514-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс қарауға қатысушылардың жауапкершiлiгi
Қаралатын iске қатысушының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органға (лауазымды адамға) келуден дәлелдi себепсіз бас тартуы не жалтаруы, яғни келмеуi, сөйтiп iс бойынша қарауды кейiнге қалдыруға себепшi болуы, -
он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 514-1-баппен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
514-1-бап. Алқабидің міндеттерін атқару үшін сотқа келмеу
Алқабидің міндеттерін атқару үшін азаматтың сотқа шақыру бойынша дәлелсіз себептермен келмеуі, -
азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 514-2-баппен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
514-2-бап. Алқабилердің тізімдерін жасау үшін ақпаратты табыс етпеу
Алқабилердің тізімдерін жасау үшін жергілікті атқарушы органдарға қажетті ақпаратты табыс етпеу, сол сияқты дұрыс емес ақпарат табыс ету, -
жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің оннан он беске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 514-3-баппен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
514-3-бап. Азаматқа алқаби міндеттерін атқаруға кедергі келтіру
Лауазымды адамның азаматқа алқаби міндеттерін атқаруға кедергі келтіруі, -
лауазымды адамдарға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 514-4-баппен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
514-4-бап. Алқабилердің сот талқылауында істі қарауға байланысты іс-әрекеттеріндегі шектеулердi сақтамау
1. Сот талқылауында істі қарауға байланысты алқабилердің іс-әрекеттеріндегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамау, -
азаматтарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттетуге әкеп соқтырған нақ сол іс-әрекеттер, -
азаматтарға айлық есептік көрсеткіштің екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
515-бап. Куәнiң айғақ беруден бас тартуы немесе жалтаруы
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) куә ретiнде жауап алуға тиiс адамның айғақ беруден дәлелдi себептерсіз бас тартуы не жалтаруы, -
екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 516-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
516-бап. Куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы немесе қате аударма жасау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған кезде және медициналық қызмет сараптамасын жүргізу барысында органға (лауазымды адамға) куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтар беруі, сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруі, сондай-ақ осындай жағдайларда аудармашының көрінеу қате аударма жасауы, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сарапшылар медициналық қызмет сараптамасын жүргізу кезінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған нақ сол әрекеттер, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі, лауазымды адамдарға жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Егер куә, жәбірленуші, сарапшы немесе аудармашы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында ерікті түрде, уәкілетті орган (лауазымды адам) іс бойынша шешім шығарғанға дейін өздері берген айғақтардың, қорытындының жалғандығы, аударманың қате жасалғандығы туралы мәлімдесе, олар әкімшілік жауаптылықтан босатылады.
2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 516-1-баппен толықтырылды (2008.01.01. бастап қолданысқа енді); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 516-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
516-1-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалау
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша дәлелдемелердi iс жүргiзу iс-әрекеттерiне қатысатын маманның немесе қорғаушының жасаған бұрмалауы, егер бұл iс-әрекет адамның денсаулығына зиян немесе айтарлықтай залал келтiрмесе, -
айлық есептік көрсеткіштің отыздан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
517-бап. Лауазымды адамның сараптама жүргiзу туралы қаулыны немесе тапсырманы не маманды шақыру туралы талапты орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы
Мемлекеттік қадағалау және бақылау органының қаулысы немесе тапсырмасы жiберiлген лауазымды адамның сараптама жүргiзуден не бақылау жүргiзуге, құжаттар ресiмдеу iсiн жүргiзуге, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысу үшiн маманды шақыру туралы талабынан не оларды орындаудан дәлелсіз себептермен бас тартуы немесе жалтаруы, -
жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
518-бап. Айыпталушының (сезiктiнiң) келетiндiгi туралы жеке кепiлгерлiктi бұзу
Айыпталушының (сезiктiнiң) анықтау iсiн жүргiзетiн адамға, тергеушiге немесе сотқа келетiндiгi туралы өздерi жазбаша кепiлгерлiк берген адамдардың оны бұзуы немесе орындамауы, айыпталушының (сезiктiнiң) тергеуден немесе соттан жалтаруына әкеп соқса, -
үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
519-бап. Кәмелетке толмаған айыпталушының (сезiктiнiң) келуiн қамтамасыз ету туралы мiндеттеменi бұзу
Ата-ананың, қорғаншының, қамқоршының немесе арнаулы жабық балалар мекемесi әкiмшiлiгi өкiлiнiң қарамақтарына қарауға берiлген кәмелетке толмаған айыпталушының (сезiктiнiң) тергеушiге, анықтаушыға немесе сотқа келуiн қамтамасыз ету туралы өздерi жазбаша берген мiндеттемелерiн бұзуы, айыпталушының (сезiктiнiң) тергеуден және соттан жалтаруына әкеп соқса, -
бір айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
520-бап. Соттың жеке ұйғарымы, қаулысы, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынысы бойынша шара қолданбау
Лауазымды адамның соттың жеке ұйғарымын, қаулысын, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынысын қарамауы немесе оларда көрсетiлген заң бұзушылықты жоюға шара қолданбауы, сондай-ақ жекеше ұйғарымға, қаулыға немесе ұсынысқа дер кезiнде жауап қайтармауы, -
сегiз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 521-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 521-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
521-бап. Прокурорға, тергеушіге және анықтау органына, сот орындаушысына, сот приставына келмеу
Прокурорға, тергеушіге, анықтау органына айғақтар беру үшін, сот орындаушысына, сот приставына атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша келмеу, сол сияқты айғақ беруден бас тарту немесе көрінеу жалған айғақтар беру -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бірден үшке дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 521-1-баппен толықтырылды
521-1-бап. Прокурорға хабарламау немесе дер кезiнде хабарламау
Мемлекеттік органның заң актілеріне сәйкес хабарлау талап етiлетiн iс жүргiзу туралы прокурорға хабарламауы немесе дер кезiнде хабарламауы, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 522-бап өзгертілді
522-бап. Прокурордың, тергеушiнiң, анықтаушының, сот приставының, сот орындаушысының заңды қызметiне кедергi жасау
1. Прокурордың, тергеушiнiң, анықтаушының, сот приставының, сот орындаушысының заңды қызметiне, мемлекеттік органның меншiк нысанына қарамастан, ұйымның ғимаратына, үй-жайына немесе аумағына қызметтiк куәлiгiн көрсетуi бойынша кедергiсіз кiргiзуден, сондай-ақ қажеттi құжаттарды, материалдарды, статистикалық және өзге де мәлiметтердi табыс етуден, тексерулер, ревизиялар мен сараптамалар жүргiзуден, мамандар бөлуден бас тарту әрекетiнен көрiнетiн кедергi жасау, -
ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәуліктен он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
2. Прокурордың, тергеушiнiң, анықтаушының, сот орындаушысының заңмен белгiленген негiзде және тәртiппен қойған талаптарын орындамау, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарга жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәуліктен он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуга әкеп соғады.
523-бап. Адвокаттың заңды қызметiне кедергi жасау
Адвокаттың не адвокаттар алқасының, заң консультациясының, адвокат кеңсесiнiң заңды қызметiн жүзеге асыруға, олардың кәсiптiк мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi құжаттарды, материалдарды немесе мәлiметтердi табыс етпеуден не жазбаша сауал салу бойынша заңдарда белгiленген мерзiмде табыс етуден бас тарту әрекетiнен көрiнген лауазымды адамның кедергi жасауы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазалануға тиiс iс-әрекет белгiлерi болмаса, -
жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 524-бап өзгертілді; 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 524-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
524-бап. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау
Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде не бес тәуліктен он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 262-IV (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 525-бап өзгертілді
525-бап. Сот орындаушысының, сот приставының қаулысын және өзге де заңды талабын орындамау
1. Лауазымды адамдар мен жеке тұлғалардың сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындаумен байланысты, оның ішінде оларға белгілеген мерзімде борышкердің жұмыс орны мен оның табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес табысынан ұстап қалу ісін жүргізу және өндіріп алынған соманы өндіріп алушыға салып жіберу туралы, борышкердің өзге де жеке және заңды тұлғалардағы ақша сомасы мен мүлкіне өндіріп алуды қолдану жөніндегі қаулыларын және заңды талаптарын дәлелсіз себептермен орындамауы -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сот орындаушысына көрінеу теріс, оның ішінде борышкердің табыстары мен мүлiктiк жағдайы туралы мәлiметтер беру, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі, лауазымды адамдарға жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Сот приставының заңды талаптарын орындамау, -
айлық есептік көрсеткіштің оннан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 526-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
526-бап. Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын адамның жұмыс орны мен тұрғылықты жерінің ауысқандығы туралы сот орындаушысына хабарламау
Атқарушылық құжат бойынша ұстап қалуды жүргізетін адамның дәлелсіз себептер бойынша бір ай мерзімде төлем төлейтін адамның жұмыстан босатылғаны туралы, сондай-ақ оның жаңа жұмыс орны мен тұрғылықты жері туралы, егер бұл оған белгілі болса, сот орындаушысына және алимент алатын адамға хабарламауы, -
айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 527-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
527-бап. Атқарушылык құжатты жоғалту
Атқарушылық құжатты жоғалту -
айлық есептік көрсеткіштің оннан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе: Осы бап бойынша өндіріп алушылар әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 528-бап өзгертілді; 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 528-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
528-бап. Сот орындаушысына атқарушылық құжаттарды орындауға кедергі келтіру
Жеке тұлғалардың және ұйымдардың лауазымды адамдарының сот орындаушысының мүлікке өндіріп алуды қолдану іс-әрекеттерін (тізімдеу, бағалау, тыйым салу, сауда-саттық өткізу) жасауына кедергі келтіруі немесе осыған байланысты оның талаптарын орындаудан бас тартуы -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәуліктен он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 529 - бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
529-бап. Лауазымды адамды қорлау, зорлық әрекеттер жасау қатерiн төндiру
1. Мемлекеттік органның лауазымды адамын өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қорлау, сондай-ақ оған қатысты зорлық әрекеттер жасау қатерiн төндiру, егер бұл iс-әрекеттерде қылмыстық жазалануға тиiс әрекет белгiлерi болмаса, -
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамауға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 530 - бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
530-бап. Мемлекеттік наградаларды заңсыз тағып жүру
1. Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның ордендерiн, медальдарын, құрметтi атақтың кеудеге тағатын белгiсiн, айырым белгiсiн немесе ордендiк ленталар мен планкадағы медальдар ленталарын бұған құқығы жоқ адамның тағып жүруi, -
ескерту жасауға немесе Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның ордендерi, медальдары, құрметтi атақтың кеудеге тағатын белгiсi, айырым белгiсi немесе орден ленталары мен планкадағы медальдар ленталары тәркiленiп, айлық есептiк көрсеткiштiң бірден үшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның ордендерiн, медальдарын, құрметтi атақтың кеудеге тағатын белгiсiн, айырым белгiсiн сатып алу, сату немесе өзге де өтемiн алып беру, -
белгiлер тәркiлене отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Мемлекеттік наградаларға атауы ұқсас немесе сырттай ұқсастығы бар белгiлердi тағайындау немесе жасау, -
белгiлер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi, лауазымды адамдарға бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2008 ж. 4 шілдедегі № 53- ІV ҚР Заңымен 531-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 531-бап өзгертілді
531-бап. Айырым белгiлерi және (немесе) нышандары бар нысанды әскери киімдi, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешектi заңсыз киіп жүру (пайдалану)
1. Айырым белгiлерi және (немесе) нышандары бар нысанды әскери киімдi, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешектi заңсыз киіп жүру (пайдалану) -
айырым белгiлерi және (немесе) нышандары бар нысанды әскери киім, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешек тәркіленіп, жеке тұлғаларға - бес, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - он, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді күзет қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғаның осы қызметті жүзеге асырумен байланысты жасауы -
айырым белгiлерi және (немесе) нышандары бар нысанды әскери киім, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешек тәркіленіп, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |