4. Судья тараптарға олардың өтiнiшхаты бойынша дәлелдемелердi жинауға және олар көрсеткен куәларды шақыруға жәрдем көрсетуге тиiс.
411-бап. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау
1. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау, осы бапта белгiленген алып қоюларды қоспағанда, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2. Сот талқылауы шағымның сотқа келіп түскен кезінен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, бірақ сотталушы өзінің құқықтары түсiндiрiлген шағымның көшiрмесiн алған кезден бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.
3. Жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен қоса бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге сот тергеуi басталғанға дейiн судьяның қаулысы бойынша жол берiледi. Шағымдарды бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде оларды берген тұлғалар процеске бiр мезгiлде жекеше айыптаушы және сотталушы ретiнде қатысады. Қарсы шағымның түсуiне және iс жүргiзулердi бiрiктiруге байланысты қорғауға дайындалу үшiн үстiнен қарсы шағым берiлген тұлғаның өтiнiшхаты бойынша iс үш тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Өздерiнiң шағымдарында жазған мән-жайлар туралы бұл тұлғалардан жауап алу – жәбiрленушiден жауап алу қағидалары бойынша, ал қарсы шағымдарда жазылған мән-жайлар туралы жауап алу сотталушыдан жауап алу қағидалары бойынша жүргiзiледi.
Сот талқылауына жекеше айыптаушы мен сотталушы жеке өзі қатысуға немесе онда өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы.
4. Сот тергеуi басталардан бұрын төрағалық етушi тараптарға өзара татуласудың мүмкіндігі туралы және татуласудың тәртібі мен салдарын түсіндіруге міндетті. Татуласуға қандай да бір шартсыз немесе тараптардың міндеттеме алуынсыз келуге болады. Татуласу туралы өтінішхат сот кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн мәлімделуі мүмкін.
5. Сот тергеуi жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, дәл сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдемелерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтуға құқылы. Айыптаушы сот отырысында, егер бұл сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалуға деген құқығын бұзбайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.
6. Егер айыптаушының өзі істі қарауға қатыспаған болса, жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң осы Кодекстiң 157-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген дәлелді себептерсіз сот отырысына келмей қалуы iстiң тоқтатылуына әкеп соғады, алайда, іс сотталушының өтiнiшхаты бойынша олардың қатысуынсыз мәні бойынша қаралуы мүмкiн.
412-бап. Жекеше айыптау iсi бойынша соттың шешiмi
1. Жекеше айыптау жөнiндегi iстi қарап, судья осы Кодекстiң қағидаларын басшылыққа ала отырып, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) айыптау немесе ақтау үкiмiн шығарады;
2) iстi тоқтатады;
3) жариялы немесе жекеше-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн тиісті прокурорға жiбередi.
2. Соттың жекеше айыптау iсi бойынша шешiмiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.
413-бап. Жекеше айыптау ісі бойынша iстi тоқтату
1. Жекеше айыптау iсін жүргізу осы Кодекстiң 35-бабында көзделген мән-жайлар бар болған кезде, сондай-ақ жәбiрлеушiнiң не айыпталушының жақын туыстары iстi қарауды талап еткеннен басқа жағдайларда, жекеше айыптаушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылуға жатады.
2. Жекеше айыптау бойынша iс жүргiзудi тоқтату тәртiбi, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
8-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫН
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАССАЦИЯЛЫҚ ТӘРТІППЕН
ҚАЙТА ҚАРАУ
48-тарау. СОТТЫҢ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНБЕГЕН ШЕШІМДЕРІНЕ
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ЖАСАУ, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУ
414-бап. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау,
наразылық білдіру құқығы
1. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы.
2. Істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор сот актісін апелляциялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылық келтіре алады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, өз құзыреті шегінде үкімді қайта қарау туралы наразылық енгізе алады.
3. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да қаулыға шағым жасауға құқылы.
415-бап. Апелляциялық тәртіппен қаралуға жататын сот актілері
1. Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым, наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша шығарылған қаулылар, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қаралуға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда баяндалуы мүмкін.
416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға берілген
апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды
қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды Әскери сот қарайды.
3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, наразылықтар және қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.
417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар
келтіру тәртібі
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
418-бап. Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық шағым жасау,
наразылық бiлдiру мерзiмдерi
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.
419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру
мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi
1. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзiмі өткiзіп алынған жағдайда шағым, наразылық беруге құқығы бар тлғалар үкiмдi, қаулыны шығарған сот алдында өткізiп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiшхат бере алады. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында – басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған тұлғаны түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасауға, наразылық білдіруге болады, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, наразылық бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым, наразылық берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе онда өз дәлелдерін беріп, осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Осындай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өзінің қаулысымен апелляциялық шағымды, наразылықты қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі ағаттықтар), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе наразылық келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, наразылық келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
4. Апелляциялық саты судьясының өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулысы шағыммен, наразылықпен және басқа да материалдармен бірге үкімді, қаулыны шығарған сотқа осы Кодекстің 420 және 421-баптарында көзделген әрекеттерді орындау үшін дереу жіберіледі.
420-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым және наразылық беру
туралы хабарлама
1. Үкім, қаулы шығарған сот апелляциялық (жекеше) шағымның немесе наразылықтың берілгені туралы сотталған адамды немесе ақталған адамды, оның қорғаушысын, өкілін, айыптаушыны, жәбірленушіні және оның өкілін, сондай-ақ шағым, наразылық олардың мүдделерін қозғайтын болса, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді немесе олардың өкілдерін хабардар етеді.
2. Шағымның, наразылықтың көшірмесі осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың оларға қарсылық беру құқығы жазбаша түрде түсіндіріліп, ұсыну мерзімі көрсетіле отырып, оларға жіберіледі. Тараптарға шағымдалған, наразылық білдірілген сот актісімен келісуі туралы өз дәлелдерін беру құқығы да түсіндіріледі. Шағымға, наразылыққа келіп түскен қарсылық, тараптардың дәлелдері іске қоса тігіліп, апелляциялық сатыда жиынтық түрде қаралуға жатады.
3. Тараптар жаңа материалдарды апелляциялық сатыға апелляциялық (жекеше) шағымға, наразылыққа қарсылықпен бірге немесе бөлек ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу туралы, сондай-ақ өздері көрсеткен жәбірленушілерді, куәларды, сарапшыларды, мамандарды сотқа шақырту және олардан жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
421-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым берудің және наразылық
келтірудің салдары
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру және наразылық келтіру, бұлтартпау шарасы туралы шешімді қоспағанда, үкімнің, қаулының заңды күшіне енуін және оны орындауға келтіруді тоқтата тұрады.
2. Бірінші сатыдағы сот үкімге, қаулыға шағым жасау, наразылық білдіру және осы Кодекстің 420-бабының талаптарын орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін бір тәуліктен кешіктірмей, істі оған келіп түскен шағымдармен, наразылықпен, оларға қоса берілген құжаттармен, сондай-ақ оларға қарсылықтармен қоса тиісті соттың апелляциялық сатысына жібереді.
422-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау,
наразылық бiлдiру
1. Осы Кодекстің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабында көрсетілген тұлғалар жекеше шағым, наразылық келтіре алады.
2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына жекеше шағым, наразылық қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде жоғары тұрған сотқа берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым, наразылық берілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім аяқталған соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.
423-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық
1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
1) шағым, наразылық жіберіліп отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;
2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғаның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
3) шағым, наразылық беріліп отырған үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемінде шағым, наразылық беріліп отырғанын көрсету;
5) шағым, наразылық берген тұлғаның өз пікірі бойынша соттың үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
6) шағымның, наразылықтың авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
7) шағымға, наразылыққа қоса берілген материалдардың тізбесі;
8) шағым, наразылық берілген күн және шағым, наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, ол берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, наразылық авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.
3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, наразылықтың негіздерін растау ретінде, шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық берген тұлға сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер бастапқы наразылықта немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.
5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, наразылық білдірген тұлға апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, наразылығын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың наразылығын да жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген тұлғалардың шағымдарын оларға кері қайтару сот үшін міндетті болып табылады.
49-тарау. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМДАР, НАРАЗЫЛЫҚТАР
БОЙЫНША ІСТЕРДІ ҚАРАУ
424-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істе бар және қосымша ұсынылған, апелляциялық сатының отырысында зерттелген материалдар бойынша iстiң нақты мән-жайын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру кезiнде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң немесе қаулысының әділдігін, заңдылығы мен негiздiлiгiн осы Кодекстің 426-бабының бірінші бөлігінде белгіленген шектерде тексередi.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкіміне, қаулысына берілген шағымдарды, наразылықтарды қарау тәртібі осы Кодекстің 69-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
425-бап. Iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмдерi
Iс келiп түскен күнінен бастап бір айдан кешiктiрiлмей апелляциялық тәртiппен қаралуға тиiс. Егер сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеу және жаңа үкім шығару қажеттігіне негіз бар деп тапса, іс келіп түскен күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей апелляциялық тәртіппен қаралуға тиіс. Дәлелдi себептер болған кезде, көрсетілген мерзiмдер iс жүргiзуінде іс жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бiр айға ұзартылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмiн одан әрi ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл ретте істі қарау мерзімінің әрбір ұзартылуы бір айдан аспауға тиіс.
426-бап. Істі апелляциялық сатыда қараудың шектері
1. Істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін, әділдігін тек шағымға немесе наразылыққа қатысты бөлігінде және шағымға немесе наразылыққа қатысы бар сотталған адамдарға қатысты ғана тексереді.
2. Егер істі қараған кезде ол басқа сотталған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны, бұл заңсыз үкімнің, қаулының шығарылуына әкеп соққаны анықталса, сот осы Кодексте көзделген қағидаларды сақтай отырып, оның шағым жасалмаған, наразылық білдірілмеген бөліктерінде де және өздері туралы шағым, наразылық білдірілмеген адамдарға қатысты да күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
Үкімді өздері туралы шағым, наразылық берілмеген адамдарға қатысты өзгертуге немесе оның күшін жоюға шағымға, наразылыққа қатысы бар адамға қатысты үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда ғана және қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасаған басқа да сотталғандардың әрекеттерін саралауды сәйкес келтіру үшін ғана жол беріледі.
3. Сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне апелляциялық шағым, наразылық бойынша істі қарай отырып, жекеше шағымдар, наразылықтар болмаған кезде де, егер соттың жекеше және өзге де қаулылары апелляциялық сатының шағымдар, наразылықтар бойынша қабылдаған шешіміне қарама-қайшы келсе немесе істің материалдарына және заңға сәйкес келмесе, олардың күшін жоюға немесе оларды өзгертуге құқылы.
4. Апелляциялық шағымды, наразылықты, оларға қарсылықтар мен тараптардың дәлелдерін қарау бойынша шығарылған қаулымен (үкіммен) осы сот сатысында іс бойынша іс жүргізу аяқталады.
427-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын дайындау
1. Егер шағымдардағы, наразылықтағы дәлелдерді тексеру үшін тиісті процестік әрекеттерді орындау қажет болса, судья іс келіп түскен күннен бастап он тәуліктің ішінде істі апелляциялық сатыда қарауға дайындау туралы қаулы шығарады, онда алқа отырысына тиісті адамдарды (сотталған адамды, ақталған адамды, жәбірленушіні, куәларды, сарапшыларды, мамандарды) шақыру және олардан жауап алу туралы, материалдарды талап ету және істі дұрыс шешу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жасау туралы нақты көрсетеді. Судья қаулыда дайындық әрекеттерін орындау үшін қажетті уақытты ескере отырып, істі апелляциялық сатыда қарау күнін көрсетеді. Судьяның апелляциялық сатыдағы отырысты дайындау туралы қаулысының көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде процеске қатысушыларға жіберіледі.
2. Судья тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша сотталушыға немесе сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы мәселені шешеді, ол туралы қаулыда көрсетеді.
428-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдары, наразылығы бар қылмыстық іс келіп түскен бойда сот отырысын тағайындайды, істі қараудың уақыты мен орны туралы тараптарды хабардар етеді.
2. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан өзінің жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде апелляциялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, ол орындау үшін тиісті органдарға жіберіледі.
3. Өзге жағдайларда күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот шешеді. Сот бірінші сатыдағы сотта қараудың нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезде сотталған (ақталған) адамның апелляциялық сатыдағы отырысқа қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда осы Кодекстің 335-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі сотталған (ақталған) адамның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.
4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған жәбірленушінің (азаматтық талапкердің), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың наразылығы бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыдағы сотта қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатының жаңа дәлелдемелерді зерттеуі кезінде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
5. Осы Кодекстің 414-бабына сәйкес үкімге шағым жасау құқығы берілген тұлғалар, сондай-ақ үкім шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайларда жіберіледі. Оларға өздерінің өтінуі бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықты не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
6. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
Апелляциялық сатыда прокурор осы Кодекстің 337-бабында көзделген өкілеттіктерге ие болады.
Қорғаушыны қоспағанда, апелляциялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген процестің басқа қатысушыларының келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |