1. Сот отырысына шақырылған тұлғалардың бiрiнiң келмеуi салдарынан немесе жаңа дәлелдемелерді талап етіп алдыру қажеттiгiне, прокурордың жаңа айыптау актісін жасауына және табыс етуіне немесе медиация рәсімін өткізуге, процестік келісім жасасуға байланысты iстi талқылау мүмкiн болмаған кезде сот iстi талқылауды белгілі бір мерзімге кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарады. Сот сонымен бір мезгілде тараптарға тиісінше айыптау және қорғау куәларының, сондай-ақ өтінішхаттар бойынша сот отырысына шақырылған өзге де тұлғалардың келуін қамтамасыз етуді міндеттеуге құқылы. Қажет болған кезде сот тараптардың өздері өтінішхат мәлімдеген дәлелдемелерді алуына көмек көрсетеді.
2. Сот талқылауы жаңа айыптау актісін жасау қажеттігіне байланысты кейінге қалдырылған кезде сот қорғаушы тараптың істің қосымша материалдарымен танысу құқығын қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады және жаңа айыптаудан қорғануға дайындалу үшін жеті тәулікке дейін уақыт береді.
Жаңа айыптау актісі сотталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысып отырған кезде), жәбірленушіге, заңды өкілге және өкілге табыс етіледі және істің материалдарына қосып тігіледі.
3. Осы Кодекстің 45-бабының бірінші – үшінші бөліктерінде көзделген негіздер болған кезде сот осы мән-жайлар жойылғанға дейін іс бойынша іс жүргізуді бір немесе бірнеше сотталушыға қатысты тоқтаты тұрады және қалған сотталушыларға қатысты сот талқылауын жалғастырады.
4. Жасырынып жүрген сотталушыны iздестіру сот қаулысымен жарияланады.
342-бап. Бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешу
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, оның күшiн жоюға немесе оны ұзартуға құқылы.
2. Сотталушыны бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау мерзiмi iс сотқа келіп түскен күннен бастап және үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс.
3. Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн сот күзетпен ұстау мерзiмiн өзiнiң қаулысымен он екi айға дейiн ұзартуға құқылы.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген күзетпен ұстау мерзiмдерi өткеннен кейiн сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына ауыстыруға тиiс.
5. Осы баптың екiншi және төртiншi бөлiктерiнде белгiленген шектеулер өздері бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын iстерге қолданылмайды.
343-бап. Істі басты сот талқылауында тоқтату
Егер басты сот талқылауында осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) – 12) тармақтарында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ айыптаушы осы Кодекстiң 337-бабы алтыншы бөлiгiнiң қағидаларына сәйкес айыптаудан бас тартқанда, iс тоқтатылуға жатады. Iс басты сот талқылауында осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша да тоқтатылуы мүмкiн.
Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы осы Кодекстің 288-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, шығарылады.
344-бап. Басты сот талқылауында қаулылар шығару тәртiбi
1. Сот басты сот талқылауы кезiнде сот шешетiн барлық мәселелер бойынша қаулылар шығарады, олар сот отырысында жария етілуге жатады.
2. Iстi тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою туралы, қарсылық білдірулер туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жекеше қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады.
3. Өзге қаулылар соттың қалауы бойынша не осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен не сол орнында – сот отырысы залында қаулыны сот отырысының хаттамасына енгiзе отырып шығарылады.
4. Басты сот талқылауында дәлелдемелерді зерттеу мәселелері бойынша шығарылған қаулылар шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды. Басты сот талқылауы барысында шығарылған қаулылармен келіспеу апелляциялық шағымға, наразылыққа енгізілуі мүмкін.
345-бап. Басты сот талқылауының тәртiптемесі
1. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi. Басты сот талқылауы бейнебайланыс режимінде де өтуі мүмкін, ол туралы шешімді іс бойынша төрағалық етуші қабылдайды.
2. Соттың сот отырысы залына кiруiнiң алдында сот приставы, ол болмаған кезде сот отырысының хатшысы: «Сот келе жатыр» деп хабарлайды, сот отырысына қатысып отырғандардың бәрi орындарынан тұрады, содан соң төрағалық етушiнiң ұсынуы бойынша өз орындарына отырады.
3. Сот талқылауына қатысушылардың бәрi сотқа қарап сөйлегенде, айғақтар бергенде және мәлiмдеме жасағанда орындарынан тұрады. Бұл қағидалардан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Басты сот талқылауының барлық қатысушылары, сол сияқты сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың барлығы төрағалық етушiнiң сот отырысының тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға тиiс.
5. Он алты жасқа дейiнгi адамдар, егер олар тарап немесе куә болып табылмаса, сот отырысы залына жiберiлмейдi. Қажет болғанда сот приставы азаматтан оның жасын куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Залға сондай-ақ масаң күйдегі адамдар жiберiлмейдi.
6. Сот отырысы залында фотосуретке түсiруге, дыбыс-, бейнежазуды қолдануға және киноға түсiруге процеске қатысушылардың келісімімен және төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi. Осы әрекеттер сот талқылауының қалыпты барысына кедергі келтірмеуге тиіс.
7. Сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот осы Кодекстің 98-бабында көзделген ережелерге сәйкес шаралар қабылдайды және сот талқылауын жүргізеді.
8. Басты сот талқылауы басталар алдында төрағалық етуші сот талқылауының барлық қатысушыларына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша сотқа өтініш жасау құқығы туралы түсіндіреді.
9. Тараптардың бірінің немесе сот талқылауына қатысушының қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаты бойынша сот осы мәселе жөнінде қаулы шығаруға құқылы.
346-бап. Басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз ету
мақсатында қолданылатын шаралар
1. Адам сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де әрекеттер жасаған кезде (әрекетсіздік кезінде) төрағалық етуші оны сот отырысы залынан шығарып жіберуге немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайларда, сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға осы Кодекстің 160-бабында қөзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Шығарып жіберу, айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге де адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Ақшалай өндіріп алуды сотталушыға және оның қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына қолдануға болмайды.
2. Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарылып жiберiлсе немесе ол істі сот талқылауына қатысудан бас тартса, төрағалық етуші соттың әрбір отырысының алдында одан өзі тәртіптемені сақтаған жағдайда, сот залында болғысы келетінін-келмейтінін анықтайды. Үкiм сотталушы қатысып отырғанда жариялануға, ал ол бұл ретте қатысудан бас тартқан кезде оған жарияланғаннан кейiн дереу қолхат алып хабарлануға тиiс.
3. Сот отырысы залынан процеске қатысушыны шығарып жiберу және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы сот қаулы шығарады.
4. Сот отырысы залында қатысып отырған, бiрақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдар тәртiп бұзған жағдайда, олар төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса сот оларға ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.
5. Егер сот отырысындағы тәртiп бұзушының әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi болса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшiн прокурорға жібереді.
347-бап. Басты сот талқылауының хаттамасы
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот отырысының хатшысы хаттама жүргiзедi.
2. Хаттама компьютерлік, электрондық (дыбыс-, бейнежазбаны қоса алғанда) машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
Сот отырысын тіркеп жазудың қосымша материалдары да сот отырысының хаттамасына қоса беріледі және істің материалдарымен бірге сақталады.
Осындай жағдайларда, хаттаманың бір бөлігі соттың құрамын және бүкіл сот талқылауында ғылыми-техникалық тіркеу құралдарының қолданылғаны туралы көрсетіле отырып, қысқаша түрде жазбаша жасалады.
3. Егер сот талқылауын дыбыс-, бейнежазу қолданылмаған болса, қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамада: басты сот талқылауының күнi мен датасы, оның басталу және аяқталу уақыты; қандай iс қаралып жатқаны; соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сот шақырған басқа да адамдар; сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы; соттың жүргiзiлген реттегi әрекеттерi, iске қатысатын адамдардың арыздары, қарсылықтары және өтiнiшхаттары; соттың кеңесу бөлмесiне бармай шығарған қаулылары; қаулылардың кеңесу бөлмесiнде шығарылғанын нұсқаулар; iске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiнiң түсiндiрiлгені; айғақтардың егжей-тегжейлi мазмұны; жауап алуға қатысқан адамдардың сот бөлген немесе жауап алынатын адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары; сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары; сот отырысында жүргiзiлген қарап-тексерулердің және дәлелдемелердi зерттеу жөнiндегi басқа әрекеттердiң нәтижелерi; азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, өзге де қатыгез немесе адами қадыр-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың қолданылғаны туралы арыздарды қарау нәтижелері және оларды зерттеу процесі; iске қатысатын адамдар хаттамада куәландыруды өтiнген фактiлерді нұсқау; тараптардың сот жарыссөзiнде сөйлеген сөздерiнiң және сотталушының соңғы сөзiнiң негiзгi мазмұны; үкiмнiң жарияланғаны және оған шағым жасау тәртiбi мен мерзiмi түсiндiрiлгенi туралы белгі көрсетiледi. Айғақтар бірінші жақтан және мүмкіндігінше сөзбе-сөз жазылады, сұрақтар мен оларға жауаптар жауап алу кезінде орын алған жүйелілік бойынша жазылады. Бұған қоса, хаттамада егер сотты құрметтемеушілік орын алған болса, оны куәландыратын фактiлер және тәртiп бұзушының жеке басы мен соттың тәртiп бұзушыға қатысты қолданған ықпал ету шаралары туралы да көрсетiледi.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейiн – бес тәулiктен, ал көп эпизодты істер және алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша он тәуліктен кешiктiрiлмей жасалып, оған төрағалық етушi мен хатшы қол қоюға тиiс. Сот талқылауы барысында хаттама бөлiп-бөлiп жасалуы мүмкiн, оларға, сондай-ақ тұтас хаттамаға сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Тараптардың өтінішхаты бойынша хаттаманың дайын болған бөлігі дайын болуына қарай беріледі.
5. Сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасының дұрыс жазылуы туралы сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысының арасында келіспеушiлiк болған кезде, соңғысы өзiнiң қарсылықтарын жазбаша түрде сот отырысы барысында жасалған жазбалармен, оның ішінде, сот отырысының дыбыс-, бейнежазбаларымен бiрге хаттамаға қоса беруге құқылы.
6. Төрағалық етушi тараптарға басты сот талқылауының хаттамасы дайындалғаны туралы хабарлауға және олардың онымен және дыбыс-, бейнежазба материалдарымен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Басты сот талқылауында жауап алынған адам хаттамадағы және дыбыс-, бейнежазба материалдарындағы өз айғақтарының жазбасымен таныстыру жөнiнде өтiнiшхат беруге құқылы. Мұндай мүмкiндiк өтiнiшхат мәлiмделгеннен кейiнгi күннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
8. Сот тараптардың немесе осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
348-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейiн бес тәулiк iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 347-бабының жетiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға, хаттамаға жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. Сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді.
349-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулердi қарау
1. Басты сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасына ескертулердi төрағалық етушi, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол ескерту берген адамдарды нақтылау үшiн шақыртуға құқылы.
2. Ескертулердi қарау нәтижелерi бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру туралы не оларды қабылдамау туралы, шағым жасалуға және наразылық білдірілуге жатпайтын уәждi қаулы шығарады, оған келіспеушілік апелляциялық шағымға, наразылыққа енгізілуі мүмкін. Хаттамаға және судьяның қаулысына жасалған ескертулер басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
43-тарау. БАСТЫ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІГІ
350-бап. Басты сот талқылауының ашылуы
Басты сот талқылауы үшін тағайындалған уақытта сот отырысының хатшысы немесе пристав сот отырысына қатысып отырғандарға: «Бәріңіздің тұруларыңызды өтінемін! Сот келе жатыр!» деп жариялайды Содан кейін төрағалық етуші сот отырысының залына кіріп, барлық қатысушыларға өз орындарына отыруын ұсынады және қандай қылмыстық iстiң және оның ашық немесе жабық сот отырысында қаралатыны туралы хабарлайды. Егер жабық сот отырысы жарияланған болса, төрағалық етуші процеске қатысушылардан және сот отырысына шақырылғандардан басқа адамдардың залдан шығуын ұсынады.
Сот отырысында дыбыс-, бейнежазу, киноға түсіру құралдары пайдаланылатын кезде төрағалық етуші ол жөнінде хабарлайды.
351-бап. Басты сот талқылауына шақырылған тұлғалардың
келуiн тексеру
Сот отырысының хатшысы сотқа басты сот отырысына қатысуға тиiстi тұлғалардың келгенi туралы баяндайды және келмегендердiң келмеу себептерiн хабарлайды.
352-бап. Аудармашыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
1. Егер сот отырысына қатысу үшін аудармашы шақырылса, төрағалық етуші аудармашы ретiнде кiмнiң қатысып отырғанын хабарлайды және оған осы Кодекстiң 81-бабында көзделген құқықтарын, мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы одан қолхат алынып, ол сот отырысының хаттамасына қоса тiгiледi. Аудармашыға, сондай-ақ, өз мiндеттерiн орындаудан жалтарған жағдайда оған осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін екені ескертіледі.
353-бап. Аудармашыға қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу
Төрағалық етушi келген тараптарға, куәларға, сарапшыға, маманға олардың аудармашыға қарсылық білдіруді мәлiмдеу құқығын түсiндiредi және заңда көзделген, аудармашыға қарсылық білдіруге әкеп соғатын негiздерді түсiндiредi. Сот мәлiмделген қарсылық білдіруді осы Кодекстiң 86-бабында белгiленген қағидалар бойынша шешедi. Егер аудармашыға қарсылық білдіру қанағаттандырылса, сот басқа аудармашыны шақырады, оған қатысты қарсылық білдіру туралы мәселе де осындай тәртіппен қаралады.
354-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
Келген куәлар олардан жауап алу басталғанға дейiн сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етушi сот жауап алмаған куәлардың жауап алынған куәлармен, сондай-ақ сот отырысы залындағы өзге де адамдармен сөйлеспеуi үшiн шара қолданады.
355-бап. Сотталушының жеке басын және оған айыптау актісі
көшiрмесiнiң уақтылы табыс етілгенін анықтау
Төрағалық етушi сотталушының тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде), туған жылын, айын, күнiн және туған жерін анықтай отырып, оның жеке басын анықтайды, деректерді оның жеке басын куәландыратын құжатпен немесе оның расталған көшірмесімен салыстырады, сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлетiнiн, тұрғылықты жерiн, айналысатын кәсібін, бiлiмiн, отбасылық жағдайын және оның жеке басына қатысты басқа да деректердi анықтайды. Содан кейiн төрағалық етушi сотталушыға айыптау актісі көшiрмесінiң табыс етілгенін-етілмегенін және нақты қашан табыс етілгенін анықтайды. Бұл ретте істі соттың талқылауы, егер бұл туралы сотталушы өтiнiшхат бермесе, сондай-ақ осы Кодекстiң 411-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, айыптау актісінің көшiрмесi табыс етілген күннен бастап үш тәулiк өтпей басталмауға тиiс.
356-бап. Сот құрамын, процеске басқа да қатысушыларды жариялау
Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, кiмнiң айыптаушы, қорғаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ сот отырысының хатшысы, сот приставы, сарапшы, маман болып табылатынын хабарлайды.
357-бап. Қарсылық білдірулерді шешу тәртiбi
1. Төрағалық етушi тараптарға сот құрамына, сондай-ақ осы Кодекстiң 356-бабында аталған тұлғаларға осы Кодекстiң 87, 88, 89, 90, 91, 92 және 93-баптарында көзделген негiздер бойынша қарсылық білдіруді мәлiмдеу құқығын түсiндiредi. Бұл қағидалар запастағы судьяға қатысты да қолданылады.
2. Сот мәлiмделген қарсылық білдірулерді осы Кодекстiң 86 және 87-баптарында белгiленген қағидалар бойынша шешедi.
358-бап. Сотталушыға оның құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi сотталушыға оның осы Кодекстiң 65-бабында көзделген, басты сот талқылауындағы құқықтарын, сондай-ақ процестік келісім жасасу, заңда көрсетілген жағдайларда, жәбірленушімен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу құқығын түсiндiредi.
359-бап. Жәбiрленушiге, жекеше айыптаушыға, азаматтық
талапкерге және азаматтық жауапкерге олардың
құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi жәбiрленушiге, жекеше айыптаушыға, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне олардың осы Кодекстiң 71, 72, 73, 74, 76 және 77-баптарында көзделген, басты сот талқылауындағы құқықтарын түсiндiредi. Жекеше айыптау iстерi бойынша, сондай-ақ бiрiншi рет жасалған қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда жәбiрленушiге оның сотталушымен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу құқығы түсiндiрiледi.
360-бап. Сарапшыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның осы Кодекстiң 79-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған көрінеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы сарапшыдан қолхат алынады, ол басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
361-бап. Маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi маманға оның осы Кодекстiң 80-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған өз мiндеттерiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн осы бапта белгiленген жауаптылық туралы ескертедi.
362-бап. Өтiнiшхаттарды мәлiмдеу және шешу
1. Төрағалық етушi тараптардан олардың жаңа куәларды, сарапшыларды және мамандарды шақыру туралы және заттай дәлелдемелер мен құжаттарды талап етіп алдыру туралы, оның ішінде медиация рәсімін өткізу не процестік келісім жасасу туралы өтiнiшхаттарының бар-жоғын сұрайды. Өтiнiшхатты мәлiмдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн қосымша дәлелдемелердiң қажет екенiн көрсетуге мiндеттi.
2. Төрағалық етушi, сондай-ақ тараптардан оларда талқылаудан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз материалдарды алып тастау туралы өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға мiндеттi.
3. Сот талқылаудың қалған қатысушыларының пiкiрiн тыңдағаннан кейiн мәлiмделген әрбiр өтiнiшхатты, оның ішінде процестік келісім жасасу және медиация рәсімін өткізу туралы өтінішхатты қарауға, оны қанағаттандыру немесе өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы уәждi қаулы шығаруға тиiс.
4. Сот процестік келісім немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу туралы, сондай-ақ сотқа тараптардың бастамасы бойынша келген адамдардан сот отырысында мамандар немесе куәгерлер ретiнде жауап алу туралы өтiнiшхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
5. Сот өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартқан тұлға оны одан әрi мәлiмдеуге құқылы.
363-бап. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрi болмаған кезде
істi тыңдау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу
Сот талқылауына қатысушылардың қайсыбiрi, сол сияқты куә, сарапшы немесе маман келмей қалған кезде сот тараптардың iстi талқылау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және талқылауды кейiнге қалдыру немесе оны жалғастыру және келмеген тұлғаларды келесi сот отырысына шақырту немесе оларды күштеп әкелу туралы қаулы шығарады.
44-тарау. СОТ ТЕРГЕУІ
364-бап. Сот тергеуiнiң басталуы
1. Сот тергеуi толық немесе қысқартылған тәртіппен жүзеге асырылады және айыптаушының – сотталушыға таққан айыбының мәнiн баяндауынан, ал жекеше айыптау iстерi бойынша – шағым берген тұлғаның немесе оның өкiлiнiң, ал олар болмағанда сот отырысы хатшысының шағымды баяндауынан басталады.
2. Айыптау ауырлығы төмендеу түрiне өзгертiлген немесе айыптаудың бiр бөлiгiнен бас тартылған жағдайда, айыптаушы сотқа айыптаудың жаңа уәжді тұжырымдалуын жазбаша түрде баяндауға мiндеттi. Айыптаушы айыптаудың мәнін баяндап болған соң сотқа процестік келісім жасасу ниеті туралы мәлімдеуге құқылы.
365-бап. Сотталушының ұстанымын анықтау
1. Төрағалық етушi сотталушыдан оған айыптаудың түсiнiктi-түсiнiксіз екенiн сұрайды, оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның осы Кодексте көзделген жағдайларда, тағылған айыпқа өз ұстанымын сотқа хабарлау ниетінің бар-жоғын, прокурормен процестік келісім немесе жәбірленушімен медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу ниетiнiң бар-жоғын анықтайды.
2. Сотталушыға оның сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде бiлдiрiлген кiнәсiн мойындауына немесе мойындамауына байланысты емес екенi, өз кiнәсiн мойындайтыны немесе мойындамайтыны туралы сұраққа жауап беруге мiндеттi емес екенi және сотталушының жауап беруден бас тартуы оның өзіне зиян келтiрiлгендей болып түсiнiлмейтiнi түсiндiрiлуге тиiс. Сотталушыға сондай-ақ өз кінәсін мойындау және шын жүректен өкіну оның жауапкершілігін және жазасын жеңілдететін мән-жайлар болып табылатыны түсіндіріледі. Сотталушы өз жауабын уәждеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның өз кiнәсiн мойындамағаны деп түсiнiледi.
3. Төрағалық етушi сотталушыдан оған қойылған азаматтық талапты (толық, iшiнара) мойындайтынын-мойындамайтынын сұрайды. Егер сотталушы бұл сұраққа жауап берсе, онда ол жауабын уәждеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның азаматтық талап қоюды мойындамағаны деп түсiнiледi.
4. Тараптар сотталушыға оның ұстанымын нақтылауға бағытталған, оның ішінде прокурормен процестік келісім жасасу туралы мәселе бойынша сұрақтар қоюға құқылы.
366-бап. Дәлелдемелердi ұсыну және зерттеу тәртiбi
1. Сот тергеуiнде айыптаушы және қорғаушы тараптар ұсынған дәлелдемелер зерттеледi.
2. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн сот тараптармен келiсе отырып айқындайды. Сот дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн белгiлеу немесе өзгерту мәселелерi бойынша қаулы шығарады.
3. Сотталушы төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтінде айғақ беруге құқылы.
4. Егер тергеу судьясы осы Кодекстің 217-бабына көзделген тәртіппен олардың айғақтарын сақтауға қойған болса, сотқа куә мен жәбірленуші шақырылмайды және олардан жауап алынбайды. Қысқартылған сот талқылауын өткізу кезінде куәлар шақырылмайды және олардан жауап алынбайды.
367-бап. Сотталушыдан жауап алу
1. Сотталушыдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған тағылған айып және iстiң басқа да мән-жайлары бойынша айғақ беру немесе бермеу құқығын, сондай-ақ сотталушының барлық айтқан сөздері өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн түсiндiредi.
2. Сотталушы айғақтар беруге келiсiм берген кезде бiрiншi болып одан қорғаушы және процеске қорғаушы тарапынан қатысушылар, содан кейiн мемлекеттiк айыптаушы және процеске айыптаушы тарапынан қатысушылар жауап алады. Төрағалық етушi жетелеуші сұрақтарды және iске қатысы жоқ сұрақтарды алып тастайды.
3. Сот сотталушыға одан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақ қояды, алайда нақтылау сұрақтары жауап алудың кез келген сәтінде қойылуы мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |