленушiден жауап алудың ерекшелiктерi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында куәнiң, жәбiрленушiнiң күдіктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақтар беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәнің, жәбiрленушiнің өзiнiң, жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін, сондай-ақ ал діни қызметшінің тәубеге келу үстінде өзіне сырын ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куәге, жәбiрленушiге олардың көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледі.

2. Егер куә жауап алуға заң көмегін көрсету үшін шақырылған адвокатпен бірге келсе, онда адвокат жауап алу кезінде қатысады. Жауап алу аяқталғаннан кейін адвокат жауап алудың мәні бойынша ескертулер беруге және жауап алу хаттамасына енгізілуге тиіс өтінішхат мәлімдеуге құқылы.

3. Қалған жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап

алу ерекшелiктерi


1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысу үшін педагог және (немесе) психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.

2. Он алты жасқа дейінгі куәлар мен жәбiрленушiлерге олардың айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығы туралы ескертілмейді. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіру кезінде оларға тек қана шындықты айту қажеттігі көрсетіледі. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге оның өзiнiң немесе жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiріледі.

3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдардан жауап алу кезінде қатысып отырғандарға жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы, хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертулер жасау, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қойылған сұрақты қабылдамауға құқылы, бірақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиіс.
216-бап. Күдіктiден жауап алу ерекшеліктері
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алудың алдында күдіктіге оның қандай қылмыстық жазаланатын әрекетті жасады деп күдік келтіріліп отырғанын хабарлайды, сондай-ақ оған айғақтар беруден бас тарту құқығын қоса алғанда, осы Кодекстің 64-бабында көзделген құқықтарды түсіндіреді.

2. Cотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған келтірілген күдіктің мәнін түсіндіре отырып, күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасауда өзін толық немесе ішінара кінәлі деп мойындайтынын не өз кінәсін мойындамайтынын анықтайды.

Күдіктінің жауап беруден бас тартуы оның өз кінәсін мойындамауы ретінде бағаланады.

3. Жауап алу күдіктiге келтірген күдік жөнінде және iс үшiн маңызы болуы мүмкін барлық басқа мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.

4. Осы Кодекстің 67-бабында көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 69-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, қорғаушының қатысуы міндетті.

5. Қалған жағдайларда күдіктiден жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.


217-бап. Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап алу

ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою)


1. Прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан, егер олардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, денсаулығының ауыр жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану) байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор алдында айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселеге бастама жасауға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жолданымға қылмыстық істің жәбірленушінің, куәнің айғақтарын сақтауға қою қажеттігін растайтын материалдарын қоса береді.

Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, бір тәулік ішінде айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселені шешеді.

2. Тергеу судьясы өтінішхатты ол алынған кезден бастап үш тәулік ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын белгілейді, бұл туралы прокурорға, күдікті мен оның іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына хабарлайды. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалады және наразылық білдіріледі. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты сотқа жіберу негіздерінің болуын көрсететін мән-жайлар туындаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

3. Тергеу судьясының жәбірленуші мен куәдан жауап алуы олардың айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат берген тұлғалардың, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа қатысушылардың қатысуымен жүргізіледі. Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің, куәнің қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, күдікті жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды сақтауға қою кезінде адамдардың сот отырысына қатысу үшін келуін қамтамасыз ету тергеу судьясына өтінішхат мәлімдеген тұлғаларға жүктеледі. Күдіктінің қорғаушысы адамдарды шақыру үшін тергеу судьясының алдына адамдардың жауап алуға келуін қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтінішхат беруі мүмкін.

Прокурордың, қорғаушының, күдіктінің дәлелді себептер бойынша келмей қалуына байланысты жауап алуды жүргізу, егер осы баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацында санамаланған мән-жайлар бұған кедергі келтірмесе, кейінге қалдырылуы мүмкін.

4. Тергеу судьясының жауап алуы мен жауап алу хаттамасын жүргізуі осы Кодекстің 347, 369, 370, 371-баптарының қағидалары сақтала отырып жүргізіледі.

5. Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тіркелген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қол қояды. Айғақтарды сақтауға қою кезінде болған процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшірмесін алуға және оған өздерінің ескертулерін келтіруге құқылы, оларды тергеу судьясы дәл сол күні қарап, олардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы қаулы шығарады. Содан кейін сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескерту келтірілген болса, осы ескертулер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы қылмыстық іс материалдарына қосып тігу үшін процесс прокурорына жіберіледі.


218-бап. Беттестіру
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұрын жауап алынған екi адам арасында, егер олардың айғақтарында елеулi қайшылықтар болса, осы қайшылықтардың себептерін анықтау үшiн беттестіру жүргізуге құқылы.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда беттестiруге қорғаушы, педагог және (немесе) психолог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет