Кодекс І кодек с республики казахстан қазақстан республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет40/44
Дата13.06.2016
өлшемі2.82 Mb.
#131307
түріКодекс
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44

3. Консулдық орналасқан үй-жай мен консулдық басшысының резиденциясы өзара түсіністік негiзде қолсұғылмаушылықты пайдаланады. Осы үй-жайларға кiру, тiнту, алу, мүлікке тыйым салу тиiстi шет мемлекеттің консулдығы немесе дипломатиялық өкiлдiгі басшысының өтiнiшi бойынша немесе келiсiмiмен ғана орын алуы мүмкiн.

4. Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтардың мұрағаттарына, ресми жазысқан хаттары мен басқа да құжаттарына қол сұғуға болмайды. Олар дипломатиялық өкiлдiк, консулдық басшысының келiсiмiнсiз қарап-тексерілуге және алынуға жатпайды. Дипломатиялық пошта ашылуға және кідіртілуге жатпайды.

5. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген үй-жайларға кiруге, оларда тiнту, алу жүргiзуге, сондай-ақ осы баптың төртiншi бөлiгiнде көрсетілген құжаттарды қарап-тексеруге және алуға дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтар басшыларының келiсiмiн прокурор Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұратады.

6. Көрсетілген жағдайларда тiнту, алу, қарап-тексеру прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.

12-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ

САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ


58-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
557-бап. Құқықтық көмек көрсету тәртібімен жүргізілетін процестік

және өзге де әрекеттер


1. Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттердің құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету тәртібімен құжаттарды табыс ету, жекелеген процестік әрекеттерді орындау, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру, адамдарды ұстап беру (экстрадициялау), адамдарды уақытша ұстап беру (экстрадициялау), транзиттік тасымалдау, адамдарды уақытша беру, сотталғандарды және психикасының бұзылуынан зардап шегетін, өздеріне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру, үкімдерді тану және орындау жүргізілуі мүмкін.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында қылмыстық іс бойынша өзара іс-қимылдың осы Кодексте көзделмеген өзге де нысандары көзделуі мүмкін.

3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекске қайшы келетiн болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
558-бап. Өзара түсіністік қағидатымен құқықтық немесе

өзге де көмек көрсету


1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде құқықтық немесе өзге де көмек өзара түсіністік қағидатында шет мемлекеттің сұрау салуы негізінде көрсетілуі немесе оны Қазақстан Республикасының орталық органы сұратуы мүмкін.

2. Қазақстан Республикасының орталық органы шет мемлекетке осындай сұрау салуды жібере отырып, сұрау салынатын тарапқа осындай құқықтық көмек түрін көрсету туралы оның сұрау салуының болашақта қарастырылатынына жазбаша түрде кепілдік береді.

3. Осы баптың бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының орталық органы сұрау салушы тараптың болашақта Қазақстан Республикасының сұрау салуын өзара түсіністік қағидатында қабылдауға және қарауға жазбаша кепілдігі болған кезде ғана шет мемлекеттің сұрау салуын қарайды.

4. Қазақстан Республикасының орталық органы өзара түсіністік қағидатында құқықтық көмекке жүгінген және шет мемлекетке құқықтық көмек көрсеткен кезде осы Кодексті басшылыққа алады.

5. Шет мемлекетпен халықаралық шарт болмаған кезде Қазақстан Республикасының орталық органы сұрау салынатын тарапқа құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды дипломатиялық жолмен жібереді.
559-бап. Орталық органдар
1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы немесе уәкілетті прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру кезінде құқықтық көмек туралы, адамдарды ұстап беру (экстрадициялау), адамдарды уақытша ұстап беру (экстрадициялау) немесе транзиттік тасымалдау туралы, уақытша беру туралы, сотталғандарды және психикасының бұзылуынан зардап шегетін, өздеріне медициналық сипатта мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы, үкімдерді тану және орындау туралы сұрау салулармен (тапсырмалармен, өтінішхаттармен) өтініш жасайды және шетелдік құзыретті органдардың тиісті сұрау салуларын қарайды.

2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот ісін жүргізу уақытында соттардың құқықтық көмек туралы сұрау салуларымен (тапсырмалармен, өтінішхаттармен) өтініш жасайды және шет мемлекеттер соттарының тиісті сұрау салуларын қарайды.


560-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу
1. Құқықтық және өзге де көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) құзыретті орган осы Кодекстің және (немесе) Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шартының талаптарына сәйкес жасайды.

2. Сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) және оған қоса берілген құжаттар тиісті бланкіде жазбаша нысанда жасалып, уәкілетті лауазымды адамның қолымен және тиісті органның елтаңбалы мөрімен куәландырылады.

3. Сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) және оған қоса берілген құжаттар Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шартында айқындалған тілге, ал ол болмаған кезде – сұрау салынатын тараптың ресми тіліне немесе осы тарап үшін қолайлы басқа тілге аудармасымен қоса жіберіледі.

4. Қазақстан Республикасының орталық органы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) шет мемлекетке поштамен, ал кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда – электрондық, факсимильдік немесе өзге де байланыс құралымен жіберіледі. Мұндай жағдайда сұрау салудың түпнұсқасы оны электрондық поштамен, факсимильдік немесе өзге де байланыс құралымен жіберген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірілмей поштамен жіберіледі.

5. Сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) жіберуден бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы түзетілуі керек кемшіліктерді жазып немесе тапсырманы жіберудің мүмкін болмау себептерін түсіндіріп, барлық материалдарды процесті жүргізетін тиісті органға қайтарады.

6. Қазақстан Республикасының орталық органы сұрау салушы тараптан электрондық, факсимильдік немесе өзге де байланыс құралы арқылы келіп түскен сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарауға қабылдай алады. Осындай сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау оның түпнұсқасы жөнелтілгені немесе берілгені расталған кезде ғана жүзеге асырылады. Шет мемлекеттің құзыретті органына орындалған сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) материалдары Қазақстан Республикасының орталық органы сұрау салудың түпнұсқасын алғаннан кейін ғана жіберілуі мүмкін.


561-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және беру
1. Сұрау салынатын тарап Қазақстан Республикасы құзыретті органының сұрау салуын (тапсырмасын, өтінішхатын) орындау тәртібімен берген заттай дәлелдемелер осы Кодексте белгіленген тәртіппен сақталады және өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін сұрау салынатын тарапқа қайтарылады.

2. Сұрау салушы тараптың құзыретті органына сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау тәртібімен заттай дәлелдемелерді беру кезінде Қазақстан Республикасының құзыретті органы, егер Қазақстан Республикасының аумағында оларды басқа қылмыстық іс жүргізу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы үшін пайдалануға қажеттілік болмаған немесе үшінші адамдардың тиісті мүлікке құқығына қатысты құқыққа сыйымды талаптары болмаған немесе оған қатысты дау сотта қаралып жатқан жағдайда, сұрау салушы тараптан оларды қылмыстық іс жүргізу аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасына қайтаруды талап етуден бас тарта алады.


562-бап. Ресми құжаттардың жарамдылығы
1. Құқықтық және өзге де көмек көрсету туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) байланысты жіберілетін құжаттар, егер оларды сұрау салушы немесе сұрау салынатын тараптың құзыретті органының ресми адамы тиісті нысанда жасаса, куәландырса және құзыретті органның мөрімен бекемделсе, Қазақстан Республикасының аумағында қосымша куәландырусыз (заңдастырусыз) қабылданады.

2. Шет мемлекетте жүзеге асырылатын қылмыстық іс жүргізуге қатысушының процестік мәртебесі Қазақстан Республикасында сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде осы Кодекстің қағидалары бойынша қосымша анықтауды қажет етпейді.


563-бап. Шет мемлекеттің аумағында алынған дәлелдемелердің

жол берілетіндігі


Шет мемлекеттің аумағында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды (тапсырмаларды, өтінішхаттарды) орындау барысында оның лауазымды адамдары алған немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе өзара түсіністік қағидаты негізінде қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салуға (тапсырмаларға, өтінішхаттарға) қосымша ретінде Қазақстан Республикасына жіберілген, белгіленген тәртіппен куәландырылған және берілген дәлелдемелер, егер оларды алу кезінде әділ сот ісін жүргізу қағидаттары, адамның құқықтары мен негізгі бостандықтары бұзылмаса, жол берілетін дәлелдемелер деп танылады.
564-бап. Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстар
1. Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстар, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды (тапсырмаларды, өтінішхаттарды) орындау жүктелетін Қазақстан Республикасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру, прокуратура, сот органдарын және өзге де мекемелерін ұстауға мемлекеттік бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде туындайтын:

1) қылмыстық процеске қатысушыларды, оның ішінде адамдарды уақытша берген жағдайда сұрау салушы тараптың аумағына шақыруға;

2) сараптамалар жүргізуге;

3) қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

4) сұрау салушы тарапқа берілген адамды үшінші мемлекеттің аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстар сұрау салушы тараптың есебінен өтеледі.

59-тарау. ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК
565-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың

(тапсырманың, өтінішхаттың) мазмұны мен нысаны


1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта):

1) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) берiп отырған органның атауы;

2) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) жiберiлiп отырған органның атауы мен мекенжайы;

3) тиісті халықаралық шартқа немесе өзара түсіністік қағидаттарын сақтауға сілтеме;

4) құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыстық істің атауы;

5) қылмыстық іс жүргізу нысанасы болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша сипаттамасы және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарының толық мәтіні жазылған оның құқықтық саралануы, қажет болған кезде – iс-әрекетпен келтiрiлген залалдың мөлшерi туралы деректер;

6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарының толық мәтіні жазыла отырып, хабарланып отырған күдік келтіру, айыптау туралы мәліметтер;

7) тиісті адам туралы, атап айтқанда, оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), процестік мәртебесі, тұрғылықты немесе келген жері, азаматтығы туралы, заңды тұлғалар үшін – олардың атауы мен орналасқан жері туралы мәліметтер, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындауға ықпал ете алатын өзге де мәліметтер, сондай-ақ осы адамның қылмыстық іс жүргізу нысанасымен байланысы;

8) анықталуға жататын мән-жайларды баяндау, сондай-ақ сұрау салынып отырған процестік әрекеттердің, құжаттардың, заттай және басқа да дәлелдемелердің тізбесі және олардың қылмыстық іс жүргізу нысанасымен байланысын негіздеу;

9) процестік әрекеттерді орындау кезінде қатысуы қажет деп есептелетін адамдар туралы мәліметтер және осы қажеттілікті негіздеу қамтылуға тиіс.

2. Адамға процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында, адамнан куә, жәбірленуші, сарапшы, күдікті немесе айыпталушы ретінде жауап алу туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) осы Кодекстің тиісті баптарының құзыретті орган куәландырған үзінді көшірмесі қоса беріледі. Сондай-ақ адамға қойылуы керек сұрақтардың немесе адамнан алынуы қажет мәліметтердің тізбесі де сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) қоса беріледі.

3. Осы Кодекске сәйкес прокурордың немесе соттың санкциясын алуды не мүлікті тәркілеуді талап ететін процестік әрекеттерді жүргізу туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) құзыретті органдардың оларды жүргізу туралы уәжді шешімдерінің түпнұсқалары немесе куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.


566-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды

(тапсырманы, өтінішхатты) қарау


1. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау нәтижелері бойынша:

1) оның орындалуын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, прокуратураға немесе сотқа тапсыруға;

2) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) шет мемлекеттің процестік заңнамасының нормаларын қолдана отырып орындау мүмкіндігіне;

3) егер бұл Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық іс жүргізуге кедергі келтіретін болса, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындауды кейінге қалдыруға;

4) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан осы Кодекстің 569-бабында көзделген негіздер бойынша бас тартуға;

5) егер сұрау салуды орындаудың шығыстары қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зияннан айқын түрде асатын немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына айқын жауап бермейтін болса, егер бұл Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының ережелеріне қайшы келмесе, осы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау мүмкіндігіне қатысты шешім қабылдайды.

2. Сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандыру туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау үшін Қазақстан Республикасының құзыретті органына жібереді. Халықаралық шартта көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының орталық органы құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде сұрау салушы тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуына қатысты шешімді де қабылдайды.

3. Тиісті прокурор өз өкілеттіктерінің шегінде құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) тиісінше, толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге қатысты нұсқау беруге құқылы. Прокурордың берген нұсқаулары Қазақстан Республикасының тиісті құзыретті органының орындауы үшін міндетті болып табылады.


567-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды

(тапсырманы, өтінішхатты) қарау нәтижелері туралы хабар


1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) қанағаттандырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау нәтижесінде алынған материалдардың сұрау салушы тарапқа берілуін қамтамасыз етуге міндетті.

2. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тарапқа бас тарту себептерін, сондай-ақ сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) қайтадан қаралуы мүмкін шарттарды хабарлайды және сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қайтарады.

3. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тарту немесе оны орындауды кейінге қалдыру үшін негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тараппен белгілі бір шектеулерде сұрау салуды орындау тәртібін келісе алады. Егер сұрау салушы тарап белгілі бір шарттармен келіссе, сұрау салушы тарап осы шарттарды орындағаннан кейін сұрау салу қанағаттандырылады.
568-бап. Құпиялық
1. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тараптың өтінуі бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) алу фактісінің, оның мазмұнының және оны орындау нәтижесінде алынған мәліметтердің құпиялығын қамтамасыз ету үшін қосымша шараларды қолдануға құқылы.

2. Қажет болған кезде сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау нәтижесінде алынған құпия мәліметтерді сақтау шарттары мен мерзімдері келісіледі.

3. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына материалдарды беру кезінде осы Кодекске және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес осындай материалдарды пайдалануға қатысты шектеулерді белгілей алады.

4. Егер құқықтық көмек туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) Қазақстан Республикасында орындау нәтижесінде мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтер алынса, бұл мәліметтер Қазақстан Республикасының немесе оларды Қазақстан Республикасына берген өзге де мемлекеттің мүдделеріне зиян келтірмейтін жағдайда, құпия ақпаратты өзара қорғау туралы шарт болған кезде ғана және оларда көзделген талаптар мен қағидаларға сәйкес сұрау салушы тарапқа берілуі мүмкін.

569-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды

(тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан бас тарту


1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, сұрау салушы тарапқа құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде, егер:

1) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін болса немесе Қазақстан Республикасының егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса;

2) сұрау салушы тарап осы саладағы өзара түсіністікті қамтамасыз етпесе;

3) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) Қазақстан Республикасында қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтын іс-әрекетке қатысты болса;

4) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) адамды оның шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, нанымы, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қудалау, соттау немесе жазалау мақсатында жіберілді деп есептеуге негіздер жеткілікті болса, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан бас тартылуға тиіс.


570-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды

(тапсырманы, өтінішхатты) орындау тәртібі


1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган өзіне белгіленген тәртіппен берілген құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) осы Кодекстің жалпы қағидалары бойынша орындайды.

2. Сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде, бұл Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, осы мемлекеттің процестік заңнамасының нормалары қолданылуы мүмкін.

3. Егер құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) орындалмайтын болса, алынған құжаттар оны орындауға кедергі болған себептер көрсетіле отырып, сұрау салушы тарапқа белгіленген тәртіппен қайтарылады.
571-бап. Арнайы рұқсатты қажет ететін процестік әрекеттер
Егер сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау үшін прокурордың немесе соттың санкциясын талап ететін процестік әрекетті жүргізу қажет болса, сұрау салушының заңнамасында бұл көзделмесе де, мұндай әрекет осы Кодексте көзделген тәртіппен тиісті санкция алынған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сұрау салушы тараптың өтініш жасаған материалдары осындай процестік әрекеттерді санкциялау туралы мәселені шешу үшін негіз болып табылады.
572-бап. Сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдары

өкілдерінің қатысуы


1. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес қатысуға рұқсат берілген шет мемлекеттің құзыретті органының өкілі Қазақстан Республикасының аумағында қандай да бір процестік әрекеттерді өз бетінше жүргізуге құқылы емес. Мұндай өкілдер процестік әрекеттерді жүргізу кезінде қатысқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға тиіс.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген адамдардың процестік әрекеттерді жүргізу кезінде қатысуға және процестік әрекеттердің хаттамасына енгізілуге жататын, олардың жүргізілу тәртібі туралы арыз беруге және ескертулер енгізуге, тергеушінің, анықтау органының, прокурордың немесе соттың рұқсатымен сұрақтар қоюға, сондай-ақ жазбалар жасауға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды қолдана отырып жасауға құқығы бар.


573-бап. Құжаттарды табыс ету
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) бойынша осы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) қоса тігілген құжаттар мен шешімдер сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адамға осы бапта белгіленген тәртіппен табыс етіледі.

2. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау тұрғысынан құжаттарды тапсыру үшін адамды шақырады. Егер адам дәлелді себептерсіз келмесе, оған осы Кодексте көзделген тәртіппен күштеп әкелу қолданылуы мүмкін.

3. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құжаттардың адамға табыс етілгендігі туралы олардың табыс етілген жері мен күнін көрсете отырып хаттама жасайды. Хаттамаға құжаттар табыс етілген адам құжаттарды алу кезіндегі мәлімдемелерін немесе ескертулерін жазып, қол қояды. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда бөлек растау қағазы да жасалады, оған құжаттарды алған адам және оны табыс етуді жүзеге асырған адам қолдарын қояды.

4. Адам табыс етілуге жататын құжаттарды алудан бас тартқан жағдайда, бұл туралы хаттамада көрсетіледі. Бұл ретте табыс етілуге жататын құжаттар табыс етілді деп есептеледі, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.

5. Егер табыс етілуге жататын құжаттардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы болмаса және сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адам білмейтін тілде жасалса, ол адамның құжаттарды алудан бас тартуға құқығы бар. Мұндай жағдайда құжаттар табыс етілген жоқ деп есептеледі.
574-бап. Уақытша беру
1. Егер қылмыстық іс бойынша айғақтар беру немесе өзге де процестік әрекеттерге қатысу үшін шет мемлекеттің аумағында күзетпен ұсталып отырған немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан және осы қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған адамның қатысуы қажет болса, қылмыстық процесті жүргізетін орган осы адамды Қазақстан Республикасына уақытша беру туралы өтінішхат жасайды.

2. Сұрау салынған тарап адамды уақытша беру туралы өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда, мұндай адам ол берілген процестік әрекеттер жүргізілгеннен кейін шет мемлекетпен келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс.

Уақытша берудің келісілген мерзімі жеткіліксіз болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган ол аяқталардан жиырма тәулік бұрын Қазақстан Республикасының орталық органына шет мемлекетпен келісу үшін көрсетілген мерзімді ұзарту туралы өтінішхат жібереді.

3. Шет мемлекеттің құзыретті органының адамды күзетпен ұстау немесе оған бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы шешімі Қазақстан Республикасына уақытша берілген адамды Қазақстан Республикасында күзетпен ұстауға негіз болып табылады.

4. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеп жатқан адамды осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген шарттарды сақтай отырып, шет мемлекеттің құзыретті органының өтінішхаты бойынша шет мемлекетке уақытша беруге болады.

5. Адамды уақытша беру осы адамның жазбаша келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.


575-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жердегі адамды шақыру
1. Қазақстан Республикасынан тыс жердегі адам Қазақстан Республикасының аумағында процестік әрекеттерді жүргізу үшін, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) негізінде шақыру қағазымен шақыртылады. Мұндай адам шақырту туралы күнібұрын хабардар етіледі. Күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан және сотталған адамнан басқа, шақыртылған адамға шақыруға байланысты шығыстардың мөлшері және оларды өтеу тәртібі туралы хабарланады.

2. Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүрген, шақырту бойынша келген куә, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері, сарапшы өзінің азаматтығына қарамастан, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін орын алған іс-әрекет үшін немесе үкімдердің негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды, күзетпен қамауға алынбайды немесе оларға басқа да процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет